Біз – рухы асқақ, бірлігі бекем, еңсесі биік халықпыз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдайға орай мемлекеттің экономика мен әлеуметтік саладағы дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдеме жасады

       Президент бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған күрделі жағдаймен бетпе-бет келіп отырғанына, коронавирус індеті дүние жүзін жайлап бара жатқанына маңыз беріп, бүгінде 177 мемлекетте 800 мыңға жуық адам осы дертке шалдыққанын атап өтті. Оны жұқтырғандар саны күннен-күнге артуда.

­ – Біз төтенше жағдай жариялап, Қазақстанда вирустың жаппай таралуына жол бермедік.Соның арқасында ахуалды бақылауда ұстап отырмыз.Халқы Қазақстанмен шамалас кейбір елдерде коронавирусқа шалдыққандар ондаған есе көп. Мен елорда мен Алматыда ғана емес, еліміздің барлық өңірінде карантинді күшейтуді тапсырдым. Барша қазақстандықтарға сабыр сақтап, түсіністік танытқаны үшін алғысымды айтамын.

Біз дүрбелең тудыруға жол бермейміз. Дәл осы кезде халық мемлекетке қолдау көрсетуі керек. Бұл – аса маңызды. Коронавирус – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дерт. Дегенмен, біз індетке шалдыққан адамдарға барлық қажетті көмекті көрсетеміз»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Дәрігерлерге және медицина қызметкерлеріне 3 ай бойы 

қосымша үстеме ақы төленеді»

 

Мемлекет басшысы бүгінде бүкіл еліміз дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсарлығына тәнті болып отырғанын айта келіп, оларды

адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің батырларына теңеп, пандемияға қарсы күрестің алдыңғы легінде жүргендерге қосымша қолдау көрсету жөнінде шешім қабылдағанын қадап айтты: «Дәрігерлерге және медицина қызметкерлеріне  3 ай бойы қосымша үстеме ақы төленеді.Медицина қызметкерлерінің өмірін сақтандыру мәселесі де шешімін тапты.Әрине, ақ халатты абзал жандар бұдан да зор қолдауға лайық».

Мемлекет басшысы атап өткендей, төтенше жағдай режимінің қашанда экономикалық және әлеуметтік салдары болады және мемлекет үшін азаматтардың денсаулығымен қатар олардың өз табысынан айырылмауы да маңызды.

Президент бұған дейін де дағдарысқа қарсы алғашқы шаралар топтамасын жариялағаны белгілі. Ол жағдайдың ушыға түскенін ескеріп, азаматтарға және бизнеске одан әрі қолдау көрсету жөнінде қосымша шешімдер қабылдағанын мәлімдеді. Соған орай 8 бағдар айтылды:

Біріншіден, инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшері  10 пайызға индекстелуі тиіс. Осыған орай, аталған санаттағы азаматтардың табысын арттыру үшін мемлекет тарапынан 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді!

Екіншіден, бұған дейін табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсетілгені белгілі. Енді, 42500 теңге көлеміндегі осы көмекті алатын азаматтардың санаты кеңейтіледі. Бұл қолдауға өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер де ие болады!  Аталған көмек белгіленген тәртіп бойынша шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана беріледі. Бұл үшін олар өздерінің мәртебесін нақтылауы қажет, содан кейін осы төтенше жағдай кезеңінде   мемлекеттен ай сайын әлеуметтік төлем алып тұратын болады! Жалпы,  Президенттің 23-наурыз күнгі Төтенше жағдай жөніндегі Мемлекеттік комиссия жиынында сөйлеген сөзінде және осы мәлімдемесінде айтылған шаралар бойынша жалпы, 3 миллионға жуық азаматтарымызға қолдау көрсетілмек!

 

Мәлімдемеде   «кейбір азаматтар жеткілікті мөлшерде ресімделмеген табыс көздері бола тұра бәрібір аталған төлемді алуға әрекеттенуі мүмкін» деген орынды қауіптің санада қылаң   беруі мүмкін екендігі де, тіпті кезінде ондай жағдай орын алғандығы да айтылды. Алайда, Мемлекет басшысының   кейбір азаматтық жауапкершілік деңгейі төмен жекелеген адамдардың мұндай қисынсыз әрекеттері көмекке шын мәнінде мұқтаж жүздеген мың отандастарымызды мемлекет тарапынан қамқорлықсыз қалдыруға кедергі бола алмайтынына ерекше маңыз беруі қуантты.

 

Үшіншіден, тұрмысқа қажетті заттар мен  азық-түлікті тегін алатын азаматтардың қатары көбейетін болды! Мұндай көмекті 1-2-3 топтағы мүгедектер, мүгедек-балалар және ресми жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да иеленуі тиіс. Бұл шаралар сегіз жүз мыңнан астам адамды қамтымақ!

Төртіншіден, Президент міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша сақтандырылмаған азаматтардың медициналық көмек алу құқығын 1 сәуірден 1 шілдеге дейін ұзартуды тапсырды. Осыған байланысты дәрігерлік көмек, МӘМС-ке   қатысушылық   мәртебесіне қарамастан,   медициналық мекемелерде азаматтарға бұрынғыдай қол жетімді болып қала бермек!

 

Шағын және орта бизнес өкілдері   биылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатылады

 

Бесіншіден, көктемгі дала жұмыстарын уақытылы қолға алу міндеттелді. Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы бюджеттен 70 миллиард теңге бөлініп, фермерлерге жеткізілмек. Осы ретте соңғы қарыз алушылар үшін мөлшерлеме 5%-дан аспайтынын айта кеткен жөн. Көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Осы бағдарлама аясында соңғы мөлшерлеме барлық салалар бойынша біріздендірілді және 6% — ды құрайды.

Ең алдымен, шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсету керектігі айтылды. Сонымен қатар, үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын он бес пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелді. Осы міндетті қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылатын болады. Және   жеңілдікпен сатылатын бұл жанармай фермерлерге жетуі тиіс!

           Мәлімдемеде азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан қазір әр күннің өте маңызды екені сөз болып, жабдықтауды жүргізетін «операторлардың» жұмысы ашық болуы қажеттілігі, көктемгі егіс жұмыстарын үкімет пен әкімдіктердің ерекше бақылауда ұстауы міндеттелді. Бұл ретте үкімет пен бас прокуратура өңірлерде тиісті қадағалау мен бақылауды қамтамасыз етуі тиіс.

Алтыншыдан, енгізілген карантиндік шараларға орай, елорданың, Алматы және Шымкент қалаларының айналасында еңбекке қабілетті халықтың, ең алдымен жастардың көбейе түскені ескеріліп отыр. Осыған орай үкімет пен әкімдерге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында аталған өңірлерде дереу нақты жобаларды қолға алу тапсырылды.

Адамдар жабық шлагбаумдардың жанында өмір сүруге қаражат таппай отырмағаны жөн, олардың нақты табыс көзі болуы тиіс!

«Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде жұмысқа шығуға дайын азаматтарға жұмыс орнына барған бойда бірден, тұрақты жалақыға қосымша(!) ­- 2 ЕТЖ (ең төменгі жалақы) мөлшерінде немесе 85000 теңге көлемінде «көтерме қаражат» төленетін болады!

Осы бағытта мобильді рекруттық пункттер жұмысы жолға қойылмақ. Оның аясында Президент тапсырмасына сәйкес, әкімдіктер түсіндіру жұмыстарымен, коронавирусқа экспресс-тестілеумен, қызметкерлерді жинаумен және оларды жаңа жұмыс орнына дейін тасымалдаумен айналысады. «Бизнестің жол картасы» арқылы іріктелген азаматтарды жұмыс берушілер лайықты еңбек жағдайымен және қорғану жабдықтарымен қамтамасыз етуге міндеттелді.

Жетіншіден, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету үшін бұрын-соңды болмаған шаралар қолға алынбақ. Президент бұған дейін де ШОБ-ты қолдауға бағытталған шараларды жариялаған еді. Олар – салықтық преференциялар, төлемдер, қарыздар бойынша уақыт беру және т.б. Экономика тірегі — ШОБ өкілдерінің ұсыныстарына сәйкес, кәсіпкерлерге бағдарлы көмек көрсетілмек. Олардың көпшілігін мемлекеттік органдар қолдап, іске асыруда. Бұл ретте мемлекеттік қолдау мақсаттары үшін басымдық саналатын қызмет түрлерін кеңейтуді, несие ставкасын төмендету мен біріздендіруді, мемлекеттік кепілдіктер көлемін ұлғайтуды атап өтуге болады.

Көптеген кәсіпкерлер банктерді ТЖ кезеңінде несиелер бойынша пайыздар есептемеу туралы міндеттеуді   өтінгені белгілі. Мемлекет басшысы осы мәселеге байланысты Қаржылық реттеу агенттігі ШОБ кредиттері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру және қайта құрылымдау мәселесі бойынша банктермен және басқа да қаржы ұйымдарымен жұмыс істеп жатқандығын тілге тиек етті. Әрине, экономикамыздың ажырамас бөлігі болып саналатын банктер бұдан өздеріне тиесілі пайдасын ала алмайтынын, яғни шығынға бататынын да түсінген жөн. Сондықтан Президент екінші деңгейдегі банктерді бұл мәселеде конструктивтілік, азаматтық жауапкершілік пен ынтымақтастық танытуға шақырды.

     «Банктер үшін қиын сәттерде мемлекет сіздерге елеулі көмек көрсетті. Қазір сіздердің тараптарыңыздан да   халыққа және отандық бизнеске қолдау қажет.Сонымен қатар, қажет болған жағдайда, мемлекет қосымша директивалық шаралар қабылдауы мүмкін. Жалпы, жағдай одан әрі нашарласа, үкімет пен қаржыны реттеушілер осы мәселені шешу жөнінде шаралар қабылдайды.

     Сондай-ақ, біздің кәсіпкерлер салық ауыртпалығын төмендету бойынша қосымша қолдауды қажет етеді. Бұл әсіресе жұмыспен қамтуды сақтау және жалақы төлеу тұрғысынан маңызды. Әкімдіктер жергілікті кәсіпорындардың өнімін кем дегенде  6 ай бойы кепілді сатып алу тәртібін жолға қоюы керек. Экономиканың неғұрлым зардап шеккен секторларында ШОБ субъектілері үшін 6 айға (биылғы жылдың 1-сәуірінен 1-қазанына дейін) еңбекақы төлеу қорынан салық және басқа да төлемдерді есептеу мен төлеу тоқтатылады. Яғни, шағын және орта бизнес өкілдері биылғы  1-қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатылмақ. Бұл салаларға қоғамдық тамақтану, сауданың жекелеген секторлары, көлік қызметтері, консультациялық қызметтер, IT-сектор, қонақ үй бизнесі, туризм және т. б.жатады. ТЖ жөніндегі мемкомиссия түпкілікті тізбені бекітіп, қажеттілігіне қарай тиісті шаралар қабылдайтын болады» деген Президент кәсіпкерлердің үндеуіндегі дағдарыстық жағдай кезеңінде кез келген салықты есептемеу туралы өтінішіне де мән берді.Ол бұл мәселе бойынша жедел шешім қабылданып, өзінің тапсырмасы бойынша Үкімет ШОБ үшін барлық салықтарды   үш ай мерзімге тоқтатқанын айтты. Яғни, бұл кезеңде салық төленбейді, бірақ кейінірек төлеуге тура келеді.

     Мемлекет басшысы экономикадағы жағдай мұқият зерттеліп,зерделеніп, оның бағдар алысына қарай түпкілікті шешім қабылданатынын, жалпы, үкімет отандық бизнестің сұраныстарын есепке алуды қамтамасыз етуі және осы жұмысты жеделдетуі тиіс екенін атап өтіп, жергілікті шағын және орта бизнестің әлеуетін іске қосуға   маңыз берді.

     Сонымен, әкімдіктер мен үкімет («Мемлекеттік азық-түлік корпорациясы» арқылы) отандық ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу кәсіпорындарынан өнімдерді кепілді сатып алу тетігін кемінде 6 ай бұрын жолға қою керектігі міндеттелді. Яғни «форвардтық сатып алу» немесе «өнім жинау уақыты кезінде сатып алу» әдістерін енгізу ұсынылды. Осыған орай кәсіпорындарды барлық тізбек бойынша – егіс алаңынан сатылымға дейін интеграциялаудың нақты тетігін айқындау және оларды жеңілдікті несие беру арқылы қамтамасыз ету міндеттері тұр.Бизнес, өз кезегінде, өндіріс көлемін қамтамасыз ету, бағаны сақтау, жұмыспен қамтуды қолдау және т. б. бойынша міндеттемелер алуы тиіс.

       Сегізіншіден, Үкіметке және Ұлттық Банкке Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорын, Ұлттық Банктің ресурстары мен құралдарын қоса алғанда, осы шаралар пакетін іске асыру үшін барлық қажетті қаражат көздерін тарту және бұл ретте Тұңғыш Президент-Елбасы құрған Ұлттық қордың қаражатын ұтқырлықпен ұтымды жұмсау қажеттігі тапсырылды. «Жалпы, осы айтылған шаралар қазіргідей күрделі кезеңде азаматтар мен отандық бизнесті қолдау үшін керек. Мұның барлығы коронавирус індетінің залалын тезірек жоюға әсер етеді деп сенемін», — деді Қасым – Жомарт Тоқаев.

Президент қаржы ресурстарының көлемін, дағдарысқа қарсы шаралардың ауқымдылығын ескере отырып, бөлінетін қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету, азаматтар мен бизнеске қолдау көрсету кезінде ашықтық пен тазалық қағидаттарын сақтау мәселелері айырықша маңызға ие болатынын ескеру қажеттігін еске салды. Бұл міндет Есеп комитетіне жүктелді. Әрине, төтенше жағдай кезіндегі ерекше мәселелер де назардан тыс қалмай, ескерілетін болады.

     – Коронавирус індетіне байланысты баршамыз күрделі кезеңді өткеріп отырмыз.Бірақ, бұл – уақытша қиындық. Біз оны міндетті түрде жеңеміз! Бүкіл әлем күресуде. Біз де бар күш-жігерімізді саламыз.

   Біз, мемлекет және қоғам болып барша азаматтарымызға қолдау көрсетеміз, ешкімді көмексіз қалдырмаймыз. Мұқтаж адамдарға қол ұшын береміз. Бұған ешқандай күмән болмауы керек. Ең бастысы, шыдамдылық, төзімділік және жауапкершілік танытайық.

   Біз – рухы асқақ, бірлігі бекем, еңсесі биік халықпыз. Сондықтан, бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, қиындықты бірге еңсереміз деп сенемін.Басты тойларымыз әлі алда.Төрт құбыламыз түгел болсын, ағайын!

   Біз біргеміз!,деп тұжырымдады Мемлекет басшысы.

 

Дайындаған,

Төрехан ДАНИЯРОВ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *