БІР ТҮЙМЕ ӘКЕЛГЕН ҚАСІРЕТ

(Мүтәліп ақсақалдың әңгімесінен)

%d0%ba%d1%8b%d0%b7%d1%8b%d0%bb%d0%b4%d0%b0%d1%80

Аңқай шапқыншылығы

Шыңғыс ханның қан­ды қасабынан кейін сегіз жүз жыл өткенде тыныш­тыққа бөгіп жатқан Күл­төбеде тағы да бейкүнә адамдардың қаны төгілді. 1931 жылдың ызғарлы қазан айында найза, қылыш, шоқпармен қа­ру­ланған жүздеген атты­лы адамдар таң алдында «Аңқай, Аңқай!» деп аттан­дап, ұрандап келіп ұйқыда жатқан Сауда­кент ауылын шапты. Ал­да­рынан «қой-қойлап», басу айтып шыққан адам­дарды сойылмен, қамшымен, қылыштың сыртымен ұрып қанжоса қылып сабады.

Жас балалар мен әйелдерді де аяған жоқ. «Сары қайда, Мүтәліп қайда, Байқадам қайда?» деп зікір салып, елдің апшысын қуырып, тары­ның қауызына сыйғызды.

Дүкендерді, кең­се­лерді өртеп, үйлердегі жарамды мүліктерді тона­ды. Қарусыз халық оларға түк қарсылық көрсете алмады. Бітім, сауға сұраған шалдардың «сен советсің» деп сақал-мұртын күзеді, өздерін соққыға жықты. Осы даңғаза шудан, алабөтен қаталдықтан шошынып ай-күні жетіп отырған бірнеше келіншек бала тастады. Екі тұмса келіншек ажал құшты.

Ауылда Байқадамда ғана қосауыз мылтық бар екен. Ол оғы таусылғанша бандалармен атысқан. Аудандық милиция бастығы Сары қашып кетіпті. Аңқайлық­тардың «қара тізіміндегі» комсомол мүшесі Мүтәліп (осы әңгімені айтушы) жасыры­нып үлгерген. Қолға түскені Байқадам болды. Оны ат құйрығына байлап, Күлтөбеге дейін сүйреп барған. «Қанды қол қарақ­шылар, кеңес үкіметі сендердің сазайла­рыңды береді» деп айғайлаған оның аузына топырақ толтырып, қамшының сабымен өңешіне дейін тығыздаған. Үні өшсе де бұлқынып жатқан жігітті Аңқай имек қанжарымен жұрттың көз алдында қойша бауыздап жіберген.

Аңқайшы топ «Біз Сұлтанбек ханның сарбаздарымыз. Кеше ғана қызылдардың қолынан қаза тапқан ханның кегін қайтарып жүрміз» деп ойларына келгенін істеген. Кейін белгілі болғандай, бұлардың Созақ көтерілісіне, оның басшысы Сұл­танбекке түк қатысы жоқ. Торлан тауларын паналап жүрген, ойдан-қырдан қашқан ұры-қары, баукеспе, қарақшылар екен. Олардың басшысы Аңқай аты елге бұрын­нан белгілі, талай момынды қанқақсатқан барымташы, қандыбалақ қарақшы бола­тын. Алаяқ қу, зымиян көп адамдардың Созақ көтерілісіне іштей тілектес екендігін біледі. Көтерілістің атын жамылып жымысқы әрекетін жүзеге асырып жүрген әбжыландай аяр адам.

– Кәмөнестердің, кемсемелердің, оған тілектестердің көзін жойыңдар! Үйлерін өртеп, «тігерге тұяғын қалдырмай тартып алыңдар! Ол еркек пе, әйел ме, бәрібір, аямаңдар! Біз халықты бәлшебектердің құлдығынан азат етуші жиһангер әскер­леріміз. Аллаға аян, біздің ісіміз ақ, ниетіміз хала, – деп ұран тастап, есерсоқ топты екілендіріп, өршелендіре түседі. Онсыз да қаны бұзық қарақшылар қойға шапқан қасқырдай елдің тоз-тозын шығарып, білгенін істеп жүр.

Байқадам

Аңқай бандалары аудан орталығына, төңіректегі ауылдарға екі күн ойран салды. Үшінші күні хан сайлаймыз деп Күлтө­бенің басына жиналды. Сол кезде ауыл іргесіндегі қалың сексеуіл, шеңгелдің ішінен қызыл әскерлер қаптап шыға келді. Оларды бас сауғалап қашып кеткен милиция бастығы Сары мен исполком төрағасы Қана­беков бастап келіпті. Мұздай қару­лан­ған әскерлер екі максим пулеметін атан­дарға артып алыпты. Күлтөбені замат­та қоршап алып оқ боратты. Қарақ­шы­лардың бірен-саранында болмаса мылтық жоқ еді, жаңбырша жауған оқтан баудай түсіп қырылды. Қашқындарын атты әскерлер қуып жетіп қылышпен турады, винтовка найзасымен шаншып өлтірді. Жақын маңдағы ескі мазарларға тығыл­ғандарды граната тастап жарып жіберді. Қанды қырғын түске дейін жалғасты.

– Күлтөбенің маңында жүзден астам оққа ұшқан,  қылышпен шабылған адам дене­лері жатты. Оның ішінде оншақты жер­гілікті жігіттер де бар. Көр қазып жүретін уақыт жоқ, жатқан жерінде өліктердің бетін құммен жаба салдық. Кейін аш иттер өліктерді қазып алып таласып, сүйреп жүрді. Бұл жаншошырлық көрініс еді, – дейді осы оқиғаның куәсі болған Мүтәліп ақсақал.

Өліктердің ішінен Аңқайдың денесі табылмаған. Сірә, жырынды қу аласа­пыранда есебін тауып қашып кетсе керек. Осылайша Күлтөбе маңы Шыңғыс хан шапқыншылығынан кейін 800 жыл өткенде тағы қан сасыды.

Арада екі күн өткенде облыстан келген басшылар аудан халқын жинап Күлтөбенің үстінде қаралы митинг өткізді. Ең биік жеріне қарақшылардың құрбаны болған Байқадам Қашқынбаевты әскер салтымен аспанға мылтық атып жерледі. Басына бес­жұлдызы бар ескерткіш қойды. Облыс­тық атқару комитетінің қаулысымен аудан орта­лығына Байқадам аты берілді. Сөйтіп, Сау­дакент аты тағы алпыс жылға ұмы­тылды.

 

Қызылдардың зобалаңы

Митинг біткеннен кейін аудан орталы­ғында халықтың үш ұйықтаса түсіне кірме­ген ойран басталды. Қызыл әскерлер әр үйдің есігін теуіп ашып тінту жүргізді. Мүлік­терді бейберекет шашып, әбдіре, сандықтардың қақпағын бұзып ашты. Олар «не іздеп жүрсіңдер?» дегендерге: «кеңес үкіметі мен бізге қарсы бандаларды, дүкен­нен тоналған мемлекет мүлкін іздеп жүр­міз» деген.

Қарақшылармен ауызжаласты деген күдікпен бірнеше «халық жауларын» түрмеге тоғытып, оларды Сарының өзі қатаң тергеуге алды. Бөрібай деген момын шал бар еді, сол шал қарақшылардың ішінен жиенін танып:

– Әй, иттің баласы, Қасықбай, сен мұнда неғып жүрсің? Нағашыларыңның ауы­лын шауып не басыңа күн туды? Алаты­ныңды ал, қатын-балаға тиіспе, – деп айғай салыпты.

Сол өзіне сор болып жабысыпты.

– Сен қарақшылардың шпионысың, Байқадамды да ұстап берген сен. Олай болмаса қарақшының атын қайдан білесің? Значит, олармен астыртын байланыста болған­сың, – деп милиция бастығы шалды тергеуге алып бидайша қуырған.

– Ойбай, басеке, ол менің Шаянда тұратын жиенім ғой, қалай танымаймын? Көр­мегеніме көп болған, оның банды болып кеткенін білген емеспін, – деп ақтал­ған шалды Сары жығып салып тепкілеп, аузында қалған 5-6 тісін қағып алып қолына берді.

– Сендердің тістеріңді емес, бастарыңды алу керек, – деді ақырып.

Келесі кезекте дүкен күзетшісін тергеуге алды. Бастан қамшымен тартып жіберіп:

– Сарыарқадан ауған жұрт ішерге ас таппай аштан қырылып жатқанда сен неге семізсің, а?! Көртышқанша мемлекет мүлкін ұрлап жеп семіргенсің. Қарақшы­лар дүкенді тонап жатқанда неге оны қор­ғамадың? Значит, олармен тілектес бол­ғансың, бірге тонағансың, – деп зіркілдеді.

– Басеке-ау, қарулы көп жауға қалай қарсы тұра аламын, қолымда пышағым да жоқ. Банды «Аңқайлап» шауып келгенде бентопқаң, тапаншаң бар сенде ештеңе істемей қашып кеттің ғой маған да жан керек, – деді жаны қысылған байғұс.

Осы сөзі оның түбіне жетті…

Сол кезде бір қызыл әскер «жерден жеті қоян тапқандай» қуанып жетіп келді. Қолы байланған бір жігітті алдына салып айдап келді.

– Міне, дүкенді тонаушылардың бірін ұстадым, – деді танауы желпілдеп, – міне, айғақ зат!

Оның кір-кір алақанында лақа балық­тың көзіндей қызыл түйме жатыр екен. Қызыл әскер бұл түймені мына жігіттің есігі­нің алдынан тауып алыпты. Сары бет-аузы гүп болып ісіп кеткен дүкен сату­шысын алдырды.

– Мына түймені танисың ба? – деп сұрады.

– Дүкенде мұндай түйменің бір қорабы болған. Бірақ оны ешкім сатып алған емес, елдің алатын ақшасы да жоқ, – деді сатушы кекештеніп.

– Бұл түйме сенің есігіңнің алдында қалай жатыр, а? – деді қызыл әскер айда­лып келген жігітке, – дүкенді қарақшы­лармен қосыла тонағансың. Басқа мүлікті қайда тықтың, айт жаныңның барында.

– «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген, мен дүкеннің маңына да барған жоқпын. Бандылар біздің үйге де кірген, апамның күміс білезіктерін алып кеткен. Сонда түсіріп алған шығар. Әйтпесе мен жалғыз түймені не істеймін, – деді жігіт.

Тоналған мүліктен жалғыз қызыл түймеден басқа айғақ зат таппаған Сары да, қызыл әскер командирі де өте ашулы еді. Есігінің алдынан түйме табылған Қора­бай сорлыны кезек тепкілеп қабырға­сын, қолын сындырды. Ертеңіне бес-алты «кү­діктінің» қол-аяғын қыл арқанмен байлап, ырдуан арбаға теріс қаратып отырғызып қалаға алып кетті.

Арада он күн өткенде қала жақтан суық хабар келді. «Бандамен ауызжалас­қан, дүкен тонауға қатысып мемлекетке көп зиян кел­тірген деген айып тағылып Қо­рабай аты­лыпты. Қалғандары итжеккенге айдалған».

Осы жаманат хабарды естіген Қора­бай­дың кәрі әке-шешесі құсадан қайтыс болды. Сол қыста асыраушысынан айы­рылған әйелі мен екі баласы аштан өлді. Сөйтіп, бір түйменің кесірінен бір отбасы­ның шаңырағы ортасына түсіп, ошақтағы оты сөнді.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *