Білім сапаға, құжат талапқа сай болсын

Рая ЕСКЕНДІР

 

Алматы қаласы Өңірлік коммуникация қызметі орталығында Алматы қаласындағы білім беруді бақылау департаментінің басшы­сы Гүлнар Ермекбаева баспасөз конференциясын өткізіп, білім жүйесіндегі мәселелерді талқыға салған еді. Білім беруді бақылау департаментінің басшысы білім мекемелеріндегі жоспардан тыс тексерістер туралы айта келе, біраз жәйттің бетін ашты.

– Былтырғы маусым айынан бастап Білім беруді бақылау департаменті мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңаша түрі, яғни құжаттардың түпнұсқасын тексеруді бастаған едік. Осы тексерудің нәтижесінде жалған құжаттармен қызмет етіп жүргендердің де бар екендігі анықталды. Ең беделді оқу орындарының құжатын қолдан жасап, жалған құжатпен еңбек етіп жүргендер де кездесті. Біз ол құжаттарды Ішкі істер департаментіне табыс еттік. Ары қарай тиісті орындар анықтайтын болады. Мұндай жалған құжаттарды бөгде адамнан сатып алулары да мүмкін, кей жағдайда оқу орны жабылып қалып, түпнұсқаны растайтын құжаттар жоғалып кетіп те жатады,– дейді Гүлнар Өмірбекқызы.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың жартыжылдығында 60 білім мекемесіне тексеру жасау жоспарланған екен. Олар­дың ішінде 28 мектепке дейінгі мекеме, 25 мектеп және 7 кәсіптік және техникалық білім беретін мекемелер бар. Сол жос­пардағы мекемелердің 16-на тексеру жүр­гізген департамент басшылығы олардың 8-і талапқа сай болмай шыққанын жеткізді. Айыппұл арқалаған мекемелер 312 650 теңге төлеуге міндетті екен. Білім беруді бақылау департаменті басшысының айтуынша, келіп түскен арыз-шағымдар бойынша да жоспардан тыс тексерістер жүргізетіндіктерін айта келіп, 11 әкімшілік іс көтерілгенін баяндады.

Бұл ретте 306 315 теңге айыппұл төлен­ген екен. Білім беруді бақылау департа­ментіне түрлі мәселелерге байланысты арыз-шағым айтылып жатады. Мәселен, бақылау департаментінің бас маманы Бахтияр Үсеновтің айтуынша, колледжде ағыл­шын тілін оқытатын оқытушының арнайы білімінің жоқ екенін айтып ата-аналар хабарласқан екен. Бас маманның айтуынша, көп жағдайда ата-аналар баға қоюдағы әділетсіздік, балаларға деген жа­уапсыздық, материалдық базаның жетіс­пеу­шілігі туралы айтып шағымданады дейді.

Баспасөз конференциясында Гүлнар Өмірбекқызы Алматы қаласы педагог­тарының біліктіліктері қаншалықты талап­қа сай екендігі туралы, мектепке дейінгі мекеме тәрбиешілерінің білім сапасының деңгейі мен аттестациядан өтпей қалған білім мекемелерінің жағдайы туралы кеңінен мәлімдеді. Білімнің негізі болып табылатын бастауыш сынып мұғалімдерінің білім сапасы туралы да баса айтылды. Қорыта айтқанда, білім сапасын көтеріп, мұғалім өзінің біліктілігін арттырған кезде ғана талапқа сай болатын ұрпақ тәрбие­леуге болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *