Біртуар қайраткер

Биыл Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы есімін иеленген Алаштың асыл ұлдарының бірі Мұхаметжан Тынышбаевтың 140 жылдық мерейтойын атап өтуде. Тоқсан жылға жуық тарихы бароқу ордасы еліміздің көліктік-коммуникациялық кешеніне, оның ішінде, темір жол мен автожол көліктері, сондай-ақ, телекоммуникация салалары бойынша білікті мамандар дайындайтын арнайы маманданған техникалық ең ірі жоғары оқу орны болып табылады. Қазіргі таңда академия түлектерінің басым көпшілігі «Қазақстан темір жолы», «Қазавтожол», «Қазақтелеком», «Трансстроймост», «Казахмыс», «Қазпочта», «КЕГОК» секілді акционерлік қоғамдарда және тағы да басқа ірі Ұлттық компаниялар менолардың филиалдарында қызмет атқаруда.

Тек еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана М.Тынышбаевтың асыл есімі мен ғылыми мұрасы халқымен қайта қауышты, ол туралы ғылыми-зерттеу еңбектері мен көркем шығармалар жарық көре бастады. Бұл ретте бүгінгі рухани жаңғыру мәселелерін шындап қолға алған шақта Тынышбаевтың әлі де ашылмаған қайраткерлік қырлары талай зерттеулерге арқау болары сөзсіз екендігін айта кеткен жөн болар. Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, тарихшы-ғалым өз заманында әр түрлі салада аянбай еңбек етіп, бар күшін халықтың тарихи санасын қалыптастыруға жұмсап, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысты. Қазақ халқының арғы-бергі тарихына қалам тартып, заманының өзекті мәселелерін шешуге арналған, бүгінгі күндері де маңызын жоймаған зерттеу еңбектерін жариялады. Ол – қазақ халғының саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани тарихында мәңгі өшпестей із қалдырған ұлы тұлға.

М.Тынышбаев 1926 жылдан бастап, Тұрар Рысқұловтың қолдауымен Түркістан-Сібір жолын салуға белсене қатысқандығын бүгінгі теміржолшылар ұрпақтары ретінде айтып кетуге тиіспін. Мұхаметжан Тынышбаевтың есімін шартарапқа кеңінен әйгілеп, атын аңызға айналдырған, халық жадына ұялатқан оның әйгілі теміржолды салуға қосқан сүбелі үлесі, сіңірген ерен еңбегі еді. Дәл осы жолды салуда Мұхаметжан білікті инженер, ойлы экономист, іскер ұйымдастырушы, дарынды жобалаушы ретінде өзін әр қырынан көрсетіп, ерекше таныта білді. Ол Түркістан-Сібір темір жолы құрылысында жобалаушы-инженер, участок бастығы қызметін атқарды. Шындығында да дәл сол кезде Орта Азия мен Қазақ даласының жергілікті жағдайы мен жер бедерін Тынышбаевтай білетін маман Ресейде жоқ болатын. Мұхаметжан Түрксіб құрылысында алғаш рет аэрофотосуреттерді қолданған. Соған сүйене отырып, ұзындығы 50-60 метрлік бірнеше жерасты жолдарын салуды, сондай-ақ, бір құрамға үш паровоз тіркеуді қажет ететін Қордай асуының орнына Шоқпар жобасын ұсынады, себебі бұл жоба «тескен таулардың» есебінен 26 млн. сом үнемдеуге, әрі Қазақстанның  алты облысынөзара жылдам байланыстыруға мүмкіндік берді.

Халқының ардақты ұлының есімін мәңгі сақтап, жазып кеткен еңбектерін насихаттау мақсатында академияда бүгінгі таңда қыруар жұмыстар атқарылған, оларды асыл азаматтың мерейтойлы жылында бір атап өткенімізәбден орынды екендігі дау туғызбас деп ойлаймын.

Қазақтың тұңғыш темір жол инженері, аты аңызға айналған Түрксібтің Құрметті құрылысшысы, Алаштың ардақты азаматтарының бірі Мұхаметжан Тынышбаевтыңесімі академиямызға 2000 жылы берілген болса, ал қоладан құйылған ескерткіші  білім ордамыздың  ғимараты алдына 2006 жылы қойылды. Тәрбие орталығы саналатын академияның тарихынан сыр шертетінмузейде Тынышбаев мұрасы бір бөлмеге жинақталған.

Атаулы күнге байланысты өткізілген салтанатты жиында академия ректоры Берікбол Аркенов қазақтың біртуар перзенті туралы тебірене сөз сөйлеп, оның халыққа жасаған еңбегіне тоқталып өтті. Ардақты азаматтың ой-арманы елімізде орындалып, шойын жолдың қызметі ел экономикасының дамуына зор үлес қосып отырғаны осыған дәлел екендігін көпшілікке жеткізді.

Салтанатта сөз алған Мұхаметжан Тынышбаевтың ұлы Дәулет Шейх Әли-Тынышбаев: «Дінмұхамед Қонаев өзін өмір бойы қазақтың тұңғыш инженері М.Тынышбаевтың рухы шабыттандырып келгенін үнемі айтып отырады екен. Сендерді де, студенттер, жастар, Тынышбаев есімі өмірде шабыттандырып жүрсін», – десе, немересі Елена Ескендірқызы атасының биік мақсатқа толы өмірі бүгінгі және ертеңгі жастар үшін жарқын үлгі екенін айтып, даңқты атасына арнап өзі шығарған жыр шумақтарын оқыды.

Мұхаметжанның тұлғасы мен тұрпаты, атқарған еңбектері, тірліктерінің ауқымы, қайраткерлік қарқыны, азаматтығы және біліміне сай біліктілігі, халқына адалдығы, елі мен жерін, ұлтын қалай жақсы көретіндігі бәрі-бәріжастарға әрқашан үлгі. Атамыздың ғұлама ғалымдығы, тектілігі,парасаттылығы да  өз алдына бір бөлек. Ертеде Тұрар Рысқұловқа Ташкентке оқуға баруы үшін қаражатпен көмек берген де осы М.Тынышбаев екен. Бұл туралы Т.Рысқұлов өзінің 1929 жылы  жазған «Түркістан-Сібір»темір жолының тарихы мен тағдырын, келешегін қозғаған еңбегінде айтады.

Академиямызда әр жылғы сәуірде өтетін студенттер мен оқытушы-профессорлық құрамның «Көліктегі инновациялық технологиялар: білім, ғылым, тәжірибе» атты  халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы да, «ҚазККА жаршысы» журналының арнайы саны да, студенттердің факультетаралық «Студенттік көктем–2019» фестивалі де, «Тынышбаев апталығы» атты мәнерлеп оқудан шығармашылық байқау да, студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының конкурсы мен республикалық пәнаралық олимпиадасы да биыл М.Тынышбаевтың 140 жылдығына арналды. Осы іс-шараларда студенттер арасындағы жеңімпаздардың барлығы да Мұхаметжан атамыздың суреті бейнеленген мақтау қағаздар және сыйлықтармен, ал білім беру саласында ерекше көзге түскен оқытушы-профессорлық құрамның бір тобы «М.Тынышбаев» төсбелгісімен марапатталды.

Тағы бір айта кететін жайт, академия студенттердің жатақхана тапшылығын сезбейтін қаладағы бірден-бір жоғары оқу орындарының бірі болып табылады. Мерейтойға сәйкес жатақхана тұрғындары арасында «Менің студенттік үйім – менің мақтанышым» тақырыбында жарыс өтіп, жеңімпаздар өз дәрежесінде марапатталды. Сонымен қатар, мұнда салауатты өмір салтын насихаттау және қалыптастыру мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады, себебі жатақханаларда оқу-жаттығу тренажерлары орналасқан спорттық залдар жұмыс істеп тұр.

Жыл сайын түлектер диплом алу салтанатында, сонымен бірге білім күнінде және атамыздың туған күні 12 мамыр мен саяси қуғын-сүргін  құрбандарын еске алу күні 31 мамырдастуденттердің әр факультеттен құралған озат өкілдері М.Тынышбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тұлғаның рухы мен халқы үшін атқарған еңбегіне бас иіп, тағзым ету үдерісі академияда дәстүрге айналған. Сонымен бірге, студенттеріміз Алматы-1 вокзалына жақын орналасқан Тынышбаев атындағы көшеде жылына екі рет, яғни көктем және күз мезгілдерінде сенбіліктер ұйымдастырып, көшенің тазалығын қадағалап отырады.

Мұхаметжан атамыздың замандасы, Алаштың арысы Ахмет Байтұрсынұлы «Өткенді еске алған – өскендіктің белгісі, өткенді ұмытқан – өшкендіктің белгісі» деп айтып кеткендей, халқымыздың әйгілі тұлғаларының елінің болашағы үшін жасаған құнды істерін ешқашан ұмытпай, өздерін жиі-жиі еске алып тұру – қазіргі ұрпақ парызы.

Жуырда, қазан айының 24-25 аралығында облыс орталығы Талдықорған қаласында Алматы облысы әкімдігі қолдауымен М.Тынышбаевтың 140 жылдығына арналған «Мұхаметжан Тынышбаев және оның заманы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияны ұйымдастырушылар қатарында әкімдікпен қоса «Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» ММ, «М.Тынышбаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК және Алматы қаласындағы М.Тынышбаев атындағы қоғамдық қор болды. Осы аталған қоғамдық қордың басшысы – М.Тынышбаевтың жиен қарындасы Нұршакен Жүнісқызының шақыруымен біздің академиядан да құрамында бір топ оқытушы-профессорлары мен озат студенттері бар делегация конференция жұмысына қатысып қайтты.

Халықаралық конференцияны Алматы облысы әкімінің орынбасары Б.Байжұманов құттықтау сөзбен ашып бергеннен соң, Нұр-Сұлтаннан, Алматыдан, Қарағандыдан, Тараздан, Оралдан, Түркістаннан, Семейден, Талдықорғаннан, сондай-ақ, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген тарихшы-ғалымдар конференция тақырыбына сәйкес қазақ, орыс, өзбек және қырғыз тілдерінде баяндамалар жасады. Техникалық мамандық иелері ретінде негізінде Тынышбаевтың темір жол саласындағы еңбектеріне көбірек мән беретін біздер тарихшы-ғалымдар баяндамаларынан Тынышбаев және оның замандастарының атқарған қызметтері, тарихи-мәдени мұралары  жайлы рухани құнды деректерді естіп, конференцияны ұйымдастырушыларға ризашылығымызды білдіріп қайттық.Әсіресе «М.Тынышбаев. Үзілген тамыр» атты қойылымнан (авторы Ерсайын Төлеубай) үлкен әсер қалды. Конференция қонақтардың М.Тынышбаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейі мен І.Жансүгіровтың әдеби музейін аралауымен аяқталды. Конференция барысында Алматыдағы М.Тынышбаев атындағы қоғамдық қор президенті Нұршакен Жүнісқызының тынышбаевтанушылардың бір тобын «М.Тынышбаевқа 140 жыл» мерекелік медалімен марапаттады, медаль иелері қатарында өзімнің де болғанымды мақтан етемін.

Қоғамдық-саяси қызметінің әр кезеңі қазақ халқының, тарихының аса күрделі, бетбұрысты кезеңдерімен тығыз байланысты тұлғаны өз деңгейінде бағалаудың, ұлықтаудың заманы да келді. М.Тынышбаев қатарлы зиялылар кеңестік биліктің қайшылықты қуғын-сүргін саясаты жылдарында, ел мүддесіне адалдықтарынан еш жаңылған жоқ. М.Тынышбаевтай тұлғаның тарихын зерттеп, зерделеу зерттеуші-ғалымдардың ізденісімен ғана шектелмей, мемлекеттік деңгейдегі кешенді бағдарламалар арқылы жүзеге асырылатын ауқымды іс. Бар ғұмырын туған халқының мүддесіне арнаған, қабілет-дарынымен халқының мерейін асырған осы бір ұлы тұлғаны қазіргі қоғам білуі тиіс, – деген тұжырымды оймен академиямызға оралдық.

Туған халқының болашағы үшін аянбай еңбек етіп, келер ұрпаққа үлгі боларлық тамаша іс, құнды еңбектер қалдырған Мұхаметжан Тынышбаев – халқымыздың тарихында өзіне лайық орны бар ірі тұлғалардың бірі болып мәңгілік қала бермек.

 

Кеңес ЖҮСІПОВ,

т.ғ.к, М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы «Автомобильдер, жол техникасы және стандарттау» кафедрасының  ассоцияланған профессоры

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *