БІР АУЫЗ АЛҒЫС СӨЗ ЕСТУДЕН АРТЫҚ МАРАПАТ ЖОҚ

Алтыншы шақырылымдағы Парламент Мәжілісінде жұрт назарын жиі аударып жүрген белсенді депутаттардың бірі – «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Кәрібай Мұсырман десек, жаңылыспаспыз. Көпшіліктің көкейіндегі мәселелерді еліміздің жоғары заң шығарушы органының отырыстарында ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде де жүйелі көтеріп жүрген саясаткерге «Алматы ақшамының» атынан бірнеше сауал қоюдың сәті түсті.

 

«Бұдан жаман күнімізде де тойға барғанбыз»

 – Кәрібай Иманжанұлы, қазіргі біздің қоғамда ең ушығып тұрған, дер кезінде шешілуі тиіс проблема деп нақты қандай мәселелерді атар едіңіз?

– «Алпысқа келдіңіздер, бәрін де көрдіңіздер…» деп Мұқағали Мақатаев айтқандай, біз, бүгінгі аға ұрпақ өкілдері, әр түрлі заманды басымыздан өткердік. Кішкентай бала кезімізде, өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғы – алпысыншы жылдарының басында, аналарымыз бен әпкелеріміз ауылдағы дүкенге түсетін қара нанның кезегінде тұрып қалжырап келуші еді. Ал анда-санда ақ нан аузымызға тисе, бәріміз таласып-тармасып жеп, бір мәз-майрам болатынбыз… Үлкендердің аузы­нан:

«Сталин берген байталды

Хрущев келіп, қайта алды.

Айналайын Брежнев

Бие қылып қайтарды», —деген тақпақты да естіп өстік. Өйткені, кешегі кеңес өкіметі халық байып кетсе, мем­лекетке жұмыс істе­мей қояды деген пиғылмен ауыл­дық­тардың жеке меншігінде бір-ақ сиыр неме­се жылқы ұстауына ғана рұқсат еткен болатын. «Ауыл тұрғындары­ның қосалқы шаруашылықтарындағы малдарын санауға комиссия шығады екен…» деген хабар құлағына тиісімен әкем қыста қорада қатар байлап ұстап отырған қызыл сиыры мен қара биесінің біреуін қайда апарып тығарын білмей, қиналушы еді. Осындай шектеуді Нұрсұлтан Назар­баев Қазақстан Үкіметінің Төрағасы болып тағайын­далған соң алып тастап, ауыл тұрғындарының ата кәсібін қайтадан өркендетуіне жол ашып бергені жадымызда. Сөйтіп, өріс қайтадан төрт түлікке толып, ауылға ырыс-береке кіре бастаған еді. Соның арқасында кеңес өкіметі құлап, ел экономикасы күйреген өткен ғасырдың тоқса­ныншы жылдарын­дағы ауыр дағдарыс кезінде халқымыз ашаршылыққа ұрынбай, өтпелі кезеңнен аман-есен өтті.

Мұны айтып отырған себебім, біз сондай қиыншылықты басымыздан өткергендіктен де тәубешілміз. Сондықтан да сіздің: «Қазір ең ушығып тұрған проблема қандай?» — деген сауалыңызға «Бұдан жаман күнімізде де тойға барғанбыз» деген, нақылға айна­лып кеткен сөзбен жауап беруге де болады. Бірақ қасиетті қарашаңырағымыз – Қазақ­стан әлемдегі ең мықты дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылуды биік мақсат етіп қойып отырған өршіл ел екендігін ескерсек, Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктерімізге мардымсы­май, қазіргіден де қарқындырақ алға басуымызға кедергі болып тұрған кесел-кемшіліктерді жоюымыз қажеттігі сөзсіз.

Бұл ретте биылғы президенттік сайлау­да біздің «Nur Otan» партиямыздан ұсыны­лып, көпшіліктің қолдауына ие болған Қасым-Жомарт  Тоқаевтың сайлауалды бағдарла­масы «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» деп аталғандығы бекерден-бекер емес. Сабақтастық дегеніміз – Мәңгілік Ел боламыз деген айқын бағытымыздан айны­май, ілгері басу, қол жеткен табыс­тары­мызды жоққа шығармай, молайта түсу. Сабақтастық сақталмаған жерде не бола­тын­дығын, мысал үшін, министрі ауысқан сайын жаңа реформа жасалып, мұғалім­дердің де, оқушылардың да жүйке­лерін тоздырған, жүйесіз білім саласына қарап бажайлауға болады. Мұндай «сола­қайлық» бір салалық деңгейде емес, тұтас мемле­кет­тік деңгейде орын алса, оның сал­дары қан­дай болатындығын өзіңіз ойлап көріңіз…

Президентіміз қоғамда әділдік орнатуға айрықша мән беретіндігі оның сөзінен ғана емес, атқарып отырған ісінен де анық байқалады. Әділдік орнату – ең алдымен, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту деген сөз.

Дүниежүзіндегі ең дамыған отыз мемле­кеттің қатарына қосылу үшін қоғамымызға батпандап кіріп, мысқалдап шығып жат­қан осы қауіпті дертпен күресті күшейту  – қазіргі таңдағы ең өзекті мәселенің бірі екендігі сөзсіз. Бұл бағытта жуырда болған ««Nur Otan»» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасының мемлекеттік сатып алу саласында белең алған былық-шылықты тыю үшін қолда­ныстағы заңнаманы жетілдіру және жоғары оқу орындарындағы парақорлықты болдыр­мау шараларын қолдану жөніндегі тапсыр­маларының маңызы зор. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлының қарамағындағы қызмет­керлері сыбайлас жемқорлыққа ұрынған бірінші басшы­лардың өз қызметін доғару жөнінде өтініш беруге тиістілігі жөнінде қатаң талап қойып отырғандығы «шелек жалаған­дардың тұтылып, айран ішкендердің құтылуы» секілді келеңсіз құбылыстың тамырына балта шабуға тиісті.

Жемқорлықты түбегейлі жеңу үшін кешенді шаралар керек деп ойлаймын. Өйткені, шенеуніктердің түзу жолдан таюының негізгі себептерін жоймай болмайды. Бертінде бір танысымның жаңашылдығымен, іскерлігімен көзге түсіп жүрген кәсіпкер баласы бір аудан әкімінің орынбасарына барып, өзі шығаратын сапасы жоғары өнімдерді 25 жылға дейін қолдануға болатындығын айтыпты. Сөйтсе, әлгі шенеунік: «Сонда мен ширек ғасыр бойы тендер өткізбей отырмақпын ба? Мардымсыз жалақыммен бала-шағамды қалай асыраймын?!», — депті ашықтан-ашық. Бұл мысал еліміздегі жемқорлықтың қаншалықты белең алып кеткенін көрсетіп қана қоймай, «медальдің» екінші жағы барлығын да аңғартады. Демек, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен қолға алынған, шенеуніктердің санын қыс­қартып, қызметінде қалғандарының жалақысын арттыру ісін одан әрі жалғастыру керек. Осы орайда бірқатар ми­нистрліктердің облыстардағы департаменттерін тарататын кез де жеткен тәрізді. Өйткені, олар облыстық басқар­малардың қызметін қайталайтындығы жасырын емес.

Жұмыссыздық мәселесі де ең өзекті проблеманың бірі. Оны шешу үшін жыл сайын республикалық бюджеттен миллиардтаған теңге бөлініп жатқанымен, нәтижесі көңіл көншітпейді. Статистика комитетінің мәліметінше, соңғы үш жыл бойы еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыздан төмендемеген.

Осы орайда қазіргі кезде елімізде бір кереғар құбылыс орын алып отыр. Нақты айтқанда, 440 мыңнан астам қазақстандық азамат ресми түрде жұмыссыздар болып тіркелгенімен, жақын және алыс шет елдерден Қазақстанға жыл сайын 600 мыңдай еңбек мигранты маусымдық жұмыстарға келеді екен. Олардың істейтін жұмыстарын біздің жұмыссыз ағайындар неге істемейді деген сауал төңірегінде мықтап ойланып, арнайы әлеуметтік зерттеу жүргізіп, бір ұтымды шешім немесе бағдарлама қабылдау қажет сияқты. Әйтпесе «Еңбек мигранттары алатын небәрі 70-80 мың теңге жалақы үшін біреуге жалданып, жанымды қинап нем бар?» деген біржақты пікірмен үйлерінде қол қусырып, қарап отырған немесе мол жалақы табу мақсатымен Оңтүстік Корея сынды дамыған елдерге заңсыз барып, олардағы әуежайлардан кері қайтарылып, текке шығынданып жүрген отандастарымыздың саны көбеймесе, азаймасы кәміл.

Бұған қоса, елімізде жұмыс істейтін шетелдік инвестор- компаниялардың шет елдерден жұмыс күшін шақыруын барынша шектеу және олардың қазақстандық кадрларды даярлау жөніндегі міндеттемелерін бұлжытпай орындауын қатаң қадағалау қажет. Осы орайда жақында Батыс Қазақстан облысының жаңа әкімі Ғали Есқалиев ІІІ санаттағы шетелдік жұмыс күшін тартуға берілетін квотаны азайту және ІV санаттағы шетелдік жұмыс күшін әкелуге толық тыйым салу туралы шешім қабылдағанын игі бастама деп санаймын.

Ауылдық жерде жұмыссыздықты азайтып, адамдардың әл-ауқатын арттырудың бір жолы – жеке қосалқы шаруашылықта мал ұстау екендігі белгілі. Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Кирилловка ауылында болғанымда жергілікті тұрғындар­дың сиыр сауып, сүт сатудан ғана әжептәуір табыс тауып отырғандықтарын білдім. 2-3 сиыр сауып отырған отбасы­лар күн сайын 20-30 литр сүтті аудан орталығын­дағы сүт зауытынан келетін сатып алушыға 70-75 теңгеден өткізіп, ай сайын 40-60 мың теңге қосымша кіріс түсіреді екен. Ал осында Қызылорда облысынан  көшіп келген ерлі-зайыпты Бақытжан Бекжанов пен Мархабат Кенжебаева 20 сауын сиыр ұстап, күн сайын 180-200 литрдей сүт тапсырып, айына 400 мың теңгедей табыс табатын болып шықты. Еңбекқор отбасыға 250 гектар жайылымдық жер беріліпті. Халқының саны аз, жері көп солтүстік өңірде ата кәсібімізді береке көзіне айналдыра білген осындай малсақ жандардың өнегесін кеңінен насихаттау керек.

 

Көлгінов Сұлтановтың шешімін аяқасты етпес…

 – Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновке еліміздің бас қаласында ескерткіш орнату керек деген мәселені журналистер талайдан бері көтеріп келеді. Осы бастамаға сіз қолдау білдіріп, мәселені жетер жеріне дейін жеткіздіңіз. Мұндай игі істі қолға алуыңызға кімдер түрткі болды?

– Биылғы мамыр айында іссапармен Петропавл қаласында болып, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының белсенді мүшелері болып табылатын бір топ ақсақалмен жолығып, әңгімелескенімде, олар кезінде қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалу үшін басын бәйгеге тіккен есіл ер – Жұмабек Тәшеновке елордада лайықты ескерткіш орнату мәселесін көтерген еді. Кейін осы жөніндегі өтініштерін олар Президент сайлауы қарсаңында «Nur Otan» партиясынан ұсынылған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың облыстық қоғамдық қабылдау бөлмесі арқылы маған хатпен жолдапты.

Осыған орай мен Нұр-Сұлтан қаласының бұрынғы әкімі Бақыт Сұлтановқа хат жазып, халқымыз айрықша ардақ тұтатын тарихи тұлғаның дүниеге келгеніне келесі жылы 105 жыл толатындығын ескере отырып, оған астанада лайықты ескерткіш орнату мәселесін қарауын өтіндім. Қала әкімдігі маған  берген ресми жауабында Жұмабек Тәшеновке ескерткіш орнату үшін жер телімі және қаржы көзі қарастырылып жатқандығын хабарлады. Ескерткіш елордадағы Жұмабек Тәшенов көшесінің бойында орнатыл­мақшы. Ал қаһарман ағамызға арналған шағын ескерткіш Петропавл қаласында осыдан бірнеше жыл бұрын орнатылған болатын.

Нұр-Сұлтан қаласының жаңа әкімі Алтай Көлгінов сабақтастық принципін сақтап, Бақыт Сұлтановтың қабылдаған шешімін аяқасты етпей, уақтылы іске асырады деп ойлаймын.

 

Рухани жаңғырумен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын пендешілік

– Жасыратыны жоқ, қазір бізде кім көрінген тұлға болып кетті. Жұрттың бәрі данышпан, ақылды болып көрін­гісі келеді. Осы ретте сіз  «Құрметті азамат» атағын беруді тоқ­татып, оның орнына «Құрметті меценат», «Атымтай жомарт» атағын енгізуді ұсындыңыз. Бірақ бізде кейбіреу­лер қайырымдылықты атағын шығару үшін, сол арқылы депутаттыққа, билікке ұмтылу үшін жасайды. Қалай ойлайсыз, біздің елде кәдімгідей халыққа шын жаны ашитын қайырымды меценаттар, мейірімді кәсіпкерлер бар ма?

– Шынында да «Құрметті азамат» атағының құны түсіп кеткені аян. Даңғой ағайындар сол атақты алу үшін облыс пен аудан әкімдеріне кісі салып, оларды және мәсли­хаттардың депутаттарын ыңғайсыз жағдайға қалдырып жатады. Ұят жағдай. Елбасы ұсынған рухани жаңғырумен үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын пендешілік. Ал «Құрметті меценат» атағының жөні басқа. Бүгінде «шық бермес Шығайбайдың» кейпін танытып жүрген талай бай-бағландарымыз атақ үшін болса да туған ауылдарына бір қайырылып, қомақты жәрдемін беретін болса, ондай атақтың несін аяймыз?!

Ел ішінде ешқандай атақ дәметпей-ақ өздерінің ұшқан ұяларына қолдарынан келгенше жанашырлық танытып жүрген іскер азаматтар да аз емес. «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айғайлайды…» деген сөз рас.

– Біз кейде бардың бағасын, жоқтың қадірін білмей жатамыз. Қазіргі таңда біздің қоғамда тұлғалы адамдарға деген құрмет қандай? Тұлғаларды біз қалай құрметтеуіміз керек?

– Даңқ пен дақпырт деген екі ұғым бар. Ешқандай ресми атақ, мемлекеттік сыйлық алмай, «халық жауы» ретінде ұсталып, атылып кеткен Мағжан Жұмабаевты бүгінде ұлы ақынымыз, жыр пайғамбары дейміз. Бауыржан Момышұлы Кеңес Одағының Батыры атағын алмаса да, ел ішінде нағыз халық батыры танылып, даңқы жер жарып тұрды. Шынайы даңқ иелері – сондай тұлғалар. Халық оларды ешқашан ұмытпайды. Ал омырауларын орден-медальға толтырған, алмаған атағы қалмаған талай дақпырт иесі уақыт шаңына көміліп, ұмыт болады. Ұмыт болып та жатыр… Сондықтан да «Мен – классикпін» немесе «Менің елге сіңірген еңбегім ерен» деп күпініп, атақ-марапат дәмету – тайыздықтың белгісі. Өз басым көмегім тиген адамнан бір ауыз алғыс сөз естуден артық марапат жоқ деп білемін…

– «Патриотизм — бұл алаяқтардың жамылғысы» деп айтып кеткен екен кезінде бір данышпан. Шынында да қазір бізде патриот болып көрінгісі келгенмен, оның арғы жағындағы ниет-пиғылы нашар адамдар баршылық. Олар жұртқа жақсы көрінгісі келгенімен, сөзі мен ісі бөлек екені білініп тұрады. Осы ретте айтыңызшы, сіз патриотизм дегенді қалай түсінесіз?

– Кезінде Көкшетауда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған Төлеген Махметов деген ағамыз бірде менімен сырласып отырып: «Кәрібай, осы өңірдегі аудан басшыларының ішінде өз мүддесі мен халықтың мүддесін тең ұстайтын бір-ақ азаматты білемін…», — деген сөзі есіме түсіп отыр. Ол азамат ауданды жақсы басқарып, көзге түскен соң облыс басшысы болып жоғарылатылды. Алайда, сол жауапкершілігі әлдеқайда жоғары қызметін меңгеріп әкете алмай, беделі түсіп қалды… Сондықтан әркім өз әлі келетін қызметпен шұғылдануы керек екен деп түйгенмін. «Сен егер ақылды болсаң, онда неге бай емес­сің?!.», — деген сұрақ нақылға айналған қазіргі заманда ширек ғасырға жуық облыстық деңгейдегі шығармашылық ұжымдарды басқара жүріп, құлқынымның құлы болмай, қарамағымдағы қызметкерлердің де жағдайын ойлап, бәрін өзіммен тең ұстауға тырыстым. Ал қазіргі қызметімде өзіме өтініш айтқан кісілердің мұқтаждықтарын мүмкіндігімше, қолданыстағы заңнама аясында шешуге тырысып жүрмін. Менің қолымнан келген патриотизмім осы. «Көтере алмайтын шоқпарды беліме байлаудан» аулақпын.

 

Ана тілін білмейтін шенеуніктің келешегі жоқ

 – Саясат жайлы да ой-пікір айтып жүрсіз ғой. Еліміздегі биліктің ауысуы жайлы не ойлайсыз?

– Елбасы бірден-бір дұрыс шешім қабылдады деп ойлаймын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тұңғыш Президен­тіміздің елімізді Тәуелсіздік жылдарында талай сыннан сүріндірмей өткізген ішкі және сыртқы саясатын лайықты жалғастыратындығына сенемін.

– Үш тілді білу идеологиясының қоғамда әр түрлі көзқарас туғызғаны мәлім. Біреу құптайды, біреу құптамайды дегендей… Сіз құптайсыз ба?

– «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деген сөзді ата-бабаларымыз тектен-текке айтпаған болар. Әрине, адам­дардың қабілеттері әр түрлі болғандықтан, жұрттың бәрі үш тілде сайрап кетпейтіндігі белгілі. Сондықтан әр оқушының жеке қабілетінің ерекшелігін ескеріп, шет тілдерді оқытуда саралау әдісін қолданған жөн шығар. Өзім мектепте де, университетте де қазақша оқыдым. Ағылшын тілі түгіл, орыс тілін де онша керек қылған жоқпын. Алай­да, университетті бітірген соң жолдамамен Солтүстік Қа­зақ­стан облысына жұмысқа барған соң орыс тілін үйренуге тура келді. Парламент депутаты ретінде анда-санда шет елдерге шығатындықтан, енді ағылшын тіліне ден қойып жүрмін. Үйдегі «мұғалімім» – ағылшын тілін Петро­павл­дағы қазақ классикалық гимназиясында бірінші сыныптан бастап оқып-үйренген ұлым. Ол үш тілде еркін сөйлейді.

– Қазір қарапайым адамдар қазақ тілінде сөйлейді. Ал сіздерге есеп беруге келетін министрлер сөзінің басын қазақша амандасып, орыс тілінде жалғастырып жатады. Елбасы да мемлекеттік шенеуніктер мемлекеттік тілде сөйлеуі керек деген болатын. Неге біздің басшылар осыны санасына сіңірмей жүр?

– Ұлттық намысы бар азаматтар қазақ тілін үйренуге тырысып жүр. Өмір бойы орысша оқыған шенеуніктердің мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгеріп кетуі оңай емес. Ойларын жеткізе алмаған жерде орысшалап кететіндіктері де содан. Дегенмен, бетбұрыс бар. Қазағының саны жылдан-жылға көбейіп келе жатқан Қазақстанда ана тілін білмейтін шенеуніктің келешегі жоқ екендігі айдан анық. Мұны қазір билік басында жүрген жастар түсінбейді деп ойламаймын.

– Өзіңіз әлеуметтік желілерде белсендісіз. Қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты пікіріңізді білдіріп отырасыз. Осы ретте қазақ қыздары туралы не айтасыз? Біздің кейбір қыздар неге шетелдіктердің соңынан еріп кетіп жатыр?

– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Өзім білетін, шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қазақ қыздарының көпшілігі – әдетте отбасында байлық, ақша басты құнды­лық болып саналатын, ана тілінде ешқандай тәлім-тәрбие алмаған, ұлттық намыстан, салт-дәстүрден ада, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруді қалайтын  қарындас­тарымыз. Ал ұлттық намысы биік ата-аналардың тәрбиелі қыздары бірнеше жыл Лондон мен Мәскеуде оқыса да, Қазақстанға қайтып оралып, қарапайым қазақ жігіттеріне тұрмысқа шыққандығына куә болып жүрмін. Бәрі де отбасынан басталады.

Әңгімелескен – Серік ЖҰМАБАЕВ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *