БИООТЫН – ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ

Алматылық жас ғалымдар – Қыздар университетінің студенттері биоотын алудың тың жолын тапты

Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің Жаратылыстану факультетінің студенттері өсімдік майынан биоотын алудың тиімді жолдарын ойлап тапты. Бұл туралы Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асан  хабарлады.

«Күнбағыс майынан биоотын алудың маңызы» тақырыбындағы Назерке Халел мен Муниса Сайдиганиеваның ғылыми жобасы алғаш рет «Фараби әлемі» атты жас ғалымдар мен студенттердің халықаралық конференциясында  таныстырылыпты. Ғылыми жоба авторларының айтуынша, биоотынның пайдасы мен маңызы зор әрі қоршаған ортаға тигізетін зияны аз екен.

«Табиғи қорлар мен энергетикалық ресурстардың сарқылу мүмкіндігі пайда болғаннан кейін адамзат оларды үнемдеуге және баламалы қуат көздерін ойлап табуға тырысуда. Соңғы жылдары әлемнің бірқатар дамыған елдерінде биоотын өндіру қарқынды түрде дамып келеді. Бұл бекер емес. Себебі, биоотын – жаңартылған энергияның көзі, экологиялық мәселелерді шешудің тиімді жолы. Әрі арзан және қолжетімді. Уақыт өткен сайын дамып келе жатқан қоғам мұнай мен көмір өнімдерінен гөрі адамға да, қоршаған ортаға да пайдалы отын түрін қолданғанды жөн көреді. Сол себепті де біз осы ғылыми-зерттеу жобасын жүзеге асыруды жөн көрдік», – деп атап өтті студенттер.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен дәстүрлі жиында Қыздар университетінің білімгерлерінің жобасы қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланып, үшінші орынға ие болды. «Бүгінде жас ғалымдар Химия мамандығы бойынша білім алады. Бұл олардың ғылым жолындағы алғашқы жетістігі. Студенттер тың жобаны алдағы уақытта Жаратылыс­тану факультетінің базасындағы зертханада жетілдіріп, болашақта «Start up» жобаларға қатысуды жоспарлап отыр», – дейді сту­дент­тердің ғылыми жетекшісі, Химия кафедрасының оқытушысы Гүлсара Ақа­нова. Осы орайда айта кетейік, қоршаған ортаға зиянсыз отынды өндіруші елдердің саны жыл өткен сайын артып келеді және отынды өндіру көлемі соңғы уақытта өсіп отыр. Әдетте биоотын түрлі өсімдіктерден алынады. Айталық, осы отынды ең көп өндіретін Бразилия қант қамысынан алса, АҚШ-та оны жүгеріден өндіреді. Әрине, аталған отын түрін өндіруге деген Қазақстанның да ынта-ықыласы Еуропа елдерінен кем емес. Қазақстан биоэтанол­ды өндіру ісіне экспортқа бағытталған тауар ретінде басымдық беріп отыр. Бұдан бұрын еліміз өндіргелі отырған биоэтанол­ды бидайдан алатын.

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *