Әбігері көп «Әбдікей» амалы келе жатыр

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ

 

Наурыз айының 20-сынан 25-іне дейін жалғасатын амал бар. Оны «Әбдікей амалы» деп атайды. Басқаша аталуы – сиырдың «ораза ұстауы». Амал кезінде ауа-райын­да өзгеріс болып, қалың қардың шеті сөгіліп, еріп, су ағады. Жер астын­дағы тоң жіби бастайды…

Осы амалдан соң Бесқонақ амалы жүреді. Ол наурыздың (ескі есеп бойын­ша) 17-нен басталады да сәуірдің 5-іне дейін көрініс береді. Бұл ескі күнтізбе бойынша ескі айдың соңғы бес күні, жаңа айдың алғашқы бес күні қосылып, 10 күн­ді құрайды. Сондықтан бес ескі, бес жаңа деп те атайды. Бесқонақтың дауы­лынан кейін қаратамақ Саршыбжық торғай келеді. Ол шуақты да тұрақты күннің хабаршысы саналады. «Бесқонақ  өтпей шуақ болмайды, шуақ болғанмен тұрақтамайды» деген тәмсіл сол кезден қалса керек.

22–27 наурыз аралығында Отамалы амалы да есіктен сығалайды. Бұл кезде де ауа райы құбылмалы болады. Сондықтан, оны «Отамалы – ойылған қыс» деп те атайды.

Халқының қамын жеп өткен Асан қайғы бабамыз: «Отамалы – ойылған қыс, сәуір – санды қыс, зауза-саратан, сенен де қорқам», – деп мал баққан қазақты сақтандырып отырған.

Ай күнтізбесі бойынша бүгін наурыздың 27-і, қолданыстағы күнтізбе парағы 15 санын көрсетіп тұр. Ал өзіміздің бабалар есебіне жүгінсек, наурыз айының – 2-сі. Бір ғана аптада (15–21 наурыз аралығында) бірнеше амал тоғысып тұр. Ай да, жыл да ауы­сып жатыр. Демек, ауа-райы құбылып, жауын-шашын, екпінді жел, су тас­қыны орын алатынын  жоққа шығаруға болмас, сірә.

Қыт-қыттаған Тауық жылы шығып, жеті қазынаның бірі, 40 ғасыр қазаққа қорған, көмекші болып келе жатқан Ит жылы адамзат тарихының төрінен орын алуда. «…Тауық тайраңдап кіреді» деген қазақ.  Ал ит именіп, ізетпен  аттайды екен табалдырықтан.

«Мешін жылы – мерейлі,

Тауық жылы – табысты,

Ит жылы – игілік» , –

болсын деп тілеген ғой бабаларымыз, лайым, солай болғай! Ізетшіл болайық, ағайын! Ит құрлым жоқпыз ба?!

 

Бабалар айтады:

 

*Күн ерте күркіресе, мол жауын-шашынның    белгісі.

*Ай қораланса, бұршақ немесе жаңбыр жауады.

*Қоқиқаз ескі ұясына жұмыртқаласа, құрғақшылық  болады, ұясын жөндеп, жаңаласа, жаңбырлы болады.

*Алғашқы жаңбырда күн күркіресе, шөп қалың өседі.

*Ұзақ қарға алдымен келсе, көктем тез шығады,  ал сарыала қаз ерте келсе, көктем созылады.

*Наурыз мерекесі күні қар жауса, жылдың жақсылығы  көп болады.

*Жылқы ықтаса, келер қыс қатты болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *