Биыл 600 аула жөнделетін болады

Алматы қаласының әкімі күнделікті жұмыс сапары барысында мегаполистің көшелері мен аулаларын абаттандыру  жөнінде бірқатар тапсырма берді және Бостандық ауданындағы Гагарин көшесінің жөнделуін тексерді.

 

Алматыда биыл ұзындығы 155 шақы­рым болатын 157 көшені жөндеу, сонымен қатар Мақатаев, Байтұрсынов және Жароков көшелеріндегі трамвай жолда­рын алып тастау мен оларды  абаттандыру жоспарланған. Шаһарды реконструк­циялау аясында бірқатар негізгі даңғылдар мен көшелер, соның ішінде Абай, Абылай хан, Достық, Назар­баев даңғыл­дары және басқалары жаңарады.

Гагарин көшесін аралаған кезде қала басшысына жыл аяғына дейін Бостандық ауданында 36 көшенің жөнделетіні, 11 қосымша бекет кешенінің орнатылатыны баяндалды. Ұзындығы 7,4 шақырым болатын арық жүйесі жаңарады. 12 жер­асты және 7 жерүсті өтпелі жолдарын жөндеу жос­парланған. Аудан тұрғында­рының өтініші бойынша «Южный» және «Дружба» саябақтары ретке келтіріледі.

Гагарин көшесі бойындағы тротуарлар абаттандырылады, арық науалары қойы­лып, қажетсіз конструкциялар мен қоғамдық кеңістіктегі заңсыз құрылыстар алынады, көшелер жасыл желекке оранады.

Өткен жылы Бостандық ауданында 30 аула күрделі жөндеуден өткен болса, биыл жазда 130  аула жаңарады.

– Шындығына келсек, әрқайсымыз үшін қала өз ауламыздан басталады. Кө­шелер мен даңғылдарды қайта жаңғыр­тып, алма­тылық аулалардың қазіргі  жағдайына көз жұмып қарай алмадық. Сондықтан Мемлекет басшы­сының Жолдауын және «Президенттің бес әлеуметтік бастама­сын» ескере отырып, біз бюджетті қайта қарап, оған барынша әлеуметтік басымдық бердік, әрі нақтылы жобалар мен нәтижелерге бағыттадық. Өткен жылы біз 455 аула алаңдарын абаттандырсақ, биыл қаланың барлық ауданында қосымша 585 аула жөнделетін болады, – деді Бауыржан Байбек.

Айта кетерлігі, Алматы әкімі бұрын­дары тротуарларды тексеруден өткізіп, жаяу жүргінші қозғалысын қиындататын заңсыз салынған құрылыс­тардан арылуды тапсырған еді. Стихиялы тұрақтардың алдын алу және жүргінші қауіпсіздігін күшейту мақсатында көшеден кіретін қозғалысты тарылту және тротуарларды тиісінше  көркейту жос­парланып отыр.

 

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *