Бітімгершілік жасайтын адам жүрегі таза, тоқтау айта алатын тұлға болуы керек

Мұрат Жұрынов,

Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының президенті:

 

– Білім, ғылым саласында Америка не істейді, соны үзіп-жұлып өзімізге қолда­намыз деп әбден адасып біттік. Ал мына сот ісіне Еуропадағыдай демократия жарамайды, ол үлгі бола алмайды. Әкесі мен баласы мейрамханаға барса, бөлек-бөлек ақша төлейтінін көріп жүрміз. Асыра сілтегеннің бәрі бізге сол жақтан келген. Ол қалай бізге үлгі болады? Қазақтың қанына сіңген адамгершілік, кісілік қасиет бар. Міне, сол біздің ұлттық кодымыз. Мен ауылда өскен адаммын. Бала кезімізде ауылда Әбдірахман деген молда болатын. Екі кісі ұрысып, келіспей қалса, милиция, сот демей-ақ соған жүгінетін. Молда не айтса, соны елдің бәрі орындайтын. Өйткені, өте әділетті адам еді. Ол кездері екі жақты бітістіруші адам беделді, таза адам болмаса, оның сөзі ешкімге абырой болмайтын. Қазір мешітке бара қалсаң, өңкей жастарды көреміз. Ол біздің халқы­мызда болашақ бар дегенді көрсетеді. Адамдар имамға барып неге жүгінбейді? Имамдарды осы іске жұмылдыруымыз керек деп есептеймін. Өйткені, бітімгершілік жасайтын адам жүрегі таза, тоқтау айта алатын тұлға  болуы керек.

 

Р.S. Жоғарғы соттың бұл қадамын құптау керек. Шынында да бүгінде сот орнына жүгінбейтін адам кемде-кем болып тұр. Жұрттың көбі қит етсе, заңшыл (законшыл) болып алды. Адамгершілік, иман нормаларын аяққа таптап, кешірім жасау дегеніңіз көрген түстей болып қалғаны да жасырын емес. Тіпті, ардың өзін ақша шешетін жағдайға жетіп қалдық. Академик дұрыс айтады, кезінде бір ауылдың тентегі мен телісін тезге салатын бір-ақ шал еді. Демек, мәселені иман шешетін. Адам тағдырымен жұмыс істейтін соттардың бұл мәселеде халқымыздың әзелден қалыптасқан имани әдет-ғұрыптарына, кісілік, кішілік қағидаларына бет  бұруы, билер кеңесін қалпына келтіруге ниеттенуі  қоғам тарапынан қолдауға ие болуы тиіс.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close