Біз – бәсекеге қабілеттіміз!

Кез-келген мемлекеттің әл-ауқаты мен тұрақты дамуы ұлттық адами капитал көрсеткіштеріне тәуелді және әлемдік экономика дамуының тенденциясы да уақыт өте келе осы тәуелділіктің тек одан әрі нығая түсетінін көрсетеді. Адами капиталдың сапасын арттыру мәселесін шешу білім беру жүйесіне, оның ішінде жоғары оқу орындарына тікелей байланыс­ты. Өйткені, жоғары оқу орындарының басты мақсаты – өз Отанын дамыту жолында аянбай тер төгетін, білімді жастарды тәрбиелеу. Осындай білімді жастарымыз Қазақстандағы білім мен ғылымның қарашаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен жыл сайын түлеп ұшады.

Болашақтың кілтін ұстайтын жастарды білім нәрімен сусындатып, жаңа белестерге жетелейтін республикамыздағы ең үздік оқу орны – ақ басты Алатаудың бөктерінде орна­ласып, бейнебір мұқалмас білім шаңырағы, ұлылар мен ірілерді тәрбиелеп шыққан, ұлттық рухтың лебі есетін әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінің құрыл­ғанына биыл 85 жыл толып отыр.

Университет құрылғаннан бері еліміздің әлеуметтік-саяси өміріне және экономика­сына аса зор үлес қосып келеді. Қазіргі таңда  ҚазҰУ халықаралық ғылым және білім беру кеңістігінде өзінің лайық­ты орнын алып, жоғары білім сала­сын­дағы әлемдік көшбасшы университеттің біріне айналған. Оның дәлелі – универси­тет­тің әлемдегі 800 ең үздік университеттер ара­сында 220-орынға ие болуы. Бұл көрсеткіш – уни­верситетіміздің мерейі асқақ, тәлімі тұғырлы екенін айқындайтындай. Оған қоса, студент­тердің білім алуына барынша жайлы жағдай жасалып, барлық ғимарат заманауи талап­тарға сай, озық үлгідегі техникамен жабдық­талғанын атап өткен жөн. Жыл сайын көпте­ген озат мектеп түлектері мен грант иегерлері білім жолын жалғастыру үшін бізді таңдауы да университетке деген жоғары сенімнің бірден-бір көрінісі деп білеміз.

Бүгінде талай жалындаған жас түлектің арманына айналған  Қазақ ұлттық универ­ситеті – білім бұлағының қайнар көзі, сапалы тәлім беретін оқытушы мен саналы ұрпаққа үлгі болатын студент­тердің қарашаңырағы, әрі ұлттық болмыс­тың дәрежесін асқақтатар оқу орны.

Университеттің 85 жылдық даму тари­хында құрылғанына 70 жыл толып отырған, жоғары білімді, бәсекеге қабілетті маман­дардың буынын қалыптастыратын Экономика және бизнес жоғары мектебінің алар орны ерекше. Экономика және бизнес жоғары мектебі экономика ғылымының дамуына үлес қосып келе жатқан білікті де білімді профес­сор-оқытушылар құрамы жұмыс істейтін университеттегі ірі факультеттердің бірі болып табылады.

Осы жоғары мектептегі өзінің қайталанбас ерекшелігі мен кәсіби мәртебесі жоғары, заман ағымына ілесіп, білікті әрі сұранысқа ие мамандық иелерін дайындайтын, құрамы ең үлкен кафедра Менеджмент және маркетинг кафедрасы. Кафедра асқан білім мен ғылымды өздеріне түйіп, студенттерге ыстық ықыласпен жеткізетін, санасына сіңіруге күш салып, ұлт­жанды тұлға ретінде қалыптастыру жолында еңбек ететін профессор-оқытушылар құра­мынан тұрады. Осы құрам студенттерді бола­шақ мамандықтарының нағыз иелері болуға жан-жақты дайындайды. Оның айғағы – кафед­радағы мамандықтар бойынша халық­аралық, республикалық деңгейде өткізілетін олимпиадалар, әр түрлі дәрежедегі ғылыми кон­курстар, конференциялар. Бұл байқаулар студенттерді ел болашағын айқын­дайтын көшбасшылар ретінде дайындауға мүмкіндік береді. Ендеше, болашақта ел тұтқасын ұстар жастарымыз білім алатын, дамудың даңғыл жолында қол жеткізген жетістіктері арқылы 85 жылдық тарихы бар университетіміздің алар асулары мен шығар биігі алда екендігі сөзсіз.

 

Р.ЕСЕНЖІГІТОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

 аға оқытушысы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *