БІЗДІҢ КУРАТОР

тарих ғылымының докторы, профессор Серік Мектепұлы Мәшімбаев7 монографияның, 6 оқулықтың, 11 оқу құралдарының, 4 электронды оқулықтардың авторы

Жоғары оқу орнында бес жыл оқып, үлкен өмірге қадам басқан әрбір жас маманның есінде өмір бойы сақтайтын бірнеше ұстаздары болады. Солардың қатарында міндетті түрде оқу тобының кураторы болатыны сөзсіз. Өйткені, кураторлар жаңадан құрылған оқу тобында негізінен оқу, тәрбие, мәдени шаралармен айналыса жүріп,  әрбір студенттің ауылдағы ата-анасының міндетін атқарады десек артық айтқандық емес. Әсіресе, 1-2 курстарда кураторлардың рөлдері өте күшті. Жатақханаға орналасу, сабақтарға қатысу, оқу үлгерімі, стипендия секілді студенттер үшін маңызды мәселелерден  бастап, әр студенттің ауылындағы ата-анасының жағдайына дейінгі мәселелердің бәрінен куратор хабардар болып отырады, қажет кезінде көмегін аямайды. Сөйтіп, алыс ауылдардан келген студенттер үшін куратор қаладағы ең жақын адамдардың біріне айналады.

1985–1990 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (бұрынғы С.М.Киров атындағы ҚазМУ) тарих факультетінде оқыған кезімізде біздің топтың кураторы Серік Мектепұлы Мәшімбаев ағайымыз болды. Ол кезде ағайымыздың жасы  45-46-да болатын. Кандидаттық диссертациясын жақында ғана қорғаған екен. Ал қазір ағайымыз тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, бір ұжымда – ұлттық университеттің Тарих, археология және этнология факультетінде бірге қызмет жасаймыз. Ең бастысы, ағайымыз, кураторымыз Серік Мектепұлы  80 жасқа толып отыр.

Кураторымызды топ атынан мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, оған денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасының амандығын және шығармашылық табыстар тілеймін. Менің ойымша, біздің студенттік топ бес жыл бойы кураторымызға онша көп қиындықтар туғызған жоқ. Топтың жартысы еңбек стажымен, әскерден келген жігіттер мен қыздар болатын. Старостамыз Манарбек, топтың үлкендері Мырзабай, Бектас (Битас, Байтас), мен, Қайыржан,  Нағима, Рахима – бәріміз кураторымызға әрі көмекші, әрі сүйеніш бола білдік. Мектеп қабырғасынан жаңа келген студенттер топтағы үлкендерді тыңдап, айтқандарын екі етпейтін. Содан болу керек, кураторымызға аса көп қиындықтар түсе қойған жоқ.

Дегенмен де аптасына бір рет кураторлық сағат болып, онда әр түрлі мәселелер қаралып тұрды. Есімде қалғандары – газет-журналдарға жазылу барысы, комсомолдық жарна жинау, тағы сол сияқты мәселелер болатын. Ағайымыз топқа күлімсіреп келіп, кураторлық сағатты жайдары өткеріп, жылы шыраймен қоштасатын.

Біз, әскерге барып келген бес жігіт бір бөлмеде жаттық. Кешке қарай әр түрлі тақырыптарда пікір алысып, таласамыз. Сондай тақырыптың бірі – «Коммунизм орнаған кезде ұлт сақтала ма?» деген тақырып болды. Бұл талас ақыры факультет деңгейіне дейін көтеріліп, ұстаздарымыздан сұрай бастадық. Сонда бір профессорлар коммунизм кезінде ұлт болмайды деп жауап берсе, басқа біреулері бірнеше ұлт сақталып қалады деп жауап берді. Ал кейбіреулері жауап беруден басын алып қашатын. Осы сұрақты кураторымызға қойған кезде,  ол бізге«Алдыменен коммунизм бола ма, ол деген елес қой», – деп жауап берді. Содан кейін біздер бұл сұраққа қайтып оралмадық. Бұл – 1985 жылдың күзі еді.

Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңында ағайымыз теледидардан  «Халықаралық шолу» бағдарламасын жүргізе бастады. Ертеңіне кураторымызды  көрген сайын қуанышымызды жасыра алмай, тыңдағанымызды айтамыз. Сонда ағайымыз: «Сендер де ертең жақсы маман болсаңдар, сендерді де теледидарға шақырады, ол үшін көп оқу керек», – дейтін.

Профессор Серік Мектепұлы Мәшімбаев 1939 жылы 22 қарашада Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы, Яловка (Қарасу) ауылында дүниеге келген. 1960–1963 жылдары әскери борышын өтеп келіп, бірден сол кездегі С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың тарих факультетіне оқуға түседі. Студенттік жылдары Серік Мектепұлы факультеттегі ғылыми үйірмелерге белсене қатысып, ұстаздарының көмегімен болашақ үлкен ғылымға енуге, оның тылсым құпияларын ашуға өзін даярлайды. Атақты тарихшы Б.Бекмаханов, профессорлар мен доценттер – М.Ақынжанов, Б.Мекішев, Б.Дәрішев, С.Кенжебаев, Ғ.Нұртазина, Н.Дауылбаев, Ә.Шүпеков, М.-Х.Асылбеков, К.Нұрпейісов және тағы басқа ұстаздарының дәрістерін тыңдап,  тәлім-тәрбиесін алады. Сүйген жары Тынышкүл апаймен студенттік дәрісханада танысып, отбасын құрады. 1967 жылы университетті қызыл дипломмен аяқтап, жолдамамен Орал облысы, Қазталов ауданы, Бостандық орта мектебіне мұғалімдікке жіберіледі. Екі жыл ішінде алғыр да іскер Серік ағайымыз мектеп директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметіне дейін өседі. Ал Тынышкүл апайымыз екі жылда одан да жоғары көтеріліп, аудандық Пионерлер үйінің директорыболады.

Ғылым да бір аурудың түрі секілді, онымен бір «ауырсаң» құтыла алмайсың. Серік ағайымыз да оны студенттік жылдары бойына жұқтырып, құтыла алмай келеді. 1969 жылы батыстағы бар қызметін тастап, Алматыға қоныс аударады. Алғашқыда Алматы қаласындағы №90 ГПТУ-да сабақ бере жүріп, ұстаздарымен байланысып отырады. 1971 жылы университеттің тарих факультетінің Жалпы тарих кафедрасына аға оқытушы қызметіне шақырылады. Жас келсе іске дегендей, келесі жылы оны кәсіподақ ұйымының төрағасы етіп сайлайды. Ол қызметті 1986 жылға дейін  ағайымыз қоғамдық негізде абыроймен атқарады. Міне,  50 жылдай уақыт бойы біздің ағайымыз университеттің ұстазы болып жемісті еңбек етіп келеді. Және қазіргі таңда профессор С.Мәшімбаев тарих факультетінің ең жасы үлкен ардагері болып отыр.

Профессор С.Мәшімбаевтың ғылым жолындағы жолы даңғыл болған жоқ. Жалпы, тарих кафедрасында 12 жыл ұстаздық етіп, қазақ тобындағы студенттерге  Славяндар тарихы, Польша, Чехославакия елдерінің тарихына қатысты дәрістер мен семинарлар жүргізеді. Бірнеше оқу құралдары мен мақалалар жариялайды. Осы жылдары ағайымызға кейбір талаптарға байланысты диссертация тақырыбы берілмейді. Соған қарамастан ағайымыз өз ізденістерін тоқтатпайды. 1983 жылы Археология және этнология кафедрасына ауысып, профессор У.Шәлекеневтің ғылыми жетекшілігімен «XІX ғасырдың бірінші жартысындағы орыс-қазақ байланыстарының тарихы (Кіші жүз қазақтары мысалында)» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын 1985 жылы қорғап шығады. Осыдан кейін ағайымыздың ғылым жолындағы тынысы кең ашылып, өзінің ғылыми-зерттеу жұмыстарына бірнеше  бағыттарды таңдап алады. Олар – XVІІІ-XІX ғасырлардағы Ресейдің Қазақстандағы отарлау саясаты, Қазақ халқының отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық көтерілістері, Шығыс Европа елдерінің тарихы және осы мәселелерге арналған оқу-әдістемелік құралдар жазу болды. Сонымен бірге профессор С.Мәшімбаевтың ғылыми жұмыстарының жемісті жүруіне қазақ елінің тәуелсіздікке қол жеткізуі мен қоғамдық ғылымдарға ұзақ жылдар бойы үстемдік жасаған  көптеген қағидалардың құрдымға кетуі де оң ықпал етеді. 90-шы жылдары С.Мәшімбаев қазақ елінің азаттығы үшін атқа қонған тарихи тұлғалар жөніндегі зерттеулерінің қорытындысы ретінде Кіші Жүз қазақтарының көтерілістері, Сырым Датұлы, Әбілқайыр хан туралы монографияларын жарыққа шығарады.

Серік Мектепұлы 1995–2005 жылдары тарих факультетіндегі «Шетелдердің жаңа және қазіргі заман тарихы» кафедрасының, яғни өзін жұмысқа қабылдаған кафедраның меңгерушісі қызметін он жыл атқарады.

2001 жылы «Патшалық Ресейдің Қазақстандағы мемлекеттік басқару мекемелерінің тарихы» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап, профессор атанады.Қазіргі күнге дейін профессордың жалпы ғылыми жұмыстарының саны 300-ден асады. Оның ішінде жоғарыда айтып өткен ғылыми бағыттар бойынша 7 монография, 6 оқулық, 11 оқу құралдары, 4 электронды оқулықтар бар. Оның еңбектерінің ең маңыздылары мыналар: 1994 жылғы – «Патшалы Ресейдің отарлық саясаты», 2000 жылғы – «Патшалық Ресейдің Қазақстандағы мемлекеттік басқару мекемелерінің тарихы», 2007 жылғы – «Әбілқайыр хан», 2010 жылғы – «Дүние жүзі және Қазақстан тарихының өзекті мәселелері», 2012 жылғы – «Еуропалық Одақ елдері және Қазақстан Республикасы», 2014 жылы Г.Мәшімбаевамен бірлесіп жазған «Патшалық Ресей мен Кеңес империясының Қазақстанды рухани отарлау саясатының зардаптары», 2015 жылғы – «Сырым Датұлы (1742–1802)»,  2016  жылғы – «Қос өзен аралығындағы Казталов ауданының тарихы». Ағайымыздың тек қана монографияларының жарық көрген жылдарына  қарап-ақ,  оның қаламынан 2-3 жылда  бір монография шығып отырғанынына көз жеткізуге болады. Бұл дегеніміз – біздің кураторымыздың әлі күнге дейін ғылыми әлеуетінің өте жоғары деңгейде екендігін көрсетеді.

Адал еңбек пен жемісті ғылыми шығармашылық елеусіз қалған жоқ. С.Мектепұлы 1984 жылы «Қазақ КСР оқу үздігі», 2009 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері»,  2019 жылы «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталып,  2014 жылы Казталов ауданының «Құрметті азаматы» атағын алады. Дегенмен де ғылым жолында жарты ғасыр еңбек етіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізген ғалымға орден де артық етпеген болар еді.

Профессор С.Мәшімбаевты ғылыммен қатар, өмірде де бақытты жан деуге болады. Жұбайы Тынышкүл Қожабекова екеуінің қол ұстасқандарына 52 жыл толыпты. Апай екеуі ұл-қыздардан немерелер көріп, олардың қызықтарын күнде тамашалап жүр. Ал Сырым атты немересінен шөберелер көріп,  олардың қолдарынан күнде май жалап, су ішуде. Нағыз бақыт осы емес пе!

Б.КӘРІБАЕВ,

ҚР ҰҒА корреспонден-мүшесі,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

                                                                         университетінің профессоры,

тарих ғылымының докторы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *