Бір өзі бір мектеп еді

Сәкен СЫБАНБАЙ

 

22 наурызда Ганс Христиан Андерсен атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, жазушы, публицист Марат Қабанбайдың туғанына 70 жыл толады.

 

 

Әдебиеттен – журналистикаға…

 

Марат аға дүниеден озған жылы туған бала ендігі кәмелетке толып, мек­теп бітіретіндей де уақыт өтіпті. «Биыл 70-ке толар еді» деген ойды санада біраз салмақтап, әбден қорытқан кезде барып оның дүниеден қаншалықты ерте кеткенін түйсінесіз. «Тәйірі, 52 деген де жас болып па жігіт адамға!» дер ме еді өзі…

Біз Марат Қабанбаймен әуелі оқырман ретінде сырттай таныстық. Оны қаламы қарымды, айрықша дарын­ды жазушы ретінде қабылдадық. «Бақ­бақ басы толған күн», «Арыстан, мен, виолончель және қасапхана», «Кермек дәм», «Жиһангез Тити» секілді кітап­тары арқылы білдік. Баланы да елікті­ріп, үлкенді де үйіріп әкететін әңгіме­лерін, хикаяттарын, романдарын қызыға оқыдық. Маған кейде жазушының көркем шығармалары оқырманның ыстық ықыласына бөленгенімен, әде­биеттанушы, сыншы ағайындар тарапы­нан жеткілікті дәрежеде талдап-таразы­ланып, жүйелі түрде зерттеле қойма­ғандай көрінеді.

Жұрттың кітап оқуға мұршасы бола бермеген қым-қуыт өзгеріске толы ала­са­пыран 90-жылдары алдыңғы кезекке жауынгер жанр – публицистика шықты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ баспасөзіндегі тақырыптар, ізде­ністер керемет болатын. Қазақ баспа­сөзі – ол уақытта күн сайын түрлі идея­лар жарық көретін, ұлттық һәм мемле­кеттік мәселелер жан-жақты талқыла­натын нағыз Күлтөбе іспетті, қайнап жатқан орта еді. Міне, осы кезеңде айдыны аса түскен «Ана тілі» ұлттық апта­лығының керегесін керіп, шаңыра­ғын көтеріскен Марат Қабанбай өзін майталман көсемсөзші ретінде танытты.

Қазақ руханиятының тарихында жазу­шылығымен-ақ аты қалатын Мәкең жетіскеннен журналист болған жоқ. Ол публицистикаға шындап бет бұрған 1990 жылдары елде әлі де аумалы-төкпелі көңіл-күй басым еді. «Қазақ мемлекеттілігін, ұлттық қауіп­сіздігімізді қайтсек нығайта түсеміз?» деп, шақшадай басы шарадай болған зиялылардың байсалды үнін ол шақта орысшыл шовинистік ұйымдар мен тұрғылықты ұлт мүддесін жиыстырып қойып, «тарысы піскеннің тауығы» боп жүрген популист саясаткерлердің шәң­кілдек дауыстары басып кете беретін. Сол кезде бетімен кеткен бейдауаларға дәлел-дәйектермен «дәріленген» қарсы соққы беруші «ауыр артиллерияның» алдыңғы сапына Марат Қабанбай шықты. Оның «Ханнан да, қарадан да биік ана тіліміздің күні не болады?», «Біз – көкектің бір ұядағы балапанда­рымыз», «Үндемеген – үйдей пәле», «Қараңғыда қара мысық ұстатпайды» және тағы да басқа өткір мақалалары қазақ қоғамын дүр сілкіндірді.

Жауынгер жанрдың жүгін арқалаған жазушының өз ұлтын қаншалықты сүйе­тіні, өз еліне қаншалықты елжірей­тіні оның «Қайнайды қаның, ашиды жаның», «Талант тас жарады… Бас жаруы да ықтимал», «Маймылдың бізге керексіз қоңыраулы құйрығы», «Бұл зиялы – қай зиялы?», «Шенеуніктер шеру тартып барады» сынды арада қанша жыл өткен соң оқысаң да, еріксіз «ойпырай!» дегізетін ащы ақиқатқа толы дүниелерінен анық байқалады. Оның осы сипаттамаға лайық «Тайқазан, яки ошақтың үш бұты» атты мақаласын оқып көріңізші:

«…Біз өркениет тарихын, әлем ой ағынын ең алдымен дұрыс түсініп алуы­мыз керек. Көне қытай, үнді ғақлия­ларынан бастап, грек, рим көзқарас­тарын, содан бергі араб жауһарлары­ның басын қоса отырып, еуропалық ой түйіндерімен таныспаса, аса қиын. Аталмыш ілімдерді ондаған ғасыр тари­хы бар, бірақ өзге түгілі өзіміз жаңа-жаңа біліп жатқан көшпелілер мәдение­тінің тайқазанына салып жіберіп, қайта суытып, қайта пісірмей, оны және қазақ көкейіне сіңірмей, бізге әлемтану бастиондарына көтерілу екі дүниеде жоқ. Тек дала мәдениетімен шектеліп қалсақ, шумер, қытай, үнді, мысыр, грек, рим, араб, еуропа, славян кемең­­гер­лерінің арасындағы екі езуі екі құлағында, санын шапаттап, мәз болып жүрген тентек баланың халіне түсеті­німіз хақ шындық. Мұны ұға және дұрыс қорытынды шығара білмесек, «әлемдік» дегенге кеп қалатын адамауи басқа көшпе­лілер мәдениетіндей тарпаң жылқы-тұлға­ны есебін тауып, кіріктіре білсек, біз өте-мөте зәру, қуатты да қайырылуы сингармониялы мәдениет сонда барып шығады».

Демек, әуелде елтану, тілтану бағы­тындағы танымдық басылым боп ашыл­ған «Ана тілінің» – газетке Мәкең бас редактордың орынбасары боп келген­нен бастап, Қазақстандағы бүкіл қоғам­дық-саяси оқиғаларды қазақ халқының мүддесі тұрғысынан саралап-сараптап отыратын таза ұлттық ақпарат құралы­на айналғанына таңғалуға болмайды.

 

 

Марат Қабанбайдың бес кеңесі

 

Ақпарат демекші, өзі шағын болға­нымен, «шашты ағартар» шаруасы көп осы жанрды барынша қазақы қалып­та беру де «Ана тіліне» сол кісі келген соң қарқын алған-ды. Батысты да, Шығысты да көп оқыған Мәкеңнің, кейбір қаламгерлер секілді, сол оқыған-тоқығанының жетегінде кетіп қалмай, қазақы тілдің қайнарын да молынан сақтағанын оның шығармашылығымен таныс адамдар жақсы біледі. Сондықтан да кез-келген, тіпті таза экономикалық тақырыптағы хабарлардың өзі ол кісінің қаламы тиген соң-ақ қазақыла­нып, жұтынып шыға келетін.

«Ана тілі» газетінің 100 мың данамен тарап, дәуірлеген жылдары қарапайым жас тілші болып, Марат ағаны ұстаз тұтып, бір ұжымда бірге қызмет етке­німді осы күні сағына еске аламын. Ескі қойын дәптерімдегі сол уақытта түртіп алған мына жазбаларыма қарап отырып, «журналистика факультетіне осы Марат Қабанбай секілді нағыз ұстаздар керек екен ғой» деген ойға келдім.

  1. «Журналистің сөп саптау, сөйлем құруының өзі сірескен стильден аулақ, барынша қарапайым (бірақ қарабайыр емес), оқырманның жанына жақын да ұғынықты болуы керек» дейтін ол. Бірақ оның бұл талабына бала кезден «қазақ cовет газеттерінің» ресми реңктегі ақпараттарын оқып өскен біздің қатып, тікейіп қалған тіліміздің әуелде оңайлықпен көне бермегені де есімде.
  2. «Фактіні сөйлетсең жетеді, ақпа­ратқа сенің эмоцияңның, жеке көзқа­ра­сыңның түкке де керегі жоқ!» дегенді де жиі айтатын еді.
  3. «Мақала жазғанда таңдаған тақы­рыбың әйтеуір ұлт өмірінің бір қиырын қамтып жататын болсын» дегенін де жазып алыппын. Яғни «не жазсаң да, қазақтың уайымын жаз, қазақтың қуанышын жаз, халқыңның ойына ой қос» деген өсиеті-ау деп қабылдаймын.
  4. «Сөйлеміңде артық-ауыс, босқа көлем көбейтіп тұрған керексіз сөз бол­масын, бір ойды қайталайтын сөйлемдер кездеспейтін болсын». Мұнысы да – біздің кейбір қызыл сөзге әуес жазғышбектерге керек керемет кеңес.
  5. «Сөйлемдерің барынша қазақы болсын, калька деген бәледен қаш, екі шақырым әрі жүр!». Қазіргі «орын алды» (имело место), «қайда бармасын» (куда бы ни шел), «алды да, күлді» (взял да рассмеялся) деп орысша ойлап, «қазақша» жазатындардың құлағына қайта-қайта құяр ма еді, шіркін. Шын мәнінде, нағыз қазақшасы «орын алды» емес – «болды», «қайда бармасын» емес – «қайда барса да», «алды да, күлді» емес – «күліп жіберді» ғой.

Әйтеуір ол кісі әр сөзге, сөйлемге жауапкершілікпен қарап, біз әбден қалыптасқанша, түзеп-күзеуден жа­лық­қан жоқ. Мәшіңкеге бір басылған дүние ол жөндеген соң бірнеше рет қайта басылатын, кейде тек белгілі бір сөйлемдер мен сөздер ғана қайта бөлек теріліп, әлгінің үстіне жапсырылатын. ХХ ғасырдың 90-жылдарының орта шеніндегі «Ана тілі» журналисі үшін қалам мен қағаз ғана емес, желім мен қайшының да күнделікті қажетті құрал болғанына компьютермен ғана «сөйле­сетін» бүгінгі күні сену де қиын шығар. Сөйтіп, артық сөзден, қасаң сөйлем­дерден «арылып», жіптіктей болған материалға ғана қол қойып, бас редактор Бейсенбайұлы Жарылқап ағаға жібере­тін. Бұл «қосымша жұмыстың» салда­рынан газет нөмірі кешігіп жатыр ма, Мәкең оған тіпті де елең етпейтін. «Барлық материал бетке тап-тұйнақтай боп, таза түсуі керек» деген ұстанымнан ол ешқашан тайған емес-ті. Ал басқа-басқа, тілшінің өз ойын пікірін сұрау, оның пікірімен (егер көкейге қонымды болса) санасу – Марат Қабанбай үшін еш ұмытылмайтын қағида болатын.

 

 

«Мен әлі түк білмейді екенмін ғой»

 

Өзі келбетті болғанымен, көзқарасы сұсты сезілетіндіктен бе, бір қараған кісіге оның өте қатал адам болып көрінетіні рас-ты. Ал оны жақынырақ білген кісі Марат ағадай аса мейірімді де мәдениетті жанның өте сирек екеніне көз жеткізер еді. Бірге қызмет бірнеше жылдың ішінде бізге бірде-бір рет (!) дауыс көтеріп ұрыспауы (ал ұрсатындай жағдайдың онша аз бола қоймағанын жасырып қайтейік), оны-мұны өкпе-ренішінің бәрін де «жағдай былай ғой, жігіттер…» деп сыпайылап отырып қана жетеңе жеткізіп, дымыңды құртатыны, соңында «қатты айтып отырған жоқпын ба сендерге?» деп шын ниетімен өзі қысылып отыратыны – сөзімнің дәлелі. Мұндай әңгімеден соң, ештеңе ұқпас әңгүдік біреу болмаса, кім-кімнің де дереу ширап, «қой, ендігәрі ағаның алдында ұятқа қалмайық» деп бекініп шығары, белсеніп жұмыс істері анық-ты. Солай болды да…

«Газет оқудың да өз әдіс-тәсілі бар, – дейтін Мәкең.– Кей газеттерді шолып шығу үшін 10-15 минут та жеткілікті, тек өзіңді кәсіби тұрғыдан өсіретін, сана­ңа қозғау салатын жақсы дүние­лерді ғана саралап оқу керек. Қалған бос уақытыңды түгелдей кітап оқуға жұмса». Өзі көз жұмғанша оқудан жа­лық­қан жоқ. Қайтыс боларының алдын­да ғана Стейнбектің алты томын оқып шығыпты да, «мен әлі түк білмейді екен­мін ғой» депті. Ең білімді қазақтың бірі осылай дегенде, біз не білеміз сонда?..

«Журналистика – менің көңілдесім ғана, ақырында бәрібір әдебиет-әйеліме қайтып ораламын» (өз сөзі) деген көзқараста болса да, Марат Қабанбай қазақ журналистикасына қыруар еңбек сіңіріп кетті. Оны қазір біреу бағалап, біреу бағаламауы мүмкін, бірақ бола­шақта қазақ баспасөзін зерттейтіндер ХХ ғасырдағы ұлттық журналистиканы саралағанда, қадам басқан сайын Марат Қабанбайға жүгініп отырары хақ. Оның аз ғана данамен таралған «Қазақ, қайда барасың?» атты публицистикалық мақалалар жинағын қайта бастырып шығарса, ұлтын сүйетін жас ұрпақтың қолынан түспейтін кітапқа айналар еді.

Қазір ұлттық баспасөзде «Марат мектебі» жеткілікті дәрежеде мойын­далып, қалыптаспағанымен, өздерін Марат Қабанбайдың шәкірттері санай­тын журналистер тобы бар. Қазақтың бүгінгі талай танымал қаламгері «Шерханның шекпенінен шыққанбыз», «Сейдахмет баулыған буынбыз» деп мақтана алса, біз де «Марат мектебінің түлектері» деп айта аламыз.

Және соны мақтаныш тұтамыз да!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *