ӘБІШ ӘЛЕМІ

Әбіш әлемі – ішкі дүниетанымға бай әрі өзіндік сырлы бейнелерге толы ерекше әлем. Ол – адам жанын танып әрі зерттеуде алуан түрлі әдіс-тәсілдерді игеріп, шығармашылықтың заңғар шыңына шыққан жазушы. Әрбір кітабындағы кейіпкерлерді алып қарайтын болсақ, қарапайым кейіпкер болғанымен, кез-келген кейіпкерінің жан дүниесіне терең бойлап, өзіне тән өмірін, тағдырын терең сипаттаған. Сонымен бірге, шығармаларындағы кейіпкерлердің ішкі толғанысын жүрек тілімен сөйлете білген шебер суреткер.

«Әбіш Кекілбаев туралы сөз айту кімге болса да, оңайға түсе қоймас. Әбіш жайында сөз қоз­ғау, оның шығар­машы­лығын зерттеу, оған үңілу көп еңбек пен ізденісті талап ететін дүние» деп Қуаныш Сұлтанов «Кекіл­баев кеңіс­тігі» атты мақаласында айтып өткендей, қаншама кітап парақтап, заңғар жазушының жүйрік ойына, ішкі әлеміне ден қойып, бойлай алуға тырыссақ та, Әбіш әлеміне ену үлкен ерлікті қажет ететіні ақиқат.

Ендеше кемеңгер ойшылдың әлеміне тереңінен зер салып көрелік…

Жазу – өмір тынысы. Жазу – ең бірінші өмір сүруден, ұнатудан, сосын барып таны­лудан тұрса керек. Өнер мен әдебиеттегі ең басты қағида – талант, білім, шеберлікке құштарлық, сосын зор еңбек. Әбіш Кекіл­баевтың кез-келген шығарма­шылығында ұшан-теңіз талантынан бөлек, сан қырлы шығарма­ларының артында таудай биік еңбегі жатқаны баршамызға мәлім. Ғұлама ғалымның жазу өнеріндегі шеберлігін сөз етсек те, ең алдымен, қазақ сана­сын­­да оның сындарлы сыншы, сұңғыла саясаткер, дархан мінезді дарын, білікті білімпаз екендігімен қоса, көркем шы­ғар­ма жазу­шы­лығы алдыңғы орында. Ұла­ғатты ұстаз ретінде өзінің көркем сөз зергерлігімен біздің рухани өмірі­міз­ді байытса, айшықты ақын ретінде көзі­мізді ашты, сырлы суреткер болып кө­кірегімізге ұлттық сенім, сана ұялат­ты.

Жазушының шығармашылығындағы өресі биік еңбектерінің бірі – «Аңыз­дың ақыры» атты тарихи романы. Бұл – тек тарихи шежіре ғана емес, қоғамдық, ұлттық мүддемен астасып, әрбір оқырманның дүние­танымын кеңейтіп, рухани тәрбие­лейтін шығарма. Әбіш Кекілбаевтың түгел дерлік шығарма­шылығында романтизмнің көркемдік жүйесін толықтыратын сипат –  миф­тік-фольклорлық сарынның, аңыз-әңгі­мелердің жиі көрініс беруі кезде­седі. Жазушы осы туындысы арқылы тарихи аңыз шеңберінен шығып, қалам­герлік қиялын қоса отырып, дербес психо­логиялық шығарма тудырған. Бұл роман­ның лирикалық, романтикалық сипаты мол. Жазушы аңыздық желіні жаңаша түсіндіріп, жаңғыртып, сол арқылы адам жанының терең иірімдерін ашқан композициясы күрделі, психо­логиялық салмағы бар дербес туынды жасап шығар­ған. Сонымен қатар, романда лирикалық реңк бояудың молдығы, тілдік өрнектің эмоционалды бояуға қанықтылығы, шартты тұспал­дар секілді романтизм эстетикасына тән тәсілдерді шебер пайда­ланылады. Роман­да мұнараның сиқыры – шебердің ханшаға деген махаббатын бейнелеуін, тіпті сол махаббаттың өзіне айналуын шебер суреттеген. «Аңыздың ақыры» романында аңыз бен романти­калық қиял, философиялық толғам мен ана­литикалық суреттеу тәсілі, реалистік баяндау мен шарттылық келісті үйлесім таба білген.  Жазушы өз кейіпкер­лері­нің мінез-құлқын олардың сыртқы іс-әрекеттері, қимылдары арқылы емес, ішкі монолог арқылы көрсетіп, әрбір оқырманның жүрегіне кең жол аша білді. Айтулы романның бір өзін айту арқылы қазақ әдебиетіне жазушының тың дүние алып келгенін аңғарамыз. Бұл тағылымды еңбектің өзі әлем жұртшылығына қазақ елін тарихи тұрғыда ғана емес, адам жанының шындығын тебіреніспен толғай отыра, өмір туралы философиялық толғам, ғибратты ой берерлік шығарма ретінде таныстыруға болады.

Жазушы бүкіл саналы ғұмырын, еселі еңбегін туған халқына арнады. Қазақ әдебиеті мен қазақ тілінің дамуы­на орасан үлес қосып, заманымыздың заңғар суреткері ретінде иісі қазақтың өнегелі тау тұлғасына айнала білді.                   Ол – қазақ әдебиетінің саңлағы, мағы­налы ғұмырының мазмұнды шақтарын, өнегелі өмірбаянының өміршең шек­терін табиғи талантымен танытқан, еңбек жолдарын халқының ғұмырна­масымен өрнектеп берген айтулы дарын.

Әдебиет пен өнер жолы – қиын жол. Әркім танымал болғысы және өзіне біреудің таңданғанын қалайды. Тіпті, ғасырлар бойы шығармасы қолдан түспе­се де, әр жазушының бұл арманы орындала ма, жоқ па, ешкім кепілдік бермес еді. Дегенмен, әр қаламгер өзі өмір сүрген дәуір бетін жазу керек. Адамда талант болғанымен қоймай, білім де тиісті деңгейінде жеткілікті болуы керек. Заңғар жазушының кез-келген шығармасын оқу арқылы оның кең тынысты, суреткерлік қарымы тым биік, тағылымды тарихшы әрі заманауи ойшыл екендігін толықтай дерлік аңғарамыз.

Жазу белгілі бір мағынада өлмес құндылықтарға апаратын басқа жол. Адамда екі аспект бар: дене және жан… Жазу – осы екеуінің ортақ жемісі. Дене өледі, ал жан өлмейді. Автор үшін мәң­гілік өмір: таланттың, жұмыстың, ізде­ніс­тің және шығарманың берік үйле­сімі. Заңғар жазушының өмірінің кең айдындағы белестері шалқар шабыт­тың, сезімтал да сергек сезімнің, терең де ғұлама ойдың, түйіні толысқан, шешімі келіскен тұжырымның, жаңыл­мас бағдардың биігі болғай!

 

Гүлмира СӘБДЕНОВА,

 әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті, тарих ғылымының кандидаты.

Жансая ҚОСМЫРЗА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих, археология және этнология факультеті, кітапханалық ақпараттық жүйе мамандығының магистранты.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *