Бірлік пен бірегейлік салтанаты

21 наурыз Халықаралық Наурыз күні ретінде танылды

Ханкелді Әбжанов,

ҚазҰАУ«Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекшісі,

ҰҒА академигі

 

Бүгінде жалпыұлттық сананы  жаң­ғырт­қан Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Бола­шаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағ­дар­ламалық мақаласы, Елбасы өзі айтқан­дай, халқымыздың тағылы­мы мол тарихы мен ерте заманнан ар­қауы үзілмеген  ұлт­тық салт-дәстүр­ле­рімізді  алдағы өркен­деудің  берік діңі ете отырып, әрбір қадам­ды нық басуы­мызға, болашаққа сеніммен бет алуы­мызға мүмкіндік береді. «Әжеп­тәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын руха­ни коды болады.Жаңа тұрпатты жаңғы­рудың ең басты  шарты – сол ұлт­тық кодыңды сақтай білу». Прези­дентіміздің осы  тұжырымымен бізге «тар­лан тарих­тың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көк­жиектерін үйлесімді сабақ­тастыратын ұлт жадының тұғырна­масын» ұсынып отыр.   Осы ретте «ұлттық салт-дәстүр­леріміз,тіліміз бен музыкамыз, әдебе­тіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі  қалуға  тиіс». Бұлардың бәрі де  ұлт­тық құндылықтарымыз ретінде  халқы­мыздың Наурыз мейрамымен біте қайна­сып жатқандықтан, оның тарихы мен маз­мұн-мақсатына кеңірек тоқталғым   келеді.

 

Қазақ қоғамы наурызды сегіз күн тойлапты

 

Есте жоқ ескі заманда адамзат қауы­­­мының қалтқысыз атқарған мін­детінің бірі – табиғатпен үйлесім мен үндестікті айрықша қастерлегені. Оның күні бүгінге дейін сақталып кел­ген классикалық көрінісі – Наурыз мейрамы.

Ғалымдардың пайымдауынша, Наурыз мейрамы бастапқыда иран тілдес ортада, отырықшы халықтарда пайда болған екен. Кейін түркі әлемінің де мейрамына айна­лыпты. Қалай болғанда да, Наурыз – Еуро­па мен Азия құрлықтарында кем деген­де, үш мың жылдан бері тойланып, әлденеше халықтардың салт-дәстүріне айналғанына қоса салтанатты іс-шараларымен жас пен кәрінің көңілін шаттыққа бөлейтін, бола­шаққа сенімін арттыратын ұлық мейрам.

Бұл мейрам алғашқыда адам мен та­биғат арасындағы жарасымды бейне­леді. Тап осы күні ағаш, гүл отырғы­зылуы, олар­ға су құйылуы, адамның жануарларды ұрмауы, дала құстарына жем шашылуы табиғат-ананың бәрі­нен биік екенін күмән-күдіксіз мойын­дау. Келе-келе мей­рам қо­ғам­­дағы тұрақтылық пен ынты­мақты қас­тер­­леген халықтық идеологияға ай­налды. Демек, Наурыз әлемдік діндер, мемле­кет пайда болғаннан да бұрын адамдар өміріне кірген.

Мемлекеттің пайда болуымен Наурыз мейрамының ауқымы ұлғайып, маңызы артты. Енді оның мәні мен мазмұнында халықтық идеологиядан саяси идеология басым түсті. Басқаша айтқанда, мемлекет пен мемлекеттік билік наурыздың биік мәртебемен тойла­нуына кең жол ашқан, қадір-қасиетін арттырған факторлардың маңдайалдысына айналды. Мейрам күні еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін, құрық ұстаған жылқы­шыдан тақтағы пат­шаға дейін өзінің де, елінің де тілеуін ті­лейтін болды. Омар Һайам: «Кімде-кім Наурыз мерекесінде қуанып жүрсе, келесі наурызға дейін тыныш, бейғам ғұмыр кешеді. Патша­лар үшін бұл күнді ғалым­дар белгілеп берген», деп жазуы әсте бе­кер емес. Наурыз мемлекеттілікпен, заң­мен, ресми билікпен тығыз астасып кетке­нін ке­зінде тап осы күні бай мен жар­лы­ның те­ңес­кенінен, тіпті жүріп жатқан соғыс қи­мылдарының тоқтай­ты­нынан көруге бо­лады. Күн мен түннің теңелгені, алдағы уа­қытта күннің ұзақтығы артатыны қоғам­дық санада адамның, мемлекеттің өмірінің ұзарғаны, жасампаз қабілетінің артқаны ре­тінде қабылданып, аман­дықтың жаман­дықты жеңгеніне дәлел орнына жүрді. Мемлекет үшін бұдан артық қандай құндылық болуы мүмкін.

Наурыз қазақ топырағына ерте ғасыр­ларда келсе керек. Қазақ ханды­ғы тұсында Ұлы дала елінің айтулы мерекесі мәртебе­сіне ие болғаны сөзсіз. Сол күні айтыла­тын ықылас-тілектер, берілетін баталар – «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», «Дәу­летті бас берсін», «Ұлыстың ұлы күнінде ұлың оңға қонсын, қызың қырға қонсын» – сөздік қоры, ұғым-түсі­ніктері бойынша дәстүрлі қоғамның қаймағы бұзылмай тұрған жай-күйін бейнелейді. М.Ж.Кө­пеевтің дерегіне сүйенсек, қазақ қоғамы наурызды сегіз күн тойлапты. XІX ғасыр­дағы Қоқан тарихна­ма­сында ол 30 күнге созыла­тыны айтылады. Бұл күндері түрлі діни іс-шаралар да атқа­рыл­ған екен. Осы­ның бәрі адамдардың өзара сыйласты­ғын, түсініс­тік­терін бекіте түсу үшін қажет. Наурыз мейрамын дәс­түрлі қазақ қоға­мын­да «Ұлыс­тың ұлы күні» ретінде ұлық­таудан халқымыздың биік рухы мен гума­низмін көргеніміз ләзім. «Ұл­ыс» сөзінің дәлме-дәл баламасы – «дер­жава». Бұл ұғым-түсінік төрт құбыласы тең мемле­кет­ке қара­тыла айтылады. Адам­ды адам­ның қанауы шектен шықпаған, дәс­түрлі демо­кра­тиясы бай мен кедейді бір-біріне ата жауға айналдырмаған, бодандық пен отар­лықтың ауылы алыс  қазақ елінде Нау­рыздың миссиясы осылайша дәйек­телді.

 

 

Большевиктер Наурыз мейрамын қабылдамады

 

Патшалық отарлаудың зорлығы асқын­ған ХХ ғасыр басында наурызды тойлау дағ­дарысқа ұшыраған екен. Жер-жерде Ұлыстың ұлы күнін атап өту бәсең тар­тыпты. Абайдың: «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, нау­рыз­нама қыламыз деп, тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен», деп өткен шақта жазуы кездейсоқ емес.

Бұл ойымызды «Қазақ» газетінің 1913 жылғы дерегі де мақұлдай түседі. Авторы көрсетілмеген «Наурыз» атты мақалада: «Наурыз — қазақша жыл басы, бұрынғы кезде әр елде наурыз туғанда мейрам қы­лып бас асып, қазан-қазан көже істеп ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді» дей келе, наурыздың қай айда, қай күні келетіні бірде «марттың 1-де, екінші­лері тоғызында» десетіні жазылған. Әйтсе де оның табиғатпен, адамдар тіршілігімен байланысы дәлме-дәл сипатталған: «Біздің жаңа жылымыз наурыз — марттың басын­ да болсын, ортасында болсын, әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынасымен Жаңа жыл деп айтуға лайық. Күн жылы­нып, қарайып, жан-жануар жаздың жақын­да­ғанын сезіп, көңілденген кез. Шаруа адамдарының бейнеттен қолы шешіліп, алты ай қыс баққан арықтарын үмітті күн­ге жеткізіп, дем алып отырған кез. Ағаш, шөптер қар астынан сілкініп шығып, гүл­де­ніп, жасаруға даярланып, күн де қыстай бір бүйірлеп жүруін қойып, жоғары көте­рі­­ліп, бүтін ғаламға нұрын шашып, үйсізді үйлімен теңгеріп, бай мен жарлыға бірдей сәуле беруге тұрған кез. Міне, табиғаттың осындай көңілді өзгерісінің кезеңінде біздің жаңа жылымыз – наурыз туып, ата ғұр­пымызды ұмытпай, белгілі бір күнді жыл басы қылып алсақ, ұнамды іс болар еді». Мақала: «Біз оқушыларымызды жаңа жылмен құттықтауға наурыздың анық қай күні туатынын біле алмадық, ғафу өтіне­міз» деген сөздермен аяқталады.

Таптық идеологияны бәрінен жоғары қойған большевиктер Наурыз мейрамын қабылдамады. Тоталитарлық билік үстем­дік құрған Қазақстанда оны 1926 жылдан ашық тойлауға тыйым салынды. Сылтауы – діни мейрам. Әз-Наурыздың діни мазмұн мен сипаттан адалығы ешкімді жасына, жынысына, ұлтына, әлеуметтік мәртебе­сіне қарай алаламайтынынан көрініп тұрғаны қаперге алынбады.

 

 

Наурыз мейрамы мемлекетімізге қажет

 

Кеңестік жылдардың өзінде еліміздің  батысында ол 14-наурыз күні «көрісу» деген ерекше атаумен ашылатын. Қараша мен жел­тоқ­санда күшіне кірген қыстың құр­сау­ынан шыға алмай қалған ел-жұрт, ағайын-туыстар арада 4-5 ай уақыт өткен соң ғана қатынас жолдары ашылып, әрі-бері жүруге мүмкіншілік туғанда қайта қауышуға, кө­рісуге қолдары жеткендіктен осылай атаса керек.

Менің ойымша, «көрі­судің» маңызы мен қадірін енді барынша арттырған жөн. Оны барша Қазақстан ұлықтайтын болса, бірлік пен бірегейлі­гіміз артары ақиқат. Сонда ұлық мейрамды ұлықтау 2-3 күн ішінде тына қалмайды. Қытайлар тәрізді жаңа жылды бір ай бойы дүркіретпесек те, неге 9-10 күн қатарынан қызықтамасқа.

Наурыз мейрамы, ашығын айтқанда, табиғатқа емес, адамдарға, мемлекетімізге қажет. Наурыз жыл басы деп танылға­нымен оның барша болмысы, филосо­фия­сы жыл алмасумен шектелмейді. Алдағы күннен жақсылық күткендіктен үлкен-кішінің араласуымен тартымды, мазмұнды рәсімдер атқарылады. Өзіміз жылда көріп жүргендей, наурыз көже дайындалады, көңілінде кір­біңі барлар татуласады, адамдар бір-бірінің үйіне кіріп, құтты болсын айтады, бұлақ көзін ашады, алдын-ала үйін, ауласын кір-қоқыстан тазартады. Осы күндері дүниеге келген сәбилерге Нау­­рызбай, Наурызгүл сынды есімдер беріледі. Жер иесі – Қыдыр ата елді, үйді аралап, бақыт сыйлайды, бата береді деген сенім-наным және бар.

Елбасымыз Н.Назарбаевтың сөзімен айтсақ, «Наурыз – ерлік пен бірліктің, жар­қын жасампаздықтың мерекесі. Наурыз – адамды ұлты мен нәсіліне, тілі мен дініне бөлмейтін жалпыхалықтық ізгі мереке. Біздің ұлттық құндылықтарымыз, рухани мұраларымыз әз-Наурызбен біте қайнасқан».

Еуразия кеңістігінде орналасқан Қазақстан Батыс пен Шығыс өркениет­терін ежелден жатсынбай қабылдауда, бойына сіңіруде. Екі өркениет арасындағы бәсеке мен өзгешеліктерді де сезінуде. Солардың бір парасы Батыс жаңа жылы мен Шығыс Наурызы арасында жүріп жат­қандықтан әзірге ол 1 қаңтардың пайда­сына шешілуде. Себебі, 1 қаңтарға даяр­лықты бір ай бұрын бастаймыз, құлаш-құлаш жарнамалар ілінеді, БАҚ көтеріңкі көңіл-күйге толы мақалалар жариялайды. Наурыз тойы қарсаңында осылардың оннан бірі де атқарылмайды.

 

Маңызды үш мерке

 

Наурызды қарсы алу, тойлау жаңаша ізденісті талап етеді. «Шын мағынасында Жаңа жыл енді келді, табиғатпен бірге адам да жаңарды, бірлігіміз бен бірегей­лігіміз нығаюда» деген идеяны ұлықтай отырып, алдын ала жарнама жасалып, хабар тара­тылып, жарыс, ойын-сауықтар өткізілгені жөн.

Әдетте желтоқсанның аяғында біз жыл­дың қорытындысын шығарамыз. Осындай салтанат Наурызға жетпей жатыр. Елде өткен түрлі жарыс, бай­қаудың нәтижесі Наурызда да шығары­лып, мем­лекеттік ма­рапат, үкімет сый­лығы Наурызда берілуі ке­рек. Наурызда мемлекеттік марапат беріліп, басқа да түрлі игі шара іске асып жатса, халық, әрине, оны асыға күтеді. Наурызды сая­сат­тың өте пәрменді тетігіне айналды­ратын уақыт келді. Оның мәні киіз үй тігу емес. Осыны сылтауратып, солтүстік өңір­дегі кейбір басшылар Ұлыстың ұлы күнін сәуір айында атап өтуге ұсыныс ай­тып жүр. Уәжі – наурызда қыстың сал­қыны ба­сылмайды, киіз үйдегілер тоңады-мыс. Сон­да желтоқсанның 31-жұлдызы май тоңғысыз жылы болғаны ғой. Дұрысы – наурыз тойын мемлекеттік саясат, идео­логия, тәрбие жұмыстарының басты буыны мәртебесіне көтерген. Қазақстан­дық патриотизмді І Петр патша бекем­деген 1-қаңтармен қа­лып­тастыра алмас­пыз, ал ғасырлар бойы бабаларымыз қастерлеген әз-Наурызбен қомақты нәтижеге қол жеткізетініміз ақиқат.

Әрине, тойдың көп болғанынан зиян жоқ. Дегенмен, үш тойды – Тәуелсіздік күнін, Наурыз мейрамын, Құрбан айт күндерін бәрінен биік қойсақ, мемлекет құраушы ұлттың ішкі тұтастығын арттыра түсер едік. Бұған құқықтық негіз де бар. 2010 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 64-сессиясында 21 наурыз Халықаралық Наурыз күні ретінде танылды. БҰҰ наурызды атап өтетін мем­лекеттердің Наурызбен байланысты дәстүрлер мен мәдениеттерді сақтап қалу және ары қарай дамыту шараларын қол­дайтынын білдірді. Қажет болған жағдайда Наурыз мерекесінің танымалдылығын арттыру үшін күш салуға мүше-мемле­кет­терді ынталандыратынын мойнына алды. Әлемдік қауымдастықты Наурыз жөнінде хабардар ету үшін осы мереке аталып өтетін мүше-мемлекеттерді Наурыздың шығу тарихын зерттеуге шақырды.

Қысқасы, тәуелсіз Қазақстан бабалар мұрасымен қайта қауышты. Ол бірлік пен бірегейлігіміздің салтанат құрғаны.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *