БІР ШАҢЫРАҚ АСТЫНДА

Биылғы 2019 жылды Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Жастар жылы» деп жариялады. Бұл – ел жастарына ерекше серпін берген, мемлекет тарапынан жас ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам.  Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз.

 Елбасы бастамасын қолдау мақсатында Қазақ ұлттық аграрлық университеті жуырда М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында Алматы қаласындағы ұлттық этно-мәдени бірлестіктермен және  Оңтүстік Кореялық ІМЕІ халықаралық  ментальді-ағартушылық орталығы­мен бір­лесіп «Бір шаңырақ астында» атты Достық фестивалін өткізді.

Фестиваль аясында ұйымдастырылған концертке Алматыдағы этно-мәдени орта­лықтардыңжетекшілері, Қазақстан халқы Ассамблеясы филиалдарының мүшелері және Жоғары оқу орындарының ректор­лары, ғылым мен мәдениеттің көрнекті өкілдері, университеттің оқытушы-про­фессорлары, студент жастар қатысты.

Шығармашылық кешті ҚазҰАУ рек­торы, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов пен ІМЕІ Халықаралық ментальді-ағартушылық орталығының төрағасы Пак Ёнг Чоль құттықтау сөзбен ашып, екі ел арасындағы рухани-мәдени байланыс­тардың уақыт өткен сайын нығайып, ортақ жобалардың іске асырыла бастағанын ерекше атап өтті.

– Университет көп жылдан бері Оңтүс­тік Корея еліндегі жоғары оқу орындары­мен, ғылыми, шығармашылық орталықтар­мен  тығыз байланыс орнатқан. Универ­ситеті­мізде Қазақстан–Корея бірлескен инновация­лық орталығы жұмыс істейді. Жыл сайын бізге Корей елінен мықты эскперт-ғалымдар, оқытушылар мен студенттер келіп тұрады.

Біздің оқу орнымыз Сеул, Конкук,   Кенг­бук,  Чонбук, Вонкванг, Кенгхи уни­вер­ситет­терімен ғылым-білім және волон­терлік бағдарламалары бойынша жан-жақты байла­ныс орнатқан. Екі ел жастары білім, озық ғылым, технологиямен қатар, мәдениет пен өнер саласында да тәжірибе алмасып келеді. Бүгінгі шара екі елдің берік достығы­ның айқын дәлелі, – деп атап өтті ректор Т.Есполов.

ІMEІ Халықаралық ментальді-ағарту­шылық орталығының төрағасы Пак Ёнг Чоль өз сөзінде тарихқа тоқталып, 1937 жылы Қазақстанға жер аударылған корей ұлтының қасіретінен бастады. Вагондарға малша тиеп, қақаған қыста Қазақстанға әкеліп аудара салған қандастарын ойласа, әлі де жүрегінің ауыратынын жеткізді. Сол қасірет жылдары Қазақстанға жеткенше он мыңнан астам кәрістің бірі аурудан, бірі суықтан, бірі аштан ажал құшқанын айтты. Одан аман  қалғаны қазақтардың бауыр­мал, жанашыр қасиетінің арқасы екенін тілге тиек етіп, жалпы қазаққа, Елбасына рахмет айтты  және бүгінгідей достық ниет­пен бірлесіп концерт, басқа да әріптестік шаралар өткізуге мүмкіндік жасаған университет басшысы, академик Тілектес Исабайұлына алғыс білдірді.

Пак Ёнг Чоль мырзаның айтуынша,  Халықаралық ментальді-ағартушылық орта­лығы бұған дейін Талдықорғанда, Шымкентте, Өзбекстанда, Қырғызстанда осындай концерттермен  болған. Ал жалпы бұл орталық 2013 жылдан бері әлемнің әр түкпірінде: АҚШ-та 400 рет, Австралия, Африка, Еуропадағы, т.б. ірілі-ұсақты елдердің көпшілігінде болып,  алты мыңнан аса лекциялар мен игі істерді насихаттай­тын кездесулер өткізген.

ІMEІ жобасының мақсаты – қатыгез­дікке бой алдырып бара жатқан жаһан дәуі­ріндегі қатқыл ұстанымдарды жұмсар­тып, адамдардың бір-біріне жақсылық жасауын дәріптеу, жылылыққа үндеу, ізгілікке шақыру, адамгершілікті насихат­тау, достық қарым-қатынаста болу. Бірлік пен достықты насихаттау – қазақ халқы­ның ұлттарды ұйыстыратын басты ұста­нымы. Бүгінгі Қазақстанда өмір сүріп отыр­ған 130-дан астам диаспора өкілдері­нің ынтымағы – ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан  ұлттық ұстаным­дардың Елбасы саясатымен сабақтасуында. Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» дегені де қазақ халқының бұл тұрғыда біртұтас ұстанымда екенін айғақ­тай түседі. «Бірлік түбі – береке», «Ырыс алды – ынтымақ» дейтін нақыл-тәмсілдер­дің нақты іс жүзіндегі көрінісі бүгінгі Қазақстандағы диаспоралардың татулығы.

Кеш барысында ІMEІ жобасының­дарынды волонтерлары ұсынған«Сіріңке ұстаған қыз» қойылымы да ынтымақ пен бірлікке, адамдардың бір-біріне жақсылық жасауға ұмтылдыратын идеяны арқау етті. Тілі басқа болғанмен, өзегі ортақ өнерге көпшілік ризашылық білдіріп, шығарма­шыл жастардың сахнадағы еңбегіне қошеметпен қол соғып отырды!

Фестиваль соңында Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасы­ның орынбасары Қазбек Мансұров, «Ахыска» түрік мәдени орталығының төрағасы Қазақбай Қасымов, Алматыдағы украин ұлттық мәдени орталығының төрайымы Тамара Агапова, Қазақстандағы Қырым татарларының «Ватандаш»мәдени орталығының жетекшісі,  биология ғылы­мының докторы, ҚазҰАУ профессоры Сейіт Бабалиев және басқа да ұлттық бір­лестіктер жетекшілері сөз сөйлеп, универ­ситет ұйымдастырған достық фестиваліне жоғары бағасын берді.

Мәдени шараны қорытындылаған университет ректоры, академик Тілектес Есполов барлық ұлттық этно-мәдени бір­лестіктердің жетекшілері мен ІMEІ орта­лығы басшылығынсахна төріне шақырып, алғыс айтып, ізгілікке үндейтін мұндай рухани шаралар алдағы уақытта да жалға­сын таба беретініне зор сенім білдірді.

 

ҚазҰАУ БаспасӨз қызметі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *