«Билік бұл сайлаудан өзгеріп шығады»

«Аманат» сайлауға бақылау жүргізу жөніндегі ұлттық қоғамдық платформасы бүгін тәуелсіз бақылаушыларға арналған тренинг өткізді.

 Әсел ДАҒЖАН 

Естеріңізге салсақ, алдағы өтетін Президент сайлауының әділ өтуіне аталған ұйым бақылау жасайды. Сол мақсатта олар 10 мыңнан аса тәуелсіз бақылаушыларды оқытуда. Тренинг сайлау туралы құқықтық талаптарға сәйкес ақпарат беріп, сайлаушылар мен бақылаушылардың міндеттерін құқықтық негізде түсіндіреді әрі сол бақылаушыларды жергілікті сайлау комиссиясымен бірлескен іс-қимылдар жасауға үйретеді. Егер кандидаттың сайлау штаб-пәтері мен сайлауға қатысты өзге де аймақтарда заң бұзу фактілері тіркелсе, онда бірден қандай әрекеттер жасау керектігі туралы кеңестер де беріледі.

Семинар-тренингтің модулі халық­аралық талаптар мен тәжірибеге сай болғандықтан, оған қатысушылар өзге аймақтарда бақылаушы міндеттері жөнінде дәріс бере алады.

Айта кетсек, «Аманат» азаматтық платформасы 5 бағыт бойынша оқытуда. Оның алғашқысы – теңдік. Ол қоғамдық мониторинг жүргізу кезеңдеріне бағыттал­ған. Екіншісі – саналы таңдау. Бұл – басты бағыттың бірі. Сайлау мерзімі мен кезеңі, заңдық процестер туралы сайлаушыларға түсіндіріледі. Үшінші кезең – әділдік. Әлеуметтік желіде әрбір сайлау бөлімшесі бойынша тәуелсіз бақылау жүргізіліп, оның барысы жарияланып тұрады. Төр­тіншісі – келісім. Сайлау жөнінде барынша ашық ақпарат беруге бағытталған. Бұл журналистер, сарапшылар және бұқара пікіріне тікелей қатысты. Бесінші бағыт – сенім. Бұл бағыт мемлекет пен қоғамның сенімді жүйеде бірлесіп жұмыс істеуіне негізделген.

Айта кетейік, тренинг қазақ және орыс тілдерінде өткізілді. Яғни екі сағат уақыт ішінде бірнеше лекторлар дәріс өткізе алды. Олардың ойының тоғысқан тұсы: «Сіздерді аудиториядан айдап апарып, «мынаған дауыс беріңдер» деуге ешкімнің қақысы жоқ. Осыны ескеріңіздер. Сондықтан сайлауда дауыс беруге жауапкершілікпен қарар болсаңыз, сіздің дауысыңыз алдағы 5 жылда өзіңізге жұмыс жасайды» деді.

Ал «Аманат» азаматтық платформа­сының көшбасшысы Мұрат Әбенов  билік те бұл сайлаудан өзгеріп шығады деп ойлаймын деген пікір білдірді.

– 2 миллионға жуық жастар бірінші рет сайлауға барады екен. Көбісі өз құқықтары мен заңдарды білмейді. Сондықтан біз оларды үйретіп жатырмыз. Журналистерді сайлау жайлы қалай дұрыс жазу керектігіне оқытып жатырмыз. Екі семинар өткізіп үлгердік. Көбісін интернет арқылы онлайн өткізудеміз. Себебі, барып өткізуге бізде қаржылай мүмкіндік жоқ. Белгілі мамандарды сөйлетіп, ғаламтор арқылы таратып жатырмыз. Одан соң 10 мыңнан астам тәуелсіз бақылаушыларды үйрету­деміз. Бақылаушыларға арналған арнайы блокнот жасадық. Әрбір учаскеде біздің бір адам болу керек. Әр облыстарда пікірталас алаңдарын ұйымдастырамыз. Қазір көбінесе билік бөлек, қоғам бөлек, ал біз соларды біріктірмекшіміз. Сайлаудан кейін емес, қазір келісіп алайық. Яғни қоғамда қандай проблема бар, оның шешімі қандай дегенді ортаға салып, бәрін талқылаймыз. Алматыда 19 мамыр күні «Менің ама­натым» деген бастама жасаймыз. Ол – сайлауда жеңіп шыққан үміткерге айтатын аманаттар. Қазір қоғамға құрғақ уәде, бос сөз қажет емес. Өйткені, бүгінгі азамат­тарымыз өте сауатты. Өз ойларын нақты жеткізе алады. Олар әріптес болуға дайын. Кейбір мемлекеттерде сайлау қауіпті жағдайдың бірі. Қоғамдық қақтығыстар, дау-дамайлар болып жатады. Біз сайлаудан кейін бірігіп жұмыс жасауымыз керек. Менің ойымша, билік те бұл сайлаудан өзгеріп шығады деп ойлаймын, – деді Мұрат Әбенов.

Қатары күн санап өсіп жатқан бұл «Аманат» азаматтық платформасына сайлауда кімнің жетістікке жеткені маңызды емес, олар сайлаудың әділ өткенін қалайды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *