Бір терезе қағидатынан бір өтініш қағидатына

Осыдан бірнеше жыл бұрын бір терезе қағи­датына көшіп,  құжаттандыру мәселесі жеңілде­ген­дей болып еді. Ал енді, міне, заманына қарай цифрландыру бағытын­дағы  жаңа технологиялар  қолданысқа енгенде,  мемлекеттік қызмет түрле­рін пайдаланудың қолжетімділігі арта түс­пек. Бұдан былай  үйде отырып-ақ SMS-пен бір өті­ніш жол­дау арқы­лы бірнеше мемлекеттік қызметті пайда­лана алатын боласыз. Осы және «Азаматтарға арналған үкімет» мемле­кеттік корпорациясында болып жатқан оң өзгерістер мен оңтайландыру туралы Алматы қаласы өңір­лік коммуни­кациялар қызметі алаңында  өткен баспасөз мәслиха­тын­да осы корпорацияның Алматы қаласы бойын­ша филиалының дирек­торы Дастан Жан­телиев мәлімдеді.  

Бүгінде төрт мемлекеттік  – Халыққа қызмет көрсету орталығы, Жер кадастры ғылыми- өндірістік орталығы,  Жылжымайтын мүлік орта­лығы  және Мемлекеттік зейнет­ақы төлеу орталығын біріктіріп отыр­ған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда бірқатар жұмыстарды қолға алған. Ендігі мақсат – азаматтардың осы мүмкіндіктерді пайдалана білуіне жағдай жасау,  жаппай цифрлық сауаттандыруды жүзеге асыру болмақ.

Енгізіліп жатқан жаңашылдық­тарды Қазақстан азаматтары игеруі үшін де көптеген жұмыстар жүргізі­луде. Цифрлық ХҚО-ларды ашу да осы мақсаттан туындап отырған жәйі бар. Онда тақырыптық дәрістер өткі­зетін сыныптар ашылып, белгіленген кестеге сәйкес цифрлық сауаттылық дағды­ларын арттыру бойынша сабақ­тар өтеді. Одан тыс, корпорация мамандары мекемелер мен ұйым­дарға, университеттер мен институт­тарға, колледждерге, мектептерге барып жаппай цифрлық қызмет алу дағдыларына оқытуда.

Жалпы, корпорация 8 млн. адам­ның цифрлық сауаттылығын көтеруді жоспарлап отырған көрінеді. Қазіргі таңда мемлекеттік корпорацияның әрбір фронт-офисі өзіне-өзі қызмет көрсету «Connectіon Poіnt» секторы­мен жабдықталған, ол жерде «элек­трондық үкімет» порталы және басқа да мемлекеттік ресурстарға  шығу мүмкіндігімен қамтамасыз етілген жұмыс орындары ұйымдастырылған. Өзіне-өзі қызмет көрсету секторында азаматтар өз бетінше ЭЦҚ алуға өтінім беруге, сондай-ақ 700-ден астам электрондық қызмет пен сервистер алуға мүмкіндігі бар. Жыл басынан бері  «Connectіon Poіnt» арқылы 519315-нан аса кеңес беріліп, 590863 адам өздігінен қызмет алған.

Сонымен қатар, Алмалы ауда­нын­дағы Сандық халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы жетіл­дірілу үстінде. Қазір жоба пилотты негіз­де тиімді жұмыс жасауда. Мұндай орталықтардың ерекшелігі – белгі­ленген кестеге сәйкес, цифрлық сауат­тылық дағдыларын арттыру бойынша тақырыптық дәрістер өткізетін сыныптарының болуы.

Сонымен қатар, адам көп шоғыр­ланатын орындарда (сауда орында­рында, вокзалдарда, әуежайларда, соттарда және т.б.) мүдделі мемлекет­тік органдармен бірге тұрақты негізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша кең ауқымды акциялар мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Жыл басынан бері Алматы қала­сы бойынша мемлекеттік және жеке оқу орындарында (ЖОО, колледж­дерде және т.б.) 12703 адам цифрлық қызметтер алу бойынша дағдыларын машықтандырды, – дейді  «Азамат­тарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бо­йын­ша филиалының директоры Дастан Жантелиев.

Бала тууға байланысты мемле­кеттік қызметтерді проактивті тәсіл­мен ұсыну жобасы да табысты жүру­де. Қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша жаңа босанған  6406 әйелге СМС-ұсыныс жіберіліп, оның 1996-ға жуығы осы проактивті тәсілмен қызмет алу мүмкіндігін пайдаланған. 3341 туу туралы куәлік беріліп, 682 жәр­демақы тағайындалып, 1348 нәресте балабақшаға кезекке қойы­лыпты.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда азамат­тарды онлайн-тіркеуге, жүргізуші куәлігін онлайн өтініш арқылы алуға, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына онлайн-бейне байланыс арқылы сұрақтар қоюға мүмкіндіктер бар екенін айта келіп, корпорация өкіл­дері бұл сервистерді пайдалана біл­мейтіндер кез-келген фронт-офиске келіп үйренулеріне болатын­дығын айтты.

«Азаматтарға арналған  үкімет»   корпорацияның бүгінгі тыныс-тірші­лігі мен бағыт-бағдарында көңіл­ге қоным­ды игілікті істер көп көрінді. Әсіресе, халыққа  сандық қызметтер көрсетуде айтарлықтай шаруалар тын­дырылып жатқандығын атап өткен жөн.

 

Н.ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *