Болашақтың кілті — ЖАСТАРДА

Сәуле ЕРЖАНОВА, филология ғылымының докторы, профессор:

ЖАҢАЛЫҒЫ КӨП «ЖАСТАР ЖЫЛЫ» БОЛМАҚ

–       Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы мен секілді ұстаздардың төбесін көкке жеткізгені сөзсіз. Себебі, алды­мызға келген балалар – біреудің маңдайалды жарығы, бірі – еркесі, енді бірі – қой аузынан шөп алмас момыны. Сол маң­дайалды жарығын таңшолпандай жарқы­ратып, қой аузынан шөп алмасты ортада жарқылдап сөйлер шешен қылып тәрбиелеу менің асқақ арманым еді. Ал асқақ арманымды шындыққа айналдырған Жолдауға алғысым шексіз. Шын мәнінде, біздерге мемлекеттің қолдауы керек. Жолдауда бірінші кезекте білім саласына айырықша көңіл бөлген Елбасымыз ұстаз­дардың мәртебесін, сондай-ақ универси­теттерді ірілендіру, мектептерді Назарбаев Зияткерлік мектептеріне сәйкес деңгейге көтеру жайлы өз тапсырмасын берді. Сонысымен де талай ұстаздың жүрегіндегі үміт отын жақты.

Жолдаудың келесі бір жаныма жаққан тұсы – елде тек мықты университеттер ғана қалсын деген тапсырма еді! Еліміздегі ірі қалалардың саны 17 екенін ескерсек, жоғары оқу орындарының саны 150-ге таяу. Ал бұл университет ірі қалаларда ғана емес, аудан орталықтарында да көп ашылып кеткенін білдіріп тұрғандай. Әрине, бұл өз ойым. Президенттің «ЖОО табыстылы­ғының басты талабы – диплом алған сту­денттердің жұмыспен қамтылуы, олардың айлығы жоғары жұмысқа орналасуы болмақ» деген сөздері де рас-ақ. Оқу орнын бітірген түлек қолында дипломын ғана құшақтап, басың қайда сүйрерін білмей небір мардымды жұмыс таппай, ауыл жағалап кететінін көзіқарақты ел көріп отыр. Елбасымыз осы тұста жастарға қалай көңіл бөлгендейміз. Шын мәнісінде, бұл тек университет түлектерінің проблемасы емес, әр саладағы қызмет сапасы, оның дұрыс дамуының мәселесі екенін ұмытпағанымыз жөн. Осы орайда алдағы 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Демек, жастардың мәселесі бүгінде өзекті проблемаға айна­лып тұрғандығының белгісі бұл. Тек осы мақ­сатты дұрыс бағытқа бағыттай білу керек. Дамыған мемлекеттің жастарына тек қана қолдау қажет. Осы тұрғыда Елбасы­мыздың рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға, жастар жағдайына маңыз беруі – үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерлеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Бұл – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс. Өйткені, жастардың жағдайының жақсы болғаны бұл жеке азаматтарымыз үшін де, әрбір жеке тұлғадан құралған қоғам, туған еліміз үшін де өте маңызды үдеріс. Керемет ЖОО-да білім алу, жақсы жатақханада тұру, үй алып, мемлекеттің бір кірпіші болып қалану – әрбір жастың арманы. Демек, осы тұрғыдан Мемлекет басшысы көмек беріп отыр. Міне, бүгінгі Жолдаудың, меніңше, орасан зор мәні осында жатыр. «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі» деп ұлы Абай айтқандай, Елбасының бүгінгі Жолдауы зиялы қауым көңіліне нық сенім ұялатады. Ұстаздары мен жастарын дәріптеген жұрт қана тариx саxнасының төрінен берік орын алады деген сенімім мол.

 

Ә.ҚАСЫМБЕКОВА, ҚазМҚПУ ғылыми кітапхананың сектор меңгерушісі:

ЖАСТАРДЫҢ МЕРЕЙІН ӨСІРДІ

Жалпы,  әр жыл сайынғы Жолдауда нақты тапсырмалар мен дамудың даңғыл жолы айқын көрсетіліп берілетіндігі анық. Елбасының  осы Жолдауында қоғамда қызу талқыланып жүрген ең өзекті әлеу­меттік мәселелер қамтылған. Мемлекет басшысы сол мәселелерді шешу үшін нақты шараларды да ұсынып отыр. Халық­тың әл-ауқатын арттыру, табыс пен тұрмыс сапасын арттыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы қордаланған мәселелерді шешу, баспанаға қолжетімділікті қамтама­сыз ету, тарифтерді шектеу және жолдарды жөндеу, қоғамдық қауіпсіздік секілді мәселелер көтерілген.

Сонымен қатар, биылғы Жолдауда эко­номиканың негізгі бағыттарын дамытуға басымдық бере отырып, соның ішінде білім саласы мен педагог мәртебесіне де баса назар аударылды. Әсіресе, 2019 жылды «Жастар жылы» деп белгілеген шешіміне дән риза болдым. Сондықтан да  биылғы жылғы Елбасымыздың Жолдауында еліміздің тірегі – жастар мәселесіне жете мән бергендігімен аса маңызды деп санай­мын. Кез-келген ел өзінің келешегін өске­лең ұрпағымен байланыстырады. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Елбасының Қазақстан жастарына деген сенімі жоғары екендігін, бүгінгі қыз-жігіт­теріміздің интеллектуалдық белсенділігін жоғары бағалайтындығын білеміз.

Осы ретте Елбасымыз Нұрсұлтан   Назар­баев: «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынамын», – деді. Бұл – жастарға арнал­ған үлкен қолдау. ЖОО түлегі атанған жастардың жұмыспен қамтылуы, жастар арасындағы баспана мәселесін де сөз етті. Елбасы биыл студент-жастарға көп көңіл бөліп отыр. Осы жылы студент жастарға арнап мемлекеттік грант санының өсуі, қосымша жатақхана салуға тапсырманың берілуі көңіл қуантады. Сонымен қатар, осы Жолдауда айтылғандай, Назарбаев университеті сынды техникалық жаңа ЖОО бой көтеруі, еліміздегі студент-жастар­ға берілген үлкен мүмкіндік. Енді студент-жастар шет ел қумай, өз елімізде әлемдік университеттермен қатар иық тірестіре алатын жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндік алады.  Міне, осыдан Мемлекет басшысының  жастарға деген қамқорлығы, оның саясатының негізгі мағынасы болып табылатынын көрсетеді.

Жастар еліміздің болашағы ғана емес, бүгіні де. Келешегіміздің іргетасын нық қала­уымыз үшін ең алдымен жастары­мыз­дың саналы ұрпақ болып жетілуіне, қоғам­ның ең белсенді өкілдері болуына, таусыл­мас күш, сарқылмас қайраттың нышаны болуына үлкен күш салуымыз керек. Олардың бойында рухани адамгершілік, саяси интеллектік, рухани азығы мол қасиет­терге ұмтылатын, мұраттарына кедер­­­гісіз қол жеткізе алатын, сонымен қатар, құқықтық тәрбиесі басым болғаны да жөн. Сондықтан да жастарымыздың  бүгі­ні де, ертеңі де олардың  еңбекқор­лы­ғына, талап-тілегіне, арман-мұратына бай­ланысты. Олар Қазақстанымыздың эко­но­микасын, ғылымын да дамытуға, жоғарыда айтылған талаптарға сай болып, жігерлене ел үшін еңбектенулеріне, оқып білім алула­рына міндетті. Сонымен қатар, бойларына жаңа саяси құндылықтар игі­лігін сіңіріп, адамгершілік сапаға ие болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, ертеңгі елдің тізгінін ұстауға лайықты болуға тырысу керек.

Еліміздің егемендігі осындай елі үшін, жері үшін, халқы үшін жанын қиятын, оның өркендеуі мен гүлденуі үшін ерінбей еңбек етіп, қажымас қайсарлық көрсететін саяси белсенді тұлға қалыптастырғанда ғана баянды болмақ. Қазіргі таңда Елба­сымыз дәл осы бағытта көптеген жұмыстар атқаруда. Ел ертеңі саналатын жастардың қоғам өмірінде алар орны бүгінде сон­шалықты маңыздылыққа ие болып отыр. Осыған орай, елімізде жастардың әлеу­меттік мәселесін қолға алып, жастардың құндылықтарын бағдарлай отырып, әрбір жастың алаңсыз, білім нәрімен сусын­дауына, өз идеяларын жүзеге асырып, сапа­лы білім, саналы тәрбие алуға барынша жағдай жасалған. Ел ертеңі саналатын жастардың қоғам өмірінде алар орны бүгінде аса маңыздылыққа ие болып отыр.

Міне, сондықтан Елбасының осы Жол­дауы жастарымыздың еңселі болашағына нық бағыт беріп, жастардың көптеген жоба­ларын, идеяларын жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік боларына сөзсіз сенім­дімін.  Алдағы уақытта Қазақстанның өтке­нін бағалайтын, бүгінгі күні батыл қимылдап, келешекке сеніммен қарайтын табысты жастардың мерейі үстем болып, еліміздің гүлденуіне, болашағымыздың жарқын болуына  көптеп үлес қосарына сенемін.

 

Мәди АХМЕТОВ, «Jas Qadam» қоғамдық қорының төрағасы:

БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРЫЛҒАН ЖАСТАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІ КӨТЕРІЛСЕ…

–              Елбасының биылғы Жолдауының реттік саны – 23 екен. Екі сағатқа созыл­ған Жолдаудың мен үшін негізгі кульми­нациясы – келесі жылдың Жастар жылы болып жариялануы. Әрине, Жолдаудың айналасында айтылған, көтерілген мәсе­лелердің барлығы бұған дейінгі қабыл­данған бағдарламалардың нақты орында­луына септігін тигізетін негізгі мақсат пен міндеттерді айқындайтын тапсырма болып берілді. Тәуелсіздік алған сәттен бастап аға буын қалыптастырып келе жатқан тәуелсіз Қазақстанның саясатын ары қарай жалғастыратын, жалпы қалыптастыратын негізгі өскелең ұрпақ – жастар. Елбасы­ның тағы да бір рет Жастар жылын жария­лауы тегіннен-тегін емес. Өздеріңіз біле­тіндей, еліміз бойынша жастардың үлесі басым. 18 миллионнан астам халықтың 40 пайыздан астамы – жастар. Жастар саяса­тын дамытудың негізгі механизмі ортақ құжатты қабылдап, соның орында­луын жүзеге асыру. Нақты жоспар ретінде нақты қаржы бөлінумен әрбір облыс, әрбір қала, әрбір министрліктің қатысуымен жүзеге асыру керек деп ойлаймын. Рухани жаң­ғыру бағдарламасы аясында жаңа буын жастарды қалыптастыру керек. Әрбір өңір, қала, елді-мекенде шоғырланған мықты жастарды тауып, солардың плат­формасын қалыптастыру керек. Мәселен, Жастар саясаты басқармасындағы орта буын азаматтар сол жастарға орындарын беріп, ұр­пақтар сабақтастығын, симбио­зын, синергиясын көрсету қажет. Сол кезде ғана біз алға жылжып, қадам баса­мыз. Соны­мен қатар, әр түрлі жастағы, әр түрлі категориядағы еліміздің барлық жастарын біріктіретін жалпы бір жоба ма, құжат па, нақты уақытқа белгіленген түбегейлі жоспарды қалыптастыру керек. Тағы бір айтатыным, бас бостандығынан айырыл­ған жастардың мәселесін көтеру. Оларды бостандыққа шыққаннан кейін көмек көр­сететін оңалту орталықтарын ұйымдас­тыру. Олардың қоғамға қайта сіңіп, кіріп кетуіне жәрдемдесу. Осы жерде біз өзіміздің жауапкершілігімізді ұмыт­пауы­мыз керек. Жастар кадрлық резерві деген жобамыз бар. Бірақ ол әлі күнге дейін Елбасы айтқандай, толық жүзеге аса алмай жатыр. Жастар жылына орай осы жоба кең қолдау табады деп ойлай­мын.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *