Біздің таңдауымыз – Инновациялық менеджер болу!

Әрбір талапкер үшін ең басты әрі қиын шешім – үздік білім беретін оқу орнын және болашақ мамандығын дұрыс таңдай білу. Бұл жағдай барлығымыздың басымыздан өткені рас. Біз де 6 жыл бұрын мектептен қанат қаққан жас түлек болдық. Басқалар секілді көп толғанып, мың ойланып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін таңдадық.

Көзді ашып жұмғанша 4-курс болып, университет қабырғасынан қолымызға Экономика және бизнес бакалавры дәрежесі берілген үздік дипломды алып, осы білімді одан әрі шыңдай түсу мақсатында магистратураға тапсыруды жөн көрдік. Таңдауымыз – Экономика және бизнес жоғары мектебінің Инновациялық менеджмент мамандығы болды. Себебі, қазіргі әлемдік экономикада инновация мен білімге негізделген индустрияның дамуы белең алып, Қазақстан да инновациялық қызметке ерекше көңіл бөліп келеді. Елбасының  2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы, мемлекеттің «Цифрлы Қазақстан», Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламалары ел экономикасының тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін инновацияларды дамыту арқылы арттыруды көздеп отыр. Осы орайда, елімізге инновацияларды жүзеге асыратын білікті техникалық мамандардан басқа, инновациялық ойлау қабілеті бар сауатты басқару кадрларын дайындау мәселесі маңызды орынға ие болып отырғандықтан, еліміздің дамуында өз үлесімізді қосып, білікті маман болып шығумыздың кепілі ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін таңдадық.

Инновациялық менеджмент мамандығы өте қызықты және қазіргі таңда өзекті болып табылады. Оқу процесі кезінде «Мемлекеттік инновациялық саясат», «Тұрақты даму және инновациялар», «Инновациялық кәсіпкерлікті ұйымдастыру және инновацияларды коммерцияландыру», «Инновациялық бизнестің құқықтық ортасы», «Инновациялық бизнес-орта», т.б. пәндері бойынша Экономика және бизнес жоғары мектебінің білікті оқытушы-профессорлық құрамының дәрістерін тыңдап, тәжірибелік сабақтарда елдегі инновацияларға байланысты өзекті мәселелерді талқыға салып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргіздік.

Факультетте тәжірибе игеруге арнайы институттармен байланыс орнатылып, магистранттарды шетелдік тағылымдамаға жіберу белсенді жүзеге асырылады. Алғашқы оқу жылының соңында мамандардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының практикалық дағдыларын алу мен  нығайту мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми-технологиялық паркінің базасында зерттеу тәжірибесінен өттік. Ғылыми-технологиялық паркте негізгі ғылыми ресурстар шоғырланған және ғылыми қызмет үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Сондай-ақ, оқу барысында шетелдік ғалымдардың дәрістерін тыңдауға, ғылыми конференцияларға қатысуға, шетелдік тағылымдамалардан өтуге мүмкіндік бар. Біз Ankara Yildirim Beyazit университетінің профессоры, PhD докторы Тунч Медени дәрісін, «Game theory» атты АлтГУ профессоры, экономика ғылымының докторы И.Н.Дубиннің дәрістерін тыңдап, DBA докторы және ID-GROUP Бас директоры Г.А.Шакированың тренинг-семинарына қатыстық.

Мемлекеттік тапсырыс бойынша магистранттар ғылыми-зерттеу тағылымдамасын шет елде және отандық зерттеу институттарында өте алады. Біз Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Экономика институтында ғылыми-зерттеу тағылымдамасынан өттік. Институттың жетекші қызметкерлерінің дәрістерін тыңдап, елдегі инновациялардың жағдайымен танысып, бизнес-кейстер шешіп, тағылымдама кезінде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналыстық.

Инновациялық менеджер мамандығының болашағы зор. Бұл саладағы білікті кадрларға сұраныс жыл сайын артып келеді. Білім беру бағдарламасын табысты игеріп, түлектер кез-келген компанияға жұмысқа орналаса алады. Қызмет түріне байланысты инновациялық басқарушы әр түрлі салаларда: жоғары технологиялар саласындағы ғылыми әзірлемелерді жүзеге асырушы ғылыми-зерттеу орындарынан бастап жаңа тауарларды өндіруші компанияларға дейін жұмыс істей алады. Инновация – табысты болашағы бар бизнестің кілті. Инновациялық менеджер – болашақтың маманы.

Әлемнің үздік жоғары оқу орындарының бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Экономика және бизнес жоғары мектебі Менеджмент кафедрасының Инновациялық менеджмент мамандығында білім алуға сізді де шақырамыз, жас талапкер! Еліміздің заманауи инновациялық дамуына өзіңіздің үлесіңізді қосыңыз!

Ш.ӘШІРӘЛІ,  Б.ҚУАНЫШ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Инновациялық менеджмент мамандығының 2-курс магистранттары.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *