«БІР ҰЛЫ СЕНДЕЙ БОЛСЫН МОЙЫНҚҰМНЫҢ…»

Негізінен, Садық қос өнерді қатар алып келе жатқан азамат.

Өлеңдері де тәп-тәуір.

Ең бастысы: өз әнінің мәтінін өзі жазады.

Менің репертуарымда бес-алты әні бар. Соның ішінде «Мойынқұм жастар вальсін» ерекше атар едім.

Әндерінен туған елге деген жылы­лық, Отанға деген ұлылық, сезіліп тұрады.

Нұрғали НҮСІПЖАНОВ,

Қазақстанның Халық әртісі.

Мойынқұм ауданы 1965 жылы құрыл­ған кезде біз мектеп қабырғасында оқи­тынбыз. Сол жылдары «Мойынқұм жаста­рының вальсі» аудан өңіріне кеңінен тарап кетті. Осы бір әнді шырқаған кезде дала төсі әнмен жаңғырып, оқушылардың жүздері бал-бұл жайнап кететін. Елге, туған жерге арналған осы бір ән бізге ерекше бір жігер бергендей болатын. Әннің музыкасын жазған Садық Құнанбаев, мәтінін жазған Мырзаш Тұрғанов деген жергілікті ақын болатын. Біз осы бір әннен нәр алып, туған жерге деген махаббатты жоғары қоя білдік. Ән авторына сырттай ғашық болып, қандай екен, шіркін, бір көрсек деп арман еттік. Сөйтсек, әнді шығарған жиырма жас­та­ғы жігіт екен. Содан бері құмға сіңген су­дай зымырап жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Соншама жылдар өтсе де мойын­құмдықтар бұл әнді мақтанышпен жырлай­ды. Жақсы әннің өміршеңдігі осындай болмақ.

Сонау бала кезден әніне ғашық болған ағамызбен ара-тұра кездесіп, кейде әңгіме-дүкен құрамыз. Осы жылдар ішінде композитор екі жүзден астам ән жазыпты. Оның әндері қазақ радиосы мен телеви­зиясынан талай рет орындалып, кейбір әндері алтын қордан ойып тұрып орын алды. Соның қай-қайсысын алып қарасақ та, туған жерге деген сағыныш сазы сезіліп тұрады. Садық Құнанбаев өмір бойы қасиетті туған жерін, қадірлі елін жырлады. Оның әрбір әні жастарды патриоттыққа тәрбиеледі. Осы қисыннан алып қарасақ, ол нағыз елін сүйген азамат.

Бұл күнде Сәкең жетпістің бесеуіне келіп отыр. Біз болсақ жетпіске таяп қалдық. Осыншама жылдар ішінде оның туған жері Мойынқұмға деген махаббатты әсте ортайып көрген емес. Қайта жылдар жылжып өткен сайын арта түскендей. Бұл оның ерекше бір қасиеті.

Сонау бір бала кезде әніне ғашық болған Садық ағамызбен ара-тұра кездесіп, кейде қонақта бірге боламыз. Сол кезде ағамызға: «Мойынқұм жастарының валь­сін» орындап беріңізші, – деп қолқа саламыз. Сәкең өмірлік серігіне айналған баянын қолына алып, біздің сүйікті әнімізді шырқай жөнеледі. Бәріміз ынта-шынта­мызбен әнге құлақ түреміз. Сәкең ән айтқан­да жүзі балбырап, ерекше құбылып кетеді. Бар дүниені ұмытып бейнебір аспан әлемінде қалықтап жүргендей сезінеді. Ол кісінің жүзіне қарап отырып, өнердің құдіреттілігін мойындамасқа лажың жоқ. Ән аяқталып, Сәкең бір серпіліп қалғандай болған кезде мен одан өткен өмір жолы жайлы сыр тарта бастаймын.

– 1944 жылы шыр етіп дүниеге келіппін. Жеті жасқа келгенімде әкем бақилық болып, қиындықтың бар ауыртпалығын анам жалғыз өзі ғана көтерді. 1958 жылы жеті жылдық мектепті бітіріп, қабырғам қатпастан  еңбекке ерте араластым. Қой бақтым, шөп шаптым, азды-көпті табыс тауып, анама қолұшымды бере бастадым. 1961 жылы аудан орталығынан өкіл келіп мені аудан  орталығы «Бірлік» ауылындағы кәсіптік-техникалық училищеге түсуге үгіттей бастады. Сөйтіп, кәсіптік-техника­лық училищеге түстім. 1962 жылы облыс­тық кәсіптік-техникалық училищелері арасында өнер байқауы өтетін болды. Сол бай­қауға бізді  дайындаған аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Таубай Әбешбаев еді. Өзі баянда шебер  ойнайтын кісі екен. Маған «Тыңнан хат» деген әнді орындауды тапсырды. Менің өнерге деген талпынысым Таубайға ұнай бастаса керек, ол мені өзіне іштарта бастады. Көп ұзамай облыс орталығына байқауға бардық. Өнер сайысында біздің кәсіптік-техникалық училище бірінші орынды жеңіп алды. Маған мақтау грамо­тасы берілді. Осы оқиға менің өнерге деген сүйіспеншілігімді арттыра түсті. Таубай маған баян үйрете бастады. Баян ойнауды әжептәуір меңгере бастадым. Бірде маған Таубайдың өзі баянын сыйлап тұрып, «Сен өнер жолын таңдауың керек, лажы болса Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне түс», – деп  кеңес берді. Садық аталмыш училищені ойдағыдай бітірді.

Өнер  жолы  қиын жол. Музыкалық сауатын жетілдіру  мақсаты Садықтың ойынан бір сәтке де кетпей қойды.

Сөйтіп, Алматы қаласындағы Чайков­ский атындағы  музыкалық училищеге 1971 жылы оқуға түсті. Бұл Қазақстандағы ең таны­мал оқу орны еді. Осы жерде ол музыка­лық сауатын ашып, нотаны кеңінен меңгерді.

Оқуды бітірген соң әнін жазып, әр түрлі іс-шараларға қатысып, ауданның өнерін өрге сүйреуге елеулі үлес қоса берді. Аудан өнерпаздары 1978 жылы Мәскеуге барып, халық шаруашылық жетістіктері көрме­сінде өнер көрсетті. Осы жолы аудандағы күміс көмей әнші Зейнегүл Қаймақова Садық Құнанбаевтың «Жүгеріші қарын­дас», «Сенің бейнең» атты екі әнін орындады. Сөйтіп, аудан өнерпаздары Одақ бойынша қола медальды жеңіп алды. Садықтың екі әнін орындаған Зейнегүл  Қаймақова мен ән авторы Садық Құнан­баев қола медальмен марапатталды.

Осы бір өнер сайысында  көрермен  қауы­мының талғамынан шыққан мойын­құмдық өнерпаздар Португалияға жолдама алды. Шет елде бір айдай болып, он бес концерт  қойды.  Садықтың екі әнін Зейне­гүл Қаймақова барлық концертте орындап шықты. Көрермен құлшына қол соқты. Бұл жөнінде кезінде Одақтың бас газеті «Правда» мақтанышпен жазды. Мойынқұм өнерпаздарының даңқы бүкіл Қазақстанға кеңінен мәшһүр бола бастады.

Садық Құнанбаев Қазақстанның мәдениет қайраткері, Мойынқұм ауда­нының  Құрметті азаматы, Композиторлар одағының және Журналистер одағының мүшесі. Бүгінде Алматы іргесіндегі «Еңбек» ауы­лында тұрады. Туған жерге деген іңкәрлік оған ешқашан қалам тастатқан емес. Анда-санда жыр жолдарын жазып тастай­тын әдеті тағы бар. «Менің Мойынқұмым» атты кітабының жарыққа шығуы соның  айқын айғағы.

Ана бір жылы Жамбыл облысының құрылғанына 75 жыл толды. Осы айтулы мерейтойға қарсы «Таразым менің» деген тамаша ән жазды. Сондай-ақ, «Жаңарған менің Жуалым», «Қарышты Қаратауым», «Аса да менің ауылым» деген әндері де Жамбыл облысының аудандарына арнал­ған. Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап ән шығарды. Сәкеңнің ерекше бір қасиеті туған жерге, өскен елге деген сүйіс­пеншілігі. Туған  жер оған әрдайым шабыт тудырады.

Сәкең табиғатында көпшіл адам, ел-жұртпен араласқанды, өнер туралы әңгіме-дүкен құрғанды жаны жақсы көреді.  Кейде хабарласпай қалсаң жас балаша өкпелеп қалады. Жасы үлкен болған соң үйіне барып амандасып тұрамыз. Сәуле жеңгей бірден дастархан жаюға кіріседі. Осындай бір жүздесуде түн ортасына дейін отырып қалыппыз. Үйге қайтуға ыңғай таныта бастағанымда:

– Түннің бір уағы болды ғой, осында қона салсаңшы демесі бар ма? Сәкең қиылып тұрған соң көңілін жықпадым. Тәтті  ұйқы құшағында жатыр екенмін, әсем әуезді музыканың үнінен оянып кеттім. Сәкең баянмен «Мойынқұм жаста­рының вальсін» ойнап отыр екен. Өзім сүйіп  тыңдайтын әннің әуеніне құлақ түріп біраз жаттым. Сәкең тағы бірнеше ән әуенін  баянға қосты. Тіпті менің екінші қабаттан түсіп, қасына қалай келгенімді де аңғармай қалды.

– Ұйқыңнан оятып жіберді ме? Бұл ағаңның әдеті сондай, кейде түннің жары­мында  тұрып баян тартады, – деді Сәуле жеңгей.

– Оқасы жоқ, қайта музыка әуені жаныма жағып барады, – дедім. Сәлден кейін Сәкең екеуміз далаға шығып, алма бақтың  саясындағы тапшанға жайғастық. Екеумізде табиғаттың таңғы көрінісіне қызықтай қарадық. Айнала көк-жасыл. Ақ бас «Алатау» анадайдан көз тартады. Шіркін туған жер табиғаты неткен ғажап! Сәкең сияқты композиторларға нәр беретін де, ән беретінде табиғаттың тылсым күші ғой деп ойладым.

Иә, ол еліне туған жеріне шексіз ғашық адам. Сондықтан да өмір бойы туған жерді жырлап келеді.

Кезінде Мойынқұм ауданының даңқы республика көлеміне кеңінен тарады. Қазақ­тың өнер жұлдыздарының бұл өңірге аяқ баспағаны кемде-кем шығар. Солар­дың бірі – КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенова. «Мен ұмытпасам 80-жылдары ол ауданда болдым.

Елінің пейілі шалқып жатқан кең екен. Аудан басшысы – Айтбай Назарбеков атты бір білгір кісі екен. Мәдениетке де үлкен жанашыр.

Негізінен, аудан жастарының айтары көбінесе Садықтың әндері екен.

Кейін ол: «Әндеріне өз қолтаңбамды  қалдырдым. Жалпы, әндері дұрыс екен», – деп баға берсе, Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртаза «Бұл баланың кезінде «Батыр-баба – Бауыржан» атты әнін тыңдап, «Жақсы» деген бағасын бер­ген болатын. Ақ жол болсын! Жақсы әндер көп болсын деген ақ батасын берген.

Ал қазақтың ақиық ақыны, Қазақ­стан­ның Халық жазушысы Қадыр Мыр­залиев:

«Бұл жігітті мен көп жылдардан бері білемін. Маған келгенде, алдымен өлеңін көрсететін. Ән жазатынын кейін білдім. Алғашқы кітабы «Менің Мойынқұмым». Сол кітабына, кезінде қолтаңба беріп, бір ауыз өлең жазғаным рас…

«Құнанбаевтар қатарында тұрғаның – қандай жақсы бауырым»!

Садық-ау тыңдадық қой әніңді мың,

Айтайын өлеңіңнің тәуірлігін,

Ауылын Алатауға арқалаған,

Бір ұлы сендей болсын Мойын­құм­ның!».

«Жақсы ән жан азығы дегендей, Садық­тың халық арасына кеңінен тараған «Таразым менің – тамаша», «Біз сені сағындық Талдыөзегім» әндері жүректі жарып шыққан тамаша  туынды – сұлу сазды әндер! Оның Шығыс Қазақстан туралы «Күншығысым»,  «Талдықорған таңым менің», «Қарышта, Қарағанды», «Жасай бер, Оңтүстігім» әндерін көбінесе Қазақстанның Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов орындап жүр.

Әр өңірдің мақтан тұтар алпауыт азаматтары бар. Солардың бірі – Талас асыл тұқымды қой зауытын ұзақ жылдар бойы басқарып, атақ-даңқы Кеңестер Одағына кеңінен мәшһүр болған Социа­листік Еңбек Ері – Әбдір Сағынтаев. Осы бір абзал жанды ел-жұрты ешқашан ұмыта қойған жоқ. Өзінің «Үшаралым» деп аталатын әнінде композитор Садық Құнанбаев Әбдір Сағынтаевты тамсана ән-жырға қосады:

Жайдары жарқыраған,

Ер болған тағдыры бар.

Жұлдызы жарқыраған,

Елінің атақты Әбдірі бар.

Бұл әнді атақты әншіміз Нұрғали Нүсіпжанов орындайды.

Әрбір өнер иесінің асыл арманы, басты мақсаты – артына өшпес із қалдырып, жүректен жарып шыққан шығармаларын жинақ етіп шығару. Осындай бір ой Садық Құнанбаевты көптен бері мазалап жүрген. 2018 жылы бұл мақсатына да қол жеткізді.  «Тұлпарсазда ауылым немесе Садықтың сазды әндері-ай» деген әндер жинағы жарық көрді. Оған композитордың жүзге тарта әндері мәтінмен бірге нотасымен басылып шықты. Әндерінен елге, жерге деген сүйіспеншілігін байқауға болады. Кітап өнер сүйер көпшілік қауымға арналған. Киелі де, қасиетті Мойынқұм топырағынан шыққан композитор Садық Құнанбаевты ел-жұрты әрдайым мақтан тұтады. Ақын Қадыр Мырзалиев жырла­ғандай, «Бір ұлы сендей болсын Мойын­құмның» демекпіз!

 

Болат ОҢҒАРБАЙ,

журналист- жазушы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *