БІЗГЕ ҚАЛАМГЕРЛЕР КЕЛДІ

Наурызбай ауданында қаламгерлермен бір айда қатарынан бірнеше кездесу өтті. Алғашқы кездесуге атақты жазушы Кәдірбек Сегізбайұлы, филология ғылымының докторы, профессор, фольклоршы, ақын Зұфар Сейітжанұлы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, журналист-жазушы Итен Қарымсақұлы, «Өзін-өзі тану» журналының бас редакторы, белгілі жазушы Ділдәр Мамырбаева, сазгер, ақын, зергер, жазушы Төлеш Стамбекұлы және ақын Мұратхан Шоқан қатысты.

БҰЛ ЖҮЗДЕСУ Наурызбай ауданы бойынша «Орталықтандырылған кітап­ханалар жүйесінің» филиалы залында өтті. Кітапханашылардың тыңғылықты дайындалғаны бірден байқалды. Кәдірбек Сегізбайұлының осыдан 50 жыл бұрын шыққан (қазір өзінде де жоқ) кітабының мұқабасындағы қыл­шылдаған мұртты жігітті Кәдекеңнің өзімен араласып жүрген жазушының «Мынау кімнің суреті?» деп сұраға­нының куәсі болдық. Елдің бас-аяғы жиналғанша, кездесу басталмай-ақ жазушылар өздерімен бірге әкелген кітаптарын кітапхана қорына тапсырып та үлгерді.

Алғаш сөз алған Кәдірбек Сегізбай­ұлы: «Кеңес үкіметі кезінде жазушы­лармен мұндай кездесулер жиі өткізі­луші еді. Енді міне, соншама жылдан кейін қайта жандануы – қоғамдағы жазушы ағайынға деген үлкен бетбұрыс, айтарлықтай жаңалық деп бағалай­мын», – деп ағынан жарылды.

ҚазҰУ-дың профессоры, «Жанса­рай», «Жанарында жарық түн» атты өлеңдер жинағының авторы Зұфар Сейітжанұлы әдебиет пен ғылымды қалай байланыстыра жүргізу жолын­дағы өмір тәжірибесін ортаға салып, аталған жинақтарға кірген бірнеше өлеңін оқыды.

Итен Қарымсақұлының өткір де үлкен мәселе көтере білетін өлеңдері мен оларға қоса айтылған қызықты әңгімелері жиналған қауымды ерекше тәнті етті.

Жастарға арналған журналдың бас редакторы Ділдәр Мамырбаева әде­биетке ерекше көңіл қоятын жоғарғы сынып оқушылармен шеберлік-сынып өткізді. «Өзімнің болашақтағы авторла­рыммен кездескендей әсер алдым», – деді өзінің еш нәрсені бос жібермейтін әдетімен.

Сазгер-ақын, жақында Талдықор­ғанда өткен республикалық батагөйлер жарысының жеңімпазы Төлеш Стам­бекұлы өзінің таңдамалы өлеңдерін жатқа оқып, көпшіліктің сұрауымен жастарға келістіре бата берді. Кездесу арқалы ақын Мұратхан Шоқанның буырқанған отты өлеңдерімен аяқталды.

КЕЛЕСІ КЕЗДЕСУ «Премьера» ықшамауданындағы  №174 мектеп-гимназияның кітапханасында жазушы Төлек Тілеухановтың, ақын Болат Шара­­хымбайдың, ақын Мағиза Құна­пия­қызының, журналист, ақын, «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі Дүйсенәлі Әлімақынның және сатирик-ақын Толымбек Әлімбекұлының белсенді түрде қатысуларымен сұрақ-жауап түрінде аса қызықты өтті. Жазушы Төлек Тілеуханов қазіргі таңдағы пат­риотизм, ұлттық болмыс, тіл мәселе­леріне егжей-тегжейлі тоқталса, бұл мәселені ары қарай Болат Шарахымбай өзінің Желтоқсанға арналған өлеңде­рімен толықтыра түсті. Қойылған сұрақтарға «Ақынға қара сөзден өлең оңай» деп Мағиза Құнапияқызы өлең оқумен жауап беріп отырды. Қазақтың әдебиет мәселелерінің бас газетінің тілшісі, ақын, ағылшын тілінің маманы, журналист Дүйсенәлі Әлімақынның жауаптары нығыз да толымды шығып жатты. «Алғашқы өлеңіңіз есіңізде ме?» деген сұраққа: «Алғашқы махаббат пен алғашқы өлең ұмытылмайды, өйт­кені олар өзара байланыста болады», – деп жауап беріп, өзінің алғашқы өлеңі «Дүкеншінің қызын» жатқа оқып берді.

Толымды жауаптың көкесін Толым­бек сықақшы көрсетті. Әр сөзі қатысу­шыларды қыран-күлкіге бөледі. Әшейін­де көп сөйлемейтін Толымбек Әлімбекұлы бүгін елді ерекше әсерге бөледі. Көңілді ортада қатысып отырған ардагерлерді де бей-жай қалдырмады. Осы ықшамаудан тұрғындары Әбибек Сыздықұлы мен Эрнест Қашқынбайұлы да қызына сөйлеп кеткендерін байқамай қалған тәрізді.

ҮШІНШІ КЕЗДЕСУ Бердібек Соқ­пақбаев атындағы №188 мектеп-гимна­зияда лық толған оқушы, мұғалімдердің қатысуымен өтті. Кездесуге ақын Дина­ра Мәлік, этнограф, тарихшы Данияр Әлбозым қатысты. Алғашқы сөз – сөз патшасы өлеңге берілді. Динара ақыннан кейін оқушылар арасында бірнеше бәйгенің жеңімпаздары өз өлеңдерін оқыды. Елең еткізер жерлері көп, салмақты да әсерлі өлеңдер бүкіл қауымды таңқалдырып, ризалық сезімге бөледі. Әдебиет пәнінің мұғалімі Меруерт Жамбылқызының ерен еңбегі екенін іштей ұғындық.

Өз кезегінде сөз алған жазушы Данияр Әлбозым «Қазақ бүркітшілі­гінің әліппесі»,  «Қазақтың саңлақ бүркітшілері» және «Шыңғыс қаған» тарихи романын кітапханашы Айгүл Оразқұлқызына табыс етті. Оқушылар мен мұғалімдер тарапынан қойылған көптеген сұраққа тұшымды жауап берді. Мағыналы кездесу Наурызбай аудан­дық Ардагерлер ұйымының әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер жөніндегі комис­сиясының  төрағасы Ауғанбаев Жұма­хан ақсақалдың қорытынды сөзі және жастарға берген  керемет батасымен аяқталды.

№200 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯДА мәде­ниет қайраткері, ақын Орысбай Әбілдаұлының қатысуымен де әдемі бір кеш өткіздік. Кездесуді әдебиет пәнінің мұғалімі Ұлмекен Мырзабекқызы жүр­гі­зіп отырды. Орысбай Әбілдаұлы ақын­дық туралы неше түрлі қызық оқи­ғаларды ортаға сала отырып, жыр-тер­ме­лерді нәшіне келтіре орындады. Мектепте күйшілік мықты жолға қойы­лыпты. Соның куәсіндей көптеген оқу­шы қыздар мен жігіттер күйден шашу шашты. Кездесу соңы жүргі­зушінің өз өлеңдерін оқумен  жалғасып, Орысбай атаның ұзақ та мәнді батасымен аяқтал­ды. Қазақ «батамен ел көгереді» деп бекер айтпаған тегінде. Мұндай рухани жүзде­сулердің өскелең ұрпаққа берері мол.

 

Мәдениет КӘРКЕНОВ,

Наурызбай аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *