Бір күнгі табысы 1,5 млн. рубль екен

Әйгілі режиссер, Ресей кинематографистер одағының төрағасы Никита Михалков өзінің 2017 жылғы табысы жөнінде түсіндірме берді.
Таяуда Ресей Мәдениет министрлігі мен Мәскеу мәдениет департаментінің ресми сайтында шығармашылық, өнер қайраткерлерінің табысы жөнінде мәлімет жарияланған еді. Соның ішінде Никита Сергеевичтің көл-көсір табысы 529 млн. рубльден асып көш бастап тұр. Бұл шамамен алғанда, бір күнде 1,5 млн. рубль тапқан деген сөз. Сонымен қатар, режиссердің жекеменшігінде 86 жер телімі, алты тұрғын үйі, саяжай, алты апартамент, трактир, жеңіл көлік, ұшақ, т.б. бар көрінеді.
– Мен алты жасымнан, яғни алпыс жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Менің шет елдегі сабақтарым, дәрістерім 20 мыңнан 35 мың долларға дейін тұрады. Сондай-ақ, мен картиналары миллионға бағаланатын Суриков, Кончаловскийлердің мұрагерімін. Елуден астам фильмге түсіп және өзім режиссер ретінде 15-тен астам кино түсірдім, – дейді актер.
Сонымен қатар, кино мэтрінің соңғы үш фильмінен 5 млрд. рубльдей табыс түскен. Мұның табыс көзі бір бұл сала емес. Ол бұл ретте өзінің қаржы менеджері бағалы қағаздармен, шетелдік футбол клубтарына емес, өзіміздің табысты мекемелерге инвестиция құюмен айналысатынын да атап өтті.
Режиссердің айтуынша, ол басқалар тәрізді тапқан-таянғанын туыстарының атына жазып, жасырудан аулақ екен.