Береке бастауы

…Қар көбесі сөгілді. Жер буса­нып, тоң жібіді. Қардан жылғалай аққан су сай-саланы толтырды. Көктем­нің лебі есті. Бүгін Тәкен қарт ерте тұрып намазын оқыды да, тысқа шықты. Әудем жер жүріп, қырат­қа көтерілді. Шығыстан күн көтеріліп келе жатыр екен. Жан-жағына қараған қария көкке қолын созып, ішінен күбірледі де, бетін сипап, қолын кеудесіне тақады. Сосын көк шөптің  үстінен сипап біраз отырды. Күн шапағы едәуір көкке көтеріл­генде ақсақал алақанын көзі­нің үстіне қойып, алдындағы жоталарға қарады. Қырат бауы­рындағы жасыл кілемдей жай­қалған көкке көзі түсіп, шөптің мал аузы ілігетіндей болғанына көңілі бір сергіп қалды. Сөйтіп, енді ауылға көз тастады. Ауыл ажары бұрын­ғыдан көр­кейіп қалыпты. Әне, қоралардан шық­қан бұзау мен қозы-лақ бір-бірін қуалап, маңырай-мөңіреп ауылды басына көтеріп жатыр. Осы­ларды көрген соң Тәкен қарт үйіне қарай беттеді. Есік алдында екі-үш қарлығаш шырылдап төбесінен бір-екі айналып ұшып кетті. Ақсақал қарлы­ғаштарға қарап «Көктем келіп, бұлар бұрынғы ұясын іздеп жүр-ау?..» деген ойға қалды да, дәрет  құманын ұстап үйге кірді…

– Бәйбіше, не істеп жатыр­сың?

– Сандықты босаттым. Қысқы киімдерді қағып әкеліп салып жатырмын.

– Балалар қайда?

– Үлкен ұл жабық қора­дағы қойлар төлдеп, сол жақта жүр. Кіші ұл қорадағы тана­ларды далаға шы­ғарып,  оларды өріске айдап жатыр. Келіндер  ошақ құрып, қазанға ірімшік қайнатып жатыр.

Тәкен қария он бала тәрбиелеп өсірген отбасы иесі. Тәрбиелі жанұя­сы әр жыл сайын наурызда киіз үй тігіп, мал сойып, дастар­ханға бауыр­сақ, ірімшіктен дәм татырып, халық­тың алғысын алып жүр. Биыл да Тәкен қарт отбасы Наурызға жан-жақты дайын­далды. Қос киіз үйде бәйбішесі мен келіндері наурыз көже таратты. Оған келген ауыл тұр­ғын­дары алғысы мен баталарын білдіріп жатты. Тәкен қарт жер ортасына келіп, көп жыл мал баққан бейнеті бүгін орындал­ғандай  көтеріліп қалды.

«…Көктемнің әр күні жылға азық» деген халық сөзі осы Нау­рыздан бастау алады-ау. Міне, қыс­тан қысылып шыққандар үйреншікті ең­бекке кіріскен. Әсіресе, Елбасы­ның «екінші экономи­калық жаң­ғыру» деп атаған он талабы өте жауапты міндет. Оларды орындауға әркім белсене кіріскен. Биыл бұл міндетті жүзеге асыру үшін – отандық өндірісті жетілдіру қажет. Сондықтан бұл істе батыл да жігерлі қимыл керек. Ол үшін аспанымыз ашық, көгімізде көк туымыз мәңгілік желбірей берсін. Наурыз тойы құтты болып, жеті қазынаның бірі – ит жылы халқымызға, елімізге құт-береке әкелсін!

 

Киікбай ІЗЕТҰЛЫ,

журналист.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close