Бізді арбаған биік шыңдар

(студенттік жылдардан сыр)

Жаңабек ШАҒАТАЙ,

жазушы, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері 

«Әттең, тәңір, баяғыда, біздің заманымызда мына тұрған Алматы бүгінгіден әлдеқайда әдемі, көз сүйіндірер көркем еді: көк аспан да қазіргіден тым тұңғиық әрі көгілдірлеу сияқтанатын, ақша бұлттар жұқа шілтер секілді жеңілдеу қалқитын; сиырбүйректеніп, сұлу қаланы қоралай қоршап алған Алатау асқақтау, ақбас шыңдардың ұшарлығындағы аппақ қар мен мәңгілік мұздар да молдау болатұғын. Асқақ шыңдар айбынды еді. Иә, біздің кезімізде…

Ойпыр-ой, кербаққан көңілі ештеңеге толмайтын кәртамыстардың «біздің заманымызда…» деп басталып, оңайлықпен таусыла қоймайтын ежелгі күңкіліне менің де етім өліп, бойым үйрене бастағаны ма сонда. Өйтпесе… ешқашан естен шықпас, жады шолақ бейбақ ұмытқысы келгенмен кісі жеке қалған сәтінде аяулы елес болып, естелік болып көз алдыңда жиі көлбеңдейтін қимас кезеңі – студенттік жылдар туралы осылай сөз қозғаушы ма еді тәйірі?!

Жә, тоқтатайыншы осы көңілсіз гөй-гөйді. Бірақ… ол кезде, біздің заманымызда КазГУ әл-Фараби бабамыздың атында емес-тін. Әйгілі большевик С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің студенті атану айтарлықтай мәртебе, зор мақтаныш. Мысалы, бұл күндегі жекеменшік фирманың екі тізгін, бір шылбырын уысында ұстаған байшыкештен бір мысқал кем емес. Ол кездегі студенттердің айтарлықтай артықшылығы бар –  қалтасының түбі тесік болса да, рухани өте бай! Көбіне:

Студенттер әлемдегі бай халық,

Байлығынан жүре алмайды шайқалып.  

Почтаменен ақша салса әкесі,

«Рахмет» деп жібереді қайтарып, – деп қалжыңдайтын кезіміз.

1979 жылы мемлекеттік университеттің журналистика факультетіне оқуға түскендердің көбін Алматының іргесіндегі Калинин колхозының (қазіргі Тұздыбастау) Қызыл Ту-4 бригадасында ауыр жұмысқа салған. Ауылшаруашылық жұмысына. Оқуға түссең, Отанға еңбек сіңір! Әлі студент емеспіз, аудиторияның табалдырығын аттаған жоқпыз. Сонда да бел жазбай еңбек етіп үлгердік: қызанақ тердік, қияр жинадық. Тәртіп қатал, оңға бір қадам, солға бір қадам аттап басуға болмайды. Япырай, сол кездегі қызанақтың да сөлі мол, дәмі тәтті, түсі де қазіргіден қып-қызыл ма деймін бұл күндерде.

Ең бастысы, танаптың басында журналистиканың ұл-қыздары бірге туған бауырлардай табысып, бір үйдің үбірлі-шүбірлі балаларындай болып кеткен. Күндердің күнінде белгілі ақын, марқұм Нұрлан Мәукенұлы мен Серғазы Мұхтарбек сол ауылдағы алыс туыстарын тауып, кешкі астан соң түнгі он бірге дейін әлгі үйге қонақ болып қалады. Жоғарыда айтқандай, тәртіп қатал. Бізді бастап барған оқыту­шылар айқайға аттан қосып, екеуі өзіміз әлі табалдырығын жөндеп аттап үлгермеген университеттен шығарылатынын айтсын. «Университеттен шығармасақ, атымыз өшсін?» деп ант-су ішкен. Таңертең студенттік ереуілді бастап жібердік. «Ол екеуі оқудан шығарылса, бәріміз оқудан бірге кетейік» дедік, «Бүгіннен бастап жұмысқа шықпаймыз» деп қоқиландық. Расында, сол күні жұмысқа шыққан жоқпыз. Қас қарайғанға дейін алқаптың жиек-жиегіндегі қой бүлдіргенді, жабайы құлпынайды теріп ермек еттік. Күн сәулесіне қыздырындық. Қас қарая алып-ұшып Алматыдан, университеттен уәкіл жеткен. Уәкіл жедел жиналыс жасап, өрімдей жастарға өктемдік танытып, бәрімізді қорқытып-үркітіп бақсын. Жиналыстан соң өзімізді Қызыл Туға бастап келген екі оқытушы және мені жеке бөлмеге шақыртып:

– Бәрін бастап жүрген сен екенсің, – деді аса зілді үнмен. – Жұмысқа шықпау, әсіресе, ұйымдасқан түрде шықпау қылмыс екенін білесің бе?! Оқудан шығарыласың, ком­сомолдан қуыласың. Университеттің есігін енді ешқашан аша алмайсың! Біреуге ара түскен неңді алған?!

– Енді… олар ештеңе бүлдірген жоқ. Жәй ғана қонаққа барды. Бұл енді… әділетсіздік қой.

– Әділдікті жоқтаушы сен болмай-ақ қой! Әділдік пен әділетсіздіктің аражігін айыратын адамдар Алматыда отыр. Сөзді доғарып, таңертең жұмысқа шығыңдар, елді шулат­паңдар. Ал сенің аты-жөніңді мен жазып алдым. Осында тағы да оғаш бірдеңе болса, сен бірден оқудан шығарыласың! – деп қысқа қайырды университеттен келген уәкіл.

Қазан айының алғашқы күндерінде Калинин колхозынан астана Алматыға қайттық. Біздің кезімізде журналистика факультетінің студенттері әлі де ескі корпуста – қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының корпусында нәрлі білім алатын. Ректорат та сонда. Ал түнде дамылдар жеріміз әл-Фараби даңғылының жиегіндегі әйгілі КазГУ қалашығында, әлі күнге дейін көзге ыстық №5 жатақхана. 101 және 102-топ болып бөліндік. Бөлінуге аса құмарлығымыздан емес, осылай бөліну оқудың талабы екен. Бәлкім, «Бөліп ал да, билей бер!» деген ысқаяқ оқытушы­лардың амалы шығар. Қалай болса да, 102-топтағыларды әлде мүсіркей, әлде менсінбей «балапандар» деп атау әдетке айналдырған, ал 101-топтағы мосқалдау студенттерді әркім қолайына жаққан атпен атай салады: қырма сақалдар, қақсалдар, стажниктер. Дайындық курсынан оқуға түс­кендердің барлығы дерлік 101-топта: әлі толық танысып үлгере алған жоқпыз. Бірен-сараны әскерден жаңа келгендер, көбі түрлі салада 3-4 жыл еңбек еткендер. Олардың кеуделері Алатаудан биік, жүрген жүрістері тіптен нығыз. Маңызданып, шайқалып, паңдана аяқ басқанда КазГУ-дің қалашығы тұрған қара жер қалай ойылып кетпей қаларына таңқаласың-ай. Дайындық курсынан түскендердің арасында Шәмші деген жігіттің беделі тым жоғары екені ә дегеннен-ақ білініп қалған. Олардың көбі сол жігіттен ақыл сұрайды екен, түсінбеген сабағын содан біліп алатын көрінеді.

Амалсыз іштен тынып жүрген шағым. Калининге келген уәкілдің зілді сөздері әлі күнге құлағымда. «Емініп тапқан байымды, ешкі теуіп өлтірді» деген бар, өзім әрең түскен университеттен ай мен күннің аманында қуылып кетемін бе деген ой маза бермейді. Аудиторияның кең есігінен сол уәкіл табанасты кіріп келетіндей секемденемін. Ішкенім – ірің, жегенім – желім болмағанмен, кеудемді қорқыныш пен үрей жайлап алған. Аз күнде-ақ ауыз бағып сөйлеуді үйрендім, ауылдағы еркебұлан өмір алыста қалғанын аңдадым, өрекпіп, алға өңмендей берсең, талмойынға қыл арқан оралатынын пайымдадым.

Сонда да әлгі бейтаныс Шәмші деген жігітпен танысып, сөйлессем деймін.

Сол күні сабақ түстен кейін басталатын болған. Екі топ та бір аудиторияға жиналуда. Есіктен үстіне киген шолақ жең сарғыш нейлон көйлегі ақсары жүзін айқындап, томпақтау екі беті әлпетін дөңгелектендіріп көрсететін жас жігіт кіріп келіп, табалдырықта сәл  тосылып қалсын.

Артқы қатарда отырған жігіттердің бірі:

– О-о, Шәкең келді. Әй, Шәке, бері кел, біздің қасымызға отыр, – деп дауыстай, дабырлап айтқан.

Келген жігіттің қолында кітап та, қалам да жоқ сияқты, есесіне, қолтығына бір бума газет-журнал қыстырып алған.

Келіп, өзіне ұсынылған орынға жайғасты. Ешкімге назар аудармастан әлгі газет-журналдарды біртіндеп сатырлатып ақтарып отыр. Аудитория емес, құдды бір кітапхананың газет оқитын залына келгендей еш алаңсыз. Мен орнымнан тұрып, қасына таяп бардым. «Танысып, білісейік» дедім. Отырған орнынан сәл көтеріліңкіреп:

– Шәмшидин Пәттеев! – деп ресми түрде қолын ұсынды. Салалы саусақтары жұмсақ, алақаны құстың ұясындай жып-жылы екен. Екеуміздің алғашқы таныстығымыз осылай басталған еді.

Итальяндар білгір халық-ау осы. Ежелгі дәуірде, сандаған ғасырлар бұрын Ұлы Римді құрған халықтың кейінгі ұрпақтары сырын аңдатпай, алдырмай жүрген таныстарын жете танып-білу үшін стадионға сүйрегендей етіп апарады. «Адамның мінез-құлқы қандай екенін білгің келсе, футболға әкел. Стадионда ғана оның мінезі қызба ма, жоқ әлде шынымен салқынқанды ма екенін білуге болады» дейді олар.

Сол рас шығар деймін мен. Жайшылықта көп сөйлемейтін, біртоға, кесіп бір-ақ айтатын Шәмшіні футбол алаңында көрсеңіз танымай қалар едіңіз. Университет қалашығында, тарих факультеті жатақханасының нақ желкесінде Алатауға, Найзақара шыңына қараған бетінде кішігірім футбол алаңы бар. Жатақханаларға қараған бүйірі ғана ашық, ал қалған үш жағын қайың мен үйеңкі, түрлі бұталар қоршаған алаңқай сырт көзге елеусіздеу көрінгенмен, көбіне нағыз қызу майданның төрі.

Сабақтан соң сәл дамылдағанға өмірі қанбайтындай көрінетін студенттік ұйқы шіркін тұра қашып, тұла бойың қунақ тартқанда әлгі алаңға жиналамыз. Көбіне бір бүйірі жыртылып жүретін жұмыр доптың да оңып тұрғаны шамалы, әйткенмен бір ауық соны қуалағанның өзіне мәзбіз. Алаңдағы орын-орнымызды анықтап, кім қақпашы, кім шабуылшы болатыны белгіленген соң-ақ бір-бірімізге қарай атой саламыз. Сырттай бақылап, ойынымызға қарап тұрған біреу болса, «ойындары футбол ережелеріне мүлдем қайшы» деп мін тағуы да мүмкін, бірақ біздің өз ережеміз өзімізге жетіп жатыр. Шәмші көбіне қорғаушы болып қалуға ниет қылады. Қайда-ан, сәлден соң-ақ оны алаңның қарсы жағында алқын-жұлқын арпалысып немесе пас сұрап жүргенін байқайсың. Жылдам, жүйрік. Аяғына доп тисе бітті, жан-жағына бұрылып қарамастан қарсы қақпаға қарай атой салып жүйткиді. Мойнын ішке қарай тартып, жұмырлау денесі шиыршық атып, аяғы аяғына тимей заулайды. Өзін де, өзгені де аямайды, өлген-тірілгеніне қарамай тістеніп ұмтылады. А. бекетінен Б. бекетіне қарай жүйткіген жүк пойызы сияқты құдды бір. Экспресс-пойыз!

Футболдан соң, әсіресе, командасы жеңіске жетсе Шәмші мүлдем басқа адам сияқтанып кететіні бар. Ондайда тәм әзілқой, анекдот айтқыш. Өткен-кеткен тарихтан сыр суыртпақтағыш. Әсілі, бұл жеңілісте еншісі жоқ, өмірде ешқандай жеңілісті қош көрмейтін адамның қасиеті.

Сол күні де Шәмші табанасты сөзуар болып кеткен. Ойыннан соң Алатаудың асқарынан қалаға қарай лекіте соққан самалға бетімізді төсеп, кешкі самал өн бойымызға періштенің деміндей рахат сыйлаған ғажайып сәт еді. Екі қолын сарғая бастаған майсаға тіреп, аяқтарын айқастыра сәл шалқайып отырған күйі Шәмші:

– Бір нәрсені түсіне алар емеспін, – деп қалды қабағын шытып, – алдағы бірер жылда «Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуының 250 жылдығы» деп ұлан-асыр той өткізуге дайындалып жатыр. Азат ел қашан өз еркімен құлдыққа мойын ұсынған? Мен отар болайыншы деп дайындалған елді естіп көріп пе  едің?!

Оның жүзіне көз тоқтатып қарадым. Шынымен ауыр сұрақтарға нақты жауап таппай жүрген адамның ойлы, қиналған қалпы. «Бұл ақпаратты қайдан алған?».

– Әжем аштық жылдарын жиі еске алады, – дедім мен де сол қиын сұрақтарға еш жауап таппай, – Аштықтан қашып, бала-шағасымен босып, Қырғызстанның Кетпентөбе деген жерін паналаған екен. Таласты жағалап, жолай Әулиеатаға соққан көрінеді. Аш қазақтарды қалаға кіргізбей қойыпты. Әжем жылап отырып айтады: «Құдай-ау, қырылып жатқан адамдарда сан жоқ. Аш-арықтардың жалба-жұлба үстіне, еті ыстықтан ағып кеткен мәйітіне қарай да алмайсың. Құдайым-ау, ондай сұмдықты енді қайтып көрсете көрме» деп.

Жіңішке шыбықпен топырақты шұқып отырған Шәмші сәл еңсесін тіктеп:

– Азат елдер ешқашан ондай аштыққа ұрынбайды, – деп кесіп айтты. Басын жерден көтеріп алып, айналаға шұқшиып көз тастады. – Сұмдық қой! Ал менің атам бір ауылды аштықтан аман алып қалыпты. Сырдың бойындағы жиде тоғайларында құс пен қоянға тұзақ құрыпты. Қамыс арасынан аң аулапты. Елдегілер «бізді сенің атаң аман сақтап қалған» деп алғысын жаудырып отырады ылғи.

Екеуміз де терең күрсіндік. Әлі алдымыздан оңайлықпен жауап табыла қоймас талай қиын сұрақтар шығарын, сол сұрақтар мен жауаптар өміріміздің бүкіл мәні боларын біле қоймаған шығармыз сол сәтте.

– Қарашы, біздің Алматы өте сұлу қала ғой, – деді Шәмші табанасты күлімсіреп, – мұндай екінші қала жер жүзінде жоқ шығар.

Батып бара жатқан күннің соңғы сәулесі зәулім жатақха­налардың терезелеріне шағылып, жарқырата нұрландырып жіберген екен. Биік көктерек пен қарағаш, үйеңкі мен қайың­дардың ұшарлығы кешкі самалмен шайқалып, ала­қандай-алақандай жапырақтары судыр қағады. Найзақараның биігінде үйірілген бұлт қызыл жалқынданып, одан шағылған сәуле мұзарттардағы аппақ қардың бетін қызғылтым реңкке бөлеп, ойнақ салсын. Кешкі шапақтың шытырман суреті мен бояуын суреттеуге тіл жетер емес. Көзімізді биік шыңдар, құбылып ойнаған мың сан сурет суырып барады…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *