БЕС ЖҮЗ САУАЛ, БЕС ЖҮЗ ЖАУАП

Алматы әкімдігі: Шетсіз қала

Нұржамал  БАЙСАҚАЛ

Сенбі күні қала басшысы Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесті. Әңгімесінің әлқиссасын дәл қазіргі уақытта қала көлемінде қолға алынып жатқан жаңа жобалар мен атқарылатын, атқарылып жатқан жұмыстардың жәй-жапсарын таныстырумен бастаған Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев бұл ауданның тұрғындарына да «Шетсіз қала» бағдарламасының мақсатымен түсіндірді. «Тұратын жеріміз, жұтатын ауамыз бір, бірақ тұрмыстық, мәдени өмір сүру жағдайымыз әр түрлі. Қаланың орталығына барып келген кез-келген тұрғын өз ауданына келгенде басқа бір жаққа келгендей күй кешетінін мен шет аудандарды аралау барысында жақсы сезіндім. Осы сезім мені шет аудандардың әлеуметтік, тұрмыстық, мәдени деңгейлерін жақсарту жөніндегі ойға жетелеп, «Шетсіз қала», яғни қаланың орталығы, шеті деген түсінік болмауы керек деген  ойға келіп, осы бағдарламаны қолға алдық. Бұл жалғыз қала әкімдігі ғана мойнына алатын шаруа емес, ол тірлік сіздердің ой-пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңызды ортаға салып, ақылдаса отырып жүзеге асырылатындықтан  орта­ларыңызға келіп отырмын», – деген қала басшысы  жаңа бастамалар мен жаңа жобалары жөнінде жүйелі түрде әңгімелеп берді.

Оқушылар үйі қайта оралады

Онда қала басшысы әр салаға жеке тоқталып, сол бағыттар бойынша қолға алынуға тиісті шаруалар жайына тоқталды. Жастарды оқумен, жұмыспен қамту,  көпбалалы аналарға көрсетіліп отырған әлеуметтік көмектер туралы, қала тұрғын­дарының денсаулығын жақсарту мақса­тында қолға алынған «Денсаулық айлы­ғының» енді әр тоқсан сайын өткізіліп тұратындығын, болашақта шағын елді-мекендерде дәрігерлік пункттер құру ісі қолға алынатындығын айтты. Сонымен қатар, жұртшылық жұмысын жиі сынға алатын полицияның, әсіресе, учаскелік полицейлердің жұмысын жандандыру мақсатында қала көлемінде ауқымды істер атқарылатындығын да айтты. Болашақта әр ауданда жаңа бағыттағы «Оқушылар үйі» салынатындығы, қала бойынша ашық және жабық спорт кешендері бой көтеріп, онда балалар тегін, өздері қалаған спорт түрлерімен жаттығатындығын айтқанда, аудан тұрғындары ду қол шапалақтады. Кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жаңа бастамалар да аудан тұрғындарының көңілінен шыққандай. Келешекте жаңадан салынатын үйлердің бірінші қабаттарының әлеуметтік нысандарға айналатындығын, қызмет көрсету мекемелерінің бір қадамдық қолжетімділікте болатындығын жеткізді. Қала басшысының жасыл желек­терді күтіп-баптау, жаңа ағаш көшеттерін отырғызу, оған қала жұртының өзі атсалысу керектігі жөніндегі бастамалары Әуезов ауданы тұрғындарының ой-пікірімен үйлесім тапқандай болды. Қазіргі таңда қаламызда 2 миллион  200 мың түп жасыл-желектер бар  болса, оның жеті жүз мыңнан астамы жарамсыз күйде көрінеді. Дәлірек айтсақ, 175 мыңы мүлде жоюды қажет етсе, бес жүзге жуығы «емдеуді» қажет етеді екен. Әкіммен әңгіме бары­сында бұл ауданда өздері тұратын жерге деген жанашыр адамдар бар болғанмен, оларды қолдаушылардың, әсіресе, аудан әкімдігінің тиісті сала басшыларының тарапынан салғырттық басым екендігін тұрғындар жасырмады.

Жыл соңына дейін 208 көшеге қосымша жарық көздері  орнатылады

Көшелерінде жарық, арық жоқтығын, атқарылған жұмыстардың сапасыздығын, оларды бақылап, қадағалайтын жауапты қызметкерлердің жоқтығын айтқан Әуезов ауданы тұрғындарының қаланың жаңа басшысына қояр сұрақтары да аз болған жоқ. Микрофонға бірімен-бірі таласа жеткен тұрғындардың сауалдарына құлақ түре отырып, халықтың аудан әкімдігіне қарасты сала қызметкерлерінің жұмысына көңілдері толмайтындығын аңғару қиынға түскен жоқ. Бұл аудан тұрғындары көтерген көшелерді жарықтандыру, арық жүйелері, тазалық, қаңғыбас иттер, жерді заңдастыру, қоғамдық көлік, қауіпсіздік секілді мәселелердің қалаға қосылған­дарына бес жыл болған Наурызбай, он бір жыл болған Алатау ауданының жағдайы­мен деңгейлес көрінді. Құрылғанына елу жылға жуықтап қалған Әуезов ауданында күні бүгінге дейін көшелерді жарықпен қамтамасыз ету, арық жүйелерін қалыпқа келтіру, коммуналдық-шаруашылық жұмыстарына қатысты мәселелер толық шешімін таппай отырған болса, «шам жарығы түбіне түспейді» деген сөздің  шындығын мойындаудан басқа амал жоқ. Бұл ретте қала басшысы биылғы жылдың соңына дейін қаламыздағы 208 көше қосымша жарықпен қамтамасыз етілсе, келер жылы жарықсыз көшелер толық жарықтандырылатындығын айтып, тұрғын­дарды қуантып қойды. Осы жиында саманнан үй тұрғызғанмен, бес жылдан бері үйін заңдастыра алмай жүрген тұрғынның мәселесі оң шешімін тапты.

 

Бір аптаның ішінде үйін заңдастыра алмай жүрген 500 адамның тұрғын үйі заңдастырылған

Шет аудандардың тұрғындарымен кездесу барысында үйлерін заңдастыра алмай жүрген мыңға тарта адамның екі апта ішінде 500-ден астамының үйлері заңдастырылғандығын айтқан қала әкімі «біз мемлекетке салмақ салмай, үй тұрғызып, отбасының тұрғын үй мәселесін өз күшімен шешіп отырған азаматтарды әр мекеменің табалдырығын тоздыртып, шапқылатпай құжаттарын реттеп, үйлерін заңдастырып беруіміз керек, дей келіп, болашақта мұндай бюрократтық әрекет­терге жол берілмейтіндігін айтты.  Осы аудандағы «Достық» ықшамауда­нының тұрғындары қаламыздағы газ шаруашы­лығы қызметкерлерінің, Су басқарма­сының жұмысын өткір сынға алса, тұрғындардың басым бөлігі учаскелік полиция қызметкерлерінің жұмысына көңілдері толмайтындығын айтып жатты. Осы жиында  тұрғындар тарапынан қала басшысына 500 сұрақ қойылыпты. Осы сұрақтардың барлығын қойын дәптеріне жазып алып, тиісті жауабын беруге тырысқан Бақытжан Әбдірұлы өкінішке орай, осы мәселелердің барлығы қара­пайым ғана, еш шығынсыз жергілікті жерлердегі тиісті сала басшыларының атсалысумен шешілуге тиісті мәселелр екендігін батыра айтты.

 

Енді  бір әлемде өмір сүреміз

Бес жүз сауал бес жүз мәселе десек, соның барлығы қала бюджетінен респуб­ликалық бюджеттен қаржы талап етпейтін, сметалық жоба қарастырылмайтын қара­пайым ғана шаруалар. Бұл дегеніңіз, қанша жасырғымыз келсе де аудан әкімдігіне қарасты саланың жұмысының ақсап жатқандығын көрсетсе керек. Аудан әкімдіктерінің қолынан келмей жатқан шаруалар болса, біз көмекке келер едік, – дегенді тілге тиек еткен қала басшысы тұрғындарды белсенді болуға, өздері туып-өскен, тұратын жерлерін қадірлеуге, өздері тұратын аулаларға, көше бойларына ағаш отырғызуға, егілген ағаштарды күтіп-баптауға, қаланың тазалығына  атсалысуға, әр нәрсеге жауапкершілікпен қарауға шақырды. Қаланың таза болуы сол қалада тұратын тұрғындардың мәдениеті мен сана-сезіміне байланысты, сондықтан қаланың мәртебесін көтеру ортақ абырой, ортақ жұмыс. Олай болса, Алматыны гүлдендіру, оны өзіміз сүйетін қала деңгейіне жеткізуге бірге атсалысайық. Қала өмірінде атқарылуға тиісті шаруа да, шешімін күтіп тұрған мәселелер де аз емес. Оның барлығы бір күннің, бір жылдың ішінде атқарыла қоятын шаруалар емес. Біздің дәл қазіргі алға қойып отырған басты мақсатымыз – өздеріңізбен тығыз қарым-қатынас орнату арқылы қаланың болашағын бірге жасау. Осы күнге дейін екі әлемде өмір сүріп кел­сек, келешекте шет аудан деген ұғымнан арылып, бір әлемде, салтанатты, сәулелі бір Алматының тұрғыны болуға ұмытылайық. Ал аудан әкімдеріне кабинет­теріңнен шығып, аудан жұртының мұң-мұқтажына жиі құлақ түріп отыры­ңыздар, – дегім келеді. Бүгінгі мәселелердің барлығы ауданның өз ішінде  шешіліп жатса, тұрғындар дәл осылай жанайқайын білдір­мес еді.  Дегенмен, «көш жүре түзеледі» деген сөз бар, біздің қазіргі міндетіміз – қаладағы өзекті мәселелерді анықтап, бір тәртіпке келтіріп алу. Ал содан соң қала жұртының игіліге қарай қызмет ететін  боламыз, ол үшін тағы да қайталап айтайын, сіздердің де белсен­діліктеріңіз бен жауапкершіліктеріңіз аса қажет. Сіздердің тараптарыңыздан қойыл­ған кез-келген сұрақ, шағым, өтініштер мен ұсыныстар назардан тыс қалмайды. Тиісті жауабын береміз. Болатын нәрсені болады, болмайтынын болмайды деп айтамыз, – деп қала басшысы Бақытжан Әбдірұлы өз сөзін түйіндеді.

P.S.  Төрт сағатқа созылған бұл кездесуде тұрғындар қала басшысына өздерінің көкейлерінде жүрген  ойларымен қатар, көптен бері кептеліп қалған мұң-мұқтаждарын ашық айтуға асықты. Әкім айтса айтқандай-ақ, тұрғындар тарапынан айтылған шағымдардың барлығы қарапайым ғана, аудан әкімдігіне қарасты тиісті сала басшыларының қолынан келетін шаруалар. «Таугүл» ықшамауданы тұрғындарының үш жылдан бері қақпағы ашық жатқан кәріз құбырлары құдықтарының қақпағын жаптыра алмай жүргендерін естігенде, аң-таң қалдық. Бұл жағдай тұрғындар айтқандай, сала қызметкерлерінің шаруаны шешетін жол іздеуден гөрі, бір-біріне сілтеумен іс тындыратындықтарын білдірсе керек. Ал аудандық полиция  бөлімінде қызмет істейтін 88 қызметкердің екеуінің ғана  атына осы жиында тұрғындар атынан алғыс айтылуы да аудандағы қоғамдық қауіп­сіздіктің қандай деңгейде екендігін аңғартса керек. Дейтұрғанмен,  қала әкімінің «бұдан былай жол-патрульдік полициясы да аулаларыңызда жүретін болады» деген сөзі тұрғындарды қуантып қойды. Бүкіл бір үй тұрғындарының шамасы келмеген қаңғыбас шалдың да мәселесі осы жиында сөз болды. Япырай дейсің, сонда ПИК, учаскелік полицияның ықпалы қайда? Әуезов ауданының да төменгі, жаңаша айтсақ, шет көшелері, әсіресе Төле би мен Момышұлы, Яссауи көшелерінің  аудан әкімдігінің коммунал­дық-шаруашылық, көгалдандыру, көрік­тендіру саласы қызметкерлерінің назарынан тыс қалғандығын «Ақсай-2» ықшамауданының тұрғыны дөп басып айтты. Осы кездесуде қала басшысы бес жүз сауалдың барлығының шешілер жолын нұсқап, тиісті сала басшыларына тапсырды. Талай табалдырық­ты тоздырып, мұңын айтар адам таба алмаған көпбалалы, мүгедек баласы бар ананың да мұңы тыңдалды. Ал біз осы жиыннан қала басшысы үстел тоқпақтаса ғана қимылдап, айтқан тапсырмасын бұлжытпай орындап, ал  қалған уақытта «сен тимесең, мен тимен» деген дағдыдан қашан арылар екенбіз деген ой арқалап қайттық. Кездесу барысында сөз алған Гүлдана Битанова апамыз айтқандай, бұл жолы орындалатын шығарма үшін музыкант­тар емес, дирижер терлеген жиын болды…  

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *