БИЫЛ ЭКОҚОҒАМДЫҚ КӨЛIКТЕР ҮЛЕСI 50 ПАЙЫЗҒА ЖЕТЕТIН БОЛАДЫ

1Ербол ТҰРЫМБЕТ

Алматыда қала әкiмi Ахметжан Есi­мовтiң қатысуымен VIII Азаматтық форум өттi. Жақын арада өтетiн VI республикалық форум қарсаңында ұйымдастырылған өңiрлiк ауқымдағы жиынға шаһар басшы­сымен бiрге аудан әкiмдерi, басқарма және салалық қызмет басшылары, сондай-ақ, үкiметтiк емес ұйым (ҮЕҰ) өкiлдерi қатыс­ты. Өзiндiк айтары бар азаматтар «Алма­тының таңдауы – жасыл экономика» тақы­рыбы таңдалған форумда алдағы респуб­ликалық форумға ұсыныстар әзiрледi.

Жалпы, аталған форум мақсаты – үкiметтiк емес сектордың мемлекеттiк органдармен байланысын нығайту, келiс­сөз алаңдарын қалыптастырып, терең сараптамалар жасау. Басқосуды ашқан қала басшысы бiрқатар деректер келтiрiп, Алматыда жасыл экономикаға бағытталған шаралар легiн таныстырып өттi.

Мәселен, соңғы 5 жыл iшiнде коммер­циялық емес секторды қолдауға 553 млн. теңге бөлiнген. Сонымен қатар, барлығы 288 әлеуметтiк маңызы бар жоспарлар жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары қалада мүмкiндiгi шектеулi жандар үшiн ақысыз қызмет көрсету орындары жұмыс iстеп, оралмандарды қолдау орталықтары ашылды, жастарға патриоттық тәрбие беру кең қанат жайып, психологиялық және заң кеңестерiн беретiн телефон желiлерi тұрақты жұмыс iстеп тұр.

– Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттiң жаңа саяси бағыты» атты халыққа арнаған Жолдауында айтылғандай, бiздiң алды­мызда көмiрсутегi өндiрiсiне тәуелдiлiктен «жасыл экономикаға» көшу мiндетi тұр.  Осы ретте, Алматы жаңашыл идеялар мен ауқымды жобалардың орталығы екенi белгiлi. Сондықтан да «жасыл эконо­микаға» көшу мегаполис дамуының негiзi болып табылады. Ғылыми талдаулардың 42 пайызы бiздiң қаланың еншiсiне тиесiлi. Ендеше, аталған бағдарламада Алматының үлес салмағы жоғары болатыны түсiнiктi, – дедi шаһар басшысы.

Сондай-ақ, Ахметжан Смағұлұлы Алматыда экологиялық жағдайды және энергия жинақтауды жақсарту бағытында атқарылып жатқан шара­лар жөнiнен хабардар еттi. Биылғы «Қоғамдық кө­лiктi да­мыту жылы» аясында жел­тоқсан айын­да екiн­шi ком­му­налды авто­бус пар­кiнiң құры­лысы аяқтал­мақ. Ал келер жылдан бастап үшiн­шiсi салы­натын болады. Со­нымен бiрге, қала әкiмдiгi жергiлiктi бюд­жет есе­бiнен газбен жұмыс iстейтiн 400 автобус алатын болады. Қазiргi кезде қала кө­шелерiнде 195 жаңа трол­лейбус пен 17 трамвай жолаушы­ларды тасымалдау қыз­метiн қалтқысыз ат­қарып келедi. Жыл соңына дейiн қаладағы эко­логиялық таза қоғам­дық көлiктер үлесiн 50 пайызға дейiн жеткiзу көзделiп отыр.

«Қазақстанның азаматтық альян­сы» заңды тұл­ғалар бiрлестiгiнiң президентi Нұрлан Ерiмбетов ҮЕҰ-дар қызметiне қатысты келесiдей ойын бiлдiрдi:

– Статистика агенттiгiнiң дерек­терiне сүйенсек, елiмiзде 27 мың ҮЕҰ бар екен. Алайда, бұл нақты көрсеткiш емес. Ол 1200-1300-дей болуы мүмкiн. Бiр кездерi 1 күндiк ҮЕҰ-дарды құрып, оны бизнеске айналдырғандар болды. Әкiмдердiң, әсiресе, аймақтарда сүйiктi ҮЕҰ-дары қалыптасты. Дегенмен, уақыт өте келе бәрi өз орнына келе бастады, – дейдi ол.

Нұрлан Кенжебекұлы бұл ретте әкiм­дердiң ҮЕҰ-дармен жұмысының рейтингiн жасап, ҮЕҰ-дарды стандарттау керектiгiн алға тартты. Ол үшiн ҮЕҰ-дың жұмысын бағалауда да жаңа өлшемдер қажет. Сондай-ақ, оның айтуынша, мемлекет ҮЕҰ-дармен жұмыс жүргiзуде бiрқатар мәселелерге жете мән беруi керек. Мәселен, ҮЕҰ-дың өзiндiк қомақты қоры қайдан пайда болады? Немесе, мемлекеттiк байқауларға қатысу жағдайында қысқа­мерзiмдi жобаларды шектеу қажет. Қазiргi уақытта небәрi бiржылдық жобалар қаптап кеттi. Ал оған қыруар қаржы бөлiнедi. Екiншi қырынан, бiр жылдың iшiнде мысалға алар болсақ, есiрткiмен күрес шараларын аяғына дейiн жеткiзу мүмкiн емес. Сайып келгенде, құр даңғаза акциялармен аяқталып жатады.

Шара соңында қала басшысы осы iстерге қатысты сала басшыларына, аудан әкiмдерiне ҮЕҰ-дармен байланысты күшейтiп, мемлекеттiк әлеуметтiк тап­сырыс беру жағын қарастыруды тапсырды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *