Болашақ президентке хат

Америка миллиардерлері 2020 жылы АҚШ президенттігіне түсе­тін үміткер­лерге арнайы хат жазып, онда байлыққа салық салу жөнінде ұсыныс айтқан. Хат жазған 19 адамның көшін Джордж Сорос бастап тұр.

Біреуі жасырын қалған. Сон­дай-ақ, кейбір президенттен үміт­кер сенатор Э.Уоррен, Сандид-Бенд қаласының мэрі П.Буттидж, АҚШ конгресі палата­сының өкілдері Б.О,Рурк, Т.Райан бұл идеяны қолдаған.

Өз кезегінде бұл ақша қоғам­дық ден­саулықты сақтауға, әлеу­меттік жағынан аз қорғалған, күн­көрісі төмен отбасына салық же­ңілдіктерін беруге, бала күтіміне, студенттердің заим бойынша қарызын өтеуге, экологияға, т.б. жұмсалмақшы.

Бұл хаттың негізгі мақсатының бірі – әлемде қаржы активтерінің тең дәрежеде бөлінбеуін көздейді. Дегенмен де, 2018 жылы әлемдегі 500 бай адамның қаржылық мүмкіндігі шектелмегендері аса көп болмағанымен, басқалармен салыс­тырғанда, дүниенің жарты байлы­ғын иемденіп отыр. Сондықтан бұл әділетсіздік қой дегенге келіп саяды.

Р.S. Шіркін, мұндай мәселені бізде де қолға алса жұрттың сон­ша­лықты ала­шапқын болатындай да жөні жоқ қой.

 

Түшкіріп еді, тіріліп кетті

Украиналық Полтава облысының 83 жастағы өлдіге санаған тұрғыны тіріліп кеткен.

Бұл жөнінде жергілікті тұрғын С.Карась хабарлаған. Оның айтуынша, көршісі 83 жастағы ауыр халдегі анасын елді-мекеннен өзіне алып келеді. «Жедел жәрдем» қызметкерлері оны өліп қалды деген анықтама беріп кетеді. Артынша полиция адамдары да келіп, өлікке қызмет көрсететін орындарға, туысқандарына хабарла­сып, құжат толтыра бастайды. Кенет кемпір түшкіріп жібереді. Алайда, мұндайға еті үйреніп кеткен арнаулы қызмет орын­да­рының адамдары бұған селт етпепті.

 

Бұрынғымен байланысыңыз дұрыс болсын

Аргентина соты 70 жас­­­тағы еркекті 173 мың өтемақы төлеуге міндет­теді. Не үшін деңізші?! 27 жыл отасқан бұрынғы әйелінің үй жұмыстары үшін. Судья Виктория Фома мұны өте әділ ше­шім деп есептейді. Себебі, үлкен лауазымды қызмет­терге өсу мүмкіндігі бар әйел өзінің мансабын отбасы үшін құрбан­дыққа шалған көрінеді. Жоғары эконо­микалық білім алған ол балаларды тәрбиелеп, отбасына да қарап, жұ­мысқа да үлгеріп, жалақы да алып отырған. Күйеуі­мен ажырасқан кезде 60 жастағы әйелге бұл жаста жұмыс табу оңайға соқпаған. Олар 2009 жылы ажырасқа­нымен, оны ресми реттеу екі жылдан соң жүзеге асқан. Осы жылдар ішінде ол түрлі қар­жылық қиыншылықтарға ұшырап, зейнетақысы ештеңеге жетпей, жұмыс іздеп, табанынан тозған. Ал есесіне күйеуі сайран салып, ғажап өмір сүрген.

«Үй жұмысы бұл нағыз еңбек. Ол көп уақытты, күшті талап етеді. Бұл мә­селе біздің қоғамнан тыс қалған және әйелдер онысына бір тиын алмай, жал­ақы­сыз өмір сүреді. Сондықтан бұның өтеуі болуы керек» деген әйелдер құқы­мен күресетін қоғамның талабын негізге алған сот осындай шешімге келген.

 

Үркітетін кәсіп

Қызықты кәсіптер көп қой. Ал енді мынау ерекше.

Әуелде канадалық Альберт елді-мекенінде мұнай өндіретін құмды аймақ­қа жұмысқа тұрған Э.Коллер есімді азамат мұндай қызық кәсіпке ие болатыны ойына кіріп те шыққан жоқ. Ол айналып келгенде бір сәтте құстар­ды үркітетін кәсіби маман болып шыға келді. Оның негізгі міндеті қолындағы дыбыс кү­шейт­кіш аппаратымен бұл аймаққа келген­дерді айқайлап ескертіп отыру. Әлемдегі юморға бейім бұл кәсібін орындау кезінде өзінің де езуі жиылмай, шат-шадыман боп жүруі оның денсаулығын да жақсартып жібер­се керек. Кейбіреулер одан немен айналы­сасың деп сұрай қалса, ол өзі түсіріп алған бейнекамералардағы тірліктерін көрсететін көрінеді.

 

Ерігемін деп еңіреп қалды

Үндістандық кәсіпкер «ұшақты қуалап әкетпекші» деп айтамын деп мәңгілікке түрмеге тоғытылды.

39 жастағы миллионер, әшекей фирмасының иесі Бирджу Салла қаннен-қаперсіз Мумбайдан Делиге ұшып келе жатқан. Әбден іші пысқан әлгінің басына сайтан ой келе қалғаны. Қарап отырмай «ұшақ ислам бүлікшілерінің қолында» деген жазбасына «Аллаһу акбар» деп қол қойып, Кашмирге қонуды талап етіп әжетханаға апарып тастайды. (Үндістан мен Пәкіс­тан арасындағы тартысқа түсіп жатқан штатты (Кашмир) меңзегені). Сабазыңның ұқыпты түрде қолсүрткішке арнал­ған қорапшаға әдемілеп салынған жазбасы бір стюардессаның қолына түседі. Экипаж мүшелері тез арада бұл оқиғаның анық-қанығына жетуге кірісіп кетеді. Содан амал жоқ, жалмауызға да жан керек деген, ұшақты Кашмир әуежайына қондыруға шешім қабылдайды.

Бұл мәселені қараған сот оған өмірбақи түрмеге отыру жазасымен қоса 700 мың доллар айыппұл салды. Бұл айыппұл экипаж мүшелері мен жолаушылардың моральдық өтемақы­сын өтеуге жұмсалмақ.

Қ.ИМАН.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *