БІРЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚ АУЛАДАН БАСТАЛАДЫ

80 жылдан астам тарихы бар қастерлі білім шаңырағы №59 мектеп-гимназиясының ауласында Ұлыстың ұлы күні, Жыл басы – Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтіліп, аудан тұрғындарына қуанышты көңіл-күй мен ұмытылмастай әсер сыйлады.

«Отыз күн ойын, қырық күн тойын» демекші,  ежелден Наурыз мейрамы Түркі елдері арасында жаппай халықтық сипат алып, бірнеше күн бойы асыр салып тойланатын болған. Біз де осынау мән-мазмұны аса зор үлгіні негізге ала отырып, ата-бабаларымыздың озық дәстүрін ары қарай жалғап, жаңару мен жасампаз­дықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған әз-Наурыз мерекесін өздеріңізбен бірге тойлауды жөн санап отырмыз», – деп алдымен сөз алған мектеп басшысы Айжан Тойбекқызы Наурыз мерекесінің мән-маңызына қысқаша тоқталып, барша келген қонақтарды Ұлыстың ұлы күнімен  құттықтады. Ырыс пен берекенің жаршысы болған көктемнің шуақты мерекесіне ата-аналар мен оқу­шылар да асыға күтіп, үлкен дайындықпен келген-тін.  Киіз үй, алтыбақан, шатырлар орнатылып, мерекелік көңіл-күй қалыптас­тырылды.  Мектеп ұстаздары тарапынан ұйымдастырылған аталмыш игі шара ата-аналар мен жергілікті тұрғындардың ауызбіршілігі мен сыйластығы арқасында жоғары деңгейде өтіп, тіпті толассыз жауған жауын бір сәтке тоқтап, күннің беті ашылып, айрықша нұр-шапағатқа бөлеген­дей әсер болды.

Жоғары сыныптың белсенді оқушылары Асқар Дәуренұлы мен Алтынай Әскерхан кеш барысын жүргізіп, барлық көрермен­дермен жылы қарым-қатынас орнатып, көңілді жүргізді.  Іс-шара барысында кон­церттік қойылымдар рет-ретімен қойылып, оқушылардан құралған «Шолпан жұлды­зы» бишілер тобы ұлттық киімдерімен ортаға шығып, би билесе, «Самға» квартеті «Тәуелсіз елім» әнін орындап берді. Балауса Асым, Айгерім Қапсаламатова және Жандос Өмірзақов сынды талантты әншілер жеке-дара әндер орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді. «Ақ желең» домбырашылар ансамблі «Нар ағаш» арқылы күй құдіретіне елітіп әкетті. Мектептің ардагер ұстаздарынан құралған «Әжелер» ансамблі «Бүлдірген» мен «Беу-айдай» халық әндерінен әуелетіп ән салғанда, бүкіл жиналған жұрт  шексіз риза болды. Жас мұғалімдерден құралған бишілер тобы ұлттық би билеп, кештің салтанатын асырды. Қыдыр ата ақ батасын беріп, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Салт-дәстүрді баяндайтын, тәрбиелік мәні зор «Бесікке салу», «Тұсау кесу» сынды көрі­ністер қойылып, концерттің мән-маңызын арттыра түссе, сахналанған көрі­ністер, әсіресе, түйемен жетектеп, ортаға арқалап шығарған «Наурыз қыздың» әдемі ақ тілегі тіпті керемет болды, ал «Жыл басына таласқан хайуанаттар» ертегісі шебер орындалып, әр кейіпкер өз рөлдерін жоғары деңгейде сомдап шықты. Ұйым­дастырушы әрі сценарий авторы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлбаршын Жабаева қазақы дәстүр мен ұлттық құндылықтарға басымдық беріп, тәрбиелік мәнін арттыруға бар күшін салғаны аңғарылып тұрды. Наурызкөжеден дәм дайындалып, мерекелік салтанатты кеш осылайша өз дәрежесінде аталып өтілді.

Наурыз – мереке ғана емес, бірлік пен татулықтың, ізгіліктің дәнекері де. Осынау тамаша мерекенің  ұстаздардың ғана емес, ата-аналар мен оқушылардың, жалпы көпшіліктің қолдауымен жүзеге асырылып отырғандығы қуантады. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті.  Ал осындай ізгі құндылықтар мен ата дәстүрлерімізді жиі дәріптеп, озық үлгілерін насихаттап отырсақ, жас ұрпақ тәрбиесіндегі қызметіміз жемісті болатыны хақ.

 

Қанат ЕДІГЕТЕГІ,

№59 мектеп-гимназияның мұғалімі.

Түрксіб ауданы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *