Біз жас достарымызға сенеміз

Рухани жаңғыру –  ұлттық құндылықтардың жалпы адамзаттық құндылықтарға бастауы. Осындай атаумен жуырда Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде Жастар жылы аясында, Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы көрсетілген міндеттерді іске асыру мақсатында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Жыл сайынғы үрдіс бойынша биыл үшінші рет өткізіліп отырған конференцияға Бостандық ауданы әкімдігінің, Алматы қалалық «Nur Otan» партиясы Бостандық аудандық филиалының, қалалық «Рухани жаңғыру» офисінің, «Саналы ұрпақ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері, әдебиет және қоғам қайраткерлері, республика бойынша жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамы, магистранттар мен студенттер қатысты.

Конференция барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тіліне аударылған 100 кітап және Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналған көрме қойылды. Сондай-ақ, Жастар жылы аясында Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай ҚазИТУ студенттерінің  «Жеті ниет түрткісі» деп аталатын жобаның таныстырылымы мен «Мамандық үздігі – 2019» байқауы жеңімпаздарының қайырымдылық акциясы  ұйымдастырылды.

Конференция шымылдығын ашқан ҚазИТУ ректоры Г.Сәрсенбекова өз сөзінде:

– Жастар жылы аясында университетімізде ұлттық құндылықтарды тәрбиенің негізі ете отырып, көптеген іс-шара мен жобалар іске асырылуда. Қазіргі қоғамға, жұмыс берушіге адамшылығы мол, елжанды, креативті, белсенді, көшбасшылық қасиетке ие, сыни ойлауға қабілетті жастар керек, –  дей келе, бүгінгі жас достарына сенетінін білдірді.

Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚХА-ның мүшесі, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы, конференция қонағы А.Осман жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудегі рухани құндылықтар мен  ана тілінің маңыздылығына кеңінен тоқталып:

– Ұлттың жаны, рухының үні, ең қымбат дүниесінің алтын қоймасы – тілі. Жастарға айтарым, білім – әлемдік, тәрбие – ұлттық болуы керек. Біз бәріміз қазақ тілінің құдіреттілігін, қазақ тілінің әуезділігін, байлығын, шұрайлылығын елге жеткізіп айта білуіміз керек. Ұлтының ұлттық құндылықтары мен мемлекеттік тілін қадірлеу – нағыз рухани жаңғыру негізі, – деп, жастарды қанатты сөздерімен жігерлендірді.

Республикалық жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайыржан Тоқышев қоғамдық сананы жаңғыртып, рухани құндылықтарды дәріптеуде, жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоғары саналылығын қалыптастырудың маңызын атап, мемлекетіміздің бәсекеге қабілетті болуына және сананың ашықтығын дамыту мен прагматизмге кедергі жасайтын әлеуметтік кесел ретіндегі жемқорлықты жою керектігін баяндады.

Конференцияда Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы С.Жұман өз сөзіне  «Рухани жаңғыру және тарихи сананың қалыптасуын» арқау етсе, Қазақ мемлекеттік үздіксіз білім беру университетінің өкілі, философия ғылымының докторы, профессор Қ.Кенжетайқызы «Рухани жаңғыру бағдарламасындағы әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарына»  тоқталды. Ал тарих ғылымының докторы, профессор Ғ.Сармурзина  ҚазИТУ-дағы жаңа бастамалармен таныстырды

Конференция  «Жастар секциясымен» жалғасты. Секциялық мәжілісте республика бойынша ЖОО орындарынан келген 60-қа жуық студент өз баяндамалары мен жобаларын қорғады.

Нұр ЖАМАЛ.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *