БІЗ БІЛМЕЙТІН ЖЕҢІМПАЗ

11 жастағы Мейіржан мейбукан годзю-рю  каратэден екі дүркін әлем кубогінің иегері. Қоржынында елуге жуық медаль, 5 кубок бар. Тіл-көзіміз тасқа, ол суда өте жақсы жүзеді, шаңғыдан 1-орынды ұтып алған, сурет салуға да шебер. Коньки тебуден сабақ берген жаттықтырушысы Мейіржаннан үлкен фигурист шығатынына сенімді.

3-топтағы мүгедектігі болса да, Құралай апай ұлының спортпен айналысуына бар мүмкіндігін жасап келеді. Аспаздық курсын бітірмесе де, оның қолынан Президенттер тамақ ішкен. Дегенмен, өте қарапайым өмір сүреді.

11 ғана жасында осынау биіктерді бағындырып үлгерген балдырғанның өзімен және анасымен сөйлесу үшін олар жақында ғана көшіп барған «Жас қанат» шағынауданына барғанбыз.

– Құралай апай, Мейіржан каратэге қалай келді? Спорттағы биіктерді бағын­дыру үшін жаттығуға қанша уақытын арнайды?

– 2010 жылы күйеуім қайтыс болған кезде ұлым 3,5 жаста болатын. Ауылдық жерде өмір сүру қиын болғандықтан, қалаға көшіп келдік. Содан Мейіржанды Розы­бақиев–Сәтбаев көшелерінің қиылысын­дағы балабақшаға беріп, өзім жұмысқа шығып кеттім. Бір бөлмелі пәтерде тұра­мыз. Бір күні балам балабақшадан «мама, маған сальто мен шпагат үйретші» деп жылап келді. Менің тамақ жасайтыным болмаса, ондайды білмеймін ғой, балам деймін. Таңертең сағат 7-де ұлымды бала­бақшаға апарып, тамағын қолына ұстатып, кешкі сағат 8.30-ға дейін күзетшіге аманаттап кетемін. Кешке балабақшадан қайтарда ойнап, әңгімелесіп қайтамыз. Жаттауға берілген тақпақты жолда үйге қайтып бара жатып, таңертең балабақшаға бара жатқан жолда арқама арқалап бара жатып жаттатамын. Соның арқасында өлеңді тез жаттайтын болды. Бір күні каратэ деп тұрған жазуды оқып, «мүмкін шпагат үйрететін шығар» деген оймен ішке кірдік. Жат­тықтырушы баламды көріп, бірден ұнатты. Сөйтіп, 5 жасы­нан бері Сәтбаев–Егізбаев көшелерінің қиылысындағы мейбукан годзю-рю каратэге барады. Кейде жұмыстан кеш шығып қаламын. Ондайда тәрбиешінің көмекшісіне өтініш жасайтынмын, ол баламды каратэге апарады. Оған өзімнің беріп қоятын 200 теңге «ставкам» болатын. 6-8 айдан кейін жаттықтыру­шысы хабарласып, «балаңызды жарысқа қатыстырайын деп едім» деп рұқсат сұрады. Қалааралық чемпионатқа барған балам алтын медальмен қайтты. Жаттықтырушысы хабарласып, қарапайым түрде ғана «бұл – балаңыздың еңбегі» деп құттықтады. Әлі күнге дейін ұлым сол сары медалін ұстап отырып «бұл менің ең бірінші алған алтын медалім» деп отырады. Бірақ бірінші сыныпқа барған жылдары сабақ оқығысы келмей, «каратэге барам» деп қашатын. Есіл-дертінің бәрі – спорт. Содан кейін балама талап қойып, сабағыңды жақсы оқысаң, каратэге барасың дейтін болдым. Жалғыз балам болса да асты-үстіне түспей, бірқалыпты өсіруге тырысамын. Тіпті, жаттықтырушысына еті сіздікі, сүйегі менікі, сіздің тәрбиеңізге сендім деп айтып, тапсырғам. Оның өзінің үш баласы бар. Оған әкесінің орнына әкелік мейіріміңізді беріп, қатты айтатын жерде айтып, мақтайтын кезде мақтап, өз балаңыздай көрсеңіз деп әу баста айтқам. Жаттықтырушысы Дархан Асқаров сондай қарапайым бала, өзім ризамын. Ұлым сабақтан кейінгі уақытын каратэге арнайды. Жарыстарға да жиі шығып тұрады.

Баламның бір жақсы қасиеті – талаптанғыш. Соңғы тиыным қалса да, қызыққан дүниесі болса, ол өзі жалыққанша жасатуға тырысамын. Былтыр Шымбұлақта тегін шаңғы үйрету курсы болды. Жұмыстың арасында уақыт тауып, Шымбұлаққа апарып жүрдім. Қайтсем де баламның көңілінен шығуға тырысамын. Өйткені, оның болашақта пысық, еңбекқор азамат болуы үшін мен өзімнің шаршағанымды білдірмеуім керек. Балам «мама, барамын» деп қызыққан спорт түрі болса, алып барамын. Қыдырған кезде ұлымды үнемі ауасы таза, табиғаты жақсы жерге апаруға тырысамын. Мама, «мен сегіз қырлы, бір сырлы болдым ғой» деп жүр. Оның бәрі өмірде өзіңе керек болады балам, деп түсіндіремін. Көпшілік адам «ұлыңыз өз жасынан ересек» деп жатады. Ол рас, өйткені, мен Мейір­жанмен солай сөйлесемін. Баланың миы сенің айтқан сөздерің мен әрбір іс-әрекетіңе қарап дамиды. Сол үшін балама «адам істегенді адам істейді, қорықпа, сенің қолыңнан келеді, сен бәрін жасай аласың. Болашақта бір отбасын асырайтын ер-азаматсың. Ерте тұр, сол кезде Алла Тағала саған ырзық-несібеңді мол береді» деп айтып отырамын.

– Мейіржан әлем кубогының иегері атанғанда қандай сезімде болдыңыз? Басқа елге барудың шығындарын кім көтереді, әдетте?  

– Жас балалар арасында мейбукан годзю-рю каратэден әлем кубогы Одессада өтті. Сол кезде бір демеуші қаржыландырып, ұлымды жалғыз жіберетін болғам. Бірақ әпкем «Мейір­жанды қалай ғана жалғыз жібересің?» деп менің жол шығындарымның бәрін көтеріп, баламмен бірге Украинаға барып қайттық. Мейіржан шет елде жеңіске жеткен кезде атамның «осы балам менің атымды шығарар ма екен» деп айтып отыратыны есіме түсіп, көзіме жас алып, атам немересін таныған екен ғой дедім. Екінші рет әлемдік кубок тағы Украинада өтті. Сол жолы барлық шығынды өзім көтеріп, жолға, тағы басқа шығындарға 3000 дол­лардай қаржы жұмсадық. Жарыстарда жүріп байқасам, Грузия, Әзербайжан сияқты мемлекеттен барған балалар ақша алып қайтуда, ал біздің Қазақстаннан барған бала­ларға Олимпиадалық ойын емес деп  қолдау көрсетілмейді. Кейде біздің елде әділдікті дәлелдей алмай қиналасың. Баламның мектебіне барып: «балам әлем кубогын алып келгенде оқушылардың алдына шығарып, неге бір мақтау қағазын бермейсіздер, мерейі өсіп қалады, бала емес пе, неге сондай жағдай бізде жоқ» десем, мені Бостандық ауданының оқу бөліміне жіберді. Ол жаққа барсам, оны Спорт министрлігі шешеді деп шығарып салды. Министр­лікке барсам, ол жақта жас балалар отыр екен, «иә, апай, солай істейміз» деген, бірақ ешкім қимылдамады. Жат­тықтырушысына, сабақ беретін ұстазына және балама бір-бір Алғыс хат беріңіздерші деп министрлікке қайта барсам, берілмейді екен. Өйткені, оларға ақша төлеу қажет дейді. Ал біз Украинадағы жарыста кейбір жекпе-жекке евромен төлегенбіз. Грузия, Әзербайжан елдерінен орын ала алмай қалған балаларды жаттықтырушылары жарыстан соң ұрып жатқанын көріп, шошыдым. Сосын қойшы, біздің елде не болса да шүкір деп қайттым. Балам жеңіспен келгенде өзім міндетті түрде ынталандырып, ноутбук не телефон алып беремін. Достарым әкелген ақша болса, оны ештеңеге жұмсамай, өзіне жұмсаймын. Кейде осы күнге дейін алған елу шақты медалін ұстап отырып, ең бірінші алған медаліне қарап, «мама, мынау тым кішкене ғой» дейді. «Жоқ, балам, ол сенің Қазақстаныңнан алған алғашқы медалің. Әдемі болмаса да, оның жолы әрқашан үлкен. Мен қанша биікке көтерілдім, бірақ еңбегімді ешкім көрмеді деп қапаланба, балам. Ол еңбегің түбі бір бағаланады. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген сөз бар. Сен әрбір нәрседе қарапайым болған сайын сені сыйлайды, тым мақтанба» деп айтып отырамын. Өзі адамдармен тез тілтабысқыш. Мектепте мұғалімдерімен теннис ойнайды. Білмеймін деп айтпайды, кез-келген істі оңай істейді. Өзі еркін. Кейде «сыныптағы балалар пробле­масын айтты, мен барып сөйлесіп, шешіп келдім» деп жүреді. Оларды кәдімгідей қорғайды. Одан бөлек, былтыр «Алпамыс батыр» жырын жатқа оқудан мектеп оқушылары арасында өткен «Тұлпар мініп, ту алған» сайысының ақтық сынында балам жырдан үзінді оқыды. Осы жыр байқауы басталып жатқанда біз Украинаға жарысқа кетіп қалғанбыз. Әйтпесе, балам жыр оқуға да өте шебер.

Мейіржанның конькимен қатты айналысқысы келгені бар. Орыс апайы сіздің балаңыз болашақ чемпион, оған жақсы тренер тауып берейін деп жүгірген еді. Бірақ арнайы мектеп-интернатта ұлдар аз, қыздар көп екен. Оның үстіне, оқуының ақшасы қымбат болғандықтан, төлеуге шамам келмеді.

– Сіздің аспаздық өнердегі жетістігіңіз бен қоғамдағы жалғызбасты аналар жайын әңгімелесейікші. Жалғыз адамға бала тәрбиелеудің салмағы қандай?

– Мен мектеп бітірген жылдары ауылда комсомол бригадасы құрылып жатқан. Ойымдағы оқуға түсе алмаған соң, көмегі болады дегеннен кейін комсомолдың бір жапырақ қағазы үшін 4,5 жылдай бір отар қой бақтым. Бірақ Одақ құлаған соң, қайта құру кезінде жұмыссыз қалдым. Содан Алматыдан тігіншілік курсын оқыдым. Әй­теуір ештеңенің қиын емес екенін білемін. Қор­қақта­маймын, мына істі істей алмаймын-ау деген ой болмайды. Оңай алып кетемін. 1997 жылы Медеудегі мейрамханаға бас аспаздың көмекшісі болып жұмысқа орналастым. Ол Қазақстан мен Түркияның арасында ашылған ең бірінші ірі мейрамхана болатын. 1997-1998 жылдары шетелдіктерді тек қана сол жерде күтіп алатын. Үш жыл «Азия дауы­сында» қызмет еттім. Ол бойдақ кезім болатын. Қазіргі бургер, чизбургер, гамбургер дегеннің бәрін біз сол жыл­дары сыйлы деген адамдарға жасай­тынбыз. Дариға Назар­баева, Филипп Киркоров дейсіз бе, «Азия дауысына» кел­ген әншілер менің қолымнан тамақ ішті. 1998 жылы Елбасы Иран елінің Президентін Алматыда күтіп алатын болды. Екі елдің Президентіне дастарханды жақсылап жаю – біздің міндетіміз. Жоқ нәрсенің бәрін аннан-мыннан алдырып жатты. Ол кезде аспаздың көмекшісімін. Сонда даяшы қыздар жүгіріп келіп: «Сенесің бе, Иран елінің Президенті тек сенің ғана бауырсағыңды жеді» деп айтып келді. Кішкентай нәрсе болса да, адамға әсер етеді екен, сондай бір марқайып, қуанып қалдым. Бірақ аспаз болу деген оңай жұмыс емес. Мен тамақ дайындағанда бар ниетіммен жақсы көріп, махаббатпен жасаймын. Бәлкім, сол үшін де менің дайындаған тамағымды бір жеген адам ұмытпайтын шығар. Осы өнеріммен қазір балам екеумізді асырап келемін. Бірақ денсаулық жағдайым бұрынғыдай емес, көп жұмыс істесем, қол-аяғым ісіп кетеді.

2015 жылы Сәтбаев–Розыбақиев көшелерінің қиы­лысында көлік қағып кетіп, сол қол, сол аяғым, оң жам­басым мен бес қабырғам сынып, ауруханаға түстім. Өзді­гімнен тамақ іше алмай қалдым. Бірақ оразаның соңғы он күнінде ауруханадан шыққаныма қуандым. Аяқ-қолым гипс, өзімше ғұсыл алмақшымын. Қолым икемге келмейді, бір жарым сағат дегенде әйтеуір зорға ваннадан тұрып, сол күні ауыз бекіттім. Мұндай жағдайда үйде дәретке отыруға арналған судно деген болады екен. Мен намыстанып, алдырмай қойдым. Дәрігерлер «Сіздің диагнозыңызбен адамдардың 70 пайызы әдетте жүрмей қалады. Сіз мықты екенсіз» деп таңқалады. Сонда дәрігерлерге «менің әлі жас балам бар, өмір сүруім керек, көмектесіңіздерші» деймін ғой. Қазір күлкілі, бірақ сол кездері «адам неге орнынан тұрмай қалу керек, осы дәрігерлер қызық» деп, үйге басымды шайқап қайтқаным есімде.

Содан қолымдағы ірің аздап жазыла бастаған соң аяғымдағы гипспен №3 емханаға бардым. Екінші топтағы мүгедектікті 6 айға ғана берді. 6 айдан кейін қайтадан құжат жинадым. Бірде кәріс дәрігер сіздің жағдайыңыз өте қиын, 2-топтағы мүгедек дегенді бір жылға беру керек деп мән-жайды түсіндіріп берді. Сөйтсем, дәрігерлер оны үйге келіп жасап беруі керек болған екен. Екінші топтағы мүге­дектерді еш жерде жұмысқа алмайды. Ал үшінші топта­ғылар 40 пайыз жұмыс істеуге қабілетті. Адам ниеттеніп, алдына мақсат қойса, соны істеуге Құдай күш-қуат береді екен. Қиын жағдайда адамға орнынан тұрып кету үшін қорықпау қажет. Шүкір, соңғы рет дәрігерге барғанда 3-топқа шығарды. Жұмыс істеп, балам екеумізді асырауға жағдайым жетіп тұр. Дегенмен, жалғыз өзің бала асырау оңай емес. Ай сайын банкке төлейтін несием бар. Ішімде алай-дүлей болып жатса да, ақтарылып көп адамға айта бермеймін. Адамдармен көңілді араласқанды жақсы көре­мін. Қиналған кезде сырымды да, мұңымды да оңашада Аллаға айтамын. Осы үйді алатын кезде біраз қиналдым. Сонда Мейіржан ақырын ғана «Әкем тірі болғанда сіз екеуміз бұлай қиналмас едік қой» дейді. Әйтеуір жүгіріп жүріп, жеңілдікпен 20 жылға ипотекамен алдым. Мейіржан болса, «Мама, он жылдан кейін осы ипотеканы төлеуге өзім көмектесемін» дейді. Жастау кезімде «неге осы қиыншылықтар менің басыма түсті» деп ойлайтынмын. Ал қазір қандай да бір жағдай болсын «мұны өтеуге, демек, менің күш-қуатым жетеді» деп қарайтын болдым. Сондықтан балама біз бәрін жеңеміз, бәрін істей аламыз деп айтып отырамын.

– Ендігі сұрақты біз Мейіржанға қойсақ. Жекпе-жекте үнемі жеңіске жету үшін адамға алдымен не керек?

– Қарсыласың мықты болса да, сен одан қорықпауың керек. Қорқатын болсаң, рухың түсіп қалады да, ол оны сезіп қояды. Қорыққан соң сенің күшің де, техникаң да болмайды. Егер қарсыласың мықты болып, сен қорықпай абыроймен төбелессең, сен өзіңді ұтқандай сезінесің. Бір кездері он төбелес бойы бірінші орынды бермей келе жатып, өзіме риза болып жүргем. Бір жарыста екінші орын алып қалып, жыладым. Содан кейін бұрынғыдан да көбірек жаттығатын болдым.

– Ал мынау елу шақты медальдің нешеуі алтын, нешеуі күміс?

– 3-орыннан 5 медалім бар, 2-орыннан 16 медаль алғам, ал 1-орыннан 27 медалім бар.  Бес кубоктың біреуі – Қазақстан, төртеуі – халықаралық кубок.

– Сұхбаттарыңызға рахмет!

 

Сұхбаттасқан – Әсел ДАҒЖАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *