«Білімді мектеп бермейді. Оны ізденіп, оқып, бала өзі алу керек»

Әсел ДАҒЖАН

Ғалым, педагог, аудармашы Телжан Шонанұлының туғанына 125 жыл толуына орай Ұлттық кітапханада өткен «Жазу реформасы: рухани жаңғыру және сабақтастық» конференциясында ағартушының 5 томдық шығармалар жинағының тұсаукесері болды. 

Өткен ғасырдың энциклопедист ғалымы, қысқа ғана ғұмырында артына орасан зор еңбек қалдырып кеткен Телжан Шонанұлы жайлы бірер ауыз сөз айтар болсақ, ол 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов бастаған алаш зиялыларына қолдау көрсетті. 1917 жылы Ақпан төңкерісі кезінде ұлттық автономия құруға атсалысты. Сол жылы өткен екінші жалпықазақ съезінде Алашорда үкіметінің жанынан құрылған оқу комиссиясының құрамында болады. Оның бір топ еңбегі ғылым, өлкетану, жер мәселесі, география, қазақтарды қоныстандыру, отырықшыландыру және жер бөлу мәселелеріне арналған. «Қазақ жер мәселесінің тарихы» атты еңбек те осы Телжан Шонанұлына тиесілі.

  • 43 жылғы ғұмырында Телжан Шонанұлы ғылымның әрбір саласынан зерттеу еңбектерін жазып қалдырды. Мәселен, оқыту бағдарламасы мен әдістемелік құралдар, тіл үйреткіш пен сауат ашқыштар, тіл білімі мен әдебиеттану, аймақтану мен саяси экономия, аударма қисыны мен тәжірибесі, ұлт мектебінің қалыптасуы мен тәрбиесі, этнография мен қазақ жерінің отарлану тарихы туралы өте зәру ғылыми-танымдық әдебиеттер жазып қалдырған, – деді Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорының басшысы Айхан Құдайбергенқызы.

Деректерге көз жүгіртсек, 1930 жылы бір әліппенің өзі 300 000 данамен басылса, екі жылдық оқу құралы 150 000 дана, үлкендер әліппесінің өзі 600 000 данамен жарық көрген.

Ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттер, кітапхана оқырмандары қатысқан конференцияда М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Айгүл Ісімақова да болды. Профессорға бір-екі сауал қойғанымызда, ол бізге ізгілікті білім беру жайлы айтып, неліктен бүгінгі оқулықтармен оқушылардың көсегесі көгермейтінін түсіндіріп берді.

  • 2004 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 5 томдығын шығарғанда, екінші томы Байтұрсынұлы мен Шонанұлының бірге жазған Оқу құралын осы Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар қорынан алып, тұңғыш рет төте жазудан кириллицаға аударып басқан едік. Өзім сол кітапқа бас редактор болдым. Ол кітап 1927 жылы шыққан. Сол кітапты ашып қарасаңыз жер асты, жер үсті ғылымдары туралы ғылым саласынан нақты, қысқа мағлұматтар енген. Тарих, әдебиет, өнер, дүние-тіршілік, есеп құралдары, география, зоология, ботаника дейсіз бе, жер астында қандай тастар бар, қазақ жерінде қай өңірінде қой өсірген ыңғайлы, ірі қара малды қайда асырау керек дегенге жауап береді. Жылқының ерекшелігі, ол жайлы жазылған поэма, Абайдың «Аттың сынынан» бастап ғылыми-танымдық ақпарат әдебиеттегі асыл сөз өлеңдерімен көркемделіп берілген. Бұл – білім берудің америкалық нұсқасы. Ал біздің ғалымдар оны жүз жыл бұрын жазып кеткен. Бұл кітап 2004 жылы жарық көргенде өзім танитын мұғалімдерге, ауылдағы оншақты мектеп пен қаладағы оншақты мектепке бердім. Осы күнге дейін қолданыста жүр. Қазақтың қару-жарақтары жайлы тарауда қанжардың 25 түрі аталған. Қыздар ұстайтын пышақ түрлері бар. Тұрмыста ұстайтын пышақ пен аңға шыққанда алатын пышақ түрлері де айтылады. Мұндай деректі мен басқа әдебиеттерден кездестірмедім. Мұндағы атаулардың бәрі қазір ұмыт қалғанымен, оқулықтың бетінде бәрі сайрап тұр. Энциклопедиялық дәрежедегі кітап өсіп келе жатқан қазақ баласының ізгілікті білім алуын көздеп жазылған. Білімді мектеп береді дейміз. Ол қате ұғым. Білімді ізденіп, оқып, бала өзі алу керек. А.Байтұрсынов, Х.Досмағамбетов, Мағжандар кезінде өздері бес-алты еуропалық тілді меңгеріп алған.  Бүгінгі қазақтың балалары мен айтып отырған Оқу құралы секілді кітаптарды оқу арқылы білімді алмаса, бүгінгі оқулықтармен көсегеміз көгере қоймас, – деді Айгүл Ісімақова.

Айта кетейік, аталған бес томдық кітап 2000 таралыммен жарық көрді. Қалың көпшіліктің оқуына арналған.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *