Бір-бірімізге қамқор, жанашыр болайық!

Асанәлі ӘШІМОВ, КСРО-ның және Қазақстанның Халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек Ері

 

Құрметті отандастар, бауырлар, алматылықтар!

Бүгінгідей ел басына күн туып тұрған сын шақта бірігуіміз керек. Бір ауызды болайық. Мынау беті жаман қауіпті індеттің кесірінен қымбат адамын жоғалтып жатқандар аз емес.

Біз ықылым заманнан қандай қиындық болмасын, ауызбіршілікпен, ниет, тілек біріктіре отырып жеңген халықпыз. Бұл жолғы «мылтықсыз майданда» да бір-бірімізді тыңдап, жоғары жақтағы басшылар бекітіп беріп отырған мәлімдемелерге, тәртіпке бағынып, неғұрлым сабырлы болып, ақылдасып жұмыс істеуіміз керек.

Біз – ғылым, білім қуған, өркениетті елдердің қатарына қосылып жатқан тұғыры биік мемлекетпіз. Көп нәрсе адамның ақылына, мәдениетіне, білім-білігіне байланысты. Кез-келген жанды үлкен дәрежеге жетелейтін де осы ақылы, адамгершілігі.

Қарттардың тәртібіне сенемін. Ал көпшілік орындарда жүріп-тұру ережесін жастар көбірек білсе дегенді айтқым келеді. Көшеде, кісі аяғы көп жүретін жерлерде қалай болса солай бейқам жүрмейік, бетперде тағып жүрген абзал. Жиын-тойлар жасауды доғара тұрайық. Құдай қаласа той да, қуаныш та әлі алда. Жақындарыңды, туыстарыңды сыйлаңдар, қорғаңдар. Бұл оңайлықпен жеңілейін деп тұрған індет емес, соны сезіне білейік.

Мемлекеттің байлығы – халық. Біз әлі де өсіп, өркендеуіміз керек. Сондықтан әрқайсымыз бір-бірімізге қамқор, жанашыр болайық!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close