Бес саусақ біріксе, жұмылған жұдырыққа айналады

Орталық Азия басшыларының басқосуынан кейінгі ой

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

 

 

Кешегі наурыздың орта тұсында Астанада өткізілген  Орталық Азия елдері басшылары­ның кездесуі Батыс назар аударған, өңірлік деңгейдегі елеулі оқиға болды.

Халықаралық саяси сарапшылар мен экономист мамандар: «Ұқсастықтары көп, көршілес Орталық Азия елдері ортақ бір альянс құрып, бір-бірімен сауда-экономи­калық, мәдени-гуманитарлық қатынасты, интеграциялық ынтымақтастықты нығайту­лары қажет. Сонда ғана олар жұмылған жұдырықтай үлкен күшке айналады»  дегенді талайдан айтып жүр.

Олардың пайымдауларынша: «Орталық Азияның дамушы елдерін экономикалық қиындық пен әскери қауіп-қатерден АҚШ та, Ресей де немесе Қытай да құтқармайды, олардың әрқайсысының өзіндік көздеген  мақсат-мүдделері бар. Бұларды тек өздерінің өзара ынтымақтастығы мен бірлігі, одақтасып іс-әрекет етуі құтқарады».

Сірә, бұрынғы Кеңес Одағының кезіндегі жағдай белгілі. Ресми құжатта: одақтас Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан республи­калары аталынғанымен, іс жүзінде бар билік Мәскеудің қолында болып, бұлардың бір-бірімен  байланысы, қарым-қатынасы  Кремльдің қалауымен шешіліп отырды.

Ғайыптан-тайып КСРО  ыдырап, аталған елдер өз алдына дербес, тәуелсіз, егеменді мемлекеттер болған тұста кең көлемді қарым-қатынасқа  мүмкіндік туғандай еді. Бірақ оған кеңес өкіметінен мұраға қалған шекара дауы, трансшекаралық өзендердің гидроэнергетикалық ресурстарын тиімді пайдалану,  Қырғызстандағы «Қамбарата-1» және Тәжікстандағы Рогун СЭС-терін салудағы өзара келіспеушілік, тіпті әлдебір басшының өркөкірек амбициясы мен өзімшілдік ұстанымы  сияқты  келеңсіздіктер  кедергі келтіре берді.

Бұған қоса сыртқы факторлардың да әсері болғанын айту ләзім. Империялық пиғылдан арыла қоймаған Ресей баяғы посткеңестік бес республиканың  өз ықпалы­нан шыққанын аса қаламайды. ЕАЭС (Еуразиялық экономикалық одақ) пен ОДКБ (Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымының)  бір  мақсаты осы екенін теріске шығара алмаймыз.

Шындығында, экономикалық жағынан қарқынды дамып, континентаралық «Бір белдеу – бір жол» жобасын дамытуды ұсынып отырған Қытай да Орталық Азияға мысықтабандап еніп, оның мол табиғи байлығы мен ресурстарын өз мүддесіне жаратуды  көздейді.

Осыдан үш жылдай бұрын  қолға алған АҚШ-тың  С5+1 жобасында да  Мәскеу мен Пекин факторын ескеру,  сондай-ақ,  маза­сыз Ауғанстан  мәселесінде Орталық Азия өңірін тиімді пайдалану  мақсаты жатқаны  айдан анық.

Демек, ағылшынның  әйгілі географы және саясаткері Хэлфорд Маккиндердің (1861–1947): «Орталық Азияны билеген, Еуразияны билейді, ал Еуразияны  билеген бүкіл әлемді билейді» деп айтқаны  әлі маңызын жоғалтқан   жоқ.

Әділін, ақиқатын айту керек. Өзбек­станда  билік басына Шавкат Мирзиёевтай прагматик басшының келуі ішкі саясатта ғана емес, көрші елдермен қарым-қатынасқа жылы леп, түбегейлі өзгерістер әкелді. Ташкенттің  Душанбе, Бишкек және Ашхабадпен байланысы бұрынғыдан жақсара түсті. Тәжікстан және Қырғызстанмен арадағы шекара дауы  шешімін табуға бет алды. Тіпті, тәжік елі мен өзбек жұртының шекарасы миналардан тазартылып, ұзақ жылдарға үзіліп қалған  әуе, теміржол және автокөлік қатынастары қалпына келтірілді. Визасыз  бір айлық  жүріп-тұру тәртібі енгізілді.

Мәселен, Өзбекстан мен Тәжікстанның тауар  айналымы 2000 жылғы 500 млн. доллардан 2014 жылы 2,1 млн. долларға құлдырап кеткен болса, оны таяу жылдарда 1 млрд. долларға жеткізу көзделуде.

Осы сияқты Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы  2016 жылғы 1,3 млрд. доллар деңгейіндегі тауар  айналымы  небәрі бір жылдың ішінде 44 пайызға өсіп, 2 млрд. долларға жетті. 2020 жылға қарай оның көлемі 5 млрд. долларға жеткізілмек.  Сондай-ақ, екі елдің  көліктік қатынасында жолаушылардың сұранысына сай жиі кестемен қатынайтын автобус, пойыз және ұшақ рейстері ашылды. Ал мәдени-гумани­тарлық салада биылғы 2018 жылы «Өзбекстанның  Қазақстандағы жылы» бастау алған болса, келесі жылы ол дәстүр «Қазақстанның Өзбекстандағы жылы» ретінде жалғаспақ.

Осындай ізгі ниет тұрғысынан алғанда, Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғыз­стан Республикасының Президенті Соорон­бай Жээнбеков, Тәжікстан Республи­касының Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев және Түркіменстан Меджлисінің төрайымы Акджа Нұрбер­дыеваның кездесуін ынтымақтастық аясындағы маңызды қадам деуге болады.

Мұндай жылы шырайдағы ұшырасуды өткізу ұсынысы Ташкенттің тарапынан жасалған болса, оны Астана ұйымдастырып жүзеге асырды. Саяси сақтық және дипло­матиялық амал-айла ма екен, ұйымдас­тырушылар іс-шараны өзара кеңесу, пікірлер алмасу –  «консультативтік кездесу» деп атады.

Алдын-ала келісілгендей, кездесу бары­сында  халықаралық және өңірлік  мәселе­лер, аймақтың қауіпсіздігі мен тұрақтылығы, Ауғанстандағы ахуал, өзара сауда-эконо­микалық, мәдени-гуманитарлық  қатынас жайы талқыланып, пікірлер алмасылды.

Тараптар өздерінің Қауіпсіздік кеңестері­нің жүйелі түрде өзара кеңесіп отыруы, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында вице-премьерлер деңгейінде жұмыс комиссиясын құру, сондай-ақ, жыл сайын  Наурыз мейрамының қарсаңында  мемлекеттер басшыларының  кездесіп тұруы жөнінде уағдаласты. Ондай жоғары дәрежедегі келесі саммит 2019 жылы Ташкентте  өткізілетін болып  белгіленді.

Басқосу барысында Қырғыз Респуб­ликасының Президенті С.Жээнбеков аймақта өзара тиімді ынтымақтастық орнатудың маңызды екенін атап өтсе, Тәжікстан Республикасының Президенті Э.Рахмон Орталық Азияның көлік-транзит әлеуетін дамыту, су және энергетика ресурстарын тиімді пайдалану, мәдениет саласындағы өзара іс-қимыл және өңірлік қауіпсіздікті нығайту мәселелеріне тоқталды.

Өз кезегінде Өзбекстан Республика­сының Президенті Ш.Мирзиёев сауда-экономикалық ынтымақтастықты және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету саласында мемлекетаралық ықпалдастықты дамытудың маңыздылығына мән берді.

Түркіменстан Меджлисінің төрайымы А.Нұрбердыева Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің консульта­тивтік кездесуге қатысушыларға арналған үндеуін оқып берді. Үндеуде Орталық Азиядағы көршілес елдермен ынтымақтасу Түркіменстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттарының бірі екені, сондықтан да екіжақты және көпжақты форматтағы барлық бағыттар бойынша тең құқылы және сенімді диалогты ілгерілетуге жан-жақты қолдау білдіріліп, Ашхабадтың аймақтағы елдермен ауқымды ықпалдастық орнатуға  ынталы  екендігі айтылды.

Саммиттің нәтижесі туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік жұмыс кездесуі толық өзара түсіністік пен тату көршілік жағдайында өтті. Біз күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша пайымды да сындарлы ой-пікірлерімізді ортаға салдық. Ең бастысы, бізде ортақ түсіністік қалыптасты, сондай-ақ серіктестігімізді нығайтуға және бір-бірімізге қолдау көрсетуге ниеттіміз. Сондықтан біз мұндай кездесулерді жыл сайын тұрақты түрде, барлығымызға ортақ ұлы Наурыз мерекесі қарсаңында өткізу жөнінде уағдаластық», – деген пікір білдірді.

Оншақты жылдан астам уақыт бұлай бас қоспаған Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бірлескен мәлімдеме қабылдап, онда: «Біз, Қазақстан Респуб­ликасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түркіменстан, Өзбекстан Республикасы Президенттері Орталық Азия халықтарын бүкіл өңірімізге ортақ Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.

2010 жылғы 23 ақпанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен бұл мейрам Наурыз – Халықаралық күні деп танылғанын және оны ЮНЕСКО-ның Адам­заттың материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енгізгенін ерекше атап өтеміз.

Өзінің мыңжылдық тарихында Наурыз мейрамы табиғаттың және қоғамның қайта түлеуі мен жаңаруының, адамзат баласының рухани тазаруы мен өзін-өзі дамытуының нышанына айналды. Осы шуақты да қастерлі мереке амандықты, бірлікті, бауырластық пен өзара қолдауды танытып, біздің елдерімізді біріктіретін барлық мәдени-тарихи құнды­лықтарды дәріптейді. Бұл – ортақ ата-бабамыздан қалған ұлы мұра. Біз оны сақтауымыз және дамытуымыз қажет»,–  деген ақжарма тілектерін  жолдауы жүрекке жылылық және келешекке үміт пен сенім ұялтты.

Бір айта кететіні, бестіктің кездесу қорытындысында  қандай да бір құжат, не келісім-шарттарға қол қойылмады. Мұның себебі түсінікті. Бұл – біріншіден, о бастан ондай мақсат қойылмағандықтан және екіншіден, Түркіменстан Президенті Г.Берді­мұхамедовтың тікелей өзі қатынаспаған­дықтан болса керек.  Ол ТАПИ (Түркі­менстан–Ауғанстан–Пәкістан-Үндістан) газ құбыры жобасына қаражат сұру үшін Кувейтке сапарлап  кеткен болатын.

Дегенмен, көзіқарақты жұртшылық әсіресе, саясаттанушы мамандар 1995 жылы  БҰҰ  шешімімен «тұрақты бейтараптық» мәртебеге ие болғандықтан,  Түркіменстан басшысының мұндай кездесулерден  саяқ жүретінін жақсы біледі.

Тілектестік пе, әлде басқадай бір ой-мақсат бар ма? Қазірдің өзінде батыстың бірқатар саяси сарапшылары  Орталық Азия басшыларының кездесуіне  «тарихи саммит»  деген баға беріп үлгерді.

Айтқандай,  өткен ақпанның аяғында  АҚШ-тың Орталық әскери басқармасының бастығы Д.Вотел  Вашингтонның  Орталық Азия елдерімен қоян-қолтық араласуына  Мәскеу кедергі келтіріп отырады деген болса, Ресей Сыртқы істер министрлігі  «Құрама Штаттарды  бұл өңірді бөліп алып, өзіне қаратқысы келеді»  деп айыптаған.

Бұл орайда Еуроодақ та қарап қалмай Астана саммиті туралы естіген бойда, оның  Орталық Азия бойынша  арнаулы өкілі Петер Буриан: «Біз мұндай қадам-қаракетті қуана қолдаймыз. Әрі олардың сыртқы әріптес­тердің қатысуынсыз өз стратегияларын өздері айқындап, өзекті мәселелерін бірлесе  отырып шешкендерін  қалар едік» деген еді.

Басқаларға  зиян-залалы тиетіндей іс-әрекет жасалынып, я болмаса қандай да бір келісім-шарттарға қол қойылмаса да  бес елдің консультативтік  кездесуіне  «осылар бірігіп, күшейіп кетеді-ау?» дегендей «қауіп» білдіріп, арнайы мақалалар жазғандар да баршылық. (Аркадий Дубнов, «Прочь от Москвы? Постсоветская Азия начинает свою игру», fergananews.com, 16.03.2018, Андрей Уваров, «Попытка №… Что такое «новая интеграция» в Центральной Азии?»,  fondsk.ru.16.03.2018 ).

Дәлірек айтқанда, ондай ресейшіл шолушылар басқосудың Мәскеудің араласуы мен қатысуынсыз өткеніне алаңдайды. Бұл ретте  Қазақстан  басшысы  Н.Назарбаевтың  Қырғызстан Президенті  С.Жээнбековпен  екі жақты кездесуде: «Орталық Азия елдерінің  мәселелерін шешу үшін үшінші бір адамды шақырып қатыстырудың керегі болмас» деп айтқанын  дәлелге келтіреді.

Әрі мұндай кездесудің  Ресейдің  Украи­на дағдарысына, Сириядағы соғысқа, Вашингтонмен арадағы текетіріске байла­нысты  АҚШ пен Батыстың  жан-жақты санкциялық қысымына  ұшырып, басына күн туып тұрған тұста  өткізілгеніне  қынжылыс  білдіреді.

Және де Астананың  американдықтар үшін визасыз келіп-кету тәртібін енгізгелі жатқанына, ол жөнінде  Ресей  Сыртқы істер министрі Сергей  Лавровтың: «Біз құрған Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде  визасыз, емін-еркін жүріп-тұру тәртібі қалыптасқан. Сондықтан оған басқалардың келісімі қажет емес пе?» дегенді айтып, оған  Қазақстан Республикасы Сыртқы  істер министрлігінің  «ЕАЭС  экономикалық  ұйым, ал біздің кез-келген елмен қандай да бір келісім-шарттар жасасуға  саяси еркіміз бен құқымыз бар» деп жауап қайтарғанына мазасызданады.

Әйтсе де, Қазақстан Президенті Н.Назар­баевтың  Ресейді естен шығармай  «біз  көршілес әріптестерімізбен, бауырлары­мызбен кездесудеміз, мұнда ешбір саяси мақсат жоқ… Аймақтық қауіпсіздік  мәселесін ОДКБ аясында шешеміз. Ресеймен де байланыс жасаймыз. Оқшауланбаймыз, Ресей, Қытай сияқты көршілерімізден, олардың рыноктарынан тыс қалмаймыз. ЕАЭС-ке қосымша жаңа құрылым құрғалы отырған жоқпыз» деп айтқанын, жиынға қатысушылар атынан президенттік сайлауда В.В.Путинге жеңіске жетуге тілектестік білдіргенін көңілдеріне  медеу тұтқаны аңғарылады.

Айта берсе  «бестіктің» кездесуі жайында айтылып жатқан әңгіме мен болжам, көзқарас   көп-ақ.

Дейтұрғанмен,  ресейлік  сарапшылардың көпшілігі  Орталық Азияның ауқымды мәселелері Ресей мен Қытайдың қатысуын­сыз шешілмейді, бұл өңірлік саяси ұйым –бірлестіктен  гөрі, аймақтық кооперация құрудың  амал-әрекеті деген пікірде.

Бұған қатысты  1993 жылы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан арасында экономикалық одақ құру туралы  келісім жасалып, келесі жылына ол  ЦАЭС (Орталық Азия экономикалық қауымдастығына) айналғанын, 2002 жылы ақпанда  Алматыда  тараптардың ұйғарымымен ЦАЭС – ЦАС (Орталық Азия ынтымақтастығы) ұйымы аталып, оның құрамына  жоғарыда аталған төрт мемлекет:  Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан енгенін, 2004 жылы  Ислам Каримовтың ұсынысымен  ұйым құрамына Ресей кіріп, келесі жылына  оның  ЕврАзЭС (Еуразиялық экономикалық қауымдастықпен) біріктірілгенін, өкінішке қарай, ақыр аяғында үлкен үміт артқан ЦАС (Орталық Азия ынтымақтастығы  ұйымы­ның) ЕврАзЭС-тің  көлеңкесінде  қалып, «су аяғы құрдымға кеткенін»  мысалға келтіреді.

«Бірлік бар жерде, тірлік бар» демекші, осындай  пессимистік пікірлерге қарамастан  бес саусақ біріксе жұмылған жұдырыққа айналатынын теріске шығармаймыз.  Кең көлемді ынтымақтастықтан, өзара интегра­циядан  Орталық Азия елдерінің  ұтпаса ұтылмасы  анық.

Бірақ бізге қай кезде де ішкі жағдай-мүмкіндіктерге қоса, сыртқы факторды,  Ресей мен Қытайдың  ықпал ету ықти­малдығын  естен шығармаған  абзал.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *