БЕРЕКЕГЕ БЕРІК БЕК ЖАН

Сыры жұмбақ сері

Ол – арамызға арқыраған ақындығы арнасынан асып келіп қосылған асаулардың бірі. Бірақ жайдарман жиынға жөнімен келіп, жалындаған жырларын жарқыратып тұрып төгіп-төгіп тастайтыны болмаса, бұл баланың жатақханадағы небір жын-ойнақтан аулақ жүргені де, біздей бейсауат безгелдектер қатарынан көп көрінбегені де анық. Содан да болар, Қызылорданың Қармақшысынанмын дейтін мұртты қара – Бекжан Сүлейменовтің сыры көпшілігімізге кейінге дейін жұмбақтау көрінгені рас.Өзі КазГУ-дің табалдырығын бізден тұп-тура бір жыл бұрын аттап, бірінші курсты бітіре сала, әскерге тайып отырыпты. Кейін білгеніміздей, ол – сонау Мәскеу түбіндегі даңқты Тамань мотоатқыштар дивизиясындағы қатар орналасқан көршілес полктерде Ормаш Мырзағалиев пен Мұрат Қожамқұлов курстастарымызбен әскери борышын бір мезгілде өтеп қайтқан «үш танкист – үш көңілді достың» бірі екен.Десек те, армияға студент атанып аттанғандарды жылы аудиторияға қайтарған Горбачев көкесінің арқасында әскерде бар болғаны, он бес-ақ ай болса да, сол мерзім ішінде ел қорғанысына «ерен еңбек» сіңіріп үлгеріп, он бес күнге елге келіп демалып кетіпті. Қалай дейсіз бе?Алты ай учёбкадан механик-жүргізуші атанғаны болмаса, малшы ауылда өсіп, техника атаулымен таныстығы тұрмақ, шатағы да болмаған бұған полкке түскен бетте капремонттан шықса да, бір жыл бойы жүрмейтұрған дәу танкті жөндеу тапсырылады. Содан, алып құралдың ішек-қарнын екі ай бойы ақтарып, арпалысады. Бірақ зерек баланың байқампаздығы да болар, күндердің бір күнінде, өзі айтқандай, «талай мықты таппаған түкке тұрғысыз ақауды кездейсоқ анықтай қойып», темір тарланға зыр еткізіп жан бітіреді.Сол үшін күтпеген жерден бас қолбасшылықтың көл-көсір құрметіне ие болып, арнайы алғыс арқалап, ауылға барып аунап-қунап қайтқан ғой сабазың.

Өр өлеңнің өрені

Он жылдықты бір емес, үш мектепте оқып тауысқан бұл қасқа – кластас атаулыға нағыз бай қазақ. Өстіп көшуден қолы тимей жүргенде пионерден комсомол қатарына да кенже қалып өтсе де, үлгерім жағынан ешкімге дес бермегенге ұқсайды.Елде зейнетке шыққанша мал шаруашылығына басшылық жасаған Зинабыт әкей мен клуб меңгерушісі болған Зылиха шешеміздің мәпелеп өсірген жеті баласының ұлдан үлкені болды. Анасы табанда тауып сөйлеп, өлеңнен әдемі өрмек тоқи қоятын шебер болса керек. Ендеше, оның бойына ақындық пен әкімдіктің қатар тоғысуын да осы екі асылдан іздеген жөн болар.Бекжанның туабітті мінезі тұйықтау болса да, оқуға деген зейіні ашық болатын. Әкейдің інісінің үйіндегі сөре толы әдеби кітаптарға басымен кіріп кеткен ол сол кездің өзінде Сағи Жиенбаев пен Қадыр Мырзалиевтің, Жарасқан Әбдірашев пен Иранбек Оразбаевтың өлеңдерін жатқа соғатын. Әбіш Кекілбаев пен Мұхтар Мағауиннің шығармалары да миына жаңаша түрен салды. Осылайша әдебиеттегі өз әлемін ашқан ол алғашқы шимай-шатпақ өлеңдерін де осы кезде жаза бастаған.Десе де, өзі бірін-бірі қайталамас жүз жыраудың елінде дүниеге келсе, оның бергі жағында атақты ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов, жыраулық дәстүрдің мектебін қалыптастырған республикамызға белгілі өнер иелері – Көшеней Рүстембеков пен Қуандық Бүрлібаев – нағашылары болса, Сыр сүлейлерінің сойынан шыққан Бекжанның ақын болмауы о баста мүмкін емес-ті.Сол шабытпен журналист болу арманын желбіреткен бозбала мектепті бітірген 1986 жылы-ақ КазГУ-дің студенті атана қоймақшы болып, Алматыға жеткен. Бірақ құжатын да қабылдамаған бұл жолғы қатаң сынақ өлең өлкесінен өрлене жеткен өренге журналистика атты жүйріктің шаужайына жалаң қолмен жармаса алмасын жақсылап тұрып ұғындырды. Содан бірден есін жиған ол елге оралып, «Коммунизм шамшырағы» атты аудандық газеттің корректорлық цехынан журналистік жолын бастады.

Қос тұлпарды қатар тізгіндеп…

Студент кезден-ақ курстас досымыз Бақытжан Қосбармақов екеуі ұзынды-қысқалы болып республикалық «Ақжелкен» журналына қызметке орналасып, балалардың әдебиет әлеміне тәп-тәуір үлес қоса бастаған. Тіпті, басылымның қатардағы редакторынан бөлім меңгерушісі дәрежесіне дейін жетті сабазың.Журналистикада жазудың жайы мен сөздің сырын терең меңгерсе де, малдың қадірін білетін ауылдың малсақ баласы құр сөздің құрғақ «қуырдағы» қарын тойдыра қоймас деп шешкен болар. Артынша Талдықорғандағы Ө.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясын жағалап жүріп, экономист мамандығын арқалап шыққан ол нағыз қуырдақтың көкесі бар басқа бағыт – ветеринария дейтін салаға табан аударып кете барған.Осылайша Ауылшаруашылығы министрлігінің Шекара мен транспорттағы ветеринарлық қадағалау басқармасының бас маманы болып шыға келді. Бірақ ол құр кетпей, бұл «ауылға» да журналистикасын жетектей кетіпті. Бірнеше жылдан кейін жемісті еңбегімен осы басқарманың бөлім бастығы бола жүріп, баспасөз қызметінің жұмысын өз қолына алса, Астанаға ауысып, Республикалық ветеринарлық ассоциацияның вице-президенті лауазымына көтерілгенде осы саланың жаршысы «Ветеринария газеті» атты басылымды ашып салды сабазың.Бұдан кейін біраз уақыт алғашқы мамандығының маңына қайта жақындап, «Аудитория» газетінің жауапты хатшысы, «Қазақ газеттері» серіктестігі бас директорының Астана қаласы бойынша орынбасары, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамыту орталығы директорының орынбасары болып табысты қызмет атқарды. Сөйтіп, гуманитарлық кеңістіктің саф ауасымен тынысын кең ашып алды да, іскерлік саласына қадам басып, біз үшін бейтаныс тағы бір кәсіпке құлаш ұрды.Бұл жолы Бекең бір қарағанда аса бір қиындығы жоқтай болып көрінгенімен, менеджмент пен маркетинг аясына кіретін әкімшілік басқару мен сапалы мінсіз қызмет көрсету сияқты толып жатқан жұмысы бар қонақүй бизнесін ұршықша үйіріп әкетті дерсің.Алдымен Астанадағы «Төлеп» қызмет көрсету кешенін бірнеше жыл табысты басқарып, мол тәжірибе жинақтады. Кейін Елорданың тап орталығында орналасқан төрт жұлдызды «Diplomat» қонақүйі мен бизнес орталығының бас директоры ретінде аталмыш мекемені алыс та жақын шет елдерден үзілмейтін қонақтар жиі тоқтайтын және түрлі ауқымды іс-шаралар өтетін мақтаулы да озық орындар қатарынан көрсете білді. Осы саланың үздік топ-менеджері ретінде танылған Бекеңе Алматының ең сәулетті жерінде орналасқан бес жұлдызды «Golden Hills» қонақүйін басқаруға ұсыныс та осы кезде түскен болатын.

Шалымды шаруақор

Жәнібек досы «Мінезі жақсы аңқыған, дауысы қудай саңқыған, қара сөзден қаймақ қалқыған, қара шаруадан қашпайтын, жақсылығын жариясыз-ақ жасайтын» деп суреттейтін  тумысынан қарапайым Бекжанның, шынында да, бар асыл қасиеттерін айтып тауысу қиын. Бекжан десе – бек жан. Өзінен гөрі елдің қамын көбірек ойлайтын, дос үшін барын беріп, дос көңілін жанынан жоғары қоятын бір адам болса –  Бекжандай-ақ болсын дер едім. Артық мақтап жіберді деп әсте ойламаңыз. Бары – сол.Қашан көрсең де қым-қуыт шаруабасты болып шауып жүретін Бекең шындығында қандай да бір жұмыс жайының шешімін таппай далбасалап қалған дос атаулыға бірінші болып көмек қолын созып, ұшып жететін «техпомощтың» нағыз өзі. Және өзінің білмейтін шаруашылығы болсашы. Үй ремонтын ойға алдың ба – дереу жөні түзу жөндеуші бригада табады, аяқ астынан мәшинең бұзылып қалды ма – шұғыл жетіп, шеберді шақырады, мал сойғызудың ретін таппай, қапа бола қалсаң, міне – семіз малың, міне – мықты қасапшың дегендей. Тіпті, әр кездері қыжалат бола қалған баланы бөлейтін мамық бесікті де, пешке қоятын шойын есікті де қас пен көздің арасында ылдым-жылдым тауып әкеліп бергені бар. Әуелі сонау 90-жылдардың қиыншылығында өзі Астанада жүріп, сонау Оралда жатқан курстас досының шаруасына сеп болсын деп, трактор сатып алып бергенін де біреу білсе, біреу білмес.Өзінің айтуынша, бала кезінде шаруаға қырсыздау болғаны сонша, өз малдарының түр-түсін танымақ түгілі, көрші-қолаңның қой-сиырын да өз қораларына қамай салудан тайынбайтын әпендінің нағыз өзі болыпты. Әй, қайдам. Егер дәл солай болса, «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» деген нақыл сөз дәл осы рухы биік, шаруақор Бекжанға қарата айтылған болар-ау.Табандылығы мен талапшылдығына сөз жоқ. Ел орталығы Ақмолаға көшіп жатқан сонау бір жылдары неше тәулік бойғы қауырт шаруадан қалжырап келіп, басын таң алдында жастыққа қойған досымыз Ғабит Мүсірепке таңертең уағдаласқан уақытта Бекең келіп, «тұр да тұрдың» астына алып, досымызды әуежайға жеткізіп салмағанда, сондағы мемлекеттік мәні бар шетелдік іссапарға қаншалықты нұқсан келерін әлі күнге дейін алаңдай еске алатынымыз бар.Бұл ретте еркіне жіберсең, таңды таңға ұрудан тайынбайтын тойшыл тобырды межелі уақытта сабасына түсіріп, үйді-үйіне таратып тынатын қасиеті де еріксіз еске түседі бәтшағардың. Ол болмаса желмен «жарысқан» жас кездегі, алғаш отау құрған балаң шақтардағы талай «той тойлауымыздың» қаншаға созылып, немен аяқталарын бір Құдай біледі. «Аламанның» тап алдынан қасқайып қарсы шығып, «ауыздықсыз атқа» қонып алғандардың арқаларын алты минутта суыту – әй, екінің бірінің, қандай мықты «атбегінің» қолынан келе бермес шаруа тегінде…

Қызғалдақтар құлпырған шақ

Студент кездегі Сүлейменовтің мінезін мың жерден тұйық, сыры сонша беймәлім еді деп әсірелесек те, сол сойқан серінің күн ұзаққа бөлмеде серейіп жатқаны шамалы-ау, сірә.Көлденең көзге көлбеңдемей-ақ, көздегендерін көңілдегідей қылуға дағдыланған қанды көйлек үш ноян – Бекжан бастаған оралдық Жәнібек Әбілпейісов, жамбылдық Берік Әшімов үшеуінің жатақханада «сыған серенадасын» жиі сызылтып жүргендеріне сол кездің өзінде дәйекті дәлел бар болатын. Әйтеуір, олар қылаң берген әр тұстан курстас қызғалдақтардың құлақтарының ұшы қызара қалғанын да байқап қалып жүретінбіз.Ақыры, сол қарқынмен екеуі қос қызғалдақты құлпынайдай құлпыртып тынды. Үшіншісінің курстас қалқатайлардан қалайша құр қалғанын қайдам, әйтеуір екеуі теңдерін тауып, курсымыздан бас құраған алты жұптың қатарына қосылғаны анық. Оның бірі – Жанардай атына заты сай, көркіне ақылы сай құрбымызды қолына қондырған осы Бекжан.Одан беріде адал достарымыздың шаңырақ көтерген шаттықтарына да, өз алдарына отау тіккен бақытты күндеріне де, Алматыда – тұңғыштарының, Астанада екінші сәбилерінің дүниеге келу қуаныштарына да төрт көзіміз түгел куә болып, курс болып қуанғанбыз.Бүгінде, міне, ердің жасын табысты еншілеген Бекжан досымыздың тұңғышы Жансая қызымыз өзінің Жанқожадай теңін тауып, отау құрған. Ал Сымбаты ата-анасы білім алған КазГУ-дей қара шаңырақта білім алып жатса, үйдегі Айзере мен Бағжандай кішкентай қос ақмаңдайы еркелей мойнына асылып, қуанышын қуанышқа жалғап жатыр. Ендеше, өзің достарыңа әрқашан арнап жүретін «Азаматың аттан түспесін, қазаның оттан түспесін!» деген игі тілекті бүгін өзіңе арнадық, Бекжан бауырым!

Серікқали МҰҚАШЕВ.

 

 

Толығырақ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *