Бізге сіздің ұсынысыңыз маңызды!

Алматыда соңғы үш жыл ішінде 524 көше жөнделді

Алматы қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан 2016 жылы 196 көшенің 140 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Барлық магистральды көше мен жергілікті жолдардың 80%-ы ағымдағы жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Жаяу жүргіншілер үшін 30,5 шақырым тротуар­лар жасалды.

Ал былтыр ұзындығы 147,1 шақырым болатын 170-тен астам көше орташа жөндеуден өтті. 37,5 шақырым тротуарлар салынды және жөнделді. Шевченко, Қонаев, Өтепов көшелері мен 23 бұрылыстардағы ескі трамвай жолдары алынып, қозғалыс бөлігі кеңейтілді, 16,7 шақырымға жаңа асфальт төселді.

Алматыда биыл ұзындығы 155 шақы­рымнан астам тағы да 157 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұлардан өзге, Мақатаев, Байтұрсынов, Жароков көшелеріндегі қозғалыс бөлігі кеңейіп, 15,7 шақырымға жаңа асфальт төселді. Жаяу жүргіншілер үшін 30 шақырым  тротуарлар салынды.

Айта кетерлігі, көше-жол желілеріне жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер­лерге үш жылдық кепілдеме беріледі. Осы кезең ішінде жіберілген кемшіліктер мен орын алған олқылықтарды олар өз қаржылары есебінен түзетулері тиіс.

Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша тротуарлар мен арықтарды абаттандыруға айрықша назар аударылуда. Қолданылмайтын конструкциялар алы­нып, орны жасыл желекпен көмке­рілуде. Тротуарларға тексеру жүргізіліп, жаяу жүретіндерге қиындық туғызатын түрлі құрылыстың барлығы сүрілуде.

Биыл кіші көлік айналымының өткізу қабілетін арттыру үшін үш жаңа жолайрық салынуда, бірнеше көше өзгертіліп, жүрдек автобус дәлізін жасау ұйымдастырылуда, көпір қондырғылары және басқалары да кеңеюде.

Құрылыс басқармасы тарапынан қаланың тарихи орталығы жаңғыруда. Аудандық әкімдіктер барлық жерасты өтпелі жолдарды күрделі жөндеуде.

Өткен жылы 500 аула көркейтілген болса, биыл тағы да 600-ден астам аула жаңарады.

Жалпы, қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан қазіргі кезде 123 көше толықтай жөнделіп бітті. 25 тамызға дейін қалған 34 көшедегі орташа жөндеу жұмыстары да аяқталады.

— Бізде жерді қазу мен түрлі құбыр­ларды тартумен айналысатын Энергетика және коммуналды шаруашылық басқар­масы да бар. Олардың атқаратын жұмыс­тары да барынша жауапты және өте күр­делі. Олардың ерен еңбектерінің арқасында қала тұрғындары жарықпен, сумен, жылу­мен, кәрізбен қамтылуда. Тек соңғы жыл­дың өзінде ғана 800 инженерлік желі салынды және жөнделді.

Дегенмен, ашық байқауға қатыс­қанымен, өз міндетіне жауапсыз қарайтын мердігерлер де жоқ емес, солардың кесірі­нен олқылықтар орын алуда. Біз оларды кепілдеме міндеттеме аясында жұмыстарын қайта жасауға мәжбүр етеміз, — деді Алматы әкімдігінің ресми өкілі Тимур Базарбаев.

Бүгінде көшелердегі кемшіліктерді жою үшін қосымша 4 мердігер ұйым мен 12 арнайы бригада іске кірісті.

12 көшедегі инженерлік коммуника­циялар жаңарған соң, тағы 12,5 шақырым  жол орташа жөндеуден өтті.

Шұңқырлар да жөнделу үстінде. Қаладағы 175 мың шаршы метр көше шұңқырлары ретке келтірілді. Жыл аяғына дейін тағы да 370 мың шаршы метр шұңқыр жабылады деп отыр мамандар.

Сөз орайы келіп тұрғанда келер жыл­дың міндеттері туралы да айта кетсек артық болмас. Алматының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қазірдің өзінде 2019 жылдың жұмыс жоспарын жасау үстінде. Тағы да 150 шақырымнан астам көшелер жөнделеді. Қаланың барлық ауданы орталықтандыру қағидасы бойынша өркендейді. Алматы­ның төменгі бөлігіне де басымдық беріледі.

Біз сіздерге арқа сүйейміз, алматы­лықтар!

Алматы әкімдігі осы мәселелер бойын­ша өздеріңізден нақты ұсыныстар күтеді. Сіздің ойыңызша қай жол жөнделуі немесе жаңа тротуарлар жасалуы тиіс?

Өтінімдер осы жылғы қыркүйек айы­ның аяғына дейін қабылданады. Ұсыныс-тілектеріңізді арнайы zhol.almaty@a-a.kz электронды жәшігіне «Жөндеу қажет» немесе «Тротуар қажет» белгілерімен жібере аласыздар.

 

Шұғыла ОЛЖАС.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *