Биыл шаһарда 157 көше жөндеуден өтеді

Қала әкімі Бауыржан Байбек­­тің төрағалық етуімен қаланың барлық мердігерлік ұйымдары қатысқан мега­полистің көше-жол желілерін жөндеу мәселесіне қатысты кеңейтілген  жиын өтті.

Биыл шаһарда 157 көшені жөндеу, сонымен қатар Мақатаев, Байтұрсынов және Жароков көше­леріндегі ұзындығы 15,7 шақы­рым болатын трамвай жол­да­рын жөндеуден өткізу жоспар­ланған.

Жиын барысында Жолау­шылар көлігі және  автомобиль жолдары басқармасының басшы­сы Мақсұт Исаховтың айтуынша,  қала бойынша жүргізілетін барлық жөндеу жұмыстары үсті­міздегі жылдың қараша айында аяқ­талады. Сонымен қатар, 24 көшедегі жол жиектері толық жа­ңартылып,  көшелердің 43 пайы­зында жол жиектері қайта жаса­латынын мәлімдеді. Өз кезе­гінде шаһар басшысы атал­ған басқар­маның жоспарын қа­тал сынға алып, жұмыстың нақты­лы кесте­сін жасай отырып, жобалау  әдіс­терін қайта қарауды тапсырды.

–       Біз Алматыны «Адамдар үшін жайлы қала» қағидасы бойынша дамытудамыз. Сондық­тан жұмыстарды  жүргізген кезде кедергілерді барынша  азайтып,  уақытты  қысқартқан жөн. Өткен жылы жолдарды жөндеу, жылу трассаларын  жаңарту, орталықты жаңғырту  жөнінде  ауқымды жұ­мыстар жүзеге асты. Бірақ жұмыс барысында  бірқатар кемшіліктер анықталды. Әсіресе, тайм-менеджмент бойынша. Биылғы жылға жасалған жоспарда  кейбір мердігерлердің жөндейтін жолдары небәрі  5  шақырым екен. Оны қараша айына дейін созудың не қажеті бар? Қыстың алдында  тегіс асфальтты жол кімге  керек?! –  деп реніш білдірді Бауыржан Байбек.

Осылайша қала әкімі мерді­гер­лердің  бірнеше күн тас жолды қопарып, жол жиектерін бұзып, қайта тас жол төсейтін, ақыр-аяғы ұзаққа созылатын ескі әдістерден  толық арылу керектігін қадап айтты.

– Жұмысқа кіріспес бұрын жөнделетін әр көше бойынша  ақауы көрсетілген актілі фотоаль­бомды ұсыныңыздар. Жұмысқа барынша кешенді түрде қарап, әрбір аспектіні ойланып барып жасау керек. Мердігер кейбір жерлерде арық науаларын ауыс­тыру, қоршауларды, қараусыз қалған бағаналарды, бетон кон­струкцияларын, керексіз желілер­ді, бір сөзбен айтқанда, көзге бір­ден түсетін қоқысты алып тастау қажет екенін білуі тиіс. Сонда ғана іс бірнеше рет қайталап атқарылмайтын болады. Оның үстіне бұрыннан бар, жөні түзу  жасыл желекті барынша сақтаған жөн, – деді  қала әкімі Бауыржан Байбек.

Сонымен қатар, қалада бәз-баяғы қалпында дұрыс орналас­паған тұрақ қалталары жеткілікті. Тіпті,  кейбір учаскелерде көлік иеле­рі  көліктерін бұрыштап қойып, қозғалыс желісінің өткіз­гіш қабілетін төмендетіп, апатты жағдайға ұрындырады. Мегапо­лис басшысы жол жөндегенде осы факторды ескеруді, тұрақ қалта­ларының бергі беттерін ғана абаттандыруды тапсырды.

Қала әкімі жол жөндеу бары­сында көшелердің  жабылатын бөліктері туралы тұрғындарға дер кезінде хабарлау керектігін де айтты.

– Қандай жұмыстардың жүретіні және қашан аяқтала­тыны туралы түсінік берілу қажет. Компания басшыларының байла­ныс нөмірлеріне дейін жазылған толық ақпараты бар стенділер орнатылуы тиіс. Ақпараттық  ресурстарда жұмыс кестесінің болғаны жөн, – деді әкім.

Жиын соңында шаһар бас­шысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма­сына бір апта  ішінде жоспар жасауды, онда әрбір мердігер  ұйымдардың қандай жұмысты қашан және қалай жүргізетіні, нақтылы мерзімі көрсетілуі тиіс деген тапсырма берді. Оңтайлан­дырылған жұмыс кестесі келесі кеңесте  ұсынылуы қажет. Осын­дай тапсырма қаланың  энерге­тика және коммуналды шаруа­шы­лық басқармасына да міндет­телді.

 

Н.АСЫЛ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *