БІЛІМ САЛАСЫ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ БОЛУ КЕРЕК

Дамир ШЫНЫБЕКОВ, Халықаралық  ІT университетінің ректоры, Алматы қалалық мәслихатының депутаты:

Елбасының Қазақстан халқына кезекті «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру: табыстары мен өмір сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне арналған. Атап айтарым, Елбасы әдеттегідей өмір сапасының құрамды бөлігі ретінде балабақшадан бастап ЖОО-ға дейінгі білімді атайды. Шын мәнінде, білім  адам капиталын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады, еліміздің дамуының және оның ғылыми-техникалық әлеуетін  арттырудың басты факторы болып табылады. Инновациялық экономика қалыптастыру үшін өмір сапасы мен білім мен ғылымның  деңгейі жоғары бәсекелестікке қабілетті болуы  қажет.

Президент атап айтқандай, Қазақстан­ның барлық білім беру жүйесі халықаралық стандарттарға сай болуға тиіс. Назарбаев зияткерлік мектебінің білім беру әдіс­темелері өзінің тиімділігін көрсетіп отыр, мұны мемлекеттік мектептерде қолдану керек. Бұл — өте өзекті, себебі бүгінгі күні біздер, білім беру саласының қызметкерлері, тығыз байланыста  еңбек етеміз. Балабақ­шалар мен мектептерде білім негізі қала­нады, осы негізде жоғары оқу орындары елімізді дамудың жаңа сапалы деңгейіне көтеретін рухани-зиялы таңдаулыларды қалыптастырады. Бұл орайда Елбасының ҚР «Ұстаз мәртебесі» туралы заңын  қабылдау туралы ұсынысы өзекті болып табылады. Онда мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелердің еңбеккерлерін ынта­ландыру жолдары қарастырылуы қажет. Әлеуметтік бастамалар шеңберінде қазақ­стандық мұғалімдердің жалақысы 1,5 есе өсті, педагогтар мен тәрбиешілердің еңбегін одан ары ынталандыру олардың шығарма­шылыққа, сапалы еңбектенуге уәждемесін арттырады.

Елбасы инновациялық экономиканың платформасы ретінде ғылымның дамуына ерекше көңіл аударды. Ғылыми зерттеулерді қаржыландыру ІЖӨ-нің 10 пайызын құрауы тиіс, бұл әлемдік стандарт. Прези­дент білім, ғылым мен денсаулық сақтауға барлығы 100 млрд. теңге бөлуге шақырды. Бұл қазақстандықтардың өмір деңгейін көтеруге бағытталған нақта шаралар.

Елбасы тек сапалы білім ғана эконо­мика­лық өсу мен еңбек өнімділігін артты­рудың жаңа моделін қамтамасыз ететінін әрқашан атап айтады. Бұл бүгінгі Жолдау­да да айтылды. Қазақстанда жоғары білім қолжетімді бола түсті. Биылдың өзінде мем­ле­кеттік гранттар саны 20 мыңға дейін көте­рілді. Президенттің білім беру нарығында тек білім сапасын қамтамасыз ететін ЖОО-лар қалу керек деген ұсынысымен келі­семін. Еліміздің кез-келген азаматы тиісті біліктілігін алып, әлемнің кез-келген елінде сұранысқа ие маман бола алуы қажет.

ЖОО-ның табыстылығының көрсеткіші ретінде  Президент студенттердің жұмысқа орналасуын атады. «Егер түлек жоғары ақылы жұмысқа орналасса, университеттің жақсы болғаны», – деді Елбасы. Біздің ІТ университеті үшін түлектеріміздің жұмысқа орналасуы маңызды трендтеріміздің бірі. ХАТУ қабырғасынан осы уапқытқа дейін 2000 студент бітіріп шықты. Жұмысқа орналасу жүз пайыз, студенттер 2-3 курс­тан-ақ ұлт­тық компаниялармен қатар, әлемдік компанияларда да жұмыс істейді. Біздің түлектеріміз цифрлық экономиканы дамы­ту бойынша мемлекеттік департамент­терде басшылық қызмет атқарып жүр. Президент болашақтың экономикасын: баламалы энергетика, үлкен мәліметтер қоры, ақылды дүниелер, блокчейн – одан әрі дамытуға үндеді. «Еліміздің әлемдегі орны осыларға байланысты», – деді Пре­зидент. Ол үкіметке Назарбаев Универси­тетімен бірігіп нақты жобаларды анық­тайтын арнайы бағдарла­малар жасауды, жасанды интеллект технологияларын құра­тын ҒЗИ ашуды тап­сырды. Біздің ІТ уни­верситеті бұл мәселе бойынша ынтымақ­тастыққа дайын.

Қазір біздің бәрімізге жүйелі түрде даму, заман талаптарына, әлемнің теке тіресіне сай болу өте маңызды. Халықаралық ақпа­рат­тық технологиялар университеті өзінің жастығына қарамастан, технологиялық төңкерістер заманының ЖОО болудың не екенін өз тәжірибесінен біледі. Сондықтан Елбасының Жолдауын біз өз жұмы­сы­мызды одан ары жетілдірудің нақты алго­ритмі деп қабылдаймыз.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *