Бір қайыры бар дүние

Мәлік ОТАРБАЕВ

 

Рухани індет

 

Бүгінде шығыс мұсылман елдері аласапыран күй кешіп отыр.

Тұтастығы жүндей түтіліп жік-жікке бөлінген мемлекеттер мен сан қилы идео­логияға айырылған қоғамдар арасындағы қақтығыстар үдеді. Елді қыратын қару-жарақ, жерді құртатын құрал-сайман көбейді.

Адам адамға сенуден қалды. Мейірім жоғалды. Әсіресе, бір құбылаға бет бұрған жұрт бір-біріне жаны ашымайтын халге жетті. Арандап қалғандар арсыздыққа, алданғандар әдепсіздікке бет бұрып кетті. Суннитпіз деп сірескен, шиитпіз деп шіренгендер әсіре діншілдік пен ұлтшыл­дықтың ұйығына батып, жат жұрттың сойылын соғып, қолшоқпарына айналды.

Әркім өзін дүниенің тұтқасы санайды. Өз қатесін мойындамайды. Өмірдің заңымен санаспайды, ережені елемейді.

Осы елдердің бір де біреуінде бостан­дыққа, адам құқығы мен заңға кепілдік берілмеген. Тізгін ұстағандар перғауын­нан кем емес, менмендігі батпандай. Олар үшін мәдениет пен өркениет, білім мен ғылым, имандылық пен адамгершілік сияқты қасиеттер – көзбояушылық қана. Миллиондаған халықты жеке бастың мүддесі үшін қаңғыртып жібереді. Шара­сыз жағдайға түскендер крест жорықшы­ларының жат жерінен баспана сұрап жүр.

Жемқорлықтың көкесі соларда. Жүйелері күнәһар. Жер бетінің жарты байлығына ие. Бірақ ысырапшылдығын қояр емес. Кезінде Р.Никсонның «Әлем­нің бір бөлігі – жанар-жағармайлық, екінші бөлігі – алып елдердің аймақтық абақтылары мен бақылау бекеттері» деген сөзі шырқыраған шындық болып қала береді.

Жастары бейбіт өмірді үйренбей, жамандықтан жиренбей, соғысқа бейім­делді. Лаңкестік те, екіжүзділік те, надан­дық та, мұсылман баласын жерге қарататын арсыздық та осы елдерде. Олай болса қасиетті Құранның тура жолға салатын тақуалығы қайда қалды, ал тазалығы ше?

Иә, шығыс әлеміне рухани індет жайылды. Әлем жұртшылығы осы жұқпалы ауруға шалдықты.

Ендеше, шығыс мұсылман елдерімен әмпей-жәмпей болып отырған біздің халіміз не болмақ? Әлемді жайлаған осы рухани індетке төтеп бере аламыз ба? Мәдениетіміз бен әдебиетімізді науқандық сипатта, салтымыз бен дәстүрімізді фольк­лорлық деңгейде бағамдайтын рухани әлсіз иммунитетіміз бұған қарсы тұра ала ма?

Басқасын емес, өз-өзімізді есепке тартатын күн туды. Өйткені, барлық өзгерістер өзімізден басталады емес пе.

Бұл да – бір қайыры бар дүниенің жазылмаған заңдылығы.

 

Кітапқұмар президент

 

Атақты Ататүріктің көмекшісі болған Жемал Гранданың естелік кітабын оқып отырып, Түркияның тұңғыш президентінің әдебиетке қаншалықты мән беріп, қаламгерлерге қамқорлық жасағанын, ұлт әдебиетінің дамуына қаншалықты қолдау көрсеткенін пайымдайсың.

«…Бір күні Ататүрік қалыңдығы кереқарыс тарихи шығарманы бас алмай оқып отырды. Елдегі көптеген көкейтесті мәселелер шешімін таппай жатқанда, мемлекет басшысының кітап оқып отырғаны бәрімізге оғаш көрінетіні рас. Сол кезде Ататүріктің депутат досы Хүсейін Васыф Чынар:

– Пашам! Тарихты оқып, бас қаты­рып не қыласың. Сонау 1919 жылдың 19 мамырында Самсунда елді ұлт-азаттық соғысқа бастағаныңда кітап оқып шығып па едің? – деп әңгімеге тартады.

Ататүрік досының әзіл аралас сөзін бірден ұғады. Сөйтіп, кітаптың бетін жауып:

– Бала кезімде көп қиындық көрдім, Васыф досым. Екі құрыш (тиын) қолыма тие қалса бір құрышты міндетті түрде кітапқа жұмсайтынмын. Кітап оқымаға­нымда, осы уақытқа дейін ештеңе қолым­нан келмес еді ғой. Өмірімдегі барлық жетістіктерім осы кітаптың арқасында, – деп жауап қатады.

Иә, Ататүрік ұлттық әдебиеттің ірі өкілдерін үнемі мақтаныш тұтып отыра­тын. «Ел іргесі – мәдениет пен әдебиет. Сондықтан да өнер адамы қол сүймейді, оның қолын басқалар сүюі керек» деп, қалам ұстаған қадірлі қауымға барынша қолдау білдіруші еді. Решат Нұри Гүнтекин, Намык Кемал, Мехмет Эммин Юрдакул, Тәуфик Фикрет сынды ақын-жазушылардың шығармаларын оқып, ел-жұртпен кездескен сайын оларды оқуға кеңес беретін…

Ж.Гранданың естеліктері майданда жүріп шығарма жазған жауынгер қазақ қаламгер­лерін, тілдің мерейі үстем болсын деп, ұлттық әдебиетімізге қамқоршы болған тарихи тұлғаларымызды еріксіз еске салады.

Ататүрік өз елін сақтап қалды. Оған кеңесші болған ең алдымен кітап еді.

 

Титаник синдромы

 

Баршаға мәлім, әлемге әйгілі Титаник кемесі теңіздегі мұзтауға соғылып, бірнеше сағаттан кейін су түбіне кетеді.

Сондағы жан сақтап қалған жолаушы­лардың естеліктерінде: «Бұл кеме ешуақытта батпайды!», «Қайдағы жоқты айтпаңдар, мұндай ғаламат кеме әсте теңіздің түбін көрмейді!» деп, кеменің соғылғанына, кеменің суға батып бара жатқанына қарамастан, ешкімге сенбей, өз орындарынан қозғалмаған адамдардың болғанын айтады.

Ол-ол ма, алыс сапар алдында тұрған Титаник кемесіне отбасымен мінген Сильвия Колдуэллге экипаждың бір мүшесі: «Бұл кемені Тәңірдің өзі де суға батыра алмайды!» деген көрінеді.

Қазіргі ғылым өз беделіне тым сенімді, тіпті «кемесі суға батып бара жатқанын да» байқамайтын адамдарды «Титаник синдро­мына» шалдыққандар дейтін болды. Бұл синдромның жеке адамға ғана емес, бүкіл қоғамға да қатысы бар.

Шынтуайтына келгенде, барлық мәселе адамнан бастау алып, адаммен аяқталады емес пе. «Сіздер қандай болсаңыздар, солай басқарыласыздар» демеп пе еді пайғамбар.

Осман мемлекеті ыдыраудың алдында тұрғанда, ІІ-ші Абдұлхамит патша туралы жас белсенділермен пікір таластырған ханзада Сабахаттин: «Абдұлхамит хан да – өзінің замандастары мен қоғамның өнімі. Қоғамды өзгертпей, патшаны тақтан құлат­қан­дарыңмен орнына дәл сондай патша келеді»,  деген екен.

Патша былай тұрсын, бір мекеменің басшысы ауысқанда да осыған көз жеткізетініміз рас. Ал жалпы алғанда, бүгінгі шығыс әлемінің осал тұсы да осы болса керек.

Адамның түбіне жететін – «не де болса бұл кеме батпайды» деген синдром. Әйтпесе, талай империялар, атлантидалар тарих қойнауына кетті емес пе. Ойлап қараңызшы, арғы-бергі кезеңде өмір сүрген перғауындар мен патшалардан, алыптар мен алпауыт­тардан не қалды? Солардың барлығы бір күнде музейдің экспонаттарына айналды ғой.

Таңымыздың атып, күніміздің батқанына шүкіршілік етеміз. Дегенмен, ертеңгі күні де дәл бүгінгідей керемет күй кешіп, бейбіт, жайбарақат өмір сүре беретінімізге кім кепіл?

Жалғыз жаратқаннан ғана қайыр тілейтініміз міне, осыдан ғой.

 

Ырыс

 

Ерте, ерте, ертеде егде тартқан бір адам  үйіне жаяу қайтып келе жатады. Жарты жолға жеткенде, кеш батып, қараңғы түседі. Түней­тін жер іздеп, жыртқыш аңдардан қауіптеніп, жапанда өскен алып ағаштың басына шығады.

Түннің бір уағында ағаш түбінен қыңсы­лаған дауыс естіледі. Біреу-біреуді өлтіріп қойды ма деп, төменге көз тастайды. Сөйтсе, қыңсылап жатқан бір ауру кәрі түлкі екен.

Сол сәтте аузында тістеген жемтігі бар арыстан шыға келеді. Түлкінің қыңсылаған даусы арыстанды көргенде сап тыйылады. Арыстан аузындағы аңның бір бөлігін жеп болып, қалғанын тастап кетеді. Сөйтіп, ол кәрі түлкіге бұйырады.

Сонда әлгі ағаш басында отырған адам екі алақанын жайып, еңіреп жылайды. «О, кәрі түлкіге ырыс берген Алла тағалам! Мені де осындай ырысқа бөлей көрші! Жалынамын!» – дейді.

Біраз уақыт өткен соң, қайдан екені белгісіз, бір жерден: «Ей, ақымақ адам! Ауру кәрі түлкідей ырыс күткенше, арыстан болып ырыс таратпайсың ба?!» деген дауыс естіледі.

 

Дүренің дауасы

 

Шығыс әлемінде Харун Рашитті білмейтін адам кемде-кем шығар. Сол бір атақты, әділ патшаның мұрагері Мамун медреседе оқып жүрген кезінде өзі ерекше құрмет тұтатын ұлағатты ұстазы ешбір себепсіз дүре соғып қоя береді.

Қараптан-қарап таяқ жеген бала:

– Ұстазым-ау, мені неге сонша жазала­дыңыз? Мен не істеп қойдым? Бірдеме бүлдір­ген болсам, айтыңызшы?! – деп реніш білдіреді.

Ұстазы баланың ренішті сөзіне тіл қат­пайды. Бала қайта сұраса, ол тіс жармайды. Бұл оқиға Мамунның есінде қалады.

Содан уақыт зымырап өте шығады. Бала Мамунның есейіп, патша тағына отыратын кезі туады. Таққа жайғаса беріп, қолына шоқпарын алады, содан соң баяғы дүре соққан ұстазын шақыртады.

Сөйтіп, ұстазына бала кезінен жауапсыз қалған сұрағын қайта қояды.

– Сол кезде мені неге таяқтың астына алдыңыз? Қандай кінәм бар еді?

Сақалын қырау шалған қарт ұстаз езу тартып:

– Ұмытпапсың ғой, шырағым, – дейді.

Орнынан атып тұрған патша:

– Қалай ұмытамын, айтыңызшы, қалай ұмытамын?! Біле білсеңіз, сол соққы сүйегімнен өтіп, жүрегімді жаралады! – деп, қабағын түйіп кіржіңдейді.

– Жарайды, балам, – дейді ақсақал. – Сені ренжіткен болсам, көңіліңе алма. Бұл дүние кем болғанымен, бір қайыры бар екенін естен шығарма! Ештеме бекерден-бекер болмайды.

Әсілі зұлымдыққа, әділетсіздікке душар болған адамның қандай күй кешетінін және оны ешуақытта ұмытпайтынын білсін деп соқтым. Ешкімге зұлымдық жасамасын дедім. Өйткені, зорлық-зомбылық өзің көргендей қанша  уақыт өтсе де, жүректегі  сөнбейтін бір отпен тең!

 

«Саяхатқа» барар жолда

 

Алматыда оқып жүрген кезіміз еді. Талай ән-жырға арқау болған «Саяхат» автобекетіне шұғыл жетуім керек болды. Такси тоқтатайын деп қол көтеріп едім, ақ түсті «Жигули» жанымнан сырғып өте бере тоқтады.

«Амансыз ба! «Саяхатқа» барасыз ба?» дедім. Жүргізуші: «Отыр!» дегендей, иегімен алдынғы орындыққа нұсқады. Көлікке жайғаса бере: «Бісміллә!» деп қалдым. Әдетте әжелеріміз бен аталарымыз айтатын дәстүрлі сөз ғой. Біздікі де сол сияқты әдет.

Қыр мұрын, ашаң жүзді, ақ самайлы көлік иесі мұныма риза болып:

– Әп-бәрекелді! «Бісміллә» десең, жолың болады, – деді.

– Мұсылман баласы емеспіз бе, көке, – деп қойдым көңілім көтеріліп.

– Дұрыс айтасың, балам. Оныңа келі­семін. Кезінде… өзің білесің, мұндай әңгіме қозғауға болмайтын. Ал енді, такси айдап жүргенім болмаса, негізі мен физикпін. Физиканы жақсы білетіндер Құдайдың бар екеніне және өмірде ештеңенің кездейсоқ емес екендігіне сенеді.

– Оныңыз рас, көке. Атақты Эйн­штейннің: «Жаратушы, жалпы, ғаламды тас ойнап отырып жаратпаған!» деген сөзі әлі есімде, – дедім мен өзімнің оқығанымды білдір­гім келіп. – Сосын мына сөзі қандай ғажап десеңізші: «Өмір сүрудің екі жолы бар. Біріншіден, бұл дүниеде таңғалдыратын керемет күш жоқ деп ғұмыр кешу. Екіншіден, таңғажайып тылсым күш бар екеніне сеніп өмір сүру».

– Е балам, сол бір тылсым күшті өз көзі­мізбен көрдік қой, – деп, әлгі кісі бір оқиғаны есіне алып, сыр шерте бастады. – Ауыл бас­қарып отырған кезіміз. Молданың жазықсыз қамалып кеткеніне екі жыл болған. Сол кезеңдерде бір тамшы суға жарымай қалдық. Еккен егініміз шықпай қалды. Содан әлгі молда босатылды деген хабар жетті бір күні. Ауыл тұрғындары жиналып, тасаттық берейік, бір Алладан тілемеске шара жоқ десті. Келіспеске амал қайсы. Әлгі молдамыз бастап, ел жотаның төбесіне шықты. Мал сойы­лып, құран оқылды, ақсақалдар бата берді. Сол кезде мына қырсықты қараса­ңызшы, орталықтан комиссия келе жатыр деген хабар жетті. Ойбай-ау, енді қайтеміз, жотадағы жұртты көрсе басымыз кетеді ғой деп шыж-быж болдым. Аспанға қайта-қайта қараймын жалтақтап. Бұлттың қарасы көрінбейді. Рәсімді тезірек аяқтасын деп, балаларды төбеге жүгіртемін. Бірақ оған ешкім көне қоятын емес.

– Қызық екен!

– Иә-ә, қызықтың көкесі әлі алда. Сонымен, комиссия келді. Оларды бастап жүрген бір орыс келіншек екен. Кеңсеге кіріп, үстел басына жайғасты. Мен жанымды шүберекке түйіп отырмын. Комиссия құжат тексеруге кірісті.

Кенет терезеден жотадағы жұртты көрген орыс келіншек:

— Ана жақта не болып жатыр? — деп сұрады көңілі елеңдеп.

Амал жоқ шындықты айтуыма тура келді.

Әлгі келіншектің жанындағы аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, шомбал қара жігіт басын шайқап, ырқ-ырқ етіп күлді де:

— Осы жұрт не болса, соған сенеді, — деді.

Келіншек үн қатқан жоқ. Қайтадан құжаттарға үңіліп, өз ісін жалғастыра берді.

Содан бір кезде күтпеген жерден аспан тесілгендей жауын құйды да кетті. Ойпырмай, мұндай да болады-ау! Терезеге үңіліп, әлгі жұрт жиылған жотаға қарасам, ешкім жоқ. Бәрі тым-тырақай боп, пана іздеп, ауылға қарай қашыпты. Бұны енді ешқандай да физиканың заңымен түсіндіре алмайсың.

– Ғажап екен!

– Ғажап болғанда қандай! Алладан сұрасаң береді ғой. Дұға-тілек деген терең ұғым. Оны біз түсіне бермейміз. Қадіріне жетпей жүрміз. «Дұға етпесеңдер, тіршілік етудің қандай мәні бар?» деп Құранда айтылған ғой.

— Содан әлгі комиссия мүшелері не айтты?

— Иә, айтпақшы, құжат қарап отырған орыс әйел орнынан атып тұрып, терезенің алдына келді. Сөйтті де, сырттағы жаңбырға таңдана қарап тұрып, менен терезені ашуға бола ма деп сұрады. Неге болмасын?! Оның үстіне комиссия басшысы сұрап тұрса. Әп деп, терезені шалқайтып аштым да жібердім. Сол кезде талайдан бері жаңбыр күтіп жат­қан кең даланың хош иісі ішке лап қойды.

Қуанғанынан қолын шапалақтап жіберген орыс келіншек енді:

— Мұндай ғажапты кім көрген! – деп алақанын бұғаттан сорғалап жатқан суға тосты. Сөйтті де:

— Құжаттардың да дұрыс екендігіне толық сенімдімін, —  деп күлді.

Осы кезде мен:

– Көке, «Саяхаттың» алдына да кеп қалдық, — дедім қызық әңгіменің әсерімен байқамай өтіп кетпейік дегендей алаңдап.

– Жарайды, балам. Айта берсек, талай оқиғалар еске түседі. Үйдегі апайыңмен осы жерде – «Саяхатта» танысқанбыз. Е-е, ол да бір дәурен екен-ау!..

Қашанда бір қайыры бар мынау ғажап дүниеге қараңызшы, сол күннен бастап, таксиге мінген сайын әлгі оқиға есіме түсіп, Ұлы Құдіретке сыйынып отыратын болдым.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *