Бір реттік жол жүру билеті өзінің заңды шешімін табады

1452761344-611

Өткен жылы бастау алып, үстіміздегі жылы қолданысқа ене бастаған «Оңай» электронды картасына бүгінгі таңда қала тұрғындары әбден үйреніп кетті. Өйткені, осыған байланысты шаһар жұртшылығы тарапынан оған қолдау білдірілген сөздерді де жиі еститін болдық. Әрине, әрбір жаңа бастама жүре түзеліп, бірте-бірте оның кемшін тұстары жетілдіріле түсетіні белгілі. Сол секілді, «Оңай» электронды картасын пайдалануда да алғашқы кездері қайсыбір түсінбестіктер орын алған болатын. Олар жайлы біз редакцияға келген хаттар мен телефон қоңыраулары арқылы жақсы білеміз.

Атап айтқанда, қоғамдық көліктерге отыр­ған жолаушылар келе-келе жол ақысын «Оңай» картасы арқылы төлеу барысында түрлі сылтаулар айтатын болды. Мысалы, соның ішінде «Картаға «кеше» ғана 500 теңге салып едім, тез арада бітіп қалған ба?», «Жаңа ғана аялдамада жүктеп едім, әлі ол ақша түспеген ғой…» немесе «Картаны толтыруды ұмытып кетіппін» деген мағынадағы сөздер көп естіліп жүрді. Бұл ретте жолаушыларға бұрынғыдай жол ақысын жүргізушіге қолма-қол төлеуге қатаң тыйым салынған болатын. Ал жол ақысын төлемегендерге айыппұл салына­тын болғандықтан, көп жағдайда айқай-шулар шығып жататынын да құлағымыз естіп, көзіміз көрді.

Міне, сөйтіп жаңа жүйе іске қосыл­ғаннан бері қоғамдық көлікпен жүретін жолаушылардың 40 пайыздайы билетсіз жүретіні анықталды. Ал оларды жүйелі тексеріп тұру үшін контролерлердің өзі жетіспей жататын. Енді не істеу керек? Бұл тығырықтан шығу үшін «Алматы көлік холдингі» ЖШС мамандары «Оңайдың» бір реттік жол жүру билетін қайта шығаруға мәжбүр болды. Бұл жаңа жүйе қалалық әкімдіктен қолдау тапқан соң, ол алдымен кезең-кезеңімен енгізілетін болды. Атап айтқанда, маусым айында қолданысқа енгізілген бұл жаңа жүйе, яғни, бір реттік жол жүру үшін қолма-қол ақша төлеу әдісі шілде айының басынан бастау алды. Әрине, алғашқы кезде бір реттік жол жүру ақысын енгізу «Green Bus» компаниясы­ның автобустарында ғана қолданысқа енді. Ал оларда пайдаланылатын билеттер құны бұрынғысынша 80 теңге болып қалып, билеттерде бағыт пен онда қатынайтын көліктің мемлекеттік  нөмірі, жол жүру уақыты көрсетілетін болды. Содан барып қоғамдық көліктердегі артық түсініспеу­шіліктер жойыла бастады да, жолда жүрудің өзі де жеңілдей бастады.

Нәтижесінде, жаңа жүйенің тиімділігі анық көріне бастағандықтан, бір реттік билеттер бірте-бірте қала көшелерінде жүретін барлық автобустарға орнатылатын болды.

Осы орайда үстіміздегі жылы 10 тамыздан бастап мына келесі бағыттағы жолаушы көліктері:

«№1 троллейбус паркінің» – №1, 5, 5а, 5б, 7, 9, 11, 12, 19, 25, 107 автобус және троллейбус  бағыттары;

«№1 коммуналдық автобус паркінің – №3, 29, 29р, 34, 37, 73, 79 автобус бағыттары;

«Дос Транс» автобазасы» ЖШС – №41, 74, 123 автобус бағыттары;

«Тегіс Транс» ЖШС – №28, 56, 71, 106 автобус бағыттары;

«АвтоАлма транс» ЖШС – №4, 25, 36, 54, 65, 95, 99, 119 автобус бағыттары;

«Қаскелең автобус паркі» ЖШС – №23 автобус бағыты;

«САНТ» ЖШС – №124, 137 автобус бағыттары;

«ДуманТранс. Соm» ЖШС – №11, 17, 20, 111, 133 автобус бағыттары;

«№3 коммуналдық автобус паркі» – №12, 18, 39, 45, 50, 63, 63а, 66, 81, 88, 120, 126, 135 автобус бағыттары;

«№2 Алматы қалалық автобус паркі» ЖШС – 31, 67 автобус бағыттары

бір реттік жүру билеттеріне арналған терминалдармен жабдықталды.

Көріп отырғандарыңыздай, бір реттік жолда жүру билеттерін беретін терми­налдар,  негізінен, қала маңында жүретін және қалааралық вокзалдарға баратын қоғамдық көліктерге орнатылып жатыр. Өйткені, мұндай бағыттарда жолаушылар үшін осы күнге дейін әр жүргізуші ойына келген бағаны қоятын «әдет» қалыптаса бастаған.

Негізі, «Оңай» логотипі көрсетілген бір реттік билеттер қолданысқа енгізілсе де электронды айлық жол жүру билеттері – қоғамдық көліктердегі есептесудің басты құралы, ал бір реттік жол жүру билеттері қосымша құрал болып қала береді. Бірақ, жол ақысын жүргізушіге төлеу – бағыттың нөмірі мен көліктің мемлекеттік нөмірі және жолда жүрген күні мен уақыты белгі­ленген бір реттік билетпен міндетті түрде заңдастырылуы керек болатын. Себебі, мұндай жағдайда қайсыбір айлакер жүргі­зушілердің бір билетпен бірнеше автобусты ауыстырып жүру мүмкіндігі мүлдем жойы­луы мүмкін екен. Сөйтіп, барлық жолақы құны қалалық бюджетке құйылатын бола­ды. Оның үстіне бұл терминалдар ашықтық жағдайында жұмыс істеп, мұның өзі түскен қаржының «кассадан тыс» өтуіне жол бермейді дейді мамандар.

Жалпы, осы аталған қоғамдық көлік­терге арналған заңдылықтарға өзгертулер енгізілген соң, бір реттік жол жүру билетінің бағасы да қымбаттай бастайды. Бұл ретте ендігі жерде егер де жолаушы «Оңай» картасымен бір жүргенде 80 теңге пайда­ланса, ал бір реттік билет бағасы оған қара­ғанда айтарлықтай қымбат болатын секілді. Атап айтқанда, бұл ретте бір реттік жол билетінің құны қалалық мәслихаттың шешіміне қарай – 100 теңге немесе 120 теңге, тіпті, бір кездері 150 теңге болуы да ғажап емес екен. Осы орайда ескеретіні, бұл Заң жобасына өзгертулер енгізу бойын­ша Парламентке ұсыныстар енгізілген және ол жуық арада қаралады деп күтілуде.

Құттыбек Аймахан

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *