БІЗ ӘКЕНІҢ ҚАБАҒЫНА ҚАРАП ӨСТІК
— дейді Алатау ауданы «Зерде» («Алғабас-6») ықшамауданы бастауыш Ақсақалдар ұйымының төрағасы Мәлі ЖАПАҚОВ ақсақал

Жалпы, қаламыздағы Алатау ауданы ақсақалдары белсенді. Жылт еткен жаңалықтары мен жақсылықтары болса, соны жұртқа жария еткісі, көппен бөліскілері келіп тұрады. Соның бірі – «Алғабас-6» ықшамауданы бастауыш Ақсақалдар ұйымының төрағасы, аудандық Ақсақалдар алқасының, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, Қазақстан білім беру ісінің үздігі, зейнеткер Мәлі Жапақов. Мәлі ақсақал біздің газеттің де белсенді авторларының бірі. Аудан әкімшілігі, аудандық Ақсақалдар алқасы өткізген іс-шаралар, өзінің замандастары туралы жазып тұратыны бар. Жапақовтар отбасы «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының және «Еңбек әулеті» республикалық байқауының Алматы қаласы бойынша жеңімпаздары. Біз жуырда Мәлі ақсақалмен №29 қалалық емханада өткен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламасын талқылау барысында жолығып, ең басты құндылықтарымыз – жастар тәрбиесі, отбасы құндылықтары, келін мен қыз тәрбиесі, отбасындағы ер-азаматтардың жауапкершілігі төңірегінде әңгімелескен едік.
Баланың жақсы болуы – ата-ананың ең басты бақыты
– Мәлі аға, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын талдау кезінде сіз «Атқа міну мәдениеті», «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты тарауларға айрықша тоқталдыңыз, әсіресе, атқа міну туралы айтқанда шабыттанып кеткеніңізді және осы мақалада көбірек қайталанатын қара шаңырақ, бесік деген сөздің мағынасын жастарға көбірек түсіндіруге тырысқаныңызды аңғардым.
– Ат десе арқаланбайтын қазақ баласы жоқ шығар. Біз сол бес жасымыздан ат жалын тартып мінген ұрпақтың өкілдеріміз ғой. Бес жасар баласына бәйге атының тізгінін ұстататын қазақтан батыр ұлт жоқ шығар. Сол себепті де атқа міну, атпен шабу, көкпар тарту, бәйге десе қанымыз қызып шыға келетін қасиет сол ата-бабаларымыздың қанынан берілсе керек. Бәйге өте күрделі, қауіп-қатері көп ат ойындардың бірі, тіпті құдай сақтасын, кейде аттан құлап баланың жазым болып қалуы, сүрініп кеткен аттан құлап, тіпті мойны үзіліп, өліп кетуі де мүмкін. Міне, осы қауіптен қорықпай күні бүгінге дейін намыс пен ұлтының рухы үшін қазақ жалғыз ұлы болса да баласын бәйге атына отырғызады. Осының өзі біздің ұлы даланың топырағынан дарыған, ұл баланы аттың тізгінін ғана емес, ел тізгінін ұстайтын азамат етуге тәрбиелейтін қасиет емес пе? Мен жастарға ата-баба қанынан берілген осы қасиеттерді жоғалтпайық, ұлттық рухымыз, намысымыз биік болсын дегім келеді. Ат – біздің көлік құралымыз ғана емес, мал біткеннің арасындағы бойтұмар етер, көп қасиеті адам бойынан табылатын асыл жануар. Текті адамның мінезін жылқы малының мінезіне теңейтініміз де сол жылқы малын қадірлейтініміздің көрінісі болса керек. Ал қазір жиырмаға келген ұлдарды жас баладай мәпелеп, тіпті азаматтық борышын өтеуден алып қалып жатқан ата-аналар бар. Ондай ұлдан ертең қандай отбасының иесі шығады? Жастар арасындағы ажырасудың бір тамыры осы ұл-қызымызды дұрыс тәрбиелемеудің салдарынан орын алып жатыр. Ал бесік, қара шаңырақ деген қастерлі дүниеміздің қасиетін жоғалтып алғанымызды жасырғым келмейді. Қазіргі қазақ төрінде үкіленген ағаш бесік емес, төрт дөңгелекті темір бесік тұрады. Жөргегінен темір бесікке таңылып, ана сүтінің орнына жасанды тамақ ішіп, резіңке емізік сорып, одан есін білгеннен ұялы телефондағы тәрбиелік мәні жоқ, баланы сотқар, тілазар етіп тәрбиелейтін мультфильм көріп өскен ұрпақтан қандай мейірім, имандылық күтуге болады.
– Ұлттық тәрбиенің құндылықтарын төмендетіп алдық дейсіз ғой…
– Төмендетіп қана қойған жоқпыз, жоғалттық. Қазір қыз ұзату, келін түсіру тойларына барсаңыз, небір сорақы көріністерді көруге болады, ұзатылып бара жатқан қызбен әкесінің билеуі дәстүрде жоқ нәрсе ғой, қай заманда қызының белінен әкесі ұстаған. Еліктеудің де жөні бар, тойды жаңаша өткізген дұрыс қой, бірақ өзіміздің ұлттық дәстүрімізден, салтымыздан алыстамауымыз керек. Біз әкенің қабағымен тәрбиеленген ұрпақпыз, әкең айтты десе бізге ол бұлжытпай орындайтын бұйрықтай көрінетін. Ата-анамыз біреуге күш көрсетпе, біреудің еңбегін жеме, ұрлық жасама, маңдай тер, табан ақыңмен нан тауып же, кемтар, мұқтаж адамдарға көмектес деп тәрбиеледі. Одан жаман болған жоқпыз. Жасымыз жетпіске келсе де біреуге қолұшын беріп, көмектескіміз, қоғамдық көлікке міне қалсақ, өзімізден үлкендеу кісі көрсек орнымыздан тұрып, сәлемдесіп, орын беруге тырысамыз. Осыдан бір-екі жыл бұрын Алматы қаласында бірінші рет әкелер слеті өтті, сол слеттен байқағаным, әке деген тау тұлға аласарып, отбасындағы барлық билік атаулы әйел-ананың қолынан көшкендей. Сонда республикамыздың барлық аймағынан келген әкелер жиылып, әкелердің отбасындағы мәртебесін көтеру, ер-азаматтардың отбасы мүшелері алдындағы жауапкершілігін арттыру туралы мәселе көтеріп, қаулы қабылдады. Әкем-ау, осындай мың қаулы шығарсақ та отбасынан дарымаған, әке тәрбиесінің тағылымын алмаған ер-азамат әке болғанда да сол тәрбиесімен қалады. Сол үшін біз ұямызда өсіп жатқан ұлды ертең әке болуға, қызды келін, ана болуға тәрбиелеуіміз керек. Менің бесік пен қара шаңырақ туралы қадала айтуымның бір себебі де сол. Бесік пен қара шаңырақ – ұядан берілген тәрбие мықты болса, оны ешқандай орта, қасында жүрген дос-жараны бұза алмайды, керісінше жақсы тәрбие алған бала өз тәрбиесімен қасында жүрген дос-жаранын тәрбиелейді.
Ұяда не кӨрсе, ұшқанда соны іледі
– Мәлі аға, қазір туған баласын өсіріп, жеткізбек түгілі, туған баласынан безініп, алимент төлеуден қашып жүрген жауапсыз әкелер көбейді, оларға не айтар едіңіз?
– Тіпті, мұндайда айтар сөзің де таусылып қалады екен. Теледидардан күйеуі тастап, үш-төрт баласымен қаңғып қалған әйелдерді көргенде қынжыласың. Меніңше, туған баласынан безінген әкелерге қарсы қолданылатын жаза қатты болуы керек. Туған баласына алимент төлемейтін әкелердің жазасын күшейтпей ер-азаматтардың отбасы алдындағы жауапкершілігін арттыра алмаймыз. Қазір ажырасу көбейіп барады. Оған көбіне ер-азаматтарымыздың болашақ отбасы алдындағы жауапкершілігінің төмендігі, жұмыссыздық, жастардың баспанасыздық мәселелері себеп болып жатады. Осы ретте әрбір ата-ана балаларына отбасы болғандықтан қиындықтардың болатындығын, оны шаңырақты шайқалтып, туған баланы тірі жетім етпей-ақ жеңіп шығуға болатындығын түсіндірулері қажет. Біздің бастауыш ақсақалдар ұйымына «Ақбұлақ», «Рахат», «Мәдениет», «Саялы», «АЗТМ» ықшамаудандары қарайды. Біз өзіміздің жиналыстарымызды, жұмыс жоспарларымызды бекіткен кезде жастар тәрбиесіне, жас отбасыларының отбасылық құндылықтарды сақтай отырып, бақытты өмір сүру мәселелеріне айрықша көңіл бөліп отырамыз. Әр бастауыш ұйым өзіне қарасты елді-мекендегі жас отбасыларымен кездесулер өткізіп, ата-енелермен сұхбат-әңгімелер ұйымдастырып, шаңырақты сақтап қалуға тәрбиелейді. Аудан әкімдігі, АХАТ бөлімдері жас жұбайлардың некесін тіркеумен қатар, алтын, күміс той иелерінің де тойларын өткізуді дәстүрге айналдырған. Ондағы мақсат – жастарға үлгілі отбастарын өнеге ету. Елбасының қолдауымен өмірге келген «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының да басты мақсаты жастарға отбасылық құндылықтарды бағалауға тәрбиелеу ғой. Журналистердің құлағына алтын сырға, бірақ осы байқау жеңімпаздарын жастарға насихаттау жағы кемшін түсіп жатқандығын айтқым келеді. Теледидарға өңкей әншіні шақырып алып сұхбат өткізіп, солардың киген көйлегін, мінген қымбат көлігін насихаттағанша үлгілі, көпбалалы отбасыларын насихаттасақ, жастарға үлкен тәлім болар еді.
– Өзіңіздің қанша балаңыз бар?
– Жұбайым Баймырзаева Мәриям екеуміздің құдай берген бір қыз, төрт ұлымыз бар. Барлығы жоғары білім алған. Заманға қарай тіршілік жасап, өмір сүріп жатқан жайлары бар. Біз жалпы мұғалімдер әулетіненбіз. Мәриям да, мен де және екі ұлым, төрт келінім мұғалім. Осыған байланысты биыл аудан әкімдігінің қолдауымен «Еңбек әулеті» республикалық байқауына жеңімпаз атандық. 2017 жылы өткен «Мерейлі отбасы» қалалық байқауының жеңімпаздарымыз. Міне, осының барлығы ұл-қызымның өнегелі тәрбие алып, өз ұрпақтарын қара шаңырақтан көрген тәрбиенің тағылымымен тәрбиелеп жатқандарының жемісі. Өзім отыз жылға жуық Кеген, Нарынқол аудандарындағы білім беру саласында қызмет атқардым. Мектеп басшысы болдым, аудандық оқу бөлімінде қызмет атқардым, бірақ қандай жоғары қызмет атқарсам да халықтан биікпін деген мінез танытқан емеспін. Өйткені, әкеміз, анамыз берген тәрбие солай болды. Көптің батасын ал, кішіпейіл бол, бата алсаң жолың болады деп отыратын. Жоғарыда айтып өткенімдей, адам баласы ұясынан не көрсе, ұшқанда соны іледі. 2008 жылы балалардың барлығы Алматыға қоныс аударған кезде біз де Алматыға көш түзедік. Ауылдан келген соң Қыздар педагогикалық университетінде қызмет атқарып, қазақ қыздарының Мәңгілік елдің парасатты қыздары болып өсулеріне аз да болса үлесімді қостым. Осы университетте қызмет істеп жүргенде қыз бала тәрбиелеудің өте жауапты екендігіне, «Қыз ұлттың ұяты» деген сөздің бекер айтылмайтындығына көз жеткіздім. Ұл-қыздарымыздың бойындағы жағымсыз әдет-дағдыларды көргенде әке ретінде жаным ауырады. №29 қалалық емханада Жастар денсаулығы орталығы жұмыс істейді. Біз ақсақалдар алқасы осы орталықта жиі болып, жастармен әр түрлі тақырыптарда әңгіме өткізіп, маман дәрігерлердің қатысуымен қыздармен, ұлдармен пікірталас ұйымдастырып, ақыл-кеңесімізді айтып тұрамыз. Мұндай жұмыстарды ұйымдастыруда бізге көбіне осы емхананың бас дәрігері, «Нұр Отан» бастауыш партия ұйымының төрайымы Ақмира Садықова мен бастауыш партия ұйымының хатшысы Олжас Тұрмағанбетовтің, емхананың әлеуметтік қызметкерлерінің, психолог мамандарының көмегі көп, сол үшін емхана әкімшілігіне алғысымыз шексіз.
– Ұлттық тәрбиені жоғалтып барамыз дедіңіз, оны жаңғырту үшін не істеу керек? Қазір тәрбие туралы әңгіме айта қалсақ, балабақшаны, мектепті кінәлап шыға келеміз, сол дұрыс па?
– Тәрбие деген ана сүтінен, әкенің қанының қасиетінен дариды. Ал балабақша, мектеп дегендеріңіз бала бойындағы отбасында қалыптасқан тәрбиені дамытып, баланың тұлға болып қалыптасуының негізін қалайтын алтын ұяның бірі болғандықтан, бала тәрбиесіндегі балабақша мен мектептің, ондағы ұстаздардың рөлінің маңызды екендігін естен шығармауымыз керек. Бала ата-анадан кейін өзінің ұстазына еліктеп өседі. Оны да ұмытпауымыз керек. Елбасы Мұғалім мәртебесі туралы мәселені текке көтеріп отырған жоқ, өйткені біз олардың оқушы алдындағы беделін түсіріп алдық. Оған кім кінәлі, әрине, ата-аналар, өзіміз кінәліміз. Бала екі алып қалса ата-аналар сабағын оқымай барған баласын емес, мұғалімді кінәлі етіп жатады. Әсіресе, жас ата-аналар тарапынан мұндай жағдайлар көп байқалады. Қазір қит етсе, жас ата-аналар әлеуметтік желімен қорқытады. Әлеуметтік желіге сөз тарату үшін әрбір ата-ана өзінің баласы алдындағы жауапкершілігін білуі тиіс. Ұлттық тәрбиені келер ұрпаққа мұрат етуде бізге Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы мен «Ұлы даланың жеті қырынан» артық бағыт та, бағдарлама да керек емес. Балабақшадан бастап бала санасына осы бағдарламаларда айтылған нәрселерді құя берсек, ұлы даланың мәңгілік иесі – жастарымыздың ой-санасы жаңғырып, ұлтына, ұлтының рухани құндылықтарына деген сүйіспеншіліктері арта түседі деген ойдамын. Қазақ ұлтында жас ұрпақ еліктеп өсер тұлғалар аз емес қой, бірақ соларды насихаттау, оқыту жағы кемшін түсіп жатыр. Мәселен, биыл «Алпамыс» жырын оқу бойынша байқау ұйымдастырылды, сонда қанша бала, сол балаларымен бірге қаншама ата-ана сол жырды оқып, жаттап алды десеңізші. Біздің бойымыздағы тағы бір жаман қасиет бір жақсы бастаманы қолға аламыз да соны аяқсыз қалдырып қоямыз. Бұл дәстүрді жалғастыруымыз қажет. Нарынқол жаққа барыңызшы, сол жақтың тілі шыққан баласынан бастап, қартына дейін Мұқағалидың өлеңдерін жатқа оқиды. Ол неден, әрине, отбасындағы тәрбиеден. Ақын өмірге келген жерде тұратын халықтың өзінің жерінен шыққан тұлғаларын ұрпағына үлгі ете білулерінде.
Келін қайын ененің топырағынан жаралады
– Төрт келінім бар дедіңіз, олардың тәлім-тәрбиесіне көңіліңіз тола ма, оларға ата ретінде ескерту айтқан кезіңіз болды ма?
– Барлығы адамның өзінің пиғылы мен ниетіне қарай деген сөз бар ғой, солай болса керек, төрт келінім де тәрбиелі, инабатты. Бетімізге қарсы келіп, ерсі қылық танытып көргендері жоқ. Тек немерелеріме ұрсып жатса, жүрегім ауырып отырады. Ондайда енелеріне «келіндеріңе айтып қойсаңшы, менің көзімше немерелеріме ұрыспасын» деп қойғаным болмаса, олардың отбасылық мәселелеріне араласып көрген жан емеспін. Ұлдарым менің не айтқым келгенін, нені қаламай тұрғанымды қабағымнан таниды. Егер де ұлдарымның тарапынан жайсыз мінез байқап қалсам, оңаша шақырып алып сөйлесемін. Келін қайын ененің топырағынан жаралады деген сөз де рас сияқты, келіндерімнің барлығы енелері Мәриямның туған қыздары секілді. Бір-бірлеріне өте жақын, сырлас. Үйге келген қонақтарымыз менің төрт келінімді біздің үйдің қыздары деп қалдық деген кезде қуанып қаламын. «Абысын тату болса, ас көп» деген қазағымның қағидаларын орындап, шаңырағымыздың шырайын келтіріп, туыстарымның арасындағы ынтымақты жарастырып отырған келіндеріме, қызым мен күйеу балама және ұлдарыма әке ретінде алғысым шексіз. Тек Жаратқан солардың жақсылығын ұзағынан көрсетсе екен, жаманшылықтарын көрмесем екен деп тілеймін.
Үлгі тұтар аға, інім кӨп
– Жасыңыз жетпіске келсе де сергек көрінесіз…
– Рахмет, айналайын. Ол, ең алдымен, Алланың берген қуат-күші болса, одан кейінгі жаратқан жар етіп, пешенеме жазған қосағым Мәриямның маған деген махаббаты мен құрметінің, балаларымның жақсы болуының арқасы. Ата-ананың ғұмырын ұзартып, мерейін асыратын балаларының жақсылығы, солар арқылы елден еститін жақсы сөз бен батаның жемісі және қатарыңда жүрген жақсы адамдардың шарапатынан деп ойлаймын. Жалпы, мен жақсы адамдармен жолығуда жолым болған адаммын. Алатау ауданында тұрғаныма он жылдан асты. Осы жылдар ішінде мен өзіме үлгі тұтар аға, іні таптым. Аудандық Ақсақалдар алқасының төрағасы Құдайберген Қабдолдин, Ертай Балбаев, Сағымбек Әшірбеков, Жаныс Меңдібаев, Айтқали Жармұхамедов, Әлібек Сауданбеков, Сағадулла Таубалды сынды азаматтарды қазіргі жастарға үлгі етуге болады. Жасымыз ұлғайса да осындай жақсы адамдарды өзімізге үлгі тұтамыз, тіпті еліктеймін. Адам өмір бойы өзін тәрбиелеуі керек. Қазір бата айтар ақсақалдардың да азайып бара жатқандығын жасырмауымыз керек, осыны байқаған Құдайберген ағамыз аудан бойынша бата беру жарысын ұйымдастырып, сол байқауда үздік деп танылған баталарды аудан тұрғындарына таратып берген болатын. Қазір Құдайға шүкір, Алатау ауданының ақсақалдары тұрмақ, жастары бата бергенде сүйсінбейтін адам жоқ. Хорымыз, ансамбліміз, спорттық жарыстарымыз туралы мен айтпасам да жақсы білесіздер, міне, қарттардың осы қасиеттерінің барлығы біздің жастарға үлгі болуы тиісті. Биылдан бастап белсенді ұзақ өмір сүру бағдарламасы қолға алынып жатыр, бұл жобаны да бірінші болып біздің ауданның қарттары қолдағанын айта кеткім келеді. Тоқ етерін айтқанда, әдемі қартаю әр адамның өзінің өмір сүру қағидаларына көп байланысты. Алпыс жаста тоқсандағы қарттай көрінуге болады, ал тоқсанда жетпістегідей желіп жүруге болады. Ең бастысы, адамгершілік қасиетімізді, имандылығымыз бен ынсабымызды жоғалтпайық дегім келеді. Жастарымыз рухты, қыздарымыз ұятты, ұлдарымыз намысты болсын.
– Мәлі аға, әңгімеңізге рахмет, сіздің отбасыңыздағы жақсы тәлім-тәрбие жастарға үлгі болсын.
«Алғабас-6» ықшамауданның атауы өзгертіліп «Зерде» аталып жатыр екен, құтты болсын, жастарыңыз осы атауға лайық зерделі, рухты болсын.
– Рахмет.
Әңгімелескен –
Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ.