БІЛІМ ЖЫЛЫ БЕРЕКЕЛІ ЖЫЛ БОЛДЫ

88Рая ЕСКЕНДІР

Былтыр қала тұрғындары алдында есеп бергенде шаһар басшысы 2014 жылды Алматы қаласы бойынша Білімді дамыту жылы деп жариялаған болатын. Осыған орай, Республика сарайында Білім жылын қорытын­дылауға арналған салтанатты жиын болып өтті.

Алматы – елімізде болып жатқан барлық жаңалықтың көшбасшысы. Еліміз Тәуелсіздігінің алтын бесігі де осы – Алматы. Алаштың Алматысы қазақ елінің әрбір баянды, бейбіт те берекелі тыныс-тіршілігінің тікелей куәгері.

Білім жылын қорытындылауға арналған жиынның ашылуында қала әкімі Ахметжан Есімов сөз алды.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында бірегей білім жүйесін құрып, ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсарту қажеттілігін ерекше атап өткен еді. Орта білім беру саласын одан әрі жетілдіру мен білім сапасын арттыру жолында жаңаша ойлай алатын, нағыз қазақстандық азаматтарды оқытып, тәрбиелейтін, санасына серпіліс беретін педагогтардың еңбегі де, орны да ерекше, – деп бастаған Ахметжан Смағұлұлы бір жыл ішінде Алматы қаласы білім саласының қол жеткізген жетістіктеріне ерекше тоқталып өтті. 

99Білім мен ғылымның, мәдениеттің ордасына айналған Алматы қаласында таңдаулы білім ошақтары, мақтаулы мектептер, колледждер мен балабақшалар көптеп саналады. Оның бір көрінісі – алматылық мектеп бітіруші түлектердің еліміз бойынша үш жыл қатарынан Ұлттық Бірыңғай тестілеуде жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, еліміз бойынша бірінші орында келе жатқандығы. Сонымен қатар, Алматының алғыр балалары Білім жылына алтыннан шашу шашып, дүркін-дүркін жүлделі орын алып, жеңімпаз атанып отыр. Қала мектептерінің дарынды оқушылары математика, физика, химия, биология пәндері бойынша өткен Президенттік олимпиадаларда командалық есеппен  І орынға ие болса, Халықаралық Жәутіков олимпиадасында жүлдегер атанған 49 қазақстандық оқушының 15-і Алматы қаласының оқушылары болды.

Халықаралық ХХХХV физика олимпиадасына қатысқан 85 мемлекеттің 374 дарынды балаларының арасынан Алматыдағы №165 лицейдің 10-сынып оқушысы Дәулет Құрмантаевтың аты озып, күміс медальды жеңіп алуы да үлкен жеңіс болды.

Тоғыз жыл қатарынан Алматы қаласы команда­сының тек І орынды иеленуі, 12 мәрте Республикалық оқушылардың ғылыми сайысында жеңіске жетуі – мұның барлығы үздіксіз ізденіс пен тынымсыз тіршіліктің арқасы. Бұл ретте ұстаздың еңбегін еш етпей, білімді ұғып, тоқи білген өрелі өрендердің де еңбегінің зор екендігін атап өткеніміз жөн. Бұдан өзге Алматының алғыр ұл мен қызы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми сайыстарға қатысып, 280 жүлделі орынға қол жеткізді.

Сонымен қатар, Алматыда алғаш рет мектеп оқушы­ларының ағылшын тілі пәнінен өткен олимпиадасы да өз жемісін берді. Қаламыздың оқушылары үш тұғырлы тілді еркін меңгергендіктерін көрсетті. «Хэйлибэри» мектебінде өткен сайысқа 8–10-сыныптың 400 оқушысы қатысқан еді. Құрамында Ұлыбритания универ­ситеттерінің оқытушылары бар қазылар алқасы мектеп оқушы­ларының ағылшын тіліне жетік екендіктерін аса жоғары бағалаған болатын.

Бұндай теңдессіз жеңіс ең ал­дымен,  шәкірт санасына бағдар беріп, зердесіне білім нәрін еккен ұстаздың еңбегі.

Алып мегаполис Алматы қала­сының мұғалімдері Елбасы­мыздың «бәсекеге қабілетті, дамыған мемлекет болуымыз үшін, сауаттылығы жоғары, білімді елге айналуымыз керек» деген қағидасын ұстанып, сол бағытта еселі еңбек етіп келеді. Еліміз бойынша «Білімді дамыту жылы» ең алғаш Алматы қаласында бастау алып, өз кезегінде өзге өңірлердің де қызы­ғушылығын тудырып отыр. «Білімді дамыту жылы» болған соң, әрине, осы салаға баса назар аудары­лып, түйткілді мәселелер шешілді. Бір жыл ішінде жаңа ғимараттар бой көтеріп, еңселі мектептер мен балалардың думанды мекені – балабақшалар салынды.

«Жас қанат» ықшамауданында 1200 оқушыға арналған жаңа мектеп құрылысы басталып, пайдалануға берілді. «Таулы қырат» ықшамауданынан Назарбаев зияткерлік мектебі ашылып, физика-математика бағытында білім беріп жатса, дәл қазір «Қалқаман» ықшамауданындағы химия-биология бағытында білім беретін 900 орынды Зияткерлік мектебіне құжат қабылдау жүргізіліп жатыр. «Білімді дамыту жылы» аясында қаламыздың кішкентай тұрғындары да көл-көсір қуанышқа кенелді. Балабақшаға деген сұраныстың өте өзекті әрі өткір мәселе екендігі белгілі.

Алматыда баспана мен балабақшадан орын алу мәселесі ең алдыңғы қатардағы мәселе. Соған қарамастан қала әкімшілігі барлық мүмкіндікті пайдаланып, күрделі мәселені шешуге күш салуда. Жаңадан бой көтерген 4 балабақша 480 балақайдың балабақшадан орын алуына көмектессе, сонымен бірге, қаламызда ең алғаш рет тәулік бойы жұмыс істейтін балабақшалар ашылды. Мұндай балабақшалар «Саялы» ықшамауданынан 320 орынды және «Үміт үйі» мекемесінен арнаулы топ болып ашылып отыр. Бүгінгі Алматы мектептерінің барлығы заманауи талапқа сай. Барлық мектептерге ғаламтор желілері тартылған, интерактивті тақталар, ақпараттың ең соңғы үлгідегі жарақтарымен қамтылған.

Тек мектептегі жаңа үлгідегі құрылғыларды алу үшін 1,4 млрд. теңге бөлініпті. Дәл қазір Алматыда 17 балабақша құрылысы қызу жүргізіліп жатыр. Олардың 6-ауына рес­публикалық, 11-іне қалалық бюджет есебінен қаржы бөлінді. Білім жылы аясында жүргізілген жұмыстарды санамалап шығу еш мүмкін емес. Олардың арасынан ерекше тоқталып айтар болсақ, 19 білім мекемесінің ғимаратына сейсмикалық төзімділігін нығайту үшін және 2 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Мұндай ауқымды жұмыс үшін қала қаражатынан 5,9 млрд. теңге бөлінді.

Салтанатты жиынға білім беру саласының қызмет­керлерімен қоса, Алматы қаласының мақта­нышына айналған жеңімпаз оқушылар да қатысты. Өздеріне саналы тәрбие, сапалы білім берген ұстаздарына деген ризашылықтарын олар  ән тілімен жеткізді. Көк байрақ түстес «Үркер» төсбелгісінің 2014 жылғы 350 иегері де өздерінің жеңістерін Білім жылына жасаған тартуымыз дейді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *