Берік ЖҮСІП, фольклортанушы: «ҚҰДАЙЫМА ТҮЗУ БОЛУДЫ ҒАНА ОЙЛАЙМЫН»

Белгілі фольклортанушы Берік Жүсіппен болған диалогымыз еркін бағытта өрбіді. Кейіпкеріміздің өмір, оның күнгейі мен көлеңкелі тұстары, дәстүр, өнер, кино, кітап, мінез, тәрбие, арман, сағыныш, ата-ана, дос, тіпті, Алматы туралы да ойларын оқи отырыңыз. Өзіңізге керек жері болса, көңілге тоқи жүрерсіз.

 

Тапқанымыз көп, таппай жүргеніміз қаншама…

– Алып шаһардың бас газеті болғандықтан, сізден әуелі Алматы жайында сұрасақ дейміз. Кезіндегі шалғай ауылдардан арман қуып келетін талай бозбала мен бойжеткеннің табан тірейтін ең үлкен қаласы осы Алматы болатын. Сол кезде бұл қала сізді жатырқамады ма? Жалпы, Алматыда қанша жылдан бері тұрып келе жатырсыз? Үйіңізге қыдырып келген мейманды Алматының қай жеріне апарар едіңіз?

– Алып баратын жер көп қой, соған алдымен өзің барып көрмегесін не пайда. Мен биіктен қорқамын. Сол үшін құмшауыт, жазықтау жер болмаса, тау-тасты аралауға онша құлқым жоқ. Үлкен Алматы көлі дегенді келіншегім екеуміз биыл көрдік, сұраған жұрттан ұятты деп. Ал енді Алматы біздің кезімізде адам жатырқауды білмейтін, кісілігі кең шаһар еді. Егемендік алғаннан кейін кісәпір қалаға айналды. Оның себебін жалпақ жұрт жақсы біледі. Отыз үш жыл болды тас үй, тастақты көше тұрғыны болғанымызға. Сөз жоқ, табиғаты жұмсақ жер, бірақ адамының ділі қатайып кеткен.

– Былтырғы Жастар жылы «Алатауға» не берді? Өз жастығыңызды сағынасыз ба?

– Мүмкін естімеген шығарсыз, мен қазір «Алатауда» емеспін, «Алматы қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық офисі» ЖШС-нің бас менеджерімін. Десе де, сұрағыңызды жауапсыз қалдырмайын. Жалпы, қандай жыл болса да «Алатауға» енді бірдеңе береді дегенге өз басым сенбеймін. Несін айтасыз, ол да бір мезгілінен кеш ашылған театр ғой. Дәстүрлі өнерді «Алатау» арқылы тірілтіп аламын деу «бос сөздің квадраты». Бүгінде ол жерде эстрада әншілері өріп жүр.

Ал қайтып келмейтінін біле тұра, жастығын сағынбайтын адам жоқ. Ол түгіл, енді кешегі қырық тоғызың да сағыныш.

Шығармашылық адамы үнемі ізденіс үстінде жүретін ерекше жан ғой. Ол ізденумен, іздеумен жүреді. Таппай жүргеніңіз бар ма?

– Қазіргі шығармашылық адамдары деп жүргендеріңіздің көпаса іздегені дау-шар болып бара жатыр. Ал «ізденіп жүргендер» өзі үшін, ұлт үшін емес. Сондықтан да алдымен шығармашылық адамы арасындағы осы кертені ажыратып алған дұрыс. Шоу-бизнестің мақсаты «есектің артын жусаң да пайда тап» деген ұранға байланған. Мұндай бәсекелестікпен ұлт өнері мен әдебиеті пардаласа алмайды. Дәстүр дегеніңіз аузынан сөзі, иығынан бөзі түскелі тұрған, өз басында еркі жоқ, жолы жіңішке бірдеңе. Біз ұлт кәдесіне жарайды-ау деген дүниелерді іздеп, тапқанымызды елдің қажетіне жаратумен келе жатырмыз, ізденумен кете беретін де шығармыз. Тапқанымыз көп, таппай жүргеніміз қаншама…

– Не нәрсеге уақыт таппайсыз?

– Үнемі жеке басымның мүддесін қамтемесіз ету үшін уақыт таба алмай жүремін. Мені зомбылық жасап байлап қойған ешкім жоқ. Соған қарағанда әуелде қазығынан байланып жүрген өзім. Сыйынатын пірің «Өлемін деп еңбек ет, өлтірмейтін Құдай бар» деген сыңар ауыз сөз болған соң көретін күнің осы екен. Әуелде «тілеп алған сақинаң» болғасын кімге өкпелейсің.

 

Жылтыңбайлықты ұнатпаймын

– Сұхбаттарыңыздан да, телеарналардағы бағдарламалардан байқаймын, сіз ойын тура, кесіп айтатын адамға ұқсайсыз. Осы мінезіңізден «таяқ жеген» кездеріңіз болды ма?

– Құдайға шүкір, ондай «сыйдан» құралақан емеспіз. Бірақ солай екен деп шындықты шеттетуге бола ма? Менің ұғымымда ол өлімнен қашқан Қорқыттың әрекетіндей. Жақында бір тойда даңғыратып қойған музыкадан құлағымның жарғағы жарақаттанатын болғасын той иесінің жақынына айтып, музыканттарға ескерту өтіндім. Ұялды ма, әлде жігері жетпеді ме, білмедім, әлгі қара қасқа сөзімді аяқсыз қалдырды. Содан жаңағыларға барып, «үнін өшіріп» қайтуға тура келді. Тойда отырған нөпірдің жаны сонда ғана жай тапты. Міне, бұл қазақ реті келсе осындай «жұмыстарын» да біз сияқтыларға артып қойғанды теріс көрмейді. Жалпы, біз біреудің қолымен от көсеуге шебер халықпыз ғой.

– Елсіз аралға кетер болсаңыз, өзіңізбен бірге қандай кітаптар ала кетер едіңіз?

Сөз жоқ, әуелі Құран. Содан соң бала күнімнен таңдайыма татқан «Зороастрийцы», «Космические тайны курганов», «Избранники духов», «Образы батыра и его коня в тюрко-монгольском эпосе», «Звери – Боги – Люди», «Философия, мифология, культура», «Теоретическая археология» сияқты бес-алты кітапты қалдырмас едім. Болмаса, бір қолыма Құранды, екінші қолыма «Қазақша мал атаулары» деген жалғыз кітапты ұстап кеткен болар едім. Ендігі жерде жаныма жақыны осылар.

Өнер адамының өмірі қоғамдағы шығармашылық ортамен тікелей тамырласып жататыны заңдылық. Мәдени-рухани сапарларда, шығармашылық жиындарда қандай тұлғалармен дәм-тұздас болдыңыз? Солардың ішінде өзіңізге ықыласы ерекше болған жандар болды ма? Олармен қазіргі ара-қатынасыңыз қандай?

– Ондай сәттер көп қой, бірақ қапелімде тіл ұшына кім орала қояр дейсіз? Жалпы мен алыс-жақын шетелдерде гастрольдік сапар, түрлі конференция, жиындарда біршама болдым. Қатар сахнаға шыққан алтай, тыва, хакас, шор, моңғол, түрікмен, өзбек, татар, башқұрт, қарақалпақ, қырғыз бауырларымның атын атап шығу үшін де кісіге бір арба жан керек. Ықыласты жандар тіпте көп. Әдебиет, музыкатану, фольклористика саласында да біраз ағалармен, жазушы, журналист, ақын бауырларымызбен тұз-дәмдес болдық. Оларды да тізіп жату артық шығар. Жалпы мен араласамын деген адамдарыммен өзімнің ойымдағыдай қарым-қатынас жасадым. Ұзақ уақыт араласып, аға-іні бола жүріп, кейін мүлдем көргім келмей кеткендерім де жетеді. Бір ағамыз күйеуге қашып кеткен қызына өкпелегенде «Сені қара тасқа гүл шыққан күні көрермін-ау» депті ғой. Ондайдан да тысқары емеспіз.

Есесіне, қашан барсаң да дастарқанын жайып, ықыласын төсеп қарсы алатын аға-жеңге, іні-келіндер көп. Құдайға шүкір! Бір сөзбен тұжырып айтқанда, кім бізге байланысты қандай арақатынас ұстанса, біз де соның қарымтасына қарай жауап беруге тырысып келеміз.

Егер жеке концертіңізде залдың тең жартысы бос тұрса, қандай күйде болар едіңіз? Ал концертке келіп алып ұялы телефондарын шұқылап отырғандарды байқасаңыз өзіңізді қалай ұстайсыз?

– Бұл бір өте қиындау мәселе. Мен жылда концерт өткізетін немесе концертіне билет сатып, тыңдаушыны сауын сиырға айналдырған тілемсектердің қатарынан емеспін. Ғылым мен сахна мидай араласқан жердің жағдаяты солай ма, жоқ әлде өзім құлықсыздардың қатарындамын ба, әзірге ол жағы маған да түсініксіздеу. Жақсы білетінім, жылтыңбайлықты ұнатпаймын. Көзім жеткен және бір ақиқат, қазір былайғы жұрт еркімен концертке келмейді. Әкімдік тарапынан ұйымдастырылатын шараға ішкі саясат жұмыс істейді, сосын мұғалім жолдастар мен мемлекеттік қызметшілерді тоғытып келтіреді. Маған салса, осы зорлық тәсілдің түкке қажеті жоқ. Әрине, сосын бір сәтке болса да миын тынықтырғысы келіп көп адам концертте телефон шұқылап отырады. Оған қоса бізде бұл жағынан мәдениет те кемшіндеу ғой.

Негізі сахнада тұрған өнерпаз мұндай жағдайдың бәрін жіті көріп отырады. Психологиялық тұрғыда бұл орындаушыға сұмдық әсер етеді. Ал енді, дәстүрлі өнер иесінің тыңдарманмен екі арадағы байланысы осы жерде белгілі болып қалады. Бұрынғының айтқыштары «Кімнің артының ақ-қара екенін моншаға түскенде көрерсің» депті. Сол айтқандай, бір өнерпазға сахнада өнерін өткізу үшін қосымша жүргізуші керек. Ал біреулер үшін оның құны көк тиын. Мен өз басым сахнагер мен тыңдарман арасында дәнекерлікті көп жасадым, жасап та келе жатырмыз. Құдай жәрдем етіп, қызыл тілге келсе, қандай концертте болсын иә мен өзімді тыңдатамын, болмаса залдың есігін сыртынан жабамыз. Басқа жол жоқ. Егер сахнаның төрінде отырған адам мықты болса ұялы телефон да, оның ұясын шұқылап отырған иесі де сөздің сыры мен сиқырынан ұялса да тыңдайды ғой.

 

«Қыз Жібекті» күнде көрсем де жалықпаймын

– Қазақтың қай мінезі бағы, қай мінезі соры?

– Әуелі бізде осы мінез қалып жарыды ма десеңізші? Абай мен Тұрмағамбет, Біржан заманындағы қазақ сол қалпынан өзгере қойған жоқ. Жүз пайыз олай емес, әрине. Қазір өзін дамытқан, аяқ астынан бақ қонған, тақ бұйырған немесе «қолына қарға тышқан» адамдардың қарасына ілесу қиын. Олар көз көрмеске шығандап кетті. Біздің қандастарымыздың дені қазір жан тыныштығы үшін не істеу керек екенін білмей дағдаруда. Ең қиыны осы. «Жол екі айрылғанда өзі қаңғыбас иттің басы мәңгіріп, отыра кетеді» деген тәмсіл бар. Біз де солаймыз, әйтеуір «отырмыз». Байынан айрылған жеңгейдің «Қай қылығыңды айтып жылайын…» дегеніндей, бұл қазақтың қай мінезін айтып тауысқандаймыз. Әйтеуір бізді былайғы біреулер бағы бес елі дейтін көрінер. Ал өзіңіз айтып отырған мінезінен тапқан сорының неше елі екенін Алла білмесе, мен білмеймін.

Сіз осы өзіміздің бір тарихи фильмге түстіңіз иә, берілген образды аша алдым деп ойлайсыз ба? Соңғы кездері отандық фильмдерге көп сын айтылып кетті? Киноны «кім болса сол» түсіріп жүрген жоқ па, қалай ойлайсыз? Өзіңіз көрермен ретінде қай киноларды қайталап көре беруден жалықпас едіңіз?

– Джон Логан екеуі сценарийін жазып, Эдвард Цвик түсірген «Последний самурай» мен Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібегін» күнде көрсем де жалықпас едім. Бірақ оған уақыт қайда.

Шынымды айтсам, қазір қай салада да кәсіби сыншы бар, бірақ сауатты сын-пікір жоқ. Болса да, оған құлақ қойып, қорытынды шығаратын құзырлы орын қалмады. Соның салдарынан құлдырай бастадық. Ал қазақ табиғатында сын көтеретін халық емес. Былайша айтқанда, сынды әдейі қор қылғанбыз, сыналмау үшін. Сондықтан біздің даму деңгейімізде де белгілі бір көрсеткіштің болмауы заңды деп ойлаймын.

Мен «Қазақ хандығы» фильмінде жыраудың бейнесіндегі эпизодқа түстім. Енді ол жерде образды аштым-жаптым дейтіндей күрделі мәселе жоқ. Сондықтан «…ысқырығың жер жарадының» керін келтірмей-ақ қояйын. Қазіргі көптеген кино түсірушілер бүгінгі көрерменнің таным-талабына орай жұмыс істеп отыр. Егер көзің қисық болса онда айнаға өкпелеп қажеті жоқ. Киноиндустрия да солай, бұлардың өнімін алдымен сауатты сыншылардың сынынан өткізу керек. Әйтпесе, беталды байбалам сала беру орынсыз. Кейінгі кезде көп қаралатын фильмдер Қоянбаев пен Адамбаев түсірген комедиялар. Көрермен соның ішінен қай ата-бабасының жоғалтқанын тауыпты, сол жағын зерделеу керек.

– Өзіңізді басқа қай салада елестете аласыз?

– Кез келген салада. Бір қызығы, қай сала бойынша зерттеу жүргізсек те айтарлықтай жетістіктерге жеткен болар едік. Көкке шаншылған көкірек желі солай дейді!

– «Қарттар үйі» деген ұғымға қазір біз де таңқалмайтын болдық. Мұны қалай түсіндірер едіңіз? Ұрпақ азды ма, әлде қартайғанда қадірін қашырып алатын үлкендерден де кінә бар ма?

– Бұл бір күнде және біржақты болған үдеріс емес, біздің ұлттың бойына ғасырлар бойы мысқалдап кірген дерттің айнаға түскендей көрінісі. Жүрегің сыздайды, әрине. Бірақ қазақ қарттар үйінен жақын арада қашып құтыла алмайды. Еуропада жағдай басқаша. Ол жерде егде немесе жалғызбасты адамдар бір-бірімен араласу үшін әлгі жерге барып орналасуды өздері де теріс көрмейді. Біздің табиғатымызға қанша жерден қайшы, ұят десеңіз де, қазір қала мәдениеті осыған келіп тіреліп тұр. Айдың, күннің аманында отыңның басында бала-шағаңмен орысша шүлдірлес, бала туудан бас тарт, ата-бабаның ізгі дәстүрлері жайында бір ауыз сөз айтпа, айтқандарды құбыжық етіп көрсет, содан соң ұрпағыңнан жақсылық күтіп көр. Бұл не сонда, өз қолымызбен отырғызған шеңгелден қалайша алма немесе алмұрт дәметеміз? Біздің қазақ қатты ойлану керек, ойланбаса барар жер, басар тауы осы. Аспаннан шұға жауса да құлға ұлтарақ бұйырмайды. Сол үшін ертеңгі күнің жайын да бүгіннен бастап ойлан! Ойланбайды екен, қарттар үйінің санын көбейтіп, барының жағдайын жақсарта беру керек.

– Баяғыда бозбала шағыңыздан-ақ ауыл қарияларын жағалап, фольклор жинағаныңыздан хабардармыз. Сол тұстағы аузы дуалы ақсақалдар мен бүгінгі қарияларды салыстырып көрген сәтіңіз болды ма?

– Салыстыру біздің қазақтың қанына сіңген қасиет болса да салыстыруға келмейтін нәрселер бар. Соның бірі сіз айтып отырған түйткілді жайт. Алла ғафу етсін, бұл екі айрықты ешуақытта салыстырмаймын, салыстыра алмаймын да.

 

Ұлтқа идеология һәм идеолог керек

– Әлемнің жеті кереметінен не (әлде кім) үшін бас тартқан болар едіңіз?

– Егер Құдай қыстаса, одан бірнеше жағдайда бас тартуға болатын шығар. Таразының тең басына отан, отбасы деген қасиетті ұғымдар тартылып, пендеге таңдау жасатса, неше керемет және оны кім жасаса да қажеті қанша. Жалпы мен отбасы және онымен байланысты қасиетті ғұрыптарды қатты қадірлейтін қазақпын. Бұл тұрғыда мен үшін ешқандай керемет жоқ. Егер сенсеңіз шын сөзім осы, ал көлгір сөйлесем «үйтемін де бүйтемін» деп сілеңізді қатырған болар едім.

– Бір ғұлама «жол үстімен келе жатқан он түрлі жамандықтың тоғызы маған жетем дегенше құлап қалады. Ал жалғыз қиыншылықпен күресуге әлім жетеді» деген екен. Тауыңыз шағылған сәттер көп пе?

– Мына ғұламаңыз тірі болса, бір тілдесу керек екен. «Тау шағумен» айналысатын адамдар мен топтар болған соң күйінетін сәттер аз болмайды. Бір мысал айтайын. Іздеңкіресеңіз оның ізін әңгіменің ауанынан оп-оңай шығарып аласыз. Бір «данышпан» «Маған дәстүр деген сөздің мағынасын түсіндіріп бер» деп тас кенеше қадалып отырып алды. Мен олай да, былай да түсіндіріп бақтым. Түсінбеді. Сөйтсем, әлгі неме бұл сөзді ғұмырында естімепті. Қандай қызмет тұтқасын ұстап отырғанмен оның осыншама жылтсыздығына сонда кім кінәлі? Адамның аяқастында тауы шағылу деген осындайдан болады. Жануарға бөлінген тағамды жеген-жемегенін анықтау үшін «…маймылдарды таразыға тартып өлшеу керек» дегенді де өз құлағымызбен естігенбіз. Міне, сізге «тау шағудың» көкесі.

– Қазір телеарналардан не көріп жүрсіз?

– Шынымды айтсам ештеңе де көрмеймін. Кейде бір әдейі уақыт өлтіргің келетін кездер болады. Сондай кезде шетел режиссерлары түсірген тарихи фильмдер мен мультфильм қараймын. Алайда, ұйқы шақыру үшін міндетті түрде телеарналардың бірін қосып қоюды ұмытпаймын. Оған телевизор да, келіншегіміз де әбден үйренген.

– Көлігіңізде, жолда келе жатып көбіне қандай әндер тыңдайсыз? Қазіргі көрермен неге «Сен оригиналсың» сынды өлеңдерді тыңдауға құмар? Өнеге, тәрбиеге тұнып тұрған дәстүрлі әндерді жастарға қалай тыңдатамыз?

– Негізі, көлікте жарытып ештеңе тыңдамаймын. Радиодан құлағым жақсы ән шалып қалса, оны жібермеуге тырысамыз. Соңғы екі-үш жылда жолда келе жатып шын діліммен тыңдаған әнім «Маржан қыз». Кейінгі кезде іштей осы әнге қосылып ыңылдайтын болып жүрмін. Мен негізінен көлікте қирағаттап Құран аяттарын оқимын. Бойыма жастай сіңген әдет сол. Ал жұрт жабыла тыңдайтын «оригиналда» шаруам шамалы. Оны айтып-айтып әбден шаршағанбыз. Ұлттық идеология жоқ жерде бір-екі адамның зары Құдайдың құлағына жетеді дегенге мен қазір сенуден қалғанмын. Біздің бір апамыз кеңес сұраған кеңкелес сіңілісіне «…Тіліңді ауаға шығарушы болма, ақымақ. Басыңа күн түскенде ол автоматты түрде өзі шығады!» деп ақыл айтыпты. Сол айтқандай-ақ, есін жинаған күні дәстүрлі әнді жастар өздері-ақ тыңдайды. Сосын біз сияқты олар да бауырынан өрген ұрпағына «зарлайтын» болады. Олай болмау үшін ұлтқа идеология һәм идеолог керек!

 

Мәдениетті адамның тоқсан тоғыз қасиеті

бір кесек ісінде тұрады

Мектепке ата-аналар жиналысына барасыз ба? Балаларыңызды жиі еркелетесіз бе? Жалпы, ұл тәрбиелеудегі басты ұстанымыңыз қандай?

– Мектеп жиналысына барып көрмеппін. Бірлі-жарым барсам да, есімде қалмапты. Соған қарағанда ұл мен қыздың ондай жағдайға жеткізбегені ғой. Жалпы, менің балаларымның бағына, бастауыш сыныптарында дәріс берген Бақыткүл Қарақазқызы деген мұғалім кезікті. Мектептің, мұғалімнің жағдаятын қазір де естіп отырамыз. Жалпы, біздің мұғалімдер алдымен өздері бой түзеу керек. Қазіргілер бұрынғы бала емес, оқымысты «бәле», олардан ештеңе бүгіп қала алмайсың.

Шүкір, ұл да, қыз да еркін, керек жерінде еркелетеміз, қажетіне қарай желкелеп те жібереміз. Жалпы ер баланың еркек болмысты, болат мінезді, қоғамға қайырымды, әке-шешесі мен жатырластарына мейірімді, мемлекетшіл болып өскені дұрыс. Үлбіреп тұрған ұлдарды, дөрекі қыздарды субханым сүймейді, солардан қаупім көп…

– Жекеменшігіңізде не бар?

– О, бұл жағынан Құдайға шүкір! Менде тек не жоқ дейсіз. Әйелім, ұл-қызым, туыстарым, достарым, дұшпандарым, көре алмайтын қасқаларым һәм екі итім бар. Арфей үйім мен көлігімді күзетеді, Борсық менімен бірге аңға шығады. Бұдан артық қандай меншік керек?

– Мәдениетті адам деп кімді атар едіңіз?

– Бұл санаттағылардың қатарына, көзі қиған адам біз сияқтыларды қосуына болады. Әрине, ол үшін ішкі мәдениет пен сыртқы мәдениеттің сәл ара-жігін ажыратыңқырап алу керек. Өкінішке орай, сырт келбетіміз асқан мәдениет үлгісін көрсете алмауы мүмкін. Есесіне, керек адам жандүниемізге үңілсін. Жалпы, мәдениет деген далиған, кеңбалақ ұғым. Қазіргілер үстінен бір келе түйе айдап өтіп кетсең де қыңқ етпейтіндерді «мәдениетті» дегісі келеді. Қарап отырсаңыз, ол да соның бір түрі тәрізді. Негізі, шын мәдениетті адамның тоқсан тоғыз қасиеті бір кесек ісінде тұрады ғой.

Есте қалған, жанарыңызға жас тұндырған оқиға?

Кейбір сәттер болмаса, оқиға дегеніңіз ауырлау екен. Ет пен сүйектен жаралған пендеміз. Өмірден әке, шеше, бауыр кеткенде жанардан жасымызды құрғата алмадық. Жалпы, жанарға жас тұндыратын оқиғаның тіпті болмағанының өзі игі. Басқаны білмедім, мен солай ойлаймын.

Әкеден не түйдіңіз, анадан не алдыңыз?

– Әкенің адам бол деген сөзін түйдік, кейін келе оның мағынасы тіпті шексіз екенін ұқтым. Шешеден сол сөзді іске асыру тәсілін алдық. Айналып келгенде, әке мен шешеден асып ештеңе де жасай алған жоқпыз. Қазір бауырымыздан өрген бала-шағаға не деп ақыл айтарымызды білмей дағдарамыз, білсек те «Әлде қалай болар екен?» деп қорқасоқтаймыз. Ал олар бұлайша сиырқұйымшақ етіп қиқаламай, өтің жарылып кетсе де турап тастап, қарап отыратын. Мына қала жағдайы мен асфальттық мәдениет бізді сондай жалтақ етіп болды. Кешегі көргені көптерден алғанымыз бен түйгенімізді іске асыра алмай ішқұса болумен келе жатқан жортақы жағдайымыз бар.

 

Арманның мүлдем қисынсызы да болады екен

Алғашқы жалақыңызға не сатып алғаныңыз есіңізде ме?

– Есімде, алғашқы нәпақамды он үш-он төрт жасымда тапқан болуым керек. Ол уақытта пойыз жол бекетіне вагондап көмір келеді. Жас баламыз, ата-анамыз айтсын-айтпасын, жанталасып біз де көмір түсіруге барамыз. Таңның атуы, кештің батуы, күйелеш болып жүріп, борбайлап жұмыс істегенде қолға түсетіні бес-он сом. Сыбырлағың су татып келесің, байғұс шешенің айналып-толғанып, шай-тамағын беріп, «Құрысын, қайтесің, енді барма, бір жерің майып болар…» деген сөзінің аяғын күтпей қалғып кетесің.

Кейін топқа түсіп жыр айта бастадық. Бір жылы Қарақұмда, шопандардың арасында жырлап бір тайлақ, бір ат, жиырма шақты қой тиеп қайтқанмын. Бұл кезде менің жасым он бесте. Студент кезімде анамның құлағына сырға салғаным есімде. Есімде қалатыны, осы сыйлығыма қатты толқып, көңілі босаған еді, жарықтық. Өзі ата-анадан жастай жетім қалған мұңлық қой. Алдымызда қаншама аға мен жеңге, апа мен жезде болса да, солар шешесінің құлағында сырға жоқ екенін ескермепті. Иә, есесіне Құдай бізді ескерімді етіпті. Сөйтіп алғашқы және содан соңғы жалақымызды анамыздың алақанына салып отырдық. Кейінгілері есімде жоқ.

Арманның бәрі жүрегімізге бала шақтан қаланады ғой. Бала күнгі арманыңыз орындалды ма?

– Арманның мүлдем қисынсызы да болады екен. Есіңізде ме, мектепте «Кім боламын?» деген тақырыпқа жиі шығарма жаздыратыны. Сонда «Менің болашақтағы арманым шаштараз болу!» деппін. О, жазған бала, шаштараз мамандығына неге сонша қызыққанымды қайдан білейін. Әлде, түптің түбінде шаштан маза қашатынын ішкі түйсік сезді ма екен. Білмедім, әйтеуір осылай деп жазыппын. Міне, осы «арманым» орындалмай қалды. Қазір біздің «арманда», арманның «бізде» шаруасы жоқ. Құдай ешкімді де арманды қылмай-ақ қойсын!

– Ең жиі телефон соғатын (өзіңіз) жақыныңыз кім?

– Әлеуметтік желіге күніге бір жазба жариялап отырамын. Соның көшірмесі менің қол телефонымдағы бес мыңнан аса адамның тең жарымына тарайды. Демек, күніне осыншама адам менен хабар-ошар алып, тірі һәм бар екенімізді біліп отыр деген сөз. Қалғанын өзіңіз саралай берерсіз.

– Кеңседен тыс уақытта қандайсыз?

– Менің табиғатым жыл он екі айда бір түсін сақтайтын шырша ағашына келеді. Қай кезде де дәл осындаймын!

 

Дос ешқашан көп болмайды

– Кемшілігіңіз?

– Арнайы келіп кемшілік іздейтін адам болса олжасыз қайтпауы мүмкін. Артықшылығымызды іздесе де аузы-мұрнын шымшып буған қанармен арқалатып жіберуге болады. Жалпы адам атаулының тұлабойы тұнған кемшілік, артықшылығы да соның іргесінде. Мәселе, кім қандай көзбен қарайды және өзіне сол адамнан не іздейді?

– Досыңыз  көп пе? Көптің ішінде отырып жалғызсырайтын сәттеріңіз бола ма?

– Дос ешқашан көп болмайды, болғанда емес. Есесіне, жолдастарым баршылық. Ал көптің ішінде отырып жалғызсырайтындарды, үйінде оңаша қалып өгіздей өкіріп, сәл нәрсеге ботадай боздайтындарды есебін тауып дәрігерге көрсету керек.

Таңертең үйіңізден шыққанда және кешке отыңыздың басына оралғанда ең бірінші не ойлайсыз?

– Құдайыма түзу болуды, ел-жұрт, отбасы, жарым, бала-шаға, жақын-жуығымның амандығын ғана ойлаймын. Басқа ештеңе де емес.

– «Өмір деген тесіктен кіріп, есіктен шыққандай тез екен» деген бір сөз бар ғой. Егер осыған дейінгі өміріңіз қайта айналып келер болса, нені өзгертер едіңіз?

– Өмірдің енді екі айналып келмейтінін жақсы білемін. Оған ешқандай өкінішім де, өкпем де жоқ. Олай болса, ешнәрсені де өзгертуге тырыспаймын, бәрі де осы қалпында қала берсін. Алла тағала тек отбасы мен отанымызды аман етсін!

 

СұхбаттасқанНұржамал ӘЛІШЕВА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *