«БІЗ САЛЮТ АТПАЙМЫЗ, ДАЛАҒА АҚША ШАШПАЙМЫЗ!»

немесе Доңыз жылы қандай болмақ?

Соңғы уақытта Жаңа жыл туралы түрлі пікірлер көбейді. Көпшілігіміз «біздің халыққа тән мереке емес» дегенімізбен, дәл 31 желтоқсанның түнінде жыл ауысып, күнтізбедегі жыл санауының өзгеретінін мойындауымыз керек.  Байқасам, биылғы Жаңа жыл жылдағыға ұқсамайтын секілді. Неге дейсіз ғой?

Биыл да балаларымыз үшін шырша безендірдік. Ол рас. Бірақ оны дәл бұрын­ғыдай бір ай бұрын төрімізге оздыруды тоқтаттық. Себебі, бізде одан да құнды, одан да қасиетті мереке бар екенін балалары­мызға айттық. Бүгінде Тәуелсіздік мерекесі аталып өтпей, Жаңа жыл жайында әңгіме қозғау орынсыз екенін түсіндірдік. Есесіне, жас  ұрпақ ұлық мерекенің құны еш нәрсемен өлшенбейтінін санасына тоқып алды.

Кезінде «Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жылың солай өтеді» дегенге сеніп, тағдырымызды бір күнге теліп те қойған күніміз болды. Сол қисынсыз пікірдің лебімен ұзақ жылдар бойы түнгі он екіге дейін аста-төк дастархан жайып, түнгі он екіден кейін құшақ-құшақ салютімізді далаға алып шығып, аспанға атуды дағдыға айналдырғанымыз да шындық. Сенесіз бе, сол «алашапқын дайындық» биыл азайған­дай… Мәселен, біз балаларымызбен: «Біз салют атпаймыз, далаға ақша шашпай­мыз!» деп келістік.

Әлбетте, бұл ойымыз Жаңа жылды атап өтпейміз дегенді білдірмесе керек. Жаңа жыл түнінің өзіндік ерекшелігі бар. Бұл күні теледидардан мерекелік бағдарламалар, туған-туыстың құттықтаулары мен бала­лар­дың ерекше көңіл-күйін сезбеу мүмкін емес. Үлкендер келесі жылға басымыз аман, бауырымыз бүтін жеткенімізге Алла­ға шүкір деп, осы күнімізге тәуба айтамыз. Жыл аяқталар тұста өз-өзімізге есеп беріп, «қандай жетістікке жеттім? Не істедім, не бітірдім?» деген секілді сансыз сауалға жауап береміз. Санаулы сағаттардан соң есіктен енгелі тұрған жылға үмітпен қараймыз. Армандаймыз. Ниет етеміз. Жетістікке жету үшін алдымызға мақсат қоямыз. Сол арман-тілектердің орында­луына жоспар құрамыз. Міне, жылжабар уақыт сонысымен қызықты, сонысымен маңызды.

 

Біз үшін Доңыз жылы

қандай болмақ?

 

Астролог мамандардың айтуынша, биылғы Жаңа жыл, ең бастысы, табысты болмақ. Нақтырақ айтсақ, алдағы жылы нағыз еңбекқор жандардың бағы жанады. Яғни қай салада болмасын, өз кәсібін ашып, бизнесті дамытуға үлес қосатындар үшін жыл жемісті болады. Еңбегіне адал, ісіне мығым жандардың қызметі өседі.  Бойдақтар үйленіп, шаңырақ көтеретіндер­дің саны артады. Бұл, әлбетте, халқы­мыздың демографиялық жағдайының жақсаруына едәуір үлес қосатын болады. Сондай-ақ, еліміз қытымыр қыстан қысыл­май шығып, құлпырған  көктемнің нұрына бөленеді. Жазы мерекелі, күзі берекелі болады дейді. Жалпы, Доңыз жылы жайлы, тыныш әрі қалыпты өтеді дейді болжам­шылар. Демек, бұл жыл халықтың әл-ауқатын жақсартып, өмір сүру сапасын арттыруға қолайлы жыл деген сөз.

 

2019 жылы қандай

түс сәнге айналады?

 

Сән әлемінің мамандары биылғы жылға ең сәнді түстер деп қоңыр, кофе, жасыл, сұр және сары реңктерді атапты. Биыл ашық түсті шарфтар, орамалдар сәнде болады. Қыстың жылы күндері киім үлгісін ашық түсті жинақы орамалмен сәндеп қойсаңыз, тіпті әдемі көрінеді. Әлбетте, талғамда талас жоқ. Қазір кім не кием десе де өзі біледі. Әйтсе де, оның денеңізге қонымды әрі жарасымды болғаны жақсы.

Достарымен бірге қарсы алуды қалайтындар Жаңа жыл түні сары-қоңыр немесе қызғылт реңктегі көйлектерді таңда­ғаны дұрыс. Сондай-ақ, сары алтыннан жасалған әшекейлер сіздің киіміңізбен үйлесім табады дейді мамандар. Үйді және және жаңа жылдық шыршаны сәндегенде де осы түстерге басымдық беру керек екен.

 

Доңыз жылын кіммен қарсы алған жӨн?

 

Негізінде, Жаңа жыл отбасылық мереке деп саналады. Сондықтан қай жылды болса да отбасыңмен, туған-туыс, жақын­дарыңмен бас қосқан отырысқа ештеңе жетпейді.

Дастархан мәзіріміз ше?

 

Егер ырымға сенетін болсаңыз, Доңыз жылында реті келсе сары дастарқан жай­ған дұрыс екен. Бармағынан бал тамған аналардың дастарханы қашан да тағамның түр-түрімен жайнап тұратыны белгілі. Түрлі салаттар, тағамдар, десерттер пісіріп, дастархан әзірлеу қыз-келіншектердің шеберлігіне байланысты. Жаңа жылда дастарқанға тауық, сиыр, жылқы етінен әзірленген тағамдар тұрғаны абзал. Әрине, ешқандай шошқа еті болмауы тиіс.

 

Қандай сыйлық

берген дұрыс?

 

Сыйлық сыйлау – бір-біріңізге деген құрметті арттырады. Бауырмалдық пен сүйіспеншілікті нығайтады. Көңілде жүрген кірді кетіреді. Досыңызға, жақыныңызға сыйлық жасауда жомарттық танытыңыз. Қалтаңыз көтерсе, жаңа жылдық сыйлық­тың сапалы әрі тиімдісін алғаныңыз жөн. «Не сыйлаймын?» дегенге келсеңіз, сый­лықтың түрі көп. Жылмен байланыс­тыра­тын болсаңыз, доңыз – үй мен тұр­мыстағы жайлылықты қадірлеуші жануар. Сон­дықтан  интерьер және тұрмыстық заттар алсаңыз,  тіпті жақсы. Сыйлыққа әше­кей, киім де алуға болады. Ал ең қолжетімді сыйлық ретінде доңыз түріндегі жинақ сандықшаны ұсыныңыз. Өзі арзан әрі пайдалы.

«Жақсы сөз — жарым ырыс». Жалпы, астролог мамандар доңызды мейірімді, ашу мен ызаны көп ұната бермейтін жануар деп сипаттайды. Лайым,  солай болғай!  Жаңа жылымыз жағымды жаңалықтарға толы, мерекелі, берекелі жыл болсын!

 

Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *