Бiлiм мен денсаулық саласында жемқорлыққа жол берiлмейдi

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

5«Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалының Саяси кеңесiнiң кезектi отырысы болып өттi. Басқосуды «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бiрiншi орынбасары К.Матыжанов ашып, жүргiздi. Саяси кеңестiң бұл отырысына Алматы қалалық мәслихатының хатшысы Т.Мұқашев қатысты. Отырыста «Нұр Отан» партиясының сайлауалды платформасындағы ең басты бағыт – жемқорлыққа қарсы күрес шараларын күшейтуге байланысты Алматы қалалық Бiлiм басқармасы мен Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының жемқорлыққа қарсы жүргiзiп отырған iс-шаралары, ең маңызды қос саланың қазiргi таңда атқарып отырған жұмыстарының есебi тыңдалды.

Бiлiм басқармасының басшысы Рахат Шимашева өз баяндамасында бiлiм саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстары, бiлiм сапасы, оқушылар арасында жүргiзiлiп отырған тәлiм-тәрбиелiк жұмыстарға, қаладағы мектеп-интернаттар мен арнайы мектеп оқушыларының жағдайы жөнiнде баяндады. Р.Шимашеваның баяндамасына құлақ қойған Саяси кеңес мүшелерi қаламыздағы әрбiр екiншi мектепте қамқорлыққа алу кеңесi құрылғанын, бүгiнде мұндай кеңестiң 58 мектепте жұмыс iстейтiнiн, «Балапан» бағдарламасы негiзiнде 15 балалар бақшасы салынып пайдалануға берiлсе, кезiнде жалға берiлген 8 балалар бақшасының және жартылай жалға берiлген балалар бақшасындағы 61 топқа арналған 1525 орынның керi қайтарылып алынғанын, сондай-ақ, 84 жекеменшiк балабақша жұмыс iстейтiнiн жеткiздi. Балалар мен сәбилердiң бос уақыттарын тиiмдi өткiзу үшiн қалада барлық жағдайлар жасалған. Кейiнгi бес жылда жаңадан салынған мектептер мен балабақшалардың саны артып келе жатқан жәйi бар.

12 жылдық бiлiм беру жүйесiмен 7 мектеп тәжiрибеге алынған. 12 жылдық бiлiм беруге көшуге байланысты 13 жалпы бiлiм беретiн мекемелердi қайта ұйымдастыруға тура келсе, 122 мектепте кәсiптiк мектептер ашылмақ. Н.Назарбаевтың зияткерлiк мектебiнiң ашылатындығы да қала тұрғындары үшiн үлкен жаңалық болып тұрғандай.

Қаламыздағы 125 мектепте мүмкiндiгi шектеулi балаларға қолайлы жағдайлар жасалған. Орта арнайы бiлiм беру мекемелерiнiң де жағдайлары, бiлiм беру, мамандыққа баулу сапасы жаман емес көрiндi. Бiрақ, кемшiлiктер де жоқ емес. Басқарма басшысының сөзiмен айтсақ, «Алтын көрсе, перiште жолдан таядының» кебiн киетiн директорлар мен мұғалiмдер жоқ емес көрiнедi.

2012 жылы жемқорлық әрекеттiң белгiсi бар 9 жағдай орын алса, биылғы жылдың басынан берi 5 жемқорлық әрекетi анықталған. Анықталған жемқорлық әрекетке жол бергендер тиiстi жазаларын алды. Дейтұрғанмен саяси кеңес мүшелерi қанша сынға алынса да кейбiр мектептерде ата-аналардан ақша жинау әрекетiнiң тыйылмай отырғанын айтып, басқа-басқа, жас ұрпаққа бiлiм мен тәрбие беретiн бiлiм мекемелерiнiң қызметкерлерi жемқорлық деген жат қылыққа жол бермеуi керектiгi ескертiлiп, сала басшысына әлi де болса, жемқорлыққа қарсы күрес шараларын күшейте түсу керектiгiн ескерттi.

Саяси бюро мүшелерiнiң тағы бiр тоқталғаны төменгi сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесi болды. Кейiнгi кезде ас мәзiрiне айтар сынның көбейiп кеткенiн тiлге тиек еткен кеңес мүшелерi Р.Шимашеваға тамақ сапасын қадағалауды тапсырды. Баланы мектепке қабылдау үшiн пара талап еткен мектеп директорын қатаң жазалауды тапсырған Саяси кеңес мүшелерi бiлiм саласының жұмысына қанағаттанарлық баға берiп, өз ұсыныс-тiлектерiн де жолдады. «Нұр Отан» партиясының басты ұстанымдарының негiзгi тармағы болып тұрған жемқорлыққа қарсы күрес шараларын күшейтпей, атқарылған игi iстердiң нәтижелi болмайтынын айтты.

Ал күн тәртiбiндегi екiншi мәселе бойынша Денсаулық сақтау басқармасының да жыл басынан бергi атқарылған жұмыстарының есебi тыңдалды.

Басшылық қызметiне келгенiне көп бола қоймаған Ж. Кәкiмсейiтова дәл қазiргi уақыттағы қала тұрғындарының денсаулығын жақсарту мақсатында қолға алынып отырған iс-шаралар жөнiнде баяндады.

Жақында ғана аяқталған тұрғындарды өз қалаулары бойынша қалаған емханасына тiркеу жұмысының сәттi аяқталғанын, тұрғындардың 10 пайызы ғана өзiнiң тұрғылықты жерiнен басқа жерлердегi емдеу мекемелерiн таңдағанын, кейiнгi жылдары қала тұрғындары арасында жалпы өлiм-жiтiм көрсеткiшi төмендеп, туу көрсеткiшi 1,4 есеге артқанын, сәбилердiң шетiнеуi мен ана өлiмiнiң азайып келе жатқанын, жалпы, Алматы қалалық денсаулық сақтау саласы халық денсаулығын жақсарту iсiнде белгiленген 49 индикатор бойынша өзге аймақтардан алда тұрғанын атап өттi.

Бiрыңғай Ұлттық Денсаулық сақтау жүйесi ендiрiлген 3 жыл iшiнде адамдардың өз денсаулығына деген жауапкершiлiктерiнiң артып, қатерлi аурулардың алдын алу, оларды ерте бастан анықтаудың жақсарып келе жатқанын және де емханаларда «кезексiз» алдын-ала жазу арқылы дәрiгерге келу ережесiнiң, электронды тiркеу тәртiбiнiң де енгiзiле басталғанын, алғашқы медициналық-санитарлық көмектi жақсарту мақсатында АМСК бойынша ассоциация құрылғанын жеткiздi.

Жетiстiктермен қатар, сала басшысы кемшiлiктерi – маман тапшылығы жөнiнде мәлiмдедi. Бiрқатар, әсiресе, жаңадан ашылған емханаларда маман-дәрiгерлердiң жетiспейтiнiн айтты. Ал жемқорлыққа қарсы жүргiзiлiп отырған күрес шараларына тоқталған Ж.Қасымжанова 2 бас дәрiгердiң, 4 бас дәрiгердiң орынбасарының және ана мен бала денсаулығына жауапсыз қараған 4 гинеколог-дәрiгердiң жемқорлық әрекетi анықталып, оларға тиiстi шаралар қолданылғанын атап өттi. Күрделi жөндеу жүргiзу барысында мемлекет қаржысына қол салғандардың болғанын жеткiздi. Жемқорлық әрекеттерге қарсы жүргiзiлетiн iс-шаралардың қатаң жүргiзiлiп отырғанын айта келiп, сала басшысы қазiргi таңда барлық емханалар мен ауруханаларда «Сенiм телефондары» жұмыс iстейтiнiн, «Нұр Отан» партиясының постылары құрылғанын да жеткiздi.

Саяси кеңес мүшелерi денсаулық сақтау саласы бойынша қазiргi кезде атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға бере келiп, әлi де болса, денсаулық сақтау саласында кемшiлiктердiң орын алып отырғанын жасырмады. Әсiресе, дәрiгерлер мен кiшi медицина қызметкерлерiнiң адамдарымен қарым-қатынаста дөрекi мiнез, немқұрайдылық танытатындарын тiлге тиек еттi. Тұрғындар тарапынан стационарға жатып емделу және диагностикалық тексерулерден өту үшiн ұзақ уақыт кезек күтетiндерi жөнiнде жиi шағым түсетiнiн жеткiзген саяси кеңес мүшелерi осы аталған жағдайлар бойынша арнайы түсiрiлген бейнематериал ұсынды. Бейнематериалда тұрғындар дәрiгерлерге тексерiлу үшiн кезектi ұзақ күтетiндерiн, порталға iлiне алмай жүргендерiн және де тегiн берiлетiн дәрiлердiң тиiстi адамдарға дұрыс жеткiзiлмейтiнiне шағымданады. Бұл бейнематериалға қосымша депутат Ә.Маралов №12 емхананың бас дәрiгерiнiң атына сын айтты. Бейнематериалмен танысқан және депутаттың сынын тыңдаған басшы бес саусақтың бiрдей еместiгiн айта келiп, көрсетiлген және айтылған сын-ескертпелердiң Денсаулық сақтау басқармасының алқа жиынында қаралатынын, өз қызметiне, науқас адамдарға дөрекi мiнез бен салғырттық танытқан дәрiгерлер мен мейiрбикелерге тиiстi шаралар қолданылатынын айта келе, Жанат Кәкiмсейiтқызы емделушiлер тарапынан айтылатын кейбiр шағымдар мен өтiнiш-арыздардың кейде тым орынсыз болып жататынын, рахмет айтудан бұрын тырнақ астынан кiр iздейтiн де емделушiлер бар екендiгiн айтып қалды.

Ал саяси кеңес мүшелерi А.Мұсабаева, И.И.Ли, А.В.Моргунов басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағаларын бердi. Саяси кеңес мүшелерi де жұмыс жүрген жерде ғана кемшiлiктердiң орын алатынын жоққа шығармай, денсаулық сақтау саласы бойынша атқарылып отырған жұмыстарға, қала тұрғындарының денсаулығын жақсарту мақсатында қолға алынып отырған жақсы бастамаларды қолдайтындарын бiлдiрiп, денсаулық сақтау саласының да жұмысын қанағаттанарлық деп бағалап, отырыс барысында айтылған сын-ескертпелер мен кемшiлiктер бойынша атқарылған iс-шаралар жөнiнде 10-қаңтарға дейiн ақпарат берудi тапсырды.

Бұдан соң саяси бюро мүшелерi «Нұр Отан» партиясының жаңадан құрылған бақылау комиссиясының және де жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясының құрамын қайта сайлау мәселесiн қарады. Бақылау комиссиясының төрағасы болып А.В.Моргунов, ал жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясының төрағасы болып Р.Алшанов бекiтiлдi. Сондай-ақ, саяси кеңес мүшелерi «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының 2014 жылға арналған бюджетi мәселелерiн де қарады.

Отырысты «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бiрiншi орынбасары К.Матыжанов қортындылап, «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХV съезiнiң шешiмдерi мен осы съезде қабылданған «Нұр Отан» – Нұрлы жол» доктринасының әрбiр партия мүшелерiнiң өмiрлiк ұстанымы болуы тиiс екендiгiн ескерте келе, оны халыққа жеткiзу партияның басты мiндетi екендiгiн айтты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *