Болай ана

эссе

Ғани МОНТАЙҰЛЫ

Көктемнің бір шуақты күнінде Болай апаның алма баққа қарап отырып ұза-а-қ ойға шомғаны бар емес пе. Өткен өмірінің көз ұшында қол бұлғап қалғандай боп көрінетін кезең-кезеңдері қайта жаңғырып, көңіл түбінде қатталып жатқан әр түрлі оқиғалар есіне түсе береді, түсе береді.

Бұл күнде әр тарапта, әр қилы қызметте жүрген ұл-қыздарының бейнесі біресе алыстан, біресе жақыннан елестеп, көңіліне ерекше бір нұр құйып тұрғандай болады.

«Шүкір, – деді Болай апа ақырын ғана күбірлеп. – Шүкір, Алла!.. Осындай бір ақжарылқап, шуақты күнде қасымда Нұрекең де болса деп ойлаймын ғой. Бірақ амал қанша…».

Болай апаның Құдай қосқан қосағы, Түлкібас ауданының Құрметті азаматы, Абайыл ауылының абыройлы ақсақалы, өзінен кейінгі жас ұрпаққа өмір бойы білім, тәрбие беріп өткен ұлағатты ұстаз Нұр­лыбай Қасымбеков атамыздың дүниеден өткеніне де біраз жылдың жүзі болып қалды. Мынау жарық дүниенің қызығын да, шыжығын да бірге көріп, бірге жүрген жарының сона-а-ау бір жас күніндегі жарқын бейнесі келеді көз алдына.

…Ол кезде әскерден жаңа келген уақыты ғой. Қанды қырғын, қиян-кескі майданнан жеңіспен оралған жас жігіттің жалындап тұрған кезі. Бір күні кешкілік, қасында Қабанбай, Жолдасбай деген жолдастары бар, үшеуі ауылға атпен келді. Оның алдында Болай екеуінің, бірі майданнан, бірі елден, үш жыл бойы үзбей хат жазысып тұрғаны бар. Бір жағы соны сылтауратып, бір жағы мұның аталас жақын ағаларының бірі арқылы сөз салып, Болайды алып кетуге келіпті.

Содан түн жамылып, алдағы тағдырдың жазуына тәуекел етіп, тартты да кетті. Есінде қалғаны, ат үзеңгісі аяғын әбден қажап тастапты. Біраз күн бойы орамалмен таңып, ақсаңдап жүрді.

Енесі Рәзия отызға жетпей күйеуінен айырылған жесір әйел еді. Екі баласын өзі өсіріп, өзі жеткізген өте еңбекқор, пысық жан болатын. 1961 жылғы жаңа ақша реформасына дейін үйдің«кассасын» өзі ұстады. Кейін есептен басы қатып, шатаса бастаған кезде: «Мә, мынаны өздерің санаңдар!» деп, бала-шағаның көзінше «кассаны» Болайдың қолына тапсырғаны бар. Оған балалар күліп, әлі күнге дейін «отбасы акциясы», «отбасы реформасы» деп әзілдеп отырады.

Ал Болайдың бабасы әйгілі Сарыпбек деген кісі Ақсу–Жабағылы тауларының бөктерін жайлаған осынау елде талай жыл билік құрған. Жарықтық, жасы жетпіс екіге келгенше ат үстінде жүріп, содан соң ғана тізгінді баласы Рысқұлбекке тапсыр­ған екен. Ал Рысқұлбектен туған Жорабек кейін ояз болыпты.

Бірақ сол бір аяулы азамат төңкерістен соң қуғынға ұшырап, «шынжыр балақ, шұбар төс» атанып, жер аударылып кете барыпты. Е-еһ, дүние-ай, десеңізші!..

Міне, осындағы ел мен жердің тарихына жетік енесі Рәзия осыны үнемі есіне алып, «Менің келінім текті жердің қызы ғой!» деп мақтан тұтып отырушы еді.

Құдай Нұрекең мен Болай апаға үйелменді-сүйелменді он перзент берді. Оларды қалай асыраймыз деген ой, шынын айтқанда, бұлардың миына кіріп те шыққан жоқ. Қазір ойлап отырса, ол кездегі елдің пейілі кең екен ғой.

Нұрекең де, Болай апа да мектепте сабақ беріп жүрді. Ал енесі жарықтық, жаны жәннатта болсын, үй тірлігіне де, бала­ларға да өзі қарады. Ол уақытта Абайылда теміржолға қарайтын бір ғана бастауыш мектеп болушы еді. Нұрекең кейін сол мектепке директор болды. Құдайға шүкір, екеуі де абыройсыз болған жоқ. Қазір сол мектепке Қазақстан Үкіме­тінің шешімімен Нұрлыбай Қасымбековтің есімі берілді.

Болай апаның көз алдына енді тұңғыш қызы Пернайымның бейнесі елестеді. Көңілі елжіреп, жанары бұлдырап бара жатқанын сезді. Айналайын, әжесі мен анасына кіш­кентай күнінен көмектесіп, өзінен кейінгі іні-сіңлілерін жетектеп жүріп өсірген сол еді ғой…

Бір қызығы, Нұрекеңнің жақын жолдастарының бірі оған жас күнінен құда түсіп, келін етіп аламын деп ниеттеніп жүруші еді. Бірақ Пернайым мектеп бітірген соң, Алматы қаласына барып оқуға түсті де, сол жақтан өз теңін тауып, сүйген жігітіне тұрмысқа шығып кетті.

Сөйтіп, ауылдағы бауырларын қалаға қарай тартып, олар алысқа ұзап, білім алсын, кең дүниені көрсін дейтін болды.

«Әсіресе, осы Жақсыбайым өте жақсы оқыды, – деді Болай апа іштей тебіреніп, Алматыдағы ұлын есіне алып. – Бір күні, мектепті бітірген жылы ғой, балам үйге жүгіріп келді. Ентігін баса алмай, қуанға­нынан алқына сөйлеп: «Апа, мені Москва­дағы Бауман атындағы жоғары техникалық оқу орнына жіберетін болды!», – дейді.

Шіркін, бала қуанғанда, ананың көңілі көкке самғап кетпей ме. Сол сәтте менің басыма «Мәскеу қайда, Түлкібас қайда?! Екеуінің арасы аспан мен жердей емес пе?» деген ой кіріп те шықпапты. Бар болғаны, баламның маңдайынан қайта-қайта иіскеп: «Бара ғой, оқи ғой!» дей беріппін ғой…».

Әне, сол Жақсыбай үшін де талай рет зыр жүгірген Пернайым емес пе еді. Болай апа соны ұмытпай: «Жақсыбайыма Мәс­кеу­де оқуға бағыт берген әпкесі!» деп әлі күнге дейін есіне алып отырады. Расымен де, ол кезде мынау Түлкібас стансасынан Мәскеуге билет алудың өзі қандай қиын еді десеңізші…

«Япыр-ай, Жақсыбайым сонда небәрі он алты жастағы бала ғой, – деп Болай апа өзімен-өзі сөйлескендей басын шұлғып-шұлғып қояды. – Мәскеуге барып, пойыз­дан түскен соң, шұбырған халықтың соңы­нан еріп жүре бердім, жүре бердім, апа, дейді. Метродан шыққан жерде тізіліп таксилер күтіп тұрады екен. Солардың біреуі­не отырып, мен де кетіп барамын. Айналада биік үйлер, құжынаған машина. Қараған сайын ішімнен біртүрлі үрейленіп келемін. Бір кезде «Бауман училищесі» деген үлкен жазуды көріп, қатты қуанып кеттім, дейді балам…

Кейін сол Мәскеуді біз де көрдік қой. Мектебіміз теміржолға қарайтын болған соң, тегін билет береді екен. Соны біліп алған соң, Мәскеу қайдасың деп, тартып кете беретін болдық!..».

Ел аузында: «Жақсы адам Құдайға да керек» деген сөз бар. Кім білсін… Солай бол­са, солай да шығар. Кішкентайынан әжесі мен анасына көмекші, іні-сіңлілеріне қамқоршы болып өскен Пернайымның өмірі, өкінішке қарай, ұзақ болмады. Амал қанша… Соңында қалған екі қыз, бір ұлы бар. Басқа немерелерімен бірге олар да бала күнінде Абайылға жиі келіп тұрушы еді. Жазғы каникулдарын жылда осында өткізетін. Ауыл тірлігін көріп, алма теріп, шөп шауып, шөмеле үйіп, ат арбамен таси­ды. Сол кездегі Мұхтар жиеннің айтқан: «Абайыл – лагерь труда без отдыха» деген сөзін мұндағылар әлі күнге дейін айтып, күліп жүреді.

Иә-иә, өмір болған соң, оның қуанышы мен қайғысы қатар жүреді емес пе. Нұрлыбай мен Болай да соның бәрін көрді ғой, көрді.

«Жақсыбайым бірінші курста оқып жүргенде-ақ ысылып, әп-әдемі мәскеулік жігіт болып шыға келді, – деп іштей қуа­нып, езу тартты Болай апа. – Содан бір күні ойда-жоқта одан үйленемін деген хабар келді. «Әй, балам-ау, алдыңда ағаң бар емес пе. Әуелі сол үйленсін. Сен әлі жас емессің бе», – деп жатырмыз. Сөйтсек, ол: «Сіздер рұқсат берсеңіздер болды, ағаммен өзім келісемін», – деп қара-а-ап тұр.

Сөйтіп, екеуі сөйлесіп, Жақсыбайым інілік жолын жасап, Сәтбайымның алды­нан өтіпті. Ағасы ақкөңіл жігіт емес пе. Іштей қысылып тұрса да,мақұл депті.

Көп ұзамай, Абайылда ұлан-асыр той жасадық. Міне, бұл да бір бақ қой!».

Әрине, олардың өмір жолы түп-түзу, теп-тегіс болды деп ешкім де айта алмайды. Ана жүрегі бәрін сезіп, біліп отырады ғой. Сондықтан әулет үлкейген сайын қуаныш, қызықпен бірге уайым да көбейеді. Соның бірі Сәтбайға байланысты болған-ды…

Қайсыбір жылы Алматыда оқып жүріп студент достарымен бірге солтүстіктегі облыстардың біріне астық ору науқанына барғанында, олар мінген машина апатқа ұшырап, ажал аузынан әрең аман қалды. Содан бармаған жері, қаратпаған дәрігері жоқ. Әйтеуір, өзі сақтаған Алла өзі көмектесті ғой, ақыры. Кейін денсаулығы оңалып, оқуын жалғастырып кетті. Ол да институтты жақсы бітірді.

Содан бір күні Болай апаның Нұриясы да мектептен үйге қуанып келді. «Мама, мен алтын медальға бітірдім. Енді Ленин­градқа барып оқитын болдым!», – дейді тұп-тура баяғы Жақсыбай ағасы секілді жүрегі алып-ұшып.

Осыны еске алғанда Болай апаның да жүзі нұрланып, түу сонау алысқа, Ақсу–Жабағылы тауларының биігіне қарайды күлімсіреп.

Бұл жолы, әрине, ешкім де қиналған жоқ. Мәскеуде оқитын ағасы бар емес пе. Үйдегілер сол күні-ақ оған хабарласып: «Нұрияшты өзің оқуға алып барасың», – деп жатты.

Ана үшін бұл да бір үлкен қуаныш!

Баяғы Жақсыбайды Мәскеуге жібере­тін кездегі Түлкібас стансасында көрген қиыншылықтары енді көз алдарына бір түс сияқты болып елестейді. Болай апаның есіне тағы да бір қызық оқиға түсіп, өз-өзінен тамсанып, басын шайқайды. Содан соң: «Бір балам Қарағандының қызына үйленді, – дейді ішкі ойы өткен жылдарға қарай сапар шегіп. – Содан артынып-тарты­нып құдалардың үйіне жеттік қой, әйтеуір. Сөйтсек, келініміздің анасы жап-жас келіншек, милисаға барып, қағаз жазып, шарқ ұрып іздестіріп жатыр екен. Өзі келініміздің бір құрбыларынан «не де болса, оңтүстіктің бір жігітімен кетті» деген әңгімені соның алдында ғана естіген болса керек.

Өйткені, базардағы қауын-қарбыз сатып тұрған кісілерден де сұрастырыпты. Олар, әйтеуір, «Еш уайымдамаңыз, біздің жаққа кеткен болса, көп ұзамай хабаршы да кеп қалар», – деп жұбатқан көрінеді.

Кейін осының бәрін айтып, бір-бірімізді жақсы түсініп, тонның ішкі бауындай жақын құда боп кеттік қой. Әне, айта берсек, бұ да бір қызық әңгіме».

Ал енді Сәтбайдың үйіндегі келіні Керімқызға Болай апаның өзі құда түсіп барған. Өсербайға тіпті, қызды өзі таңдап, өзі сырға салған. Ол да бір есте қалатындай оқиға.

Әлгі ауыл арасына жүріп-тұратын «почтовый» деген пойыз бар емес пе. Содан көріп қалды ғой. Жап-жақсы, тәрбиелі қыз екен. Түр-сымбаты да ұнады Болай апаға. Сөйтті де, үйге келген соң Нұрекеңе: «Әй, анау Ержігіттің қызы әп-әдемі боп бой­жетіпті. Өзі мұғалімнің оқуын оқиды екен. Соған құда түсіп, Өсербайға алып берейік. Кім білсін, болашақта екеуміздің жолы­мызды қуатын сол болатын шығар», – деді.

Кейде осы, адамның аузына періште сөз салады деген рас қой деймін. Болай апаның сол келіні, шынында да, кейін Нұрекең екеуі ұстаздық еткен мектепке директор болды.

Иә, осылай еске түсіре берсе, әлі де айтыла берер естеліктер көп-ақ.

Биыл жасы жүзге келген Болай апаны ұл-қыздары кейде «Біздің Домалақ анамыз» деп те атайды. Ондайда апаның өзі қарсы­лық білдірейін десе, олар: «Сіз де Домалақ ана секілді ұл-қыздарыңызды, немере-шөберелеріңізді еңбекке баулыдыңыз, жақсы тәрбие бердіңіз. Үбірлі-шүбірлі болдыңыз. Енді сіздің батаңыз да қабыл болады», – деп өздерінше уәж айтады.

Сонда Болай апа: «О, Құдайым, оңдай көр!» деп ақ батасын берген соң, іштей Домалақ анамыздың әруағына тәу етіп, кешірім сұрап қояды.

Рас, ауыл-аймақтағы, алыс-жақындағы ағайын іздеп келіп, арнайы сәлем беріп, ұл-қыздарымызға, немере-шөберелерімізге сіздің жасыңызды берсін деп, тілек тілеп жатады. Себебі, олар жан-жаққа таралып, өркен жайған үлкен әулеттің ұйтқысы, ақылшысы болған Болай апаның адамгершілігін, әділдігін құрметтейді.

Біз де бүгін Ақсу–Жабағылы тауының бөктеріндегі Түлкібас өңірінде өркен жайып, алып бәйтеректей жүзге толып отыр­ған аяулы ана, зейнеткер ұстаз, Ы.Алтынсарин белгісінің иегері, Батыр ана Болай Мәткерімқызы Қасымбекова апа­мызды жүз жасқа толған мерейлі тойымен шын жүректен құттықтаймыз!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *