БІРІНШІ ОРЫНДА ҚАУІПСІЗДІК ТҰРУЫ КЕРЕК

Жуырда қалада жолаушыларға темекі беріп, есінен тандырып, тонап кетіп жүрген ұйымдасқан топ ұсталды. Күдіктілердің үстінен арызданғандардың саны бүгінде 6 адамға жеткен. Almaty.tv тілшісі олардың біреуінің Ресей Федерациясының азаматы екенін айтқан.

Күні-түні тіршілігі бір тоқтамайтын шаһарда бүгінде такси қызметінің де бірнеше түрі бар. Алматылықтардың такси қызметін пайдалануға қатысты пікірлері әр түрлі. Бірі көше бойынан ұстай салған арзан десе, өзгелері мұндай таксилер жолай тағы бірнеше жолау­шыға тоқтап, уақытты ұрлайды деп шағым­данады. Сондықтан екіншілері такси қызметін қосымшалар арқылы онлайн шақыртқанды жөн көреді екен. Бүгінде ондай қосымша­лардың «ІnDrіver», «Я.Такси» секілді танымал түрлері бар.

Соңғы кезде қаламызда жеке көлікпен жолаушы тасымалдайтындардан зардап шек­кендер көп. Қауіпсіздік шаралары шаһарда жан-жақты қарастырылса да алаяқтар өз айласын іске асырып жүр. Көпшілікке такси қызметін үйде отырып қосымшалар арқылы шақыру айтылса да, асыққанда жолға шығып, ұстай салғанды жөн көреміз.

Соңғы жылдары елімізде жолаушы тасымалдайтын жеке компаниялар көбейіп келеді. Мұндай тәжірибе шет елдерде әбден сыналып, бүгінде оларға сіңісіп үлгерген. Мәселен, Мәскеу билігі жол жиегінде такси тоқтатып тұратындармен күресті 10 жыл бұрын бастап, оң нәтижеге енді ғана қол жеткізді. Шет елдердің үздік тәжірибелерін көріп, еліміз­де де онлайн такси қызметі қарқынды дамып келеді. Ол бір жағынан заңды болса, екінші жағынан, қауіпсіз. Уақыт тиімділігі мен ыңғай­лылығы өз алдына. Десе де, көпшілік таксиді жол бойынан ұстау арқылы қаржыны үнем­деуді де ойлайды. Өйткені, онлайн такси қызметтерінде баға 400 теңгеден басталады да, оған «300 теңгеге апар» деп айта алмайсыз. Мұнда жүргізушімен тікелей мәміле болмаған­дықтан  ғаламтор ұсынған бағамен жүруге тура келеді. Бір жағынан такси үйден алып кетіп, баратын жеріңізге дейін апарып салатын­дық­тан да оның бағасы жоғары болады. Көше бойынан ұстасаңыз, «шамалы жолды жаяу жүре салам» деп баратын жеріңізге дейін емес, көше бойынан түсіп қалуыңызға болады. Сөйтіп, аздау ақша төлейсіз. «Бағаңды түсір», «Мынаған апар» деп өз бағаңызды ұсынуға да мүмкіндік бар. Сөздің шыны, онлайн такси қызметі көбінесе айдағы бағаны сұрап жатады. «Я.Такси» қызметінде баға көздеген жеріңізге жеткеннен кейін автомат арқылы есептеліп шығарылса, «ІnDrіver» қосымшасында бағаны сіз де, жүргізуші де ұсына алады, солай бағаны алдын-ала келісіп аласыз. Осы ретте жүргі­зушілер бағаны шарықтатып жібереді. Бірде Шаляпин-Момышұлы көшелері жақтан «Алға­бас-1» ықшамауданына қарай бармақ болып такси шақыртсам, 1500 теңге сұрайды. Тағы біреуі 1000, 1200 теңге сұрады. Уақыттың кептеліс кезі емес екенін ескерсек, әрі отыра­тын жерім мен баратын жерімнің бір көшенің бойында екенін назарға алсақ, ол шектен тыс көп ақша. Содан көшеге шығуға тура келді. Мо­мышұлы көшесінің бойына шығып, қолымды көтергенім сол еді, бір такси тоқтап, 500 теңгеге алып кетті.

Дегенмен, қосымшалар арқылы жүретін такси шақырғанда, егер баламен болсаңыз, соны жазып қоятын жері болады. Егер ақшаңыз картада болса немесе ірі ақша болса, соны да жазып, жүргізушіге алдын-ала ескерте аласыз. Таксиді таңдамас бұрын жүргізуші туралы өзге жолаушылардың ойымен де танысуға болады. Сондай-ақ, онда сіздің жол жүрген барлық ақпаратыңыз сақталады. Бұл бірінше кезекте қауіпсіздік үшін маңызды. Егер сіз қаланы жақсы білмейтін болсаңыз, сізді шығарып салған адам, сіз барар жеріңізге жетіп алғанша сізді телефоны арқылы бақылап отыра алады. Кептелісте тұрсаңыз, ол да көрсетіліп тұрады.

– Такси қызметін мобильді қосымша арқылы пайдаланған дұрыс. Өйткені, онда барлық ақпараттар сақталады. Яғни бірінші орында тұтынушының қауіпсіздігі тұрады. Егер де жүргізуші тарапынан құқық бұзылса, жолау­шы бірден диспетчерлік орталыққа хабарласа алады, – дейді Қазақстандағы «Яндекс Такси» қызметінің директоры Дәурен Ахметқали.

Урбанистер болса жеке жүргізушілерді жақтайды. Өйткені, олар жол-жөнекей бірне­ше адамды алып кете береді. Біреуімен 500 теңгеге келіссе, келесі жолаушыны жолы бір болса, 300 теңгеге алып кетеді. Қол көтерген тағы біреу одан шамалы арырақ баратын жерге 200 теңге ұсынса, оны да тастамайды. Сөйтіп, бір адамды 500 теңгеге алып, оны жеткізгенше жолшыбай 1000 теңге табады. Бірақ бұл бірінші жолаушының уақытын алады. Ал таксистер болса қосымша арқылы такси шақырғанда кем дегенде 10 минут уақыт кететінін айтады.

Тәртіп сақшылары ұсынған мәліметке сүйенсек, адамдар көбіне көліктерді қаланың батысында Райымбек пен Момышұлы көшеле­рінің жиегінде, ал шығысында «Саяхат» авто­вокзалының маңында тоқтатады екен. Олар­дың айтуынша, былтыр жол жиегінде жағалай тұратын жолаушылардың кесірінен 58 жол апаты болған. Салдарынан, 8 адам қайтыс болып, 50 адам жарақат алыпты. Үстіміздегі жылдың басынан бері 9 жол апаты болып үлгерген. Абырой болғанда, көз жұмғандар жоқ. Ал жол жүру ережесіне сай тоқтауға ты­йым салынған жерлерде такси ұстаған адамға да, оған тоқтаған жүргізушіге де әкімшілік хаттама толтырылады.

– Егер рұқсат етілмейтін белгінің астында тоқтау жағдайы айқындалса, біз жолаушыға да, жүргізушіге де әкімшілік шаралар қолданамыз. Жолаушыларын тиісті емес жерден отырғызып, түсіретін көлік жүргізу­шілері өте көп. Заңға қайшы әрекет болған­дық­тар, мұндайда міндетті түрде әкімшілік хаттама толтырылады, – дейді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек. Қазірде шаһардағы көліктердің 1 күндік трафигі 1 миллионға жуықтайтын көрінеді.

Үйде отырып такси шақыруға шыдамай көше­ден такси ұстап немесе аз бағаға жол жүріп жүріп сол қимас уақытыңыз бен үнем­деген қаражатыңызды еселеп жоғалтып, үлкен шығынға ұрынбаңыз. Өміріңіз бен денсаулы­ғыңыздың бағасын жоғары қойып, қауіпсіз жол жүруді таңдаңыз, жолаушы!

 

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *