Біз тұтынушыларға көрсетілетін қызметтің сапасын әрдайым жақсартып отырамыз

Ермек ҮСЕНБАЕВ,  «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас директоры:

 

Біз тұтынушыларға көрсетілетін қызметтің сапасын әрдайым жақсартып отырамыз

 

– Ермек Өмірбайұлы, әңгімеміздің басында «Алматы Су» кәсіпорны жайлы жалпы айтып өтсеңіз…

– «Алматы Су» кәсіпорны 1934 жылдардан бастау алады. Кәсіпорын республика көлеміндегі ең ауқымды мекеме. Алматымен бірге  қалаға іргелес жатқан елді-мекендерді, Алматы облысының біршама бөлігін ауызсу және кәріз қызметімен қамтамасыз етеді.

Кәсіпорында бірыңғай өз жұмысының көпсалалы  майталмандары күн-түн демей ауызсуды тасымалдауды қамтамасыз етеді, сапасын тексереді, қажет болған жағдайда шұғыл түрде апаттық жағдайлардың алдын алады. Қала тұрғындарын ғана емес, «Алматы электро станциялары», «Алматы жылыжайэнерго», сонымен қатар жылу станция­ларына қарасты стратегиялық нысандарды және басқа да заңды тұлғаларды сумен қамтамасыз етеді. Пайдаланған шайынды суды тасымалдау, тазалау, кәдеге жарату да біздің мекемеге жүктелген.

Кәсіпорын өте ауқымды. 5 мыңға жуық ауызсу құбыры мен кәріз желілері, 350-ге жуық ұңғыма күніне 700 мың текше метр ауызсуды дайындайтын сүзгі станцияларымыз, 107 таза су сақтайтын қойма, 184 сорғы стансасы бар.

– «Алматы Су» кәсіпорнына оралғаныңызға шамамен бір жыл болды. Алға қойған қандай мақсат-міндеттеріңіз бар?

– Алдымызға қойған басты мақсатымыз – халықты үздіксіз, сапалы ауызсумен, кәріз  жүйесі қызметімен қамтамасыз ету. Қаланың әкімшілік жүйесіндегі мемлекеттік кәсіпорын болғандықтан, әлеуметтік жауапкершілігіміз басым. Біріншіден, қолжетімді тарифтер. Республика аумағындағы қалалардың ішінде ең төмен тарифтердің бірі біздің Алматы қаласында. Осы жылы техникалық шығынды оңтайландырып, қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізудің арқасында тарифті 10 пайызға қысқарту мүмкін болды. Бірнеше тазарту сатысынан өткен 1000 литр сапалы ауызсу халыққа бағасы 50 теңге тұрады, ал кәріз қызметі 25 теңгені құрайды. Әрине, ең басты мақсат – қызметкерлердің әлеу­меттік жағдайын жақсарту, жалақысын өсіру.

Өндірістік және технологиялық жұмыс үдерістері заманға сай жаңартылған. Тұтынушыларға ыңғайланған жаңа қызмет көрсету жүйелері енгізілді. Ең ауқымды жұмыстардың бірі – «Санды водоканал»  цифрлы жүйесіне өту.

Алматы қаласы әкімінің қаржылық қолдауымен біз тағы үш ірі жобаны жүзеге асырып отырмыз. Олар: «Сумен жабдықтаудың жиынтық баланс жүйесі», «Сорғы станция­ларының технологиялық процестерін автоматтандыру және диспетчерлеу», «Су есептейтін жалпыүйлік ақылды аспап­тарды орнату» жобалары.

Мұны іске асыру арқылы біз электрді тұтынуды, су шығынын және апатты жағдайлардың санын азайтатын боламыз. Кәсіпорын биыл қала бойынша 9 мың қашықтықтан бақылайтын есептеуіш құралдарын көпқабатты үйлерге  орнатты. Бұл жұмыстар құбырлардың тозу деңгейін төмендетіп, жалпы шығындарды оңтайландыруға зор мүмкіндік береді. Бюджеттік мекемелерді 100 пайыз есеп­теуіш құралдармен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз.

– Бас жоспарға сәйкес қала өсіп, өркендеп келеді. Жаңадан ықшамаудандар қосылып жатыр. Кейбір тұрғын үй кешендеріндегі су желілерін жеке компаниялар өз меншігіне алып алған. Олардың тарифтері жоғары, сапасына сәйкес келмей жатады. Бұл туралы не дер едіңіз…

– Су жер бетіндегі маңызды табиғи, стратегиялық ресурс болып табылады. Қала географиялық орналасуы жағынан жайлы мекен. Судың да табиғи өзіндік ерекше дәмі бар, құрамында қажетті минералдары нормативтік мөлшерде, су көздері жеткілікті. Осыдан бірнеше жыл бұрын жаңа ықшамаудандарға, қалаға қосылып жатқан ауылдарға суды жеткізу мәселелері туындаған. Алайда, қала әкімі шешімінің арқасында бұл сұрақтар кезеңімен шешімін тауып отыр.

Соңғы жылдары қалалық бюджеттен 400 шақырымға жуық су құбыры салынды. «Қалқаман», «Достық», «Алты Алаш» секілді ықшамаудандарда суық су мәселелері толығымен шешілуде. Осы айдан бастап  – «Ұлжан», «Таугүл», «Шаңырақ» ықшамаудан­дарында суық суға қосылу жұмыстары шешімін табады.

Биыл «Әйгерім», «Ақбұлақ», «Құрылысшы», сонымен қатар, Алатау ауданындағы біршама ықшамаудан тұрғындары да сапалы суық суға қол жеткізеді.

Медеу, Жетісу, Түрксіб аудандарында да инженерлік желілер жүргізілуде. Қала әкімінің жеке қолдауымен, осы жылы Наурызбай ауданының 4 ықшамауданында ин­женерлік желілерді жүргізу жұмыстары басталды. Орта­лықтанды­рылған желілер дегеніміз – ең бастысы қолай­лылық, сапа белгісі. Белсенді жұмыстардың нәтижесінде 70 мыңға жуық тұрғын сапалы суық суға қол жеткізеді.

– Әрине, сапалы жаңа құбырлар салынып жатыр, ал ескі құбырларды қайтесіздер?

– Қалада құбырлардың 60 пайыздан астамын кезегімен ауыстыру қажет. Апаттық жағдайлардың алдын-алу жұмыстары біздің кәсіпорында жүйелі түрде шешіледі. Әр жыл сайын шамамен 20 шақырым құбырларды жөндеуден өткіземіз. Өткен жылдың өзінде «Көкжиек» ықшамауда­нындағы құбырларды ауыстырдық. Бұл ықшамауданда апаттық жағдайлар жиі орын алатын. Тұрғындарға ыңғай­сыздық тудырып, жөндеу жұмыстары болған кезде ауызсу ажыратылатын. Біз мүмкіндігінше жаңа құбырларды жүйеге қосуды қамтамасыз етеміз.

Биыл мекеме 15 шақырым су құбырын ауыстыруды жоспарлап отыр. Жөндеу жұмыстары жүргізілген уақытта тұтыну­шыларда суық су ажыратылмайды. Осы жылғы жұ­мыстардың ерекшелігі көлік аз шоғырланған, көбінесе көп­қабатты аулаларда жұмыстар жүргізіледі. Шамамен 39 ау­ланың желілері жаңартылады. Сонымен бірге, сорғыларды, ысыр­маларды ауыстырамыз, таза су резервуарларында, ұңғымаларда тиісті жұмыстар жүргізіледі. Мұның барлығы жаз айларында аяқталады деп жоспарлап отырмыз.

– Сіз бір сөзіңізде: «Су бағасы он пайызға төмендеді», – дедіңіз. Айтыңызшы, бұл аталмыш кәсіпорынның алға қарай дамуына кері әсерін тигізіп, жалпы қызметкерлердің айлық-жалақысының төмендеуіне әкеліп соққан жоқ па?

– Бұл ретте біз бірінші штаттық кестені оңтайландыру жұмыстарын жүргіздік. Қызметкерлердің ешқайсысы қысқартуға ұшыраған жоқ. Сонымен бірге, біз төмен айлық алатын жұмысшылардың жалақысын он пайызға көтердік. Нәтижесінде, 460 қызметкердің жалақысы өсті. Жоғары сапалы әрі қауіпсіз жұмыс істеу үшін қызметкерлердің барлығы қажетті құрал-саймандармен толық жабдықталды.

Біз қызметкерлер құрамының, оның ішінде инженер­лердің, жұмысшылардың біліктілігін әрдайым арттырып отырамыз, жұмыс орнының тиімділігін арттыру бағытында жаңадан арнайы техникалар сатып алдық. Сондай-ақ, барлық көлік газ отынына көшірілді, GPS жүйесімен жабдықталды (335 бірлік).

– Сіз тұрғындарға берілетін ауызсудың сапасына толық бақылау жүргізіліп отыр деп айта аласыз ба? Өйткені, кейбір тұрғындар суды қосымша тазалау үшін үйлеріндегі шүмекке арнайы фильтр орнатып жатыр. Бұл соңғы кезде судың сапасы төмендеп кеткенін білдірмей ме?

– Берілетін судың 40 пайызы тау өзендерінен, ал қалған 60 пайызы су тереңдігі 500 метрге дейінгі ұңғымалардан алынады. Тау суы күрделі тазалау кезеңінен өтеді. Су тұндырылып, сүзудің бірнеше сатысынан өтіп, одан әрі ол натрий гипохлоритімен, яғни қарапайы тұзбен зарарсыздан­дырылады. Нәтижесінде, қауіпсіз ауызсуға қол жеткіземіз.

Химиялық құрамы бойынша Алматы қаласының ауызсуында адам ағзасына өте қажетті табиғи микро­элементтер бар. Адамға кері әсер ететін суда ауыр металдар, фенолдар және мұнай өнімдері жоқ. Бір сөзбен айтқанда, су бактериологиялық және химиялық көрсеткіштер бойынша қауіпсіз болып табылады.

Аттестациядан өткен өндірістік зертхана су сапасына тәулік бойы бақылау жүргізіп отырады. Алматы қаласындағы судың сапасы кепілдендірілген. Суды қосымша сүзгіден өткізудің қажеті жоқ деп есептеймін.

– Тұтынушылармен жұмыс жүргізу бойынша қандай жаңалықтар енгізілді? Қала тұрғындары арасында су мен кәріз жүйесінің ақысын төлемейтіндер көп пе?

– Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін 4 орталықта қабылдау жүйелі жұмыс істейді. Барлығында электронды кезек жүйесі орнатылған. Сондай-ақ, бәрі «Бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетеді.

Өткен айдан бастап біз «Алматы  жылу жүйесі» мекемесімен бірлесіп, абоненттік бөлімшелерімізде суық және ыстық су, жылу мен кәріз жүйелеріне байланысты бірден 4 қызмет көрсету бойынша тұтынушыларды қабылдай бастадық. Осылайша біз қалалықтарға қосымша қолайлы жағдай туғыздық.

Егер тұрғындардың қарыздары туралы айтатын болсақ, тұтынушылардың басым көпшілігі біздің қызметтерді уақытылы төлейді. Тұрғындар мен кәсіпорындардың қарыздары 100 миллион теңгеден асады, бұл біздің қызметіміз үшін алынатын үш күндік төлем ғана. Дегенмен, есептеуіш құралдарын толығымен орнату қажет. Алдағы уақытта есептеуіш құралдарын орнатпаған тұтынушыларға арналған нормалар өседі. Сол құжаттарға сәйкес есептеуіш құралдарын орнату қолайлы болмақ. Бұл өзгерістер судың ысырап болмай, үнемделуіне әкеледі. Қазіргі кезде көпқабатты үйлердің 65 пайызы, жер үйлердің 75 пайызында есептеуіш құралдары орнатылған. Заңды тұлғалар есептеуіш құрал­дарымен 100 пайыз  қамтамасыз етілген.

Бұл біздің өтім қызметі мамандарының еңбегі. Бірінші кезекте біз тұтынушыларға коммуналдық қызметтерге қолайлы төлем жасау үшін барлық жағдай жасадық.

Ал қызмет ақысын төлемейтін тұтынушыларға желіден ажырату шараларын қолданамыз. Бір ай бұрын ескерту қағазын таратып, тек соңғы жағдайда, яғни төлей алмайты­нына әбден көз жеткізген соң ғана ажырататын боламыз. Себебі, жер қазатын техникаларды әкеліп, судан ажыратудың өзі қосымша ұйымдастырулар мен біраз шығынды қажет етеді.

Бұл ретте коммуналдық барлық төлемдерге қарағанда суық су мен кәріз жүйесінің қарыздық үлесі төлемнің жалпы сомасының 4-5 пайызынан аспайтынына да назар аудару қажет.

Жасыратын несі бар, суды ұрлайтындар, өз бетінше қосып алатындар және құдықшалардың қақпағын қолды ететіндер де бар. Кәріз жүйесінің шойын қақпақтарын ұрлау мәселесі біздің кәсіпорын үшін де, жалпы қала үшін де үлкен мәселеге айналып отыр.

Техникалық мүмкіндігі бар жерлерге біз композициялық материалдардан жасалған люктерді қоямыз. Бүгінде аулаларда, мектеп айналасында, тротуарларда тұрғындардың кездейсоқ түсіп кетуін сақтайтын ар жағында тор түріндегі қосымша қақпақты құдықтарда монтаждау жұмыстары басталды.

– Осы «Цифрлы су арнасы» бағытын жүзеге асыру мәселесіне толығырақ тоқталайықшы. Жалпы, мұның қала тұрғындары үшін қандай пайдасы бар?

– Цифрлық жүйе мен жаңа бағдарламалар әр адамның өмірін жеңілдетеді.  Біздің кәсіпорында автоматтандыру және цифрландыру бағдарламасы енгізілді. Қазірдің өзінде бұл бағытта айтарлықтай табысқа жеттік.

Қазіргі уақытта кәсіпорын нысандары мен желілерінің электронды картасы құрылып, жұмыс істей бастады. Барлық қызметкер  осы бірыңғай желіге қосылған. Олар нақты уақыт режимінде әр құбыр учаскесіне, әрбір нысанаға сипаттама бере алады. Желі қалай орналасқан, онда қандай жөндеу жұмыстары жүргізілді, қандай жөндеулер қажет, желі қандай тереңдікте орналасқан, яғни электрондық картада тек құбырлар ғана емес, оның толық сипаттамалары берілген. Сонымен қатар, бұл реттегі ақпарат күн сайын жаңартылып, толықтырылып отырады.

Автоматтандырылған диспетчерлік қызметті енгізу барысында эксперимент ретінде  «Орбита» ықшамауданын алдық. Ықшамауданда су қысымын реттейтін құрылғыларды орнатып, жасырын шығындарды анықтайтын  жабдықтарды іске қостық. Нәтижесінде, суды тазарту, тұтынушыларға қызмет көрсету сапасы артып, авариялық бригадалардың жедел әрі тиімді жұмыс істеуіне ықпал ететінін анықтадық.

Тұтынушыларға қолайлы жағдай жасау үшін кәсіпорын өзінің интернет сайтының функциясын жаңартты. WhatsAppTelegram әлеуметтік желілері арқылы көрсет­кіштерді беру жүйесі енгізілді. Кәсіпорынның call-орта­лығының жұмысы жақсартылды.

Алдағы уақытта тұтынушыларға  қызмет көрсету бойынша қосымша орталықтар ашылатын болады. Тұтынушыларға қашықтықтан кеңес беретін мобильдік қосымшалар мен техникалық шарттарды алу және келісім-шарттар жасау рәсімдері электрондық форматта жүргізіледі.

Біз өз тұтынушыларымызды жоғары бағалаймыз. Олардың ойынан шығу үшін бар күшімізді саламыз. Әрдайым көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартып отырамыз.

 

Сұхбаттасқан – Серік ЖҰМАБАЙ.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *