БОЛИВИЯДА ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ

  • Президент Эво Моралес өз еркімен қызметінен кетті
  • Бұл биліктегі төңкеріс пе, әлде заңды өзгеріс пе?

 

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Жұртшылық шет жағасын біледі. Оңтүстік Америкадағы Боливия елінде (ресми атауы Боливия көпұлтты мемлекеті) 20 қазанда президенттік және парламенттік сайлауы өткен. Онда мемлекет басшысы қызметіне  тоғыз үміткер тіркелгенімен, негізгі күрес  осыған дейін Боливияны басқарып келген Эво Моралес пен бұрын да президент болған Карлос Месаның арасында  жүрген. Сайлау комиссиясының хабарлауынша, Э.Моралес – 47,08 пайыз, К.Меса – 36,51 пайыз дауыс жинаған. Екінші кандидат журналист-тарихшы Карлос Меса 2003–2005 ж.ж. елді басқа­рып, мардымды ештеңе тындыра алмаған. Сондықтан  оның үміті мен мүмкін­дігі аса жоғары болмаған.

Сөйтіп, Боливия жұртын 2006 жылдың басынан бері басқарып келе жатқан алпыс жастағы Хуан Эво Моралес Айма халық­тың басым бөлігінің өзіне кезекті рет  қолдау білдіргеніне ризалық білдіріп, талай тілеулестері мен жанашырларының  қуа­нышты құттықтауларын қабылдап үлгерді.

Сайлау нәтиже жария болысымен Луис Фернандо Камачо бастаған оппозициялық тарап «бұрмалауға жол берілді» дегенді алға тартып,  наразылық шеруін бастады. Олар­ды Моралестің ұзақ уақыт билік басында отырғанынан жалыққандар  қолдап шықты. Үш аптаға созылған қарсылықтың  аяғы тәртіпсіздікке ұласып, қақтығыс барысында 400-дей адам жапа шекті. Эво Моралес оппозицияның бұл әрекетін сырт­қы күштер дем берумен жасалып  отырған мемлекеттік төңкеріске балап, елде төтенше жағдай тәртібін енгізді.

Келіп түсіп жатқан  ақпараттар әр түрлі.  Біреулер: «сайлаудың Моралестің пайда­сына шешілуіне Ресейден барған саяси технологтар көмектескен» деген күдік келтір­се, екінші біреулер: «Американ мемлекеттері ұйымының сарапшылары дауыс санау кезінде бұрмалаушылы болға­нын анықтаған. Оппозицияның бас көтеруі­не сол себеп болып отыр», – деседі. Эво Моралес өзі де  қажет болса қайтадан президенттік сайлау өткізуге қарсы емес екенін айтса да, көтерілісшілер  қарсылық шеруін жалғастыра түсті.

Жағдайдың қиындап бара жатқанын аңғарған Боливия Қарулы күштерінің қол­басшысы Уильямс Калиманмен Жұмыс­шылар кәсіптік одағының басшылығы қантөгіске жол бермеу үшін Моралесті өз еркімен қызметінен кетуге шақырды.

Өз мүмкіндігін саралай-салмақтап қараған, әрі әскер мен полицияның көтері­лісшілер жағына шығып отырғанын  байқаған Эво Моралес 10 қараша күні президенттік орнынан кететінін жариялады. Ол теледидар арқылы халыққа арнап сөйлеген сөзінде: «Қымбатты бауырлар! Біз мұнымен тоқтамаймыз, әділеттілік пен бейбітшілік жолында күресе береміз. Сол үшін қайта ораламыз», – деді.

Моралестің  артынша  вице-президент Альваро Гарсиа Линера, Сенат пен Депу­таттар палатасының спикерлері: Адриана Сальватьерра мен Виктор Борда, сондай-ақ, Тау-кен және металлургия өнеркәсібі министрі  Сесар Наварро мен Көмірсутек және энергетика министрі Луис Альберто Санчес те да  қызметтерінен кететінін мәлім­­деді.  Іле оппозициялық «Демокра­тиялық бірлік» партиясының өкілі, Сенат­тың вице-спикері Жанин Аньестің прези­дент міндетін уақытша атқаратыны хабар­ланды.

Ең соңғылардың бірі болып, Қорғаныс министрі Хавьер Савалетта кетті. Оның айтуынша,  өзі және бас қол­басшы-президент Моралес әскерді ешуа­қытта  халыққа қарсы қолданбаған және ондай бұйрық бермеген. Қазіргідей күрделі жағдайда сондай бұйрық берілетін болса, арты қиын да қайғылы болмақ. Ол прези­денттікке үміткер Карлос Меса мен көте­рілісшілердің көшбасшысы Моралес Луис Фернандо Камачоға ахуалды асқындырып алмау  туралы ескертті.

Эво Моралестің өз еркімен тақтан кетуін оппозициялық кандидат Карлос Меса: «тирандық биліктің аяқталуы» деп  бағалады.

Осылайша  Боливияның  билік саты­сында  елеулі саяси дағдарыс көрініс берді.

Боливияда болған оқиға көршілес Латын Америкасы елдері және әлемдік қауымдастық тарапынан әрқалай қабыл­данды. Мәселен, Куба, Никарагуа және Венесуэла мұны  «әдейі қолдан жасалып отырған мемлекеттік төңкеріс» деп танып, Кубаның Сыртқы істер министрлігі  Эво Моралеске қолдау көрсетті.

Колумбияның сыртқы істер ведом­ствосы  Американ мемлекеттері ұйымының шұғыл отырысын шақырып, Боливияда орын алған оқиғаны талқылау жайында ұсыныс жасады. Бразилия президенті Жаир Болсонару: «бұл электронды сайлау өткізудің кесірінен болып отырған жағдай. Сондықтан қайтадан кәдуілгі қағазбен дауыс беруді ұйымдастыру керек», – дегенді айтты. Осы елдің бұрынғы президенті  Луис Инасиу Лула да Силва Боливиядағы төң­керіске экономикадағы  билеп-төстеушілер кінәлі деп пайымдайды. Ал Бразилияның қазіргі Сыртқы істер министрі  Эрнесту Араужу: «оқиға мемлекеттік төңкеріске жатпайды» деген пікірде. Ал Мексиканың Сыртқы істер министрі  мұны «мемлекеттік төңкеріс»  деп санап, өздерінің Эво Мора­леске саяси баспана беруге дайын екен­діктерін  жеткізді. Аргентина президенті Альберто Фернандес оппозицияның әрекетін «демократияға қарсы күш қолдану амалы» деп айыптады. Перу басшылы­ғының ұстанымы: «Боливияда тыныштық пен тұрақтылық сақталып, президенттік сайлау қайта өткізілуі тиіс» дегенге саяды.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуына қарағанда,  Моралестің атынан саяси баспана сұрау сияқты қанадай да бір  өтініш түспеген. Дегенмен, Кремль Боливиядағы қайшы­лық пен билік дағдарысының сыртқы күш­тердің араласуынсыз өз ішінде шешілуін қалайды.

Канада  Американ мемлекеттері ұйымы сарапшыларының тұжырымынан кейін қайта президенттік сайлау өткізу керек деп санайды. Чили үкіметі де мәселенің бейбіт жолмен шешілуін жөн көреді. Осы сияқты АҚШ департаменті  Боливиядағы жағдай­ды бақылап отырғанын айтып, тараптарды күш қолданбауға үндеген.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш   әдеттегідей  орын алған оқиғаға алаңдау­шылық білдіріп,  келіссөздер арқылы шешілгенін мақұлдайтынын айтқан.

Бұдан біраз бұрын өзі де Моралестің кебін кие жаздаған Венесуэла президенті «Боливиядағы төңкерістің артында АҚШ тұр» деп  болжайды. Ақ үй қожайыны Дональд Трамп: «Боливия оқиғасынан Венесуэламен Никарагуа сабақ алуы керек», – дейді.

Ақиқатын айтқан абзал. Эво Моралес басқарған 13 жылда Боливияда экономи­калық-әлеуметтік реформалар жүргізілді. Зейнеткерлік жас 65-тен 58-ге түсіріліп, еңбекақы өсірілді, сауатсыздық төменде­тілді. Өзі де жергілікті үндістердің аймара тайпасы­ның өкілі болғандықтан ғасырлар бойы шешілмей келген теңсіздікті жойып, жер телімдерін қайта бөлдірді. Бірақ та онысы ақ нәсілділер мен басқаларға ұнамады.

Венесуэланың  бақилық болған бұрын­ғы күрескер президенті Уго Чавеспен  идея­лас-рухтас көзқарас пен достық қатынаста болып,  өз елінде  социалистік-әлеуметтік теңдік қоғамын орнатуды арман­дады. Бірақ та Моралестің айналасын­дағылар  Боливия аграрлы ел және  жұмыс­шы табы болмағандықтан   мұнда социа­лизм орнату екіталай деп есептеді.

Саясаткер Эво Моралестің өмірбая­нына зер салатын болсақ, оның қандай «тар жол, тайғақ кешулерден» өткенін  көреміз. Ол өте сіңірі шыққан, кедей отбасында дүниеге келген. Өзінің балалық шағы туралы естелігінде:  «Біздің үйдегі бар азығымыз бір қап жүгері болатын. Сол жүгеріден шешеміз бізге таңертеңгілік, түскі және кешкі ас дайындап беретін. Мейрам күндері әрқайсымызға бір-бір жапырақ жұмсақ ет тигенде қатты қуанатынбыз», – деп жазады. Эво  зерек те алғыр оқушы бол­­ғанымен қаражаттық жағынан қысы­лып, орта білім алуға мүмкіндігі болмады.  Тағдырдың жазуымен әскер қатарында болып,  коки плантациясында жұмыс істеп, саяси көзқарасы қалыптасып, біршама шыңдалды. Коки жинаушылардың кәсіп­тік одағына басшылық жасады.

1995 жылы  36 жасында  «Социализмге қарай қозғалыс» партиясын құрып, Ұлттық конгресс сайлауына  қатынасты. 2002 жылғы президенттік сайлауда  екінші орынға ие болуы күтпеген жаңалық болып, көзге түсті, елге танылды. Моралестің басқалардан айырмашылығы жергілікті үндіс халқының өкілі болуы оны Боливияға ғана емес, күллі Латын Америкасына танымал етті. Өзінің айтуынша,  сол кездегі АҚШ-тың елшісі Мануэль Рочтың оны кемсітіп сөйлеуі керісінше жұртшылықтың сана-сезімі мен намысын оятқан.

«Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дейтіндей, 2005 жылы желтоқсанда Эво Моралес   президенттік сайлауға қатынасып,  талай­лар күтпегендей  54 пайыз дауыспен жеңіске жетті. Бұл испан отаршыларының төрт ғасыр езгісінде болған елде жергілікті үндіс азаматының алғаш рет билікке қол жеткізуі болатын. Ол 2006 жылдың  22 қаңтарында  президенттік қызметке кірісті. Үндіс Моралестің мемлекетті басқаруы басқалардың қызғанышын оятып, мазасын алды. Сол себепті,  оппозициялық тарап­тың талабымен 2008 жылдың тамызында Моралеске сенім көрсету не көрсетпеу жөнінде референдум ұйымдастырылды. Қас қылғандай, оған халықтың 67 пайызы қолдау білдірді.  2009 жылдың желтоқ­са­нында кезекті сайлау өткізіліп, 63 пайыз­дық көрсет­кішпен тағы да Моралестің бағы жанды. Қарсылар да қарап жатпады. Осы жылдың 17 сәуірінде Санта-Крус қаласын­дағы  «Лас Америкас» қонақүйінде вице-пре­зидент Альваро Гарсия Линера екеуіне қастандық шабуылы жасалды. Бақтарына қарай екеуі де ол қонақүйде болмай  аман қалды.

2014 жылғы сайлауда қайта сайланып, мерейі үстем болды. Тағы да оппозицияның табанды түрде талап етуімен 2016 жылдың ақпанында  «Моралестің төртінші рет президенттік сайлауға түсуге құқы бар ма?» деген сауалмен референдум өткізілді. Онда да тұрғындардың 63 пайызы оны жақтады.

Ең соңғы 2019 жылдың 20 қазанындағы сайлау нәтижесі жоғарыда айтылғандай 46,86 пайызды көрсетті. Бұл бұрынғыдай аса жоғары болмағанымен екінші үміткер­ден он пайыздай басым көрсеткіш-тін.

Қалай дегенмен де, халықаралық ұйым­дар Моралес басқарған үкіметтің кедей­шілік пен сауатсыздықты еңсеруде, эко­номикалық дамуда айтарлықтай жетістік­ке қол жеткізгенін мойындайды. Жергілікті тұрғындар оны үндістердің қорғаушысы, капитализм мен империализмге қарсы күрескер деп біледі. Бірақ та оның саясаты байшыкештер мен олигархтарға, ақ және аралас нәсілділерге ұнамайды.

Соңғы түскен мәліметтерге қарағанда, «президенттік сайлау кезінде бұрмалау­шылыққа жол берді» деген айыппен Жоғарғы сайлау сотының (комиссиясы­ның) төрағасы Мария Эухения Чоке, оның орынбасары Антонио Костас тұтқынға алынған. Жергілікті сайлау комиссиясы­ның басшыларын да қамау жөнінде нұсқау берілген. Бас прокурор Хуан Ланчипаның  хабарлауынша,  аймақтық сайлау комис­сиясының 33 қызметкері тұтқындалған.

Боливиялық Razon басылымының жазуынша, көтерілісшілердің бұзақы тобы Эво Моралестің және басқа да шенеунік­тердің үйлеріне шабуыл жасап, өртеп, дүние-мүліктерін бүлдіру мен тонауға көшкен.

Мексика билігі Боливия астанасы Ла-Пастағы өз елшілігінде экс-президент Эво Моралеске саяси баспана беруге әзір  екенін мәлімдеп, бастапқы кездің өзінде 20 шенеунікпен депутатты паналатқанын  жария етті. Осының алдында Моралес «елінен ешқайда кетпейтінін, өйткені оның өз халқының алдында ешқандай қылмысы   жоқтығын, ештеңе ұрламағанын» айтқан-тын.

«Зауал мен қуғын қайдан келеді» дейтіні бар ма? Сол айтқандай, Парагвай үкіметі саяси баспана беруге дайын екенін айтса да  ахуалдың асқынып бара жатқа­нын сезген Моралес Мексиканы таңдап, олар жіберген әскери ұшақпен 12 қарашада қасында некесіз туған ұлы мен бұрынғы вице-президент Альваро Гарсиа Линера­мен бірге  үшеуі Мехикоға ұшып барды.  Қауіпсіздік  мақсатында олардың қайда тоқтағаны айтылмады.

Айтпақшы, Парижде өткен бейбітшілік форумында Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров  бұл жолы Боливиядағы оқиғаға Мәскеуді айыптамағандарына таңқалды.

Ой елегінен өткізіп  қарағанда, Боли­вияда орын алған жағдай 2011 жылғы «араб көктемінің»  бір көрінісі секілді.  Онда да осылай Тунис, Египет, Йемен елдерін­дегі халықтың толқуы бір адамның ұзақ уақыт билік басында отыруына наразылықтан басталған еді.

Екінші жағынан  сыртқы күштердің арандатып, айтақтауымен  Муаммар Каддафиді (1942–2011) тақтан тайдырып, түбіне жеткен Ливиядағы оқиғаны еске түсі­реді. Қазір Ливияда алауыздық асқы­нып, берекесіздік белең алған. Жұрт баяғы «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» Каддафидің кезеңін армандайды.   Боливия  халқы да  соның кебін киіп, Моралестің  заманына зар болып қалмасын деңіз!

Боливиядағы оқиға  мен Эво Моралес  хақында әлемдік  БАҚ құралдары әр түрлі ақпараттар таратуда. Бірінің пікірінше: «Моралес – диктатор. Бұлай билікте ұзақ отыруға болмайды». Екіншісінің пайым­дауынша: «Моралес – реформатор. Ол елдегі кедейшілікті жеңіп, сауатсыздықты жойды. Экономиканы ілгерілетті», – дейді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *