Біз дәрігерлерді емес, дәрігерлер бізді іздеп келді

– дейді Наурызбай ауданының тұрғындары

Өздеріңізге белгілі, бүгінде Алматыда қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен шет аудандарда тұратын тұрғындардың денсаулығын жақсарту және олардың медициналық көмекке деген қолжетімділігін арттыру мақсатында бірінші тамыздан бастап 30 тамызға дейін «Денсаулық айлығы» жарияланған болатын.

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Халықтың денсаулығын жақсарту мен түрлі қатерлі сырқаттардың пайда болу мен дамуының алдын алудың тікелей жолы болып отырған бұл іс-шара Наурызбай ауданында да ұйымдастырылып, Гүлжанат Тілеген басқаратын №36 қалалық емхана дәрігерлері, қаламыздағы жетекші клини­калары мен орталықтарының дәрігерлері мен зертхана қызметкерлерінен құралған мобильдік топ осы ауданның өзіндегі шал­ғай орналасқан елді-мекен тұрғын­дары­ның денсаулығын тексерді. Дәрігерлер үш күн бойы «Абай» саяжайы тұрғындары­ның ортасында болса, үш күн «Шұғыла» ық­шам­­ауданында орналасқан ХҚКО-да болып, тұрғындарға медицина­лық көмек көрсетті.

Денсаулықтың қадірін білгенмен, сол байлықты қорғаудың жолын ұмыт қалды­ратын жұртшылық үшін бұл іздесе таптыр­майтын тиімді жол болды. Іздеген дәрігері қасынан табылған бұл іс-шараға наурыз­байлықтар да дән риза. Апта бойы тұрғын­дар арасында болған дәрігерлер ере­сектер­мен қатар балалардың да денсау­лық­тарын тексеріп, олардың жаңа оқу жылын жақсы көңіл-күймен бастау­ларына дәнекер болды. Бір аптада мыңға жуық тұрғынның денсаулығын тексеріп, оларға тиісті көмек көрсеткен дәрігерлер адамдар­дың әлі де болса өз денсаулығына жауапкершілікпен қарамайтындықтарына көз жеткізді.

Тексеру барысында өзінің өкпе ауруына шалдыққанынан бейхабар 1 тұрғын анық­талып, ол сол күні-ақ есепке алынып, ту­бер­кулезге қарсы емдеу орталығына жібе­рілген. Ал бір адам ғасыр дерті саналатын Адам иммунитеті тапшылығы (ВИЧ) жұқ­пасын жұқтырғанын, 13 адам көзді суқа­раң­ғылыққа соқтыруы мүмкін глаукома ауруына, 27 тұрғын өздерінің сусамыр ауруына шалдыққандарын осы «Денсау­лық айлығының» арқасында білген.

– Осы кешенді тексерумен ауданның 882 тұрғыны қамтылып, нәтижесінде олардың әрқайсысы өз денсаулықтары туралы толық анықтама алу мүмкіндігіне ие болды. Қаншама адам өмірлеріне қауіп төндіретін сырқатқа шалдыққандарын білмей жүрген. ВИЧ пен өкпе туберкулезіне шалдыққан тұрғындар осы тексеруге келмесе, өздерінің ғана емес, төңірегіне қауіп төндірер дертке шалдыққандарын білмес те еді. Адамдардың көбі қанның құрамындағы қант пен холестерин мөл­шерін өлшету керектігінен бейхабар болып шықты. Медицина қарыштап дамыған мына заманда өздерінің күнделікті қан қысымының қай мөлшерде екенін білмей­тін адамдар да бар екені белгілі болды. Жіті тексерудің нәтижесінде артериялық гипер­тензия анықталған 71 адамға бұл аурудың алдын алмаса, соңы инсульт секілді қатерлі дертке апаруы мүмкін екендігін маман дәрігерлер жан-жақты түсіндіріп, оларды есепке алды.

Біз «Ашық есік» күндерін өткізіп тұрамыз, әр адамның жас мөлшеріне қарай өткізілетін жоспарлы скринингтік тексеру­лер жүргіземіз, бірақ жасыратыны жоқ, оған тұрғындарды шақыртып келтіре алмай­мыз. Ал бұл жолы дәрігерлер олар­дың жандарына жақын келді. Осы мүмкін­дікті пайдаланып қалуға тырысқан тұр­ғын­дар қала әкімдігінің қолдауымен ұйым­дастырылып отырған «Денсаулық айлығы­на» ризашылықтарын білдіріп жатыр. Бізде «Денсаулық айлығын» өткізіп тұрудың тиімді тәсіл екендігіне көз жеткізіп, оны жылына екі рет ұйымдас­тыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Наурызбай ауданына қарасты №36 емхана­ның бас дәрігері Гүлжанат Өстемірқызы Тілеген.

36 емхана қаламыздағы жаңа алғашқы медициналық көмек көрсететін емдеу меке­мелерінің бірі. Мұнда аудан тұрғындары­ның денсаулығын жақсартуға қажетті барлық жағдайлар жасалған. Күндізгі емдеу бөлімі жұмыс істейді. «Жастар ден­сау­лығы» орталығы құрылған. Денсаулы­ғымды жақсартам деушілерге емхананың есігі айқара ашық, – дейді тұрғындарының денсаулығын жақсартудың тиімді жолын іздестіріп келе жатқан №36 емхана ұжымы.

Сондай-ақ, осы іс-шара барысында дәрігерлер тұрғындарға келер жылдан бастап енгізілетін МӘМС жүйесі туралы, емханаға тіркелу мен әлеуметтік мәртебені анықтаудың маңыздылығы жөнінде ақпа­раттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

 

Тұрғындар лебізі

 

Алғыстан басқа айтарым жоқ

Сара ҚОЖАМБЕРГЕНОВА, 65 жаста,

«Абай» саяжайының тұрғыны:

– Үйіміздің жанына келіп, денсаулығымызды жақсартудың жолын нұсқап, ауруымызды анықтап берген дәрігерлерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Осы іс-шараның өз дәрежесінде ұйымдастырылуына ықпал ете білген бас дәрігеріміз Гүлжанат Өстемірқызына, учаскелік қызмет бөлімінің меңгерушісі Асқар Жұманазаровқа рахмет айтамыз. Ең басты, алғысымыз бен ақ батамызды Алматыға келген бетте шет аудандардың жағдайын ойлаған қаламыздың жаңа әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевқа жеткізгіміз келеді.

 

Жұмысымда жүріп дәрігерлерге қаралып алдым

Нұрхат ЕСЕНБАЕВ,

нотариус қызметкері:

– Күні бойы жұмыстан қолы босамайтын тұрғындар үшін бұл өте тиімді тәсіл екен. Мұндай тексерулер жиі өткізіліп тұрса, қатерлі дерттердің алдын алуға мүмкіндік берер еді. Емханаға тіркелу керектігін мен осы акция кезінде естіп, өз таңдауыммен осы №36 емханаға тіркелдім. Болашақта МӘМС енгізілген күнде мен өз денсаулығым үшін алаңдамаймын. Мен емханаға тіркелдім, өз денсаулығым үшін МӘМС қорына жарна төлеп жатырмын. Денсаулық әр адамның өзіне керек. Сондықтан «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік» дегім келеді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *