Бір сөз үшін бір күн ойланған кез болды

Амантай ШӘРІП:

 

«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында британдық ойшыл Карен Армстронгтың «Құдайтану тарихы» кітабының аударылуына атсалысқан профессор Амантай Шәріп туындыны аудару барысы туралы айтып берді, деп хабарлай­ды ҚазАқпарат тілшісі.

 «100 оқу­лық» аясында аударылған кітап­тардың бірі дүние­ жүзіне әйгілі ғалым, теолог, публицист, британ­дық ойшыл Карен Армстронгтың «Құдайтану тарихы» кітабы. Сол кітаптың аударма және редакциялау тобының ішінде болдық», – дейді Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Түркітану кафед­ра­сының профес­соры, филология ғылымының докторы Амантай Шәріп Астанада өткізілген «Еркін сөйле» атты конферен­цияда.

Оның айтуынша, кітап қазірге дейін әлемнің 40-қа жуық тіліне аударылған. «Карен Армстронгтың 11 кітабы орыс тіліне аударылыпты. Оның барлығы танымал кітаптар. Ұлттық аударма бюросы көпте­ген өлшемдерге қарай отырып, осы Армст­ронг­тың бүкіл шығармасының ұйытқысы болып табылатын «Құдайтану тарихы» деген кітабын таңдап алды. Бұл кітапты бір ғана теологияның немесе философияның ауқымына шектеп қоюға болмайды. Жалпы, туынды гуманитарлық мамандар үшін үлкен азық болатын дүние деп есептейміз. Көп қыртыс­ты, көпмағы­налы кітап бүгінгі күнге өте өзек­ті. Себебі, автор мұнда адам­заттың бүкіл идеяларын шоғырландыруға күш салған», – дейді ол.

Амантай Шәріп діндердің тари­хын қараған кезде Армстронг әр­бірін жеке-жеке бөлектеп тастамай, бір-бірімен сабақтас екенін қадай айтып, адамзаттың Жаратушыны тануға деген ізденістерін келтіріп, бірлікке, толеранттыққа, өзара түсіністікке шақыратынын атап өтті.

«Сонымен қатар, бұл тенден­циялық бағыттағы емес, ғылыми-танымдық кітап. ЖОО-лардағы гуманитарлық мамандық алып шығатын студенттерге бұл бір айтулы оқу құралы болайын деп тұр. Кітап жазылғалы бері ширек ғасыр өтіпті. Алғашқы басылымы 1993 жылы шыққан. Карен Армстронгтың өзінің айтуынша, кітап жазылып жатқанда автор көп баспаларға шыққанымен, дін туралы болған­дықтан, туындыны еш­қайсысы қабылдамапты. Ал енді өзіңіз көріп отырған­дай, кітап жарық көргеннен кейін қазір ол халықаралық бестселлерге айналып отыр»,  – деді ол.

Профессор сонымен қатар, кітапты аудару барысы туралы айтты.

«Бір тілден екінші тілге аударма жасау да әлбетте оңай емес. Өйткені, біріншіден, ол – менталитеттің мәселесі. Ағылшын басқаша, біз басқаша ойлаймыз. Сондықтан бір тілдегі ұғымды екінші тілге ұғынықты етіп жеткізу күрделі. Кітап маған редактор­лыққа келгеннен кейін туындыны бір ізге түсіруге тырыстым. Өйткені, бір ғана терминді қазақ тіліне кіріктірудің өзі қиын. Айталық, «Козел отпущение» деген ұғым бар. Ол тіркесті қазақ тіліне кіргіземіз. Мен осы үшін ғана бір күн ойланып жүрдім. Оны сәтті аудару үшін аталған сөздің қайдан шыққанын білу керек болды. Сөйтсек, бұл құрбандыққа шалуға қатысты рәсімі екен. Құрбандыққа шалу кезінде еврейлер бір бұзауды, бір қозыны, екі текені алып келеді екен де, құрбандыққа шалады. Осы кезде екі текенің біреуін аман қал­дырады. Қалғаны өлтіріліп, отқа жағы­лады. Осы текені аман сақтап, еврейлер бүкіл адамзаттың күнәсін соған арқалатып, мүйі­зіне қызыл жіп байлап, еркіндікке жібер­еді екен. Сонда ол не мағына? Еврей тілінде «әзәз­ау» деген сөз бар. Әзәзіл ғой біздіңше. Бірақ оны әзәзіл теке деп аудара алмадық. Сондықтан ол сөзді күнәһар теке деп алдық. Міне, осындай бір ғана сөзді аудару үшін арғы мағынасына үңілу қажет. Сол секілді, «небес­ная манна» – көктің күлшесі деп аударылды. Осы секілді мысалдар көп», – дейді Амантай Шәріп.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *